ШАРАПАТ
06.10.2023
210
0

Көрнекті жазушы Оралхан Бөкей дүние салған 1993 жылы мамыр айында суреткермен қоштасу өткен Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрындағы қаралы жиынға бір топ курстастар барып қатыстық. Осы жылы біз әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде біріншіні аяқтап, екінші курсқа көшкен едік.

…Алматының алтын күзі, қыркүйек айы аяқталып қалған тұста, мені деканатқа шақырды. Сол кездегі факуль­теттің деканы және орынбасарлары отыр екен. Декан: «Бізден жазушы Оралхан Бөкей атындағы стипендияға бір студент ұсынуымызды сұрап жатыр. Ақылдаса келе оқу үлгерімің мен газеттерге жазып жүргеніңді ескеріп, сол стипендияға сені ұсынуды ұйғардық. Ертең кешке Қазақстан Жазушылар Одағында жазушы Оралхан Бөкейдің 28 қыркүйек туған күніне арналған елу жылдық салтанатты мерейтойында стипендияны тапсырады. Бірге баруымыз керек», – деді. Мен аңтарылып тұрып қалдым да, ұстаздарыма алғысымды жеткізген болдым.
Ертеңіне айтылған уақытта Қазақ­стан Жазушылар Одағының мәжіліс залына ұстаздар бастап, курстастар қостап бардық. Сол кездегі Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының төрағасы, жазушы Қалдарбек
Найманбаев жиынды жүргізіп отырды. Мүйізі қарағайдай ақын-жазушыларымыз бірінен соң бірі мінберге көтеріліп, жазушының шығармашылығы туралы шырайын келтіре айтып жатты. Бір уақытта мінберге «Атамұра» баспа корпорациясының сол кездегі президенті, қазақтың атымтай жомарты атала бастаған Мұхтар Құл-Мұхаммед шақырылды. Мұхтар Абрарұлы сирек суреткер, хас таланттың шығармашылығына мазмұнды шолу жасады. Сөзінің соңында Қазақстан Жазушылар Одағы мен «Атамұра» баспа корпорациясының атынан жазушы Оралхан Бөкей атындағы жас жазушыға арналған сыйлық пен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университетінің журналистика факультетінің студентіне стипендия тағайындайтындығын жеткізді. Зал ду қол шапалақтап, тосын жаңалықты ризашылықпен қабылдады. Мұхтар Абрарұлы жазушы Оралхан Бөкей атындағы жас жазушыға арналған сыйлықтың алғашқысын ақылдаса келе жазушының отбасына тапсыруды жөн деп тапқандығын айтып, төрде отырған Орағаның зайыбы Ардақ жеңгемізге табыстады. Сосын Қазақстан Жазушылар Одағы мен «Атамұра» баспа корпорациясының жазушы Оралхан Бөкей атындағы стипендиясының тұңғыш иегері осы жолдардың авторын шақырып, қомақты конвертті қолыма ұстатты.
Осылайша жазушы Оралхан Бөкей атындағы стипендияның тұңғыш иегері атанып, ай сайын, жоғары оқу орнын бітіргенше «Атамұра» баспа корпорациясынан стипендия алып тұрдым. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында бұл стипендия әжептәуір көмек болса, «жазушы Оралхан Бөкей атындағы стипендиясының тұңғыш иегері» деген «атағым» үлкен жауапкершілік жүктеп, сол атқа лайық болуға тырыстық. Бүгінде қазақтың көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері, «Атамұра» баспа корпорациясының сол кездегі президенті, қазақтың атымтай жомарты Мұхтар Құл-Мұхаммед ағама өз басым осы қамқорлығы үшін алғысымды білдіремін. Әрине, жас жазушыларды, қаламгерлерді ынталандырудың осындай жақсы үрдісін үлгі етіп, бүгінгі бай-бағландарымыз жалғастырса нұр үстіне нұр. Себебі біріншіден, Оралхан Бөкей сынды классик жазушыларымыздың аты ардақталса, екіншіден, әдебиетке келе жатқан жас буынның қанатын қатайтуға зор мүмкіндік болар еді.
Жазушы Оралхан Бөкейдің биылғы 80 жылдық мерейтойында өзім куә болған, шарапатын көрген жақсы іс турасында айтуды парыз санадым.

Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстан Жазушылар Одағы мен
«Атамұра» баспа корпорациясының
жазушы Оралхан Бөкей атындағы
стипендиясының тұңғыш иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір