«ОНДА – ТАМЫЗ, МҰНДА, МІНЕ, ҚАРАША…»
Бір кездері «Өшеді өлең немесе көшеді өлең» деп жыр жазған қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың өміршең туындыларының бұл күндері әр түрлі топтама, жинақ болып оқырмандарымен жиірек қауышып жүргені белгілі. Тек соңғы төрт-бес жылдың бедерінде жырсүйер қауымның кітап сөресі ақынның көлемді «Таңдамалысымен», «Жүрек арызы», «Өмірдастан», «Өмір-өзен» сияқты жыр жинақтарымен толықты.
Енді, міне, Мұқаңның 85 жылдық мерейтойы тұсында «Қаз-Ақпарат» баспасы «Тамаша айым – тамызым» атты кезекті жыр кітабын оқырман қауым назарына ұсынып отыр. Ақын соңында қалдырған «Күнделігінде»: «Таңдамалыңның» болуы жақсы-ақ қой. Оны мен «Тамаша айым – тамызым» («Августь – месяц священный…») деп атаймын…», – деп арманын ақтарады. «Егер баспамен шартқа отырсам, онда сол тамыз айында отыруым керек. Әдетте олар келесі жылдың шартын сол айда жасайды. Бұл – біріншіден, ал екіншіден, тамыз жаздың ақырғы айы, үшіншіден, менің жортуылдарым да бітеді, қалай дегенмен мен енді жас емеспін ғой, міне, 44-ке келдім. Әрине, бұл менің жастығымның соңы. Жаздан кейін күз келеді. Сондықтан да мен таңдамалымның атын «Тамаша айым – тамызым» деп қоймақпын», – деп сыр шертеді күнделік жолдары. Өкінішке қарай, арада аттай бір жыл уақыт өткенде ақын жүрегі соғуын тоқтатып, жоғарыдағы үкілі үмітінің орындалмай қалғаны белгілі.
Мұқағали мұраларымен етене таныс көзіқарақты оқырманның көңіл түкпіріндегі өкініштің бір мысқал өтеуі болса деген ниетпен шығарылып отырған осынау жинаққа ақынның көпшілік көзайымына айналған таңдамалы өлеңдері топтастырылған.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.