ЖАҚСЫЛЫҚ СОЗІ
Бұдан жиырма үш жыл бұрын өмірден өткен жазушының адамдар арасындағы қарым-қатынас пен журналистік қызмет барысындағы жауапкершілік туралы ойы бүгінгі қалам ұстаған қауымды бейжай қалдырмас. Жақсының аузынан шыққан бір ауыз сөз адам баласының жер бетіндегі ең құнды дүниесі адамгершілік екенін ұқтырады.
Жақсылық ТҮМЕНБАЕВ
Адамның кейбір қызықты сәттері болады: Күнделікті тіршіліктің күйбеңі арасында кейде әлдеқашан естіген бір сөзің, әлдеқашан көрген бір қылығың ойыңа сап ете түседі. Баяғыда бір жүздескен адамыңның жалт еткен ерекше бір кейпі көз алдыңа келе қалатыны бар. Содан сол бір ауыз сөз, сол бір қылық, әлгі бір кейіп көпке дейін ой-сезіміңді әлдилеп, тербейді де жүреді, ішпей-жемей рахат бір күйге бөленесің. Осындай сәтті сыйлаған адамның тірі болса басқан ізін, о дүниелік болса аруағын айналуға барсың. Өйткені, мұндай сәт адам басында көп бола бермес.
Адам өміріне талшық болатын азық көп. Соның ішінде мейлі бала күніңде естігенің болар немесе оң мен солыңа барлай қарап, өз керегіңді жүрегіңнің қойнау-қойнауына тығып ала бастаған бозбала шағыңда естігенің шығар, бәлкім одан да кейін, жақсыны да, жаманды да қалт жібермейтін естияр кезіңде құлағың шалған болар. Әйтеуір көкірегіңде тұнып жатқан сезім көзін, тұла бойыңда қыз-қыз қайнаған жігер көзін, санаңда ірге тепкен парасат көзін ашып жіберетін Жақсының сөзінің, жадыңда өмір бойы жаңғырып тұрар жақсы сөздің орны бөлек. Сол туралы айтсам ба деп ем.
Өз күші мен қабілетін жыға танып-біле алмаған сыңайдағы дүдәмалдық, өмірлік мамандығы бойынша алғашқы қадамын жасаған әрбір адамда бола беретін шығар. Ондай екіұдай күй, әсіресе, журналист ағайындардың басында көбірек болса керек. Газетке бір-екі хабар-ошары шыққан бойда «мен бәленмін», «мен түгенмін» деп жүретіндерге дауа жоқ, ал өз мамандығына байсалды, жауапкершілікпен қарайтындар өйте алмайды. Әрбір материалын жазғаннан кейін «осы қалай болып шығар екен» деп жүрексінген сезімнен қашан газеттің ыстық-суығына шыңдалып шыққанға дейін, тіпті өмір бойы арыла алмайтын журналистер көп. Ал редакция табалдырығын алғаш аттаған кездегі «мүсәпірлікті» тіпті айтпаңыз.
Алпысыншы жылдардың екінші жартысына ауған тұста қазақ университетінің журналистика факультетінің үшінші курсында оқитын екі жігіт Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетіне өндірістік тәжірибе алуға бардық. Бізді әуелгі күні редактордың орынбасары қабылдаған, редактордың өзін біразға дейін сыртынан ғана көзіміз шалып қалып жүрді. Редакторды тап ондай шағын, жасаң болады деп ойламаған едім. Бұл кісі жас жағынан да, тұла-бітім жағынан да менің қиялымдағы заңғар редакторға жете алмай жатты. Сонда да болса ол кісі сонадайдан көрінгенде қарсы жолығуға жүрек дауаламайды, кездескен бір есікке зып берем.
Арада бірнеше күн өткенде редакция қызметкерлері «летучка, летучка» десіп көтеріле кетіп жатты. Оған қатысамыз деген дәмеміз жоқ екі бозым сопайып қала бергенбіз. Бір кезде редактордың хатшы қызы келіп: – Сіздерді «летучкаға» шақырып жатыр, – дегенде абыржығанымыз сондай, редактордың кабинетіне қысылып-қымтырылып кірдік.
– Жігіттер, сендер «летучкадан» қалмаңдар, ертеңгі журналистсіңдер, осының бәрі тәжірибе, – деді редактор жылы шыраймен іш тарта қарап.
Жігіттер кезек-кезек шығып, өздері кезекші болған номер туралы пікірлерін айтып жатты, одан соң басқалар сөйледі. Ең соңында редактор орнынан тұрды. Ол бір аптадағы бес номерді түгелдей шолып өтті, мақтаған да, сынаған да материалы болды. Сөзін аяқтай келе бір сын мақалаға ерекше тоқталған. Байқауымша, сын бір жақты жазылған екен, объектіні мұқатуға арналғандай, ұсақ-түйекті тізіп, адамның жеке басына тіл тигізуге дейін барыпты. Мұндай қылықтың жалғыз сол күнгі әңгіме болып отырған автор емес, басқа бірқатар журналистерге ортақ екенін айта келіп, редактор жалпы тұжырым жасады.
– Жолдастар, журналистің ойы әрқашан таза болуға тиіс, – деді.
Тазалық! Дәл сол күнге дейін осы ұғым туралы жете ойланбағаным, ойлансам да мән бермегенім өзіме анық. Содан болар, редакция деп аталатын үлкен шаңырақтың астында отырып сол кәсіптің азуы алты қарыс кәнігі шеберлері арасына алғаш түскенде естігенімнен де шығар, маған осы сөздер төтенше қатты әсер етті. Көпке дейін жатсам- тұрсам ойымнан кетпей жүрді. Журналист деген «Құдайдың» бір атындай көріп жүргенімде мына кісі, оған тағы зіл батпан салмақ қосып берді емес пе! Осы бір ауыз сөзбен бірге оны айтқан редактордың – Ұзақ Бағаевтың (суретте) есімі де менің жүрегімнен берік ірге тепкен. Қазір де оның есімін есіме алған сайын әлгі сөздер орала кетеді.
Редактор ағаның ой-тұжырымының парқына сол кезде толық түсініп алдым десем асылық болар еді, әрине. Олай болса, осы күнге дейін ойымды қозғай да бермес еді ғой. Қысқа тұжырсам оның меңзегені мынау секілді: гезетті біз халық тілі, қоғам тілі деп жүрміз ғой, коллективтік ой, коллективтік ақылшы дейміз. Ендеше, әр жер – әр жерден бір тұмсығы көрініп қалатын сұғанақ жеке мүдденің газеттің төрт бетінің бір пұшпағынан да сығалауға да хақы жоқ екен. Әлдебіреуді мұқатып қалуға, тағы біреуден есе қайтаруға, басқа біреуді жалған марапаттап, жағынуға тырысқан журналистің қарекеті – сол жеке мүдде, күйкі ойдың көрінісі, қаламынан шыққан аз сөздің көптің еншісіне айналарын түсінбегендік. Ал оған – жол жоқ! «Журналистің ойы таза болуға тиіс!».
Біз енді құлағымыз қалқиып «летучкадан» қалмайтын болғанбыз. Редактордың сөзін елеңдей күтіп отырамыз. Өйткені, жалпы сөз саптауында жалтылдақ бояу болмайтын Ұзекеңнің сәл кібіртіктеп, ар-арасында «я, я» деп қойып асықпай баяндап шығатын пікірлерінің ішінде, қоламта арасынан шыға келетін сексеуілдің шоғындай қоздаған ойлар көп еді. Және бір байқағаным: газет материалының сапасын, жалпы журналистік шеберлік туралы айтыр тұрып, ол қисынын тауып, адамгершілік, адам жаны деген ұғымға соғып өтетін.
Күнделікті газеттің шағын жанрларын айналдырып жүрген бір жас журналист фельетон жазыпты. Сол фельетонға Ұзекең егжей-тегжейлі тоқталды, сүйінішпен әңгімелейді. Әуелі – журналистік кәсіп тұрғысынан келген.
– Шын журналист газеттің әр жанрында күшін байқап көру керек, – деді ол, – шаруашылық бабындағы суреттеме, репортаждарды сүйкете салып, соны қанағат тұтатындар – олар әлі журналист емес. Соның ішінде, әсіресе, фельетон секілді қиын жанрда қалам тарту жақсы, өте жақсы. Өсер журналистің ісі.
Сонан соң ол ойын басқа өріске бұрды.
– Мен осы фельетонды оқығанда ондағы әңгіме болған кісіні сонша жаман адам деп танығаным жоқ, – деді, – аңғалдау адам ба деп қалдым, сол аңғалдығынан опық жеген. Жаның ашиды, бірақ жек көрмейсің. Қысқасы, адам көрініп тұр. Міне, бұл фельетоншының шеберлігі. Біз әдетте кемшілігін тапсақ болды, жоқты-барды үйіп-төгіп қаралауға бейім тұрамыз ғой. Бірақ сол кемшілігі бар адамның да жан жүрек иесі екенін ескере бермейміз, жанына жар салғанымызды байқамаймыз.
– Ал біздің жас фельетоншы сипай қамшылап отырып-ақ айтарын жеткізіпті. Маған оның сонысы ұнады, қалам мәдениеті ұнады. Осылай жазуға үйрену керек!
Кемшілігі ашылып, фельетонға объект болып отырған адамның өзіне осындай қамқорлықпен қарау, адам жанын аялай білуге шақыру үлкен парасаттың белгісі ғой.
Өзіме байланысты бір жәйтті айта кетейін. Мақтан үшін емес, Ұзекеңнің журналистік, адамгершілік мұратына қатысты болғандықтан.
Сол өндірістік тәжірибе кезінде мен өз күшімді байқап көрмек болып, бір-бірімен байланысты үш очерк жазып ұсындым. Редактордың орынбасары оқып ұнатты да Ұзекеңе өткізді. Ол біраз уақыт ұстаған. «Не дер екен» деп тағатым қалмай жүрді. Бір күні шақыртты-ау. Әдеттегідей жып-жылы шыраймен қарсы алды.
– Очерктеріңді оқыдым, – деді бірден, – ұнады. Бірақ бәрін бірдей бере алмаспыз. Ол басын оң жағына сәл қисайтып, жұмсақ жымиды. – Басқа да жігіттер бар ғой… Сен көңіліңе алма, бірақ. Очерктеріңнің бәрі де жақсы. Бір сүйсінгенім – адам жанына үңілуге бейім екенсің. Біз көбін сырттан мадақтауға бейімбіз ғой. Ол сәл мүдіріп ойланып отырды да, – Сен… сен журналист боласың, – деп мен күтпеген тұжырым жасады.
Жақсы сөзді кім жек көрсін, әсіресе, алмағайып жас кезіңде. Марқайып қалдым. Кейіннен, бірақ. Ойымды оның соңғы тұжырымы емес, «адам жанына үңілуге бейім екенсің» дегені аудара берді. Оның аузынан бұрын да естіген сөзім. Сонда бұл оның әр кезде көкейінде тұратын, ойын әбден баурап алған ұғым болды ғой. Я, адам жаны, оның тазалығы, парасаты – Ұзекеңнің журналистік творчествосының алтын өзегі екенін кейін білдім. Бір кітабының аты да нақ осылай – «Замандастың жан сұлулығы».
Адалдықты, тазалықты ұлықтаған ағаның бір әңгімесі есімде, күйзеле отырып айтып еді. Ол кісі Қызылордада барша қазаққа әйгілі қаһарман ақын Зейнолла Шүкіровпен көрші тұрған, екеуі дос еді. Ұзекең Талдықорған облыстық газетіне редактор болып ауысып көшер алдында Зекең досына үйінен дәм татырған. Екеуі шахмат ойнап отырып, әңгіме шертті. Бір сәт сөз екеуіне ортақ бір белгілі азаматқа тірелген. Ұзекеңнің қабағы шытылып кетті, жүзіне көлеңке ұялады.
– Білесіз ғой, Зеке, ол екеуміз бірге оқыған дос едік, – деді Ұзекең айтар әңгімесінен қиналғандай сөзін үзіп-үзіп. – Осында бейтаныс ортаға жіберілгенімде облыстың бір беделді жігіті курстас досым деп арқамды тауға сүйегендей келіп едім… Өз басыма жамандығы болған жоқ. Бірақ қызмет бабында талай рет жолымыз түйісті. Сонда… ол ылғи қараны жақтап шыға берді. Алғашқысына мән бермей қойып едім, кейін… көңілім қалды. Міне. Жөндеп қоштаса да алмадық.
Екеуі шахмат тақтасын біразға дейін ұмытып, өз ойларымен болып кетті. Зекеңнің де көзінің алды күңгірт тартқан. Ортақ таныстарының қылығына қаралай қиналып отырған еді. Екеуінің сол қалпы бүкіл мазмұнымен көкірегіме біржола ұялап қалыпты.
Ұзақ ағаның қарапайым да мағыналы сөздерін осы соңғы тыңдауым екен. Ол өз өрісінің жайлауына енді берік ірге тепкен кезінде мәңгі сапарға асығыс аттанып кетті. Енді ойласам, мен онымен әдетте, естелік жазушылар айта беретіндей дәрежеде жақын болдым деп айта алмайды екем. Бірақ аға бейнесі жақыннан бетер ыстық. Бәрі де оның тазалықты, ізгілікті ұлықтаған жақсы сөзінің шарапаты. Жақсылық сөзінің…