ҒАЛАМТОРДЫҢ ҒАЖАБЫ МЕН ЗАРДАБЫ
Қолымыз пернелерде, көзіміз экранда, дене бітіміміз де ұялы телефонының ыңғайына қарай иіліп тұр. Үлкендердің: «Осы бәленің ішіне кіріп кететін шығарсыңдар бір күні» деп айтатыны бар еді. Расында, дайын ақпарат пен қызығушылық тудыратын жаңалықтардан бөлек, араласып-білісіп жүрген адамдарымыз да әлеуметтік желінің ішіне кіріп алған, керек жағдайда сол адамның өзін емес, есімін желідегі «достар тізімінен» іздейміз. Күнделікті қосулы болуды әдетімізге айналдырған желі күшімізді де тауысып, басқа маңызды шаруаларымызды кейінге қалдырып келеді.
Нұрсәуле МЕЙРАМБАЙ
Айтылмаған әңгіме қалдырмай, күнделікті жаңалықтарымызды да әлеуметтік желі арқылы бөлісіп жатамыз. Біреулерді табыстырып, енді біреулердің айырылуына себепкер болған ғаламтордың қуатын-ай! Адал дос емес, қолымыздан бір сәт түспейтін телефон серігімізге айналды. Ұйықтарда да жастығымыздың астында жататын телефонға келген жаңа хабарлама дыбысын да жаттап алдық. Күндізгі уақытымызды ұрлайтыны аз болғандай, түнгі ұйқымызды да қиып, осы желілерге құртып жүрміз-ау! Технология жетістігі тәуелсіз мемлекетіміздің жалынды жастарының түбіне жетеді ме деп қорқамын. Құндылықтарымызды құрметтеуден алшағырақ, халқымыздың ертеден ерекшеленіп келе жатқан мәдениетін ақсаңдатып тұрған желі бізге не үйретпек? Халықтың тәуелділігінің артқаны соншалықты, ақпарат көзі ғана емес, біздің ілгері жылжуымызды қамтамасыз ететін жетекшіміз болып жатса да таң қалмаймын. Неге десеңіз, бизнес, сауда, өндіріс секілді мемлекет дамуының негізгі факторларын осы ғаламтор арқылы әлемдік деңгейге шығарып отыр. Желіні жарнама үшін пайдаланып, табыс көзін ұйымдастырып отырған кәсіпкерлер үшін бұл тиімді әрі оңай тәсіл. Ғаламтор арқылы алыстағы ағайынмен хабар алмасуға мүмкіндік туғанмен, бетпе-бет тілдескенге не жетсін! Экранның ар жағындағы жақыныңның жанын ұғыну да қиындық тудырады. Біз секілді жаңа өмірге енді ғана аяқ басқан студенттер алыстағы ата-анасымен ұялы телефон, әлеуметтік желілер арқылы байланысады. Бірақ мұндай тілдесу сағынышты су сепкендей басады деу қате тұжырым. Кішкентай баладай өзімізді осылай алдап қоямыз, десе де, анаңның аялы алақанымен маңдайыңды сипағаны мен мейірімін сезіну мүлде бөлек нәрсе, ал желідегі байланыс тек көңілдегі кірбіңді сейілтетін жұбаныш болып келеді. Хабарламалармен хат алысуды қызық көріп, арасында түрлі видеолар да жіберіп қоямыз. Кіріп қалсаң өзіне магниттей тартатын ғаламтор торабындағы сан алуан тақырыптағы жазбалар көзімізді қызықтырып, пікір қалдыруға және ары қарай пікірталас алаңына айналдыруға итермелейтіндей. Мүлде хабарымыз жоқ тақырыптарда ой таластырып, уақытымызды текке ұрлатып аламыз. Көз жауын алатын сайт безендірулері де өзіне тартып тұрады. «Көз жүгіртіп шығамын да қоямын» деп қалай бәрін ақтарып, анимациядан бастап, халық арасындағы танымал бейнелерге дейін топтасып тұрған безендірулерді қазбалап шыққанымызды да байқамай қаламыз. Тіпті, ешбір әлеуметтік желілерге тіркелмеген, интернет пайдалануды білмейтіндерді кекетіп, «той табақтағы дәмдіден құр қалғандай» көреміз. Дегенмен, мұндай сөздерді ысырып қойып, әлеуметтік желілерді түгелдегеннен гөрі, кітап оқып, жақындарымен бірге уақыт өткізгенді жаны қалайтын жастарымыз да бар. Солардың бірі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің бірінші курс студенті Абылай Назерке. Мектепті «алтынға» бітіріп, қазір физика-технология факультетінде білім алуын жалғастырып жатқан ол осы жетістіктерінің бір себебі басқа қатарластары сияқты көп уақытын әлеуметтік желіде емес, кітап оқып, үзбей дайындалуға арнағандықтан деп ойлайды. «Айналамдағы адамдардың басым көпшілігі менің заман ағымына қарай ілесіп, интернет пайдаланып үйренгенімді, әлеуметтік желілерге кіргенімді қалайтын және көндіруге тырысатын. Бірақ мен мұндай нәрселерге мүлде қызықпаймын, бұл тек уақытты бос өткізу деп есептеймін. Мен тіпті он бірінші сыныпқа дейін ұялы телефон қолданбағанмын, тек арман қуып, үлкен қалаға келгенімде отбасыммен байланыс жасау үшін ғана қолдана бастадым. Бірақ әлі ешқандай әлеуметтік