ЖАҚСЫДАН ШАРАПАТ
100 жыл – бір ғасырлық ғұмыр! Хамит Ерғалиев сынды ұлы тұлғаның осы мерейтойын атап өту – перзенттік парызды өтеудің бір мүмкіндігі секілді жауапты іс. 100 жылдыққа байланысты ойлар мені де, яғни атамның қыздарынан кем көрмеген үлкен келінін де бейжай қалдырмады. Атамыздың артында қалған мұраларын зерттеп, ғұмырнамалық ой-толғамдарын, ақынның замандастары туралы ойларын, суреттерін жинақ етіп құрастыруға жетеледі. Ісіміз оңғарылып, жинақ жарық көрсе, әдебиеттанушылар мен қаламгерлер үшін ғана емес, болашақтың иесі жастар үшін де құнды жәдігер болар еді деп ойлаймын.
Атам адамның өмір жолын екі топқа бөліп, өзін Қиындығымен қызық өмір кешкен адамдардың тобына қосса, бізді қан майданнан аман келген әкелерінің арқасында Қиындығынан қызығы басым өмір сүрген бақытты ұрпақ деп санайтын.
Мен Алматыға жарты ғасыр бұрын арман қуып келдім, сол кездегі С.М.Киров атындағы Ұлттық университеттің механика-математика факультетіне оқуға түстім. Механика-математика мен филология факультеттері орналасқан корпустың үлкен залында жиі ұйымдастырылатын әдеби кештердің бірінде шашы аппақ зор дауысты Хамит Ерғалиевті көріп, ерекше әсерленгенмін.Өзім орыс тілді ортада оқып, математика пәнінен алғыр болсам да, орыс ақындарының өлеңін жатқа білсем де, қазақтың әдебиеті мен мәдениетінен бейхабар өстім. 1972 жылы жас маман ретінде Қарағанды мемлекеттік университетіне жолдама алып, сол жерде ақынның үлкен ұлы Мұратпен танысып, отбасын құрдық. Міне, сол күннен бастап қазақ әдебиеті мен мәдениетіне ден қойдым. Ұлы тұлғалардың өзара қарым-қатынасы мен адамгершілігінің, ерекше сыйластығының куәсі болдым.
Бір естелік мақаласында атам: «…Қаламдас, яғни тағдырлас қатар-құрбы, аға мен іні аралығындағы осындай әзілі жарасқан дәстүр қазір әлсіреп те бара жатқан секілді. Сырбай болмысын аңсататын сәттер маған өмірдің осы жағын да ойлатады. Сырбай мен Жұбан, Ізтай мен Оспанхандар дүниеден өтсе де Қалтай, Тахауи, Шерхан, Садықбек, Қадыр, Қайрат, Жарасқандардың салауатты сауықшыл қалжыңдарын алдыма ұстап, Аллаға шүкірлік айтамын. Зады, қазаққа кемелсіген, кекшиген кесірлік те, кейістік те емес, кеңістік, кең пейілді жарқын мінез жарасқан», – депті.
Атамыз 80 жасқа толғанда Зейнолла Қабдолов ағамыз баяндама жасап, былай деп еді: «Ерғалиев шығармалары өз кезегінде осынау өзі өмір сүріп отырған ХХ ғасырдың көркем шежіресі. Өйткені, Хамит Ерғалиев – өз дәуірінің ұлы, өз ғасырының үні». Шығармашылығы туралы айтатын, әрине, біз емес, дегенмен, біраз жыл атаның поэзиясын қолдан келгенше зерттеген менің бір ғана қосарым бар. Ол кісінің артында қалған әдеби қазынасы жеткілікті. Қазақ тілінің бай сөздігін кеңінен қолдана білген өлеңдері тұнған философия мен тарих. Көп өлеңі арнайы талдап-талғауды қажет етеді, кейбір өлеңін бірнеше рет ойланып оқу керек, сонда көп нәрсе түсінесің. Сондықтан да ол кісінің өнегелі, рухани мұрасына XXI ғасырдың жастары көбірек үңілсе ашатын жаңалықтары мол.
Әбіш ағамыз ата туралы былай айтып еді: «Бұл кісідей қазақтың керемет тілін аса жетік білетін жан кемде-кем. Хамаң баяғы Қазыбек, Төле, Әйтеке билер тіріліп келіп қасында отырса да айылын жимай айдындана ақтарыларына еш күмәнданбаймын».
Ақынның 90 жылдығын Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеттің филология факультетінде атап өткенде Рымғали Нұрғали мен Ақселеу Сейдімбеков ағаларымыз қазақ әдебиеті кафедрасында «Хамиттану» деген арнайы таңдау курсын енгізу керек деп еді. Өкінішке орай, бүгін ортамызда ол кісілердің өздері де жоқ.
«Бәріміз де қамшының сабындай қысқа өмірдің қонағымыз. Қанша құрметтесек те, көзден кеткен соң көңілде сақтала бермейтін қымбат штрихтар болмайды екеш болады. Абзалы, соларды тірлікте арттағыға айтып үлгерейік. Алды-артымыз сиресе де, ақиқат қаза болмасын», – деп ақын атам өзінің «Жақсыдан шарапат» деген эссе, очерк, көсемсөз жинағының кіріспесінде жазған екен.
Атам қазақ халқының дастарқанының кұдіреттілігін үнемі айтып отыратын. Өз әңгімелерінде осы қасиетті дастарқан арқылы Мұқан Төлебаев пен Ахмет Жұбанов сынды екі алыптың арасындағы болымсыз түсінбеушілікті жойғанын, ал Мұхтар мен Сәбит ағаларын татуластыру үшін оларға да арнайы бір боз қасқа сойып үйге шақырып, алайда, мақсатына жете алмағанын айтушы еді.
Сәбит Мұқановтың жары Мәриям, Тайыр Жароковтың жары Мүнира апайларды: «Аяулы менің ақ жеңгем» деп, пір тұтып құрметтейтін. Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев, Сырбай Мәуленов, Қуандық Шаңғытбаев, Жұбан Молдағалиев,Тұманбай Молдағалиев, Қайрат Жұмағалиев, Бек Тоғысбаев ағаларымыздың аналарын да ерекше сыйлап: «Алтын етекті жеңешелерім» дейтін.
Атам мен енем керемет әнші еді. Ғафу ағамыз, Бек, Мағзом сияқты ағаларымызға ән айтқызбай, Қаршыға болса күй шерткізбей жібермейтін. Бұл үйде талай атақты ақындарды көріп, қаншама қазақтың біртуар азаматтарын таныдық. Атамның темір тәртібі бойынша жұмысы күнде таңғы төртте басталса, қонаққа деген табақ күндіз сағат бірден кешікпей берілу керек болатын. Біздің үйде той-думан жасап, шығармашылық кеш өткізгендері қаншама! Зейнолла, Тауман, Қалижан, Ғафу, Сағынғали, Тахауи, Сафуан, Тұманбай, Қуандық, Берқайыр ағаларымыздың әңгімелерін қызығып тыңдайтынбыз.
Өжет мінезді, дауылпаз атанған абыз атамыз өте сезімтал еді. Жалпы, ол кісі өзіне ұнаған адамдармен туған бауырындай сыйласты. Соғыстан қайтар жолында Красноводск қаласында Нұр Өтебаев деген азаматтың ата-анасымен қалай танысқанын, ол кісілердің әулетімен кейін қалай араласқанын жыр етіп айтатын. Ал Есенжол Домбаев, Қайрат Жұмағалиев, Қибат Иманғалиев, Марат Ысқақов, Берік Қорқытов сияқты азаматтармен туған інілеріндей қарым-қатынаста болды және олар атаның көп өлеңдерін жатқа білетін.Тағы бір ерекше сымбатты кісі келіп тұратын атаның үйіне. Атам маған: «Бұл кісі 16 жол өлеңі үшін 18 жыл отырып келген батыр ағаң», – деп таныстырып, тарихи шындықты айтып берген. Бұл кісі – Шахан Мусин екен.
Атам дастарқанды өзі басқарғанды ұнататын. «Сендер мен туралы не айтатындарыңды, маған не тілейтіндеріңді де білемін», – деп шақырған қонақтарына көп сөз айтқызбайтын, бірақ өзі сол кісілердің әрқайсысы туралы толық мәлімет беріп, ақ тілегін ақтаратын. Мәрт еді. Өз мерейтойына сыйлаған домбыраны Асқар Сүлейменов қалап тұрған соң, ойланбай-ақ қолына ұстата салғаны көз алдымда қалыпты.
Тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Атаның асын бергенде Сәкен Иманасов ағамыз ол кісінің өле-өлгенше жазу столында отырып еңбек еткенін, соңғы кітабы «Ұлтым дедім, ұлғайдым» қашан шығатынын қайта-қайта сұрағанын еске алып, бізге бір сұрақ қойған еді. Бір кезде ағам: «Сәкен, мен саған бір өсиет жазып қалдырдым» деген еді, соны көргім келеді деп. Сол өсиетін қағаздардың арасынан көп іздеп, атаның 95 жылдығына арнап шығарған «Өзегім толы ақ жалын» деген кітаптың тұсау-кесерінде Сәкен ағайдың қолына ұстатып едім. Ол «Ескертпелер» деп аталатын парақта сонеттер жазып жүргендегі сөздері екен.
ЕСКЕРТПЕЛЕР
Жазушылардың Мәскеуде өткен бір съезінде Балтық Республикаларының (үшеуінің қайсысы екенін ұмыттым) біреуінде Шекспир сонеттері өз тіліне аударылғаны айтылғанда, залдағылар өре түрегеліп, ұзақ қол шапалақтаған еді. Бұған дейін сол сонеттерге менің сіңірген еңбегім Мәскеу тұрғай, Алматыда да ауызға алынып жарымаған-ды.
Енді қайтейін, сонет жанрының үлкен үлгісін төл поэзиямыздың төріне шығарсам деп, соны қазақшалау үшін арқа етім арша, борбай етім борша болғанында жұрттың жұмысы қанша, әлгіден кейін-ақ «қазақ сонетінің аталары» әр жерден пайда бола бастады. Оларға өкпем жоқ. Ал менің өз намысым араға аттай он төрт жыл салып оянды.
Ойлап отырсам, менің елім сонеттің сөлін өз бойына жинаудай-ақ жинаған ел екен. Замандар бойы өзінің бұқтырғаны да, өзгеден жұқтырғаны да жетерлік. Көзін тап та, шүйліге біл. Біздің бірегей ақындар соны қалай аңғармағанына қайранмын. Талаптанып көргендер там-тұм бізде де болыпты. Қаршыға түгілі, қыранның бәрі бірдей қасқырға түспеген ғой. Бір шеңгелімен көзді ағыза бүріп, екінші шеңгеліне қауқарлы бұталарды қаптырғанда шаты айырылып кеткен балаң бүркіттер де болған деседі. Біздің қай шамадан шығарымызды қайдам… Әйтеуір, жас жағынан бұған екі есе есейіп ұрындым. Толып жатқан өз қиындығы бар, шарттары шатақ жанр ерекшелігін осылай айтпасам, сөз ұзарып кетеді.
Құдай денге саушылық беріп, бұл кітаптың жазылып бітер шағын көрсетсе, дәптердегі тізбекті өзгертемін. Бұндағы әрбір жиырма сонетті дүниеге келген бойда маусымдық басылымдар жариялап отырды. Әсіресе, бастапқы 60 сонеттің ауылдары аралас, қойлары қоралас күйде жамырасып жатыр. Қітаптың жазылмаған жағында да бұндай жағдайлар кездесуге тиіс: кенеттен киліккен ойды кезінде қармап қалмасаң жоғалтасың. Сондықтан бұларды тақырыбына, мінез-құлқына қарай қайта топтастырып, белгілі бір жүйеге салу шарт. Сонда бұлардың номерлері де өзгереді. Бұл өзі әжептәуір бас қатырып, сауаттылықты да сарапқа салатын жұмыс.
«Жаман айтпай жақсы жоқ», бұл жұмыстарды өзім атқарып үлгере алмаған жағдайда соған уақыт бөлуді Зейнолла Қабдоловтан, Сағи Жиенбаевтан, Сәкен Иманасовтан, Иранбек Оразбаевтан өтінер едім. «Сақтықта қорлық жоқ» деген ғой. Әйтпесе, шүкір әзір, қалам қалжырай қойған жоқ.
03.02.1993.
Атам марқұм өмірінің соңғы бес жылында бес жаңа кітабын шығартып еді. «Ғұмырнама» естелік-эссе кітабындағы кейбір ой-толғамдарын келтірейін:
Шаруашылықтағы өзгерістердің қайсыбірі дұрыс, қайсыбірі олай емес, қайсыбірін меңгеріп ала жөнелуге халық даярлығы мол, қайсыбіріне тапшы, – бұл жақтарын өз басым, әзірше жетік біле бермеймін. Әйтеуір, қазіргідей орасан батыл, кең масштабтағы қозғалыстардың бәрі бірдей ойдағыдай шықпайтыны тарихтан мағлұм. Қимылдың қисайған жерлері әлі түзетіле жатар. Ал тарихты тәртіпке келтіру, оны алдамшы, өтірік тараулардан тазарту, бүгінгі ниеті дұрыс адамдардың өз ойларын іркілмей айтуына жол ашу секілді әділеттің салтанат кұруы тамаша болды. Тек соны аяғына дейін жеткізіп, тағыда бір данышпанды қолдан жасап алмай, аман-есен шығар болсақ, төрешілдікті де төбесінен ұрып түгесер едік. Әй, осы жағы қиын-ау, қиын!.. Бұның баршасының орайына келген күнін көзбен көру, әсіресе, біз кұралпы адамдарға әбден қиын. Шіркін-ай, соны біз көрмесек те, тетелес буын көрсе, мен соған «қабірімде бір аударылып жатқандай сезінгейсіз» дер едім.
Сәуір, 1989.
«Шер толғау»-ды «Жазушы» баспасына табыс еттім. Бұл кітап хақында аз-кем айтарым: Өткеннің күллісін дәл осы сәттегі ой өлшеміне жығып көргенімде мұң, нала нарқы мұншалық қымбаттай қояр демеген едім. Осы кітапқа эпиграф етіп Асанқайғының «Ой түбінде жатқан сөз, шер толқытса шығады» деген данышпан пікірін алмасқа амалым қалмады.
1991.
Үш ғасырға жуық бодан болған қазақ халқы шынымен-ақ осынша мол жеріне өзі емін-еркін иелік етердей қуат құрап, іргелі жұрттармен терезе теңестірер болса, соны анық көзімізбен көрсек, дүниеден аттанарда армансыз әулеттің басы да, бабасы да – біздерміз деп кетер едік. Тіпті, өз армиясы, өз ақшасы, өзінің озық техникасы өсіп жетілген, өз тілі өмірдің барлық саласында толық үстемдік құрған мерейлі мемлекетті балаларымыз көрсе де көңіл тоқ. Азап-сорды бақ-дәулет деп, қараңғыны жарық деп, қылмыс қылуды қырағылық деп, ана тілін ұмытуды сауаттылық деп, – бәрін керісінше құптап, әбден есеңгіреп қалған халықтың тым болмаса аздап ақыл-есін жинағанын көрсе, біздің ұрпаққа сол да жетіп жатыр.
1992.
Баспа мен баспаханада жатып-жатып «Шер толғау» да 1993-тің мүлкі есебінде 1994-тің басында жарық көрді-ау, әйтеуір. Алғашқы бетінде аз сөзбен берілген баспа мазмұндамасында былай делінген екен: «Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ардақты ақынымыз Хамит Ерғалиев талай оқиғаларды бастан кешірген тарландығына бағып, соңғы екі-үш жыл бағдарында жазылған «Шер толғау» атты бұл кітабында мол мүлікті сыр сандығын айқара ашып салған. Толымды топтама жырларға негізделген кітаптың өне бойы – республика ғұмырнамасы, соның халқының шыныққан, сыныққан, соның әрбір байырғы адамының куанған шақтары ойлы поэзия тілімен өрнектелген». Кітапты кім оқыса да бұл айтылған шындықты өтірікке шығара қоймас. Бұрындары іште бұғып жатқан осынау сырлар сандығының жұқа сары мұқабамен жұтаң шыққан түрі-түсі тоқсан үштің азып-тозған мезгіліндей ажарсыз-ақ.
Ал өзіме өмір бойы шығарған барша кітабымнан бағалы саналатынын осы кітапқа арнайы жазылған бір сонетімнен де аңғаруға болар еді.
Ақпан, 1994.
«Абайды жылатқан жеккөргіш пен жексұрын көрінгіштер ылайсаңы төңірегімізде ығып тұрса ше?.. Шарапатын шам түбінен оздыра алмай ішқұса болған ірілер төңірегімізде тұнып тұрса ше?.. Осы жалпы жан тазалығының, адалдықтың өзі арманға айналып бара жатқан жоқ па?.. Міне, осынша, тіпті бұдан да көп суық сұрақтардың жауабы кеудеңді кернеп тұрса, сол ең алдымен сонет жанрының ащы да, тұщы да азығы емес пе?.. Соңғы төрт жылымды түгелге жуық сонет жанрына жұмсап, содан дардай бір кітап беруіме ақиқаттың осындай қилы-қилы серпіні себін тигізді.
«Сонеттер» кітабын атай отырып, оны бүкіл алпыс жылдық шығармашылық өмірімнің маңдай алдына апарып қояр едім. Зады, бұл менің эпикалық жанрдан кейінгі айқара ашылған тағы бір қырым мен сырым болып шықты-ау деп шамалаймын. Алла тағала сексен жылдығымды көзіммен көруге жазса, байғазы делінетін қоржынның бір басында осы кітап та жататын шығар деп ойлаймын».
1995.
Ал өзі қайтыс болғаннан соң бір аптадан кейін қолымызға тиген «Ұлтым дедім, ұлғайдым» деген кітабында «Ақпарат һәм ақ бата» өлеңінде:
Мен келдім, мен келемін асып-таспай,
Алмаған соң ауыр жүк басып тастай.
Іс қылған секілдімін өлсем де жұрт
Менімен қоштасуға асықпастай.
Өмірде ақ пен қара түсі ненің?
Мен соны мезгілім деп түсінемін.
Ұйқының есебінен түнде түлеп,
Өлеңмен жерге жарық түсіремін, – деген екен.
Біздер үшін ең ыстық туындысы – шығармаларының әрі прологы, әрі эпилогы деп саналатын «Әке сыры» дастаны. Себебі – соғыстан кейін туған тұңғыш ұлы Мұратқа қарап отырып жазған бұл дастандағы: «әлпештеген анаңдай тұрып алар біздің заман ойыңның ортасында» немесе: «бірақ шалқып биіктен толғанарда менің кітапханамды алдыңа қой» деген сөздері бізге тікелей бүгін айтылғандай болып естіледі. Сол кезде атаның әріптестері, жолдастары, қаламгер ағалары мен інілерінің асыл бейнелері көзіміздің алдына келеді.
Енді «Ой түбінде жатқан сөз – шер толқытса шығады» деген сөздер менің де есіме келетін болды. Көп жылғы «Шер толғауым» мынандай:
Өткен жылдары мен білім саласындағы қызметіме байланысты іссапармен кейбір облыстарға барғанда атаның туған бауырындай болған замандастары, қазақ елінің ардақты ақындарының есімі берілген мектептерге кіруге асығатынмын. Мысалы, Ғафу, Сырбай, Жұбан, Қалижан ағалардың есімі берілген мектептерін аралап, мұражайларымен танысқанда ерекше тебіреніп, көз алдыма атамның бейнесі келетін. Әсіресе, Павлодарда Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер мұражайын, Қалижан ағамыздың керемет ескерт-кішін, сол кісінің есімі берілген мектептегі ерекше мұражайын көргенде өз жерлестеріме өте риза болып қайтып едім.
Біз 1998 жылы Атырау облысының тарихи-өлкетану мұражайына атаның жәдігерлерінің жетпісін тізім бойынша беріп едік. Осыдан төрт-бес жыл бұрын сол мұражайға барғанда жетпістің жетеуін-ақ бір бұрыштан көріп келіп едім. Оның үстіне атаның ауылындағы мұражай деген аты бар бөлме қирап тұрған Мәдениет үйінде орналасқанын естігенде, амалсыз әкімдіктерге жазылған талай хаттарымыз еске түседі екен. «Мен енді ондай хаттарды жазбаймын, одан еш нәтиже болмайды», – деп Мұрат айтқан соң, соңғы хатты осы жылдың басында атыраулықтарға мен өзім жолдап едім. Егер атаға ескерткіш қою қиын болса, атамның есімі Атыраудың бір жақсы мектебіне берілсе, жетпіс жәдігер сол мектептің мұражайында жайнап тұрар еді деп армандап едім. Бұл хатқа да баяғыдай «қарастырамыз, хабар береміз» дегендей жауап келіп еді. Сонда атамның «Туған топырақ жұртына» деген өлеңінің «…Маған десең, бір емес, өлшегін мың, – әйтеуір мен бір бүтін бөлшегіңмін. Құдай өзі біледі, бір күндері қанша дерсің қадірі өлсе кімнің?!» деген соңғы шумағы есіме түсті.
Дегенмен, ата бір ұлы тұлғаға арнаған өлеңінде былай жазған еді:
…Сіз бен біз қартаймаймыз, ұлғаямыз,
Ұрпақтар ісімізді қылғай аңыз.
Иншалла деп айтайын, Сіз бен біз де
Ғасырлар құжатына қол қоямыз!
Өмірі өнеге боларлық нар тұлғаның аты ешқашан өшпейді!
Алтын ЖАҒЫПАРҚЫЗЫ,
ақынның келіні.