«ЖЫР АҚҚУЫ – МАРФУҒА»
Жуырда Абай атындағы мемлекеттік академиялық Опера және балет театрында көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Марфуға Айтхожаның ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Жыр аққуы – Марфуға» атты шығармашылық кеші өтті.
Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырған бұл кеш Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы көңіл толқытар күймен ашылды.
Шара барысында қала әкімінің орынбасары Сұлтанбек Мәкежанов ақынның өмір жолы мен шығармашылық табыстарын айта келіп, қала әкімі Бауыржан Байбектің құттықтау хаты мен сыйлығын табыс етті. Сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың, Мәдениет және спорт министрінің құттықтауларын министрліктің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев салтанатты түрде тапсырды. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай
ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Үкімет басшысының орынбасары Иманғали Тасмағанбетовтың, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәмидің, «Түрксой» ұйымының төрағасы Дүйсен Қасейіновтың, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтау жеделхаттарын табыстап, «Жыр аққуы» атанған Марфуға Айтхожаның асқақ та тұнық поэзиясының ерекшеліктеріне, ақынның адами келбетіне тоқталып өтті.
Талдықорған жұртының ыстық ықыласы мен Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың құттықтауын әкімнің орынбасары Бақтияр Өнербаев жеткізіп, Алаштың ардақты ақынының иығына құндыз жағалы бешпет жапты. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхамедтің құттықтау хатын қалалық партия филиалының өкілі Жұлдыз Омарбекова жеткізді.
Елімізге танымал көрнекті ақындар: Несіпбек Айтов пен Маралтай Ыбырайымұлы кеш иесіне өлеңдерін арнаса, Бауыржан Жақып осыдан 51 жыл бұрын ақын бітірген әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің «Алтын медалін» табыс етті. Кешке қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің келуі – жұртшылық үшін ерекше оқиға болды. Жыр кешінде Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен елімізге танымал өнер шеберлері ақынның өлеңдеріне шығарылған әндерді орындады. Соңынан Марфуға Айтхожа сөз алып, мерейлі мерекесіне орай осы кешке келген барша қауымға алғыс айтты.