желілерге тіркелмегенмін, тіркелемін деп те ойламаймын» деп өз сөзін қорытындылады. Ия, ғаламторда өткізген алтын уақытымыздың себебін заманның талабы сондай деп сылтауратамыз. Осылай ғұмырымыздың жартысынан көп бөлігін ғаламтормен байланыстырып қойғанымызды да байқамаймыз. Статистика бойынша әлем халқының 57%-ы ғаламтор арқылы тілдесуді жөн көреді екен. Жұртты жабыла өзіне тартқан ғаламтор осылайша ғаламдық проблемаға айналуда. Суицидке үгіттейтін парақшалар, анайы ақпараттар сияқты зиянды нәрселер желіде базар сөресіндегі тауардай қолжетімді болып тұр керек десеңіз. Жастардың санасын улайтын ғаламтордан келетін мұндай зауалдар – дабыл қағатын жаһандық проблема. Кішкентай жеткіншектерден бастап орта жастағы ересектерге дейін есірткідей құмартып қойған желілер әлі күнге дейін өзіне тартып келеді. Осыған орай елімізде он алты жасқа толмаған балалар әлеуметтік желіге тіркелген жағдайда ата-анасы жауапқа тартылып, айыппұл төлейтіні туралы заң қарастырылуда. Бұдан бөлек, жастардың көңілін пайдалы істерге бұру, қоғамдық іс-шараларға белсене қатысуға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, желілерден келетін зиянды жақтарды ескерту жұмыстарын жасау қажеттілігін де естен шығармауымыз керек. Ғалымдар мұндай құмарлықтардың адам ағзасына келтіретін залалдарын көздің көру қабілетін төмендетеді, жүйкеге салмақ түсіреді, шаршағыштық, әлсіздік басады деп тұжырымдаса, психологтар бір әріпті терсең бәрі дайын тұратын интернет адамның өз бетімен іздену, талпыну, ойлау қабілетін төмендетеді дейді.Экранға телмірумен әр күніміз өтіп жатқаны жасырын емес. Барлығын бір жерге жинаған әлеуметтік желілер «әлеуметсізденуге» алып келмесе игі еді. Осы тұста жас ақын Айбек Қалиевтің «қазіргі жастарды интернет тәрбиелеп жатыр» деген сөзі ойға оралады. Шынында да, кіші буын интернеттен керегін алуды білгенмен, керексізді де қоса үйренеді. Ауқымды ақпарат кеңістігінің арбауында жүріп, ата-бабамыздан қалған тарих пен тағылымның қасиеттілігін ұмытып жатамыз. Тарқатып айтар болсақ, әлеуметтік желіде сауатсыздар қаптап кетті. Солардың қатарында жұлдыздарын одан әрі жандырсам екен деген халық алдында жүрген кісілер де кіреді. Сурет жүктеп, астына ойына келгенді жазатын олар бойымызға анамыздың ақ сүтімен дарыған ана тіліміздің қадір-қасиетін құлдыратуда. Желіге желімдей жабысып, жаңашылдықтан алшақ жүріп, жетістікке жетелейтін жігерімізді, алтын уақытымызды ұрлауда. Барлығын көріп-біліп жүріп, әлі күнге дейін ғаламторды тиімді пайдалана білмей жүргенімізге қарным ашады. Ғаламтор біз үшін расымен де қажеттілік пе? Бір сәт қазіргі әлемді интернетсіз елестетсек, қалай болар еді? Мүмкін мойындары салбырап, арқалары бүгілген, қолдарынан телефондары түспейтін жастардың орнына, саябақтарда кітап оқып, бір-біріне мейірлене қарап әңгіме-дүкен құратын, түрлі тақырыптағы сауалдардың жауабын білуге құмартқан жастар тобын кездестірер ме едік? Алайда, қазір «ғаламторсыз дүние бос» деп ұлы Абайдың сөзін алмастырып алып әзілге айналдырып жүр. Әзіл болса да астарында үлкен мағына, ауыр зіл жатыр. Жарық болмай немесе бірлік жоқ болса, интернетсіз ауасыз қалғандай қиналатын қазіргінің адамдары осындай дертке шалдыққан. Бұған Алматы қаласы тұрғындары арасында жүргізген сауалнама дәйек бола алады: жастар арасында әлеуметтік желілердің бірнеше түріне тіркелген және күнделікті қолданатыны, ал ересектердің көбіне видео-материалдар тамашалау және қажетті мәліметтерді алу үшін қолданатыны белгілі болды. Әрбір екінші адамның өзінің «жабық әлемі» (мой мир) бар. Таныстық ортасы да сол әлемдегі достар санымен өлшенеді.
Қорыта келгенде, пайдаланушының ерік-жігеріне келіп тірелетін құмарлықтың ғажабымен бірге зардабы да қатар жүреді. Өзіне керегін алып, уақытын үнемдей білетіндер ғана бұл дертпен күресе біледі. Дайын асқа дәмеленбей, өз мақсатына жетуді, жеңіспен бірге жеңіліс қатар жүретін өмірді сүруді интернеттен қызығырақ көрсек қана өзімізді тәуелсіз мемлекетіміздің болашағы деп есептей аламыз. Төрт бұрышты қораптың ішіндегі әлемде емес, шынайылықта өмір сүрген абзал екенін ұмытпайық.