ЛЕВ ТОЛСТОЙ МЕН СТАНСА КЕЗЕКШІСІ
– Лев Николаевич! Тәңірім-ау, бұл сіз бе едіңіз, – деді станса бастығы ақ сақалы беліне түскен қарияны көргенде. Қарттың аяғында шаруалар киетін шабата.Үстінде көнелеу орыс кафтаны. Басында етегі далиған сабан қалпақ. Қолында қайың бұтағынан шапқан қисық таяқ. Қолтығындағы түйіншекте жолға ала шыққан тамағы болса керек, матаның сыртынан түйір-түйір кесектер білінеді.
– Жарқыным, мен туралы жан баласына жақ ашпа. Әлемде ұлылар жетеді. Ал сендер болсаңдар бір ғана менен көз алмайсыңдар! Тургеневтің сендерді сендіргеніндей, мен еш уақытта да ұлы орыс жазушысы болған емен, – деді қария станса бастығының алдындағы орындықтардың біріне отырып жатып.
– О, не дегеніңіз, Лев Николаевич! Сіздің Нобель сыйлығынан да бас тартқаныңызды газеттер шулай жазды емес пе. Ондай құрметті жер жүзінде тек ұлыларға ғана көрсетпеуші ме еді, – деді дегбірі шындап қашқан станса бастығы Владимир Матвеевич үстіндегі теміржолшы киімінің өңірін сасқанынан дүркін-дүркін сипап…
– Мен ыңыршағы шыққан Ресейден де, оның шіркеуінен де, өзімнің барша байлығым мен отбасымнан да безіп шықтым, жарқыным! Мына жарық дүниедегі әділетсіздік атаулымен күресерге дәрменім қалмағаннан кейін, соңғы сапарымның аяқталуын жол үстінде қарсы алуды дұрыс санадым, – деді жазушы станса бастығы әкеп берген ыстық шәйді сораптай отырып.
Қария ұзақ сапарынан шындап шаршаған сыңайлы. Сексеннен асқан жанға осыншалық алыс қашықтыққа жаяу аттану оңай емесі белгілі.
Станса бастығы ұлы жазушының мекені мен ол тоқтаған станса арасын ойша шамалап, басын еріксіз шайқады.
– Үш мәрте нөсер жауынның астында, күн кәдімгідей қаһарлана күркіреп тұрғанда жолда болдым. Үсті-басым малмандай су болды. Бала кезімде дәл осындай күй кешкем. Сол уақыттар есіме түсіп, сәбише егілдім. Бетімді жауын суымен бірге көз жасым да жуды. Жер бетімен бауырлай жылжыған қара бұлттарға қарап тұрып, адамзаттың тіршіліктегі қарызы мен парыздары жайында ойға шомдым, – деді Лев Николаевич жаңа танысына көздерін сығырайта қарап…
– Лев Николаевич, сіз Пушкин жайында ол ұлы ақын, бірақ аса сабырсыз, тағатсыз, алақұйын жан депсіз. Бұныңыз не, – деді станса бастығы енді батылданып…
– Александр Сергеевич Пушкин өз бойындағы дарынын бағалай білмеді. Қайдағы біреулермен басын ажалға тігіп, атысқа қайта-қайта шықты. Сабырсыздық ақыры ақынның ажалына себеп болды, – деді Лев Николаевич станса бастығына еріп, ол ұсынған аядай бөлмедегі темір кереуетке қисая беріп… Сол күннен бастап Ресейдің алыс түкпіріндегі осынау теміржол стансасының даңқы шыға бастады.
– Лев Толстой бүкіл дүние-мүлкінен, тіпті, шіркеуден де безіп, осында келіпті. Орыс халқының дана перзентіне мұншалық не болды екен, – десті көздері ашық оқығандар таңдайларын қағысып. Жұрт енді жаздың сібірлеп атқан шуақты таңдары мен көкжиекті жалқын нұрға шомылдыратын ғажайып кештерінде оны стансадан онша қашық емес өзен бойынан көретін болды. Сексеннің үстіне шыққан ұлы жазушы станса бастығының баласын ертіп, айдынға қармақ салатын. Іліккен ұсақ балықтарды ағаш мосыға темір шәугім іліп, сорпа ететін.
– Сіздің ұлы адам екеніңіз рас па, қария, – дейтін ойын баласы көздерін сығырайтып, жер ошақтан аспан астына шалқи көтерілген түтінге көздерін сығырайта қарап..
– Адамдар өзі қатарлылардан пайғамбар жасауға құмар, балам. Сен сенбе. Мен қарапайым ғана өзекті пендемін. Кітаптарымда тек шындықты ғана жаздым. Еңбектенсең, сенің де қолыңнан келеді жазушы болу, – дейтін Лев Николаевич кішкене ұлды басынан сипап.
…Қараңғылық түсе бастағанда екеуі қайтадан стансаға бет алатын. Темір шәугім ұстаған бала – алда, қармақтарды қолтығына қысқан қария – артта.Бұл өңірдің жері қыратты-шоқылы. Кейде екі дос ылдиға түсіп көрінбей де кететін. Ондайда, бұларды қызықтап тұрған станса тұрғындарының дегбірлері қаша қалатын. Өйткені, далада түз тағылары көп. Қарусыз бала мен қауқарсыз қартты аяйтын олар…
– Саспаңдар, менің Митям мен Лев Николаевичке қасқырлар тиіспейді. Тек, адамның қасқырлары болмаса, – дейтін станса бастығы шын көңілмен.
Орыстың ұлы жазушысы осы тірлікте, станса үйінің кішкене бөлмесінде жаз бойы тұрды да, күздің аса салқын бір күнінде суық өтіп, төсек тартып жатып қалды. Қария содан оңалмай,
82 жасында жарық жалғаннан озды. Өмір сапарын осылайша аяқтауды өзі қалап алған ұлы жазушы мұндай қадамға адамзат баласының еш уақытта да түзелмейтін қорқау тіршілігіне көңіл әбден қалған соң барған екен, – дейді білетіндер.
…Солай болса, солай да шығар! Ұлы жандардың періштелік пайымдары мен сахабалық сырларына кім бойлай алған! Ал адамзат баласына «Соғыс және бейбітшілік», «Қажы-Мұрат», «Крейсер сонатасы» секілді ондаған ғажайып туындылар берген қаламгердің ұлы жазушы екені рас болатын.
Смағұл РАХЫМБЕК,
жазушы.