ҚАЗАННАН ҚАҚПАҚ КЕТСЕ…
Асылхан МАМАШ,
журналист
Ой ұрлау, біреудің идеясын пайдалану мен көшіріп алу екі басқа. Егер көшіріп алса, оны көзжұмбайлық демейді, ұрлық дейді. Ондайда авторлық құқықты қорғайтын «Зияткерлік меншік туралы» заң бар, автор соған жүгінуі тиіс. Жүгініп жатқандар да аз емес. Қайбір жылдары әдеби барымташылыққа байланысты кейбір қазақ жазушылары арасында үлкен дау болғаны есімізде. Дауласқан екі тараптың екі жағының да уәжін баспасөзден оқыдық. Арасында сөзбе-сөз көшіргенін былай қойғанда, шығарманың желісі, идеясы да ұрланғаны анық болды. Бір заманда, бір кезеңде, бір қоғамда өмір сүретін жазушылардың тал түсте көрінеу қиянат жасап, ұрлыққа барғаны, әрине, ұят. Бұл енді мораль мәселесі. Заманы басқа болса, бір тақырыпты бір идеямен басқаша жазса, бәлкім түсінуге болар ма еді.
Өз басым тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Қазақстанның болашағы туралы жоғары лауазымды шенеуніктің мықты еңбегі көп ұзамай өзінен жоғары шенеуніктің еңбегіне еніп кеткенін білемін. Әзірге айтылмағанымен, кейін бәрібір белгілі болатын ұрлық бұл.
Плагиаттың көкесі Қазақстанның ғылымында деп ойлаймын. 1990 жылдардың соңына қарай ғылыми дәреже алу үшін шенеуніктер жаппай кандидаттық, докторлық диссертация қорғай бастағанда, кімнің кімнен көшіргенін тексерген ешкім болмады. Оны тексеру қорғаушыға да, қорғатушы ғылыми ұйымға да керек емес еді. Тек өзара тартыс кезінде біраз жайттың шеті көрініп қалды. Ұзақ жылдар шетелдерде оқып, әл-Фарабидің трактаттарын көз майын тауысып зерттеген ғалымның еңбегін Алматыдан шықпаған әлдебір шығыстанушы өз атынан жариялай салғанына да куә болғаным бар. Философия және саясаттану институты шығарған бұл еңбектің әр парағын тұпнұсқамен салыстырып көрсеткенде аталған институттың басшылары ұялғансығанын, ал шынайы зерттеушілері жерге кіріп кете жаздағанын өз көзіммен көрдім. Одан не шықты? Әлгі плагиаттың мұртын балта шапқан жоқ, қазір білім саласындағы ірі шенеуніктердің бірі. Ал көз майын тауысып зерттеген зерттеуші сотқа беріп те әуре болмады, қолды бір сілтеді.
Ал баспасөз бетіндегі ұрлықтың шет-шегі жоқ. Көшіріп басу былай тұрсын, авторды алып тастап, басқа автор қоя салу түк болмай қалды. Оның қайсыбірімен соттасасың? Ұяты білсін дейсің де қоясың.
Мұндайды «ұсталмаған ұры емес», «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дейді.