ЕУРОПАЛЫҚ КӨЗІЛДІРІКТІ ӘДЕБИЕТТАНУ
Бодандағы елдің ұланы мен Кеудемсоқ империялық елдің оғыланының білім алуы, ғылым мен ілімге қол жеткізуі екі түрлі. Екеуі өз елінің өнерін, мәдениетін, әдебиетін гуманитарлық аяда өзінше зерттейді.
Христиан империялық елдерінің өнері, мәдениеті, әдебиеті, ілімі мен білімі Мұсылмандық, Тәңірлік-Түркілік, Буддалық, Конфуцийлік Шығысты өзіне табынтты, табынтып та келеді. Христиандар әлемді мәдени құлдану үшін әдебиет саласында ойлап тапқан Нобель сыйлығы (іргелі ғылымдағыларға берілетіні үшін еш дау айтпаймыз) дегенің Шыңғыс Айтматовқа төл мәдениетін тәрк еткізе жаздатса, түрік жазушысы Орхан Памук сияқтыларға тіпті ұлтына сатқындық жасатты. Бұған дейін өз елін аяусыз сатира дойырымен қамшылаған Әзіз Несин тап осындай әдеби әзәзілдікпен Еуропаға жағып, классик атанған-тын. Ғаббас Қабышұлы ағамыз оны ана тілімізге мөлдіретіп аударған кезде аталған қаламгердің өз елін өзі қалай масқара еткенін оқып, османлардың тірлігі үшін әрі күліп, әрі осы масқарашылықты оқығанымыз үшін бетіміз қызара ұялатынбыз. Жазушылар осылай етіп жатқанда, оларды зерттейтін әдебиеттанушылар да еуропалық әдебиет теориясының жалына жабысып, «Құтты білік» көркемдік әдісін – поспеловтік-тимофеевтік «реализм-романтизм» әдісіне жығып беріп, бәрі «Батыстан шыққан» деп қарап отыр. Шынымен солай ма?! Еуропалықтар Түркінің қасиетті «Құтты білігінің» құнын бес тиындық етіп, өңін құбылтып, мәжусилік «Готизмге» айналдыра салды. Бірақ калькаланған «Құдаяттық» сақталып қалды. Оған түркі әлемінен уәж айтып, ғылыми ой жүгірткен ешкім бола қойған жоқ. Бұған дейін Иассауилік «Шығыс абсурдизмі» еуропалық қалпақ киген болатын. Осылайша, шәкірті ұстазының бетін жыртып, рухани төрін былғады. Католиктер Еуропа елдеріндегі түркі әдебиеттанушылық кітаптарын жойып, олардың аудармасын асқан ғылыми шеберлікпен өз топырағына бейімдеп, болған-болмағаны белгісіз, бірақ бүткіл адамзат баласының көзін ашқан Аристотельге теліді. Әл-Фараби бабамыз «екінші ұстаз» атағын иеленіп, түркілер соған тәуба етті. Гректер бабамыздың барлық кітабын араб тіліне аударып, қазақ-өзбек тіліндегі көне еңбектері «жоғалған мәтінге» айналды. Тек Буало «Поэтикасында» түркі мұрасына плагиаттық жасағанымен жаңа мәтінде өзі сіңірген түркілік өлеңи-трактаттық тұрпат сақталып, бізге қолмен ұстай алмайтын, көзбен көре алмайтын, бар болса да Ватикан кітапханасының рухани-мәдени зынданында мәңгіге жатқан түркі теориялық кітаптарының қандай болғанын көзімізге елестетіп, ойша оқитын деңгейге жеткізе алды. Өйткені, Баласағұнның түркі символизмі паш етілген «Құтты білігі» жалғыз дегенге «тышқан к… берсе сенбейсің…». Ал христиандық аярлық бізді осыған әлі күнге дейін сендіре білді. Сақша «Оғызсой» деп жазылып, түркіше «Алпамыс» деп жырланып, Соқыр Ғұмар деген біреу жырлады-мыс дейтін гректік плагиат «Одиссей» әлем әдебиетінің бастау көзінде тұр. Дактильді («Бармақты») мойындаған, бірақ акцентті өлеңді құп көретін Еуропа «Талмудқа» негіз болған қоңыраттық «Оғыз қағанды» осылайша жырымдады. Бүтінді бөлшекке айналдырып иеленді. Ондағы екі өзек «Гілгәмеш» пен «Оғызсой» (Оғыз қаған ұрпағы//тары) жөйіттер арқылы әлем тарихындағы әдебиетті 180 емес, 380 градусқа бұрып жіберді. Тарихи әдебиеттанушылық жады адасты.
Бұл жарға жығатын үрдіске ең алғаш әдеби байбалам салып, әдеби-теориялық шу көтерген Қадыр Мырза-Әли еді:
«Бұдан оншақты жыл бұрын университетте лекция оқып жүріп мен де бір нәрсеге қатты мән бергенмін. Өз пәніме байланысты әдебиет теориясының көптеген оқулықтарымен танысып шығуыма тура келді. Соның бірде-біреуі шығысты аузына алмайды. Мысалы, поэзия және оның түрлерін талдағанда сонет, романс, ода, мадригал, баллада, терцин… сияқты еуропалық өлең түрлерімен шектеледі. Гётенің өзі шығыстың жеті данышпан ақынын білемін, жетеуі де менен мықты деген. Еуропа ғалымдары, ең болмаса, ұлы ақынның осы сөзіне мән бермей ме?! Ойланбай ма?! Олар қандай формада жазды екен деп толғанбай ма?! Егер олар да Еуропа ақындары секілді романс, ода, мадригал, баллада, терцин жазған болса неге мысал келтірмейді…
Жоқ! Олар арзу, бәйіт, ғазел, қасыда, мусаддат, мухаммет, мураббе, месневи, тахмис, тержибейді, теркиббенді… тәрізді толып жатқан өлең-жырдың шығыстық түрлерінде еңбек еткен. Еуропалық әдебиеттанушылар, немене, бұларды білмей ме? Орыс оқымыстыларынікі не? Олар неге бұл ежелгі мәдени әдебиетті аттап өтеді?! Түсінікті жәйт: еуропалық бірауыздылық, өркөкіректік» (Қадыр Мырза-Әли. «Жазмыш», – Алматы: Атамұра, 2004). Ақын назариятшыны ешкім қостаған да, қоштаған да жоқ. Ғылыми ортадағы ауыздарына еуропалық лас су толтырып алғандар жақ ашпады. Өйткені, қазақта ешкім айтпағанды айтсаң, тура осындай күй кешесің. Қадыр ақын ешкім айтпағанды бірінші болып айтты. Одан соң, Өтежан Нұрғалиев әкеміз де өз пікірін айтып қалды. Бұл жолы ғылыми орта емес, ФБ шулады. Келесі күні тағы да өлі тыныштық орнады. Оның себебі, қазақ әдебиеттанушылары өз пікірін айтпағандықтан еді. Иә, біз екі озық ойға тұшымды пікір айтуға дайын емес едік. Шындықты шырылдап біз үшін Адам Мекебаев ағамыз айтты. Қатты айтты. Өзінің «Мистикалық қазақ реализмінің атасы» екенін мойындата айтты. Тек «Адасқандар» романы арқылы қазақ сентиментализмнің атасы атанған С.Мұқанов кейбір әсіребілгіш әдебиет тарихшылары мен сыншылар тарапынан мазаққа айналып, шығармашылығы түкке алғысыз етіп сыналса, неосентиментализмінің көшбасшысы Бексұлтан Нұржеке-ұлы «Әйел жанының дәругері» немесе «Махаббат жаршысы» деген шығарыпсалма мәртебемен ғана шектелді. Қарымды қаламгерлеріміз Әлемдік, Түркілік деңгейдегі тамаша туындыларды жазады, оған өз қаламдастары ғана пікір білдіреді. Әдебиеттанушылар олардың мәтіндеріндегі ғылыми жаңалығы мен әдеби ашылымын ауызға алып жатқан жоқ. Кейбір филологтар қаламгердің көңілін қалдырмау үшін жылы лепес сөз қозғай қалса, тұнып тұрған кеңестік әдеби эстетикалық ғылыми стиль қолқаны шаңға қаптырады. Әдебиет теориясының исі де шықпайтын мақалалар марафоны арагідік жастар тарапынан жаңаша назарияттық ой түйіндеулерге ұласып барып, бұрынғы жартас бір жартасқа қайыра айналады.
Ғылыми орта Асанқайғы мен «Зар-заман» әдебиетіндегі барды көзге ілмей, әдебиет құрыды, бітті, тозды, жастар «постмодернизммен» бәрін бүлдіріп жатыр деген әдеби байбаламға басты. Біз әлемдік әдебиет тарихында постмодернді бірінші болып өмірге әкелдік, бірақ ең әттеген-айы, бірінші болып оның теориялық іргетасын қалай алмадық.
«Қырық өтіріктен» бастау алып, түркіден дербес «Алдаркөселік» һәм түркіге ортақ «Қожанасырлық» циклденуге ұласатын Ұлттық күлкі «Карнавалдықтың» хас шебері Бейімбеттен кейін қазақи судырахметтік рухта ғаламат туындыларын өмірге әкеле білген Жүсіпбек Қорғасбекұлының айыбы Бахтиннің зерттеуіне енбей қалғаны ма?! Орыстың оқымыстыларының Батыс үшін құны бес тиын бір еңбегінің әйтеуір бір жерінен оқып алып: Ойбай, француз бірінші, неміс екінші дегенше, өзімізде барды әлемдік деңгеймен салыстырып барып ой толғағанымыз жөн. Қазақ ғылыми әлемі бір кездері Бахтинмен ауырды. Бахтин біріншіден – христиандық ұстанымдағы жан, екіншіден –еуротекті оқымысты, үшіншіден – мұсылман әлемі мойындайтындай еш дүние жасаған жоқ. Тек бір ғана игі әсері – ол айтқандардың бәрінің қазақта бұрын болғандығы, қайырып жаңғырып отыратындығы. Олар (шығысты ауызға алмай, өз өтірігіне бізді сендірушілер) бізге ұлттық әр әдеби ашылымға төл терминді қалай жасауға болатынына бағдар жасады. Осыны жақсы ұғынған менің ұстазым Бақытжан Майтанов хронотопты «мекенжай» деп алып, Бахтиннен құдай жасаушылықтың тамырына алғаш рет балта шапты.
Алаш әдебиеттануындағы Еуропаға, оның христиандық аяр ілім-біліміне көзсіз табынғандар Ахмет Байтұрсынның этноәдебиеттануына 1928 жылдан бастап, әуелі марксшілдік аңыста, кейін еуротектілік жосықта тас атушылықтан арылмай келеді. Осы тас атқызушылық бізді Әлішер Науаидан айырды. Өзбектің іші күйсе де, Әлішер – қазақ. Кітаби қазақ тілінде парсылық стильмен жазған философ ғұлама. Кітаби қазақ тілінің дамуы қазақ қисса-дастандары мәдени-рухани әлеуеттілікпен 1870-1925 ж. дейін 9-12 миллион таралыммен бүкіл Ресей империясындағы түркі тілді елдерге тарады. Абай негізін салған қазақ жаңа әдеби тілімен кітаби қазақ тілі жарыса қолданылды. Түркі әдебиетіндегі қазақ сопылық ағымының белді өкілі Нұржан Наушабаев атамыз: «Араб-парсы кіргізбесем, өлеңімде мән болмайды» дейтін әдеби манифест жолдарын неге естен шығарып алдық. Бір өкініштісі, бұл бағыт – ойлы кітап емес, коммерциялық пайда түсіретін кітапты қазақ тілінде бұрқыратып шығарып, Ресейлік Түркі Әлеміне танылған қазақтың кітаби ақындары татар кәсіпкерлерінің арқасында пайдаға белшелерінен батты. Ал санаулы ойлы оқырман Абайдай ойлы сөзді іздеді. Абай негізін салған қазақ жаңа әдеби тілімен Кітаби қазақ тілі арасындағы күрес алғашқысының пайдасына шешілді. Кітаби қазақ тілін өзбектер аярлықпен көне өзбек тілі атандыра салды. Бар бол-ғаны осы. Қазақтар орыстың рухани-мәдени экспанциясынан осылайша зардап шекті. Әлі осы мәселеге қатысты тұшымды пікір айта алмай келеді. Абай өзі негізін салған қазақ жаңа әдеби тілінің пайдасына Кітаби қазақ тілін қолданған өз шәкірттерін сынағанын әдебиет тарихшылары басқаша түсіндіріп келді. Бұның себебі, осы салаға әдебиеттанушылардың ден қойып бармағанынан туындап отыр. Енді баратын боламыз. Кітаби қазақ тілі – қыпшақтық номадтық емес, оғыз отырықшы – қоңыраттық бағдар ұстанды. Арғындық жаугер түркілік тіл – Еуропаға сіңіп кетті де, өз түп-тамырына балта шапты. Бұдан бір кездері кітаби қазақ тілінде сөйлеген қазақ пен өзбек көресіні көріп отыр. Оғыз отырықшы – қоңыраттық (Бәсеңномадтық Тұрандық) бағдардан кеңестік қазақ әдебиеттанушылары «біз номад» (Әсіреномадтық Алашшыл) ғылыми ұстанымы үшін оп-оңай бас тарта салды. Тек ақаңшыл әдебиеттанушылар М.Әуезов пен Б.Кенжебаевтар кітаби ақындарды ғылыми айналысқа гуманитарлық көрегендікпен енгізіп кетті.
Өзбектер бұған өз жауабын Я.О.Зунделович негізін салған Әдебиеттанудағы айшықты-құрылымдық Самарканд мектебін құру арқылы бере алды. Біз ше?!
Біз әлі әдебиеттен басқа ешбір салада азаттық алған жоқпыз. Ата-тегіміз орысша, жазуымызды төл ерекшелігімізді сақтап, Қ.Жұбанов енгізген католиктік-латындық 29 әріппен емес, С.Аманжолов енгізген православтық-христиандық 42 әріппен жазып келеміз. Латын мен грек тілдерінен өзбек, түркімен және қырғызбен ақылдаса отырып, неошағатайлықпен (жаңарған қазақ кітаби тілімен) тікелей этнотермин қабылдауда биліктегілерден еш қозғалыс жоқ. Ғылым мен ақпарат тілі салаларындағы пуризм қазақ, өзбек, түркімен және қырғыз тілдерін бір-бірінен алшақтатып, ғылымдағылар мен биліктегілердің орыс тіліндегі терминдерді сол тілдегі жазылымы бойынша қабылдай салуы туыс тілдерді жақындастырады. Азаттық кезіндегі пародокс па, пародокс!?
Бұған қарсылықты Тыныштықбек Әбдікәкімұлының «Қаз-Сақ аңқымасынан» табамыз.
Жер-су аттары Кеңес пен Ивандық үрдісте жазғанынан жаңылмауда. Тек бір салада ғана азаттық бар: ол – әдебиет. Бізге осыны танытқан – мемлекеттен көк тиын алмаса да, ұлты үшін «саусағының бір жапырақ еті қалғанша жазатын» түрлі бағыттағы алаш қаламгерлері. Сыншылар текке жатпай, оларды белгілі, танымал, атақты, ортаңқол, жергілікті, шетелдік, т.с.с. деп жіліктеп шығады. Ал әдебиеттанушылар қауымы ғылымнан көзі өткен бұрынғы марксшіл пайғамбар беделдердің, бүгінгі дәурені жүрген еуротекті тірі құдайлардың кәріне шыдамай, әдеби көрпесін тарс бүркеніп, дәуірлік ұйқыда жатыр. Бізде бар болғаны бір ғана әдебиеттанушы бар: Ол – Ахмет. Ал қалғандарымыз не оның қасы, не оның ізбасарымыз. Бір ақиқат – әдебиеттанушылықтың біріншілігі дана Ахаңның құзырында ғана. Екінші, үшінші деген атақ та, дәреже де жоқ. Тек Ахаңнан кейінгі әдебиет назарияты кері кеткен дәуірдегі марксистік көңін сүйреткендер мен Ахаңнан кейінгі әдебиет назарияты алға басқан дәуірдегі алаш үшін жанын күйдіргендер бар.
Қазақ әдебиеттануы өзге тілдерден ұлттық әуезде термин қабылдай алмай, қара жамылтып отыр. Ең бастысы қазақ әдебиеттануында «әдеби процесс», «әдеби әдіс», «әдеби бағыт», «әдеби ағым» және «әдеби мектеп» ешкім аяқ баспаған баябан. Бұл баябанға аяқ бассаң, басың пәлеге қалады. Және қазақ әдебиеттануының қас жауы қазақ лингвистикасы. Олар құрