ЖАПОНМЕН ДЕ «ҚҰДА» БОЛҒАНБЫЗ…

Серікқали МҰҚАШЕВ
Мына бір сүреңсіздеу суреттеменің кейіпсіздеу кейіпкерлерін «түк көрмеген көргенсіздер екен» деп кекете көрмеңіз. Жастықтың албырттығымен жауапкершілік деген жоян жүкті саналы түрде салмақтай қоймаған ашқұрсақ студент шіркіндердің қылапетіне түсіністікпен қарауға тырысарсыз…
1990 жыл болар. Жаз уақыты. КазГУ-град. Жатақханадамыз. Кәдімгі әлемге әйгілі журфактың 5-ші жатақханасы.
«Оқу ұрған» ғұламалар сабақта ма екен, жоқ әлде емтиханнан кейін елге тарап кеткен кез бе, ол жағы анық есімде қалмапты. Әйтеуір аннан қашқан, мұннан қашқандар болмаса, «общагада» көлбеңдеп кездесетін көлеңкелер сирек.
Дүниедегі үш арсыздың бірі – тамақ қой. Әлдеқашан түс ауып кетсе де сол арсызға ақша таппай, ұрынарға қара таппай дегендей, курстасым Нұржан екеуміз бөлме-бөлменің есіктерін бейсауат «түгендеп» жүрген кездің бірі еді.
Осындай сандалбай сенделіс сәтінде жатақханамызға жүгіре басып журфакпен «бірге туған» филфакта оқитын аты да Керім, заты да керім жігіттің Құдай айдап келе қалғаны. Жібектей сары шашы желпілдеп, түбіт мұрты үлпілдеп, күйі жақсы күйеудей қатып киініп алған.
Аса суыт жүргені әңгімесінің ауанынан-ақ аңғарылып тұр. Келген бойда, ентігін де баспастан, әй де жоқ, шәй де жоқ:
– Ресторанға барасыңдар ма? – деп салсын. – Тегін.
Мәссаған, батпан құйрық! Тосыннан түскен мұншама мәнді ұсыныстан миымыз шайқала қалғандай. Ақылдан адасқандай, аузымыз аңырайып, көзіміз бадырайып, аз-кем мелшиіп қалсақ та, есімізді тез жидық.
– Барамыз!.. Қашан? Қай ресторан? Жайшылық па?
Безілдеп тұрған белсенді Керімнен бар білгеніміз – өкіметтің қалтасына сұғылған сұғанақ қолды білегімен қоса қырқып түсіретін құдыреті күшті бір мекеменің қырағы қырандары қаладағы көп мейрамхананың бірінде алаяқ айлакер ме, қымқырғыш қаптесер ме, әйтеуір бір валюта ұстап қағынған әлдекімге қылмыс үстінде қылбұрау салмақ екен. Осынау арнайы операция кезінде біз сияқты бұлғаңбайлардан құралған бес-алты мықты жасанды мейман кейпіне еніп, тамақ ішіп, шарап жұтып дегендей, көз алдарқатып отыратын көрінеміз.
Мұндай күлшелі көлденең «кәсіпке» мынау тұрған Керімнің қайдан ғана кез болып жүргенін бір Құдайдың өзі білсін. Бірақ онда шатағымыз не?! Анығы сол – ол әңгімесін аяқтағанша, сілекейі шұбырған көкейдегі көк дөнен арқырай шауып, атауы әзір беймәлім ауқаттану мекемесін аралап кетіп еді…
Содан қойшы, бас-аяғы жарты сағаттың ішінде андағайлап жүріп, жауапты тапсырмаға шұғыл аттанатын ғайыптан пайда болған жасырын тобымыздың кескіндері күмәнді мүшелерін анықтап алдық. Әлгі үшеумізден өзге – курстасымыз Мақсұт та, бізден бір саты жоғары оқитын Дидар мен «вешір-көйлегін» киіп үлгерген Бадиша да құлақтарына қазір ғана тиген су жаңа шақыруға еш шалқаламастан, тап бір көптен күткен құдалыққа баратындай болып, желігіп тұр.
Осы тұрғанда сыр білдірмей, сымпиып тұрсақ та, бес минут бұрын ғана өзара «тірі жүрген аюдың терісіне таласып» үлгеріп едік…
Керімбала өзін қосқанда «тұп-тура алты жігіт болсын» деген соң, «жұртта қалған» жүгермектерді шарқ ұра жиыстырып, беске толтырып, енді алтыншы «атаманды» аңдып тұрғанда, жерден жеті жарым мың теңге тапқандай мұрны делдиген Мақсұт:
– Бадиша! Бадиша баратын болды, – деп, ұшып жетсін.
Тап төбемізден біреу қойып қалғандай бір-бірімізге қарағанбыз. «Өздері өле алмай жүріп қомағайларын қарай гөр» деп ойлап қалмаңыз. Өлләхи, қылдай кірбіңі жоқ риясыз көңіліміз ашкөздік атты, қызғаныш атты қызыл иттіктерден ада болатын.
– Не дейт?! Қызы несі, жігіттер ғана бармаймыз ба?! Жоқ, болмайды! Қайтадан барып, айт солай! – десіп, шыж-быж ете қалыстық.
Сол-ақ екен, сый-құрметті тап бір өз қалтасынан көрсетейін деп тұрғандай, мінезі қызба Мақсұт шорт кетті:
– Жігіт басыммен қызды ресторанға шақырып тұрсам, ақымақты тапқан екенсіңдер! Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені! – деп, шақ етті…
Әйтеуір Құдай оңдап, Керім қолдап, лап ете қалған «өрт» өрші-і-іп барып, өшіп тынды. Сөйтіп, әшейінде үш қайнаса сорпалары қосылар-қосылмасы неғайбыл ұзынды-қысқалы, жіңішкелі-жуанды бес батыр мен бір бикеш табан астында топ құрып, шертиісіп сап түзей қалдық.
Әділін айту керек, болмыс-бітімі кесек, келбет-кескіні келісті, жігітке бергісіз ер мінезімен қалжың-қылжақты қатыратын Бадиша қыз осы кешіміздің падишасы болады деген ой дәл сол сәтте ақымақ басымызда атымен жоқ еді…
Студенттің киім талғамайтын қасиетін білсеңіз, өзімізге ұтымды көрінген ұсқынымызды шамалай жатарсыз. Үстімізге іліккен кәстөм-шалбар, галстукты кеды-кроссовкимен «үйлестіре» киген кейбіріміздің сұр-сықпытымыз сезікті болса да, межелі уақытта мүдірмей басып, «Отырар» қонақ үйінің астыңғы қабатында орналасқан мейрамханаға еніп келе жаттық.
Байқаймыз, мәзірге жиналғандар арасында қауқылдасқан қазекеңдерден гөрі әжік-күжік шүлдірлескен шетелдіктер басым екен. Кім болса да неміз бар, бірақ осынау өмір мейрамы өтіп жатқан ортаға сүйкімсіз сипатымызбен сәйкеспей-ақ тұрғанымызды өзге тұрмақ, өзіміз де сезіп келеміз.
Жып-жылы жылмиып келіп, орнымызға жайғасқанымызбен, «көк дөненіміз» көпе-көрінеу нәумез болды да қалды. Тұп-тура алты адамға лайықталып жайылған үстеліміздің үсті хош иісі мұрныңды жаратын жылы-жұмсақтан майысқан елдікіндей емес, жетім қыздың жасауындай жұпыны ғана болып шықты.
Оның үстіне Керім «бастығымыз» қосымша тапсырыс жасай алмайтындығымызды, жауапты тапсырмаға сәйкес уақытты соза тұру үшін алдымыздағыны асықпай ішіп-жеу туралы нұсқауды алдын ала «нығыздап» қойған. Сондықтан әсем әуеннің ырғағына еліткен сыңайда сыпайы қалыппен маңайымызға маңғаздана көз тастап қойып, тамақтану әдебін барынша сызыла сақтап отырмыз. Қоңсы қонған көңілді қонақтармен көздеріміз түйісе қалса, мәдениетті ел құсап бокалымызды шошайтып, басымызды қайқаң еткізіп, ілтипат білдіріп те қоямыз.
Бірақ жеңіл-желпі тіскебасар мен мойны сорайған жалғыз «жарты» қарындары аш алпамсадай алтаудың қайсыбірінің жұғынына жұқ, жыртығына жамау болмақ? Қанша сыздықтата созғанымызбен, бұйырған нәпақаның әп-сәтте-ақ әптер-тәптері шықты.
Қылдай бөлісіп қылғытқан «жартылықтың» уы ма, жоқ, әлде көк түтін араласа бұрқыраған берекенің буы ма, басымыз да «дыңғырлап» қалған сияқты. Жан-сарайымыз жадырап, дүние-шіркін де құлпырып бара жатыр. Жаздай жайқалған жамағаттың да қызуы күшейіп, мейрамхана іші домна пешіндей дүрілдей бастады.
Енді жымыңдай жұтынып, жан-жағымызға алақ-жұлақ жайраңдап, «іздене» бастадық. Асқазанның «айқайы» ұмытылып, даңғыр-дұңғыр әуенге делебеміз қозып, қолтыққа ілігер қыз-келіншек кезіксе – жер тепкілеп билегіміз де келетін сияқты ма-ау…
Өзімізге назары ауған әркімге ыржалақтай ыңғай танытып, «барымызды» базарлап-ақ отырмыз. Бірақ анау-мынау жай мейман емес, жауапты тапсырмамен келген «өкімет адамы» екеніміз, әлсіз болса да, әзірге есімізде.
Жанымыздағы үстелге жапондар ма, кәрістер ме, әйтеуір бір «әшки» таққан қысықкөз төрт-бес бәкене бойдақ жайғасыпты. Өздері ерекше көңілді. Рюмкелерін ұмсына көтеріп, «за здаробия», «за дружьба» десіп, ыстық ықыластарын емірене білдіріп-ақ жатыр бізге. Әрине, онысы – аш қасқырдай жалаңдаған біздей бәлелерге емес, арамыздағы көздің құрты – қызымызға қырындаған түрлері.
Болса да, алдымызда «арқыратар» тұрмақ, «қылқылдатар» да дәнеңе қалмаған соң, бізде қайбір жетіскен «достық» пен «денсаулық» болсын? Ернеуі кеуіп, «құйсаңшы» деп, қиылып тұрған қылаяқтарымызды көзімізбен қыдия көрсетіп, жараспай тұрған жағдайымызды көршілерге «жұмсақтап» жеткізіп отырмыз.
Қонақжай көршілеріміздің біздің жаққа пейілдері шындап ауғанын анық аңғарған соң, екіжақты тиімді байланыс орнатуға бағытталған жымысқы жоспармен оларға да иек қаға, ым жасап:
– Мынау отырған жапондардың әнеу біреуін биге шақырсаңшы, – деп, Бадишаны да түртпектей бастадық. Дегенмен, қызымыз да нағыз азамат:
– Қане, қайсысын? – деп, желпініп отыр еді.
Әлгілердің де түсінігі бар екен. Іздегенге – сұраған. Шынашақтай шәнтиген біреуі аса сыпайылықпен келіп, бізден рұқсат сұрап, «арпа ішіндегі бір бидайымызды» биге шақырды. Қыңыр тірлікке кетәрі болмай, белсеніп отырған бикешіміз бар бойы кеудесінен ғана келетін самурайға елп ете қалды. Тіпті, өзін тап бір «құтты орнына» қондырғандай қолпаштап, қуана қол шапалақтап жіберген бізге көзін қулана қысып та үлгерді.
Тәртіптен теріс кеткеніміз де, Керімнің көңіл-күйін күл-талқан еткеніміз де осы тұс еді.
Бадишамыз кавалерінің төбесінен төне жүріп билеп болғанша, біз де қарап отырмай, «қыз – бізден, «қызу» – сізден» дегендей, көрші үстелдің қасқаларымен «біздің дастарханнан – сіздің дастарханға» дәстүрімен өзара тиімді достық қарым-қатынасты бастап кеп жібердік.
Үстелдер арасындағы теңселе барыс-келіс, стақандап алыс-беріс жедел қарқын алып, ынтымақтастық нығайып сала берді. «Береген қолым – алаған» деп, құйған қолдарын қайтарып жатқан біз жоқ. Майдай жаққан «сусындарының» түрін түстеп, дәмін ажыратып жатпасақ та, әйтеуір, өзіміз сіміріп жүретін суррогаттарға ұқсамайды.
Жамырай «гастрольдеп» кеткен жайсаңдарды орындарына кезек-кезек қайтарып, шыр-пыр болған Керім байғұстың берекесі кетті. «Мәнсабы» да, нұсқауы да жайына қалып, өзіне «ақыл соғып» қоямыз. Қулар тұрмақ, қойларды да саппен жүргізуге шамасы жететін оның ырқына көнбей кеткеніміз – қызылкөзденіп, «біразға жеткеніміз» болар, сірә. Қызды-қыздымен жауапты тапсырма да, жұлымы шыққан жұпыны үстеліміз де әдірем қалып, орындықтарымызды жылжытып, жаңа «тамырларымыздың» жандарына біржолата жайғасып алдық.
Сығыр көздеріне өз қандастарындай көрінді ме екен, әлде бақа-шаян кемірген өздерінікінен қазы-қарта жеп өскен біздікі қоңдылау көрінді ме екен, әйтеуір, қыз көрмегендей, кезектесе биге шақырып, жандары кіріп жатқандарына қарағанда, бұлардың көңілдері біздің қызға қатты құлағанға ұқсайды. Осылайша, алғашқы болып биге шыққан «шынашақты» «күйеу бала» атандырып, достығымыз аяқ астынан «құдалыққа» ұласты да кетті.
«Карашо-карашо», «окей-окей» дескен «құдаларымыздың» жік-жапар боп көрсеткен сый-құрметтеріне көл-көсір боп, ымдасып, ишараттасып, шатпырақтай түсінісіп жатырмыз. Қолымызды ербеңдетіп, түрімізді мың құбылта мыжғылап, қысыр әңгімені қыздырудамыз. Тіпті, далбасалап, өзге түгілі өзіміз түсінбейтін «тілде» өзеуреп те қоямыз.
Бадишамыз болса ерлеп отыр, қошеметтің көптігінен терлеп отыр. «Қайныларын» дедектете билетіп келіп, құтақандай «жігітін» сом білегімен қылқындыра қысып-қысып қояды. «Күйеу» оған мәз-мәйрам, «құдалар» мәре-сәре.
Осылайша бастапқыда «дастарханнан дәм тату» әдебімен тәп-тәуір басталған сыпайы сыйластығымыз бара-бара «асқынып» кетіп еді. Асқынғаны сондай, дандайсып кеттік. Еркінсігеніміз соншалық, өзіміз құйып ала бастадық, құймақ түгілі, құятындарын шөлмегімен бірге, шылымдарын шырпысымен бірге басыбайлы иемденіп алдық…
Айтып-айтпай не керек, көлденеңнен кезігіп, жоғымызды бар еткен Керімбала мен бағымызға жолығып, азымызды мол еткен Бадишаның арқасында басымыздан өткерген «бақытты дәуреніміз» бес-алты сағатқа созылып барып, сәтімен аяқталды. Қалай болғанда да, осы кештегі көңілдері тап-таза «қыз жақтың» да, құрақ ұшқан «құдалардың» да өз «есептері» түгел еді.
Сөйтсек, арнайы операцияның жасырын жасақтарының да есебі түгел екен. Қызу «құдалықтан» қолымыз тимей жатқанда, олар да қабаттасып жүріп, тіміскі тірліктерін тындырған көрінеді. Бәлкім, о бастағы сценарийлерінің сиқы осы болды ма екен, кім біледі? Әйтеуір, оларға шарапатымыздың тигені шамалы болса да, кесіріміз тимеген сияқты. Аманатты абыройсыздау атқарсақ та, ең бастысы – әлдеқандай беймәлім себептермен төбелес атты «той қызығына» жетпей тоқтаппыз. Оған да тәуба…
Ай жүзімізді сілекеймен айғыздасқан «құдаларымызбен» қима-а-ай-қимай қоштасып, жұлқылай желкелеген Керімнің алдына түсіп, берекесі кеткен бетімізді шыға беріске бұрғанда түн ортасы ауып, аспанда ай күліп тұрды…
ПІКІРЛЕР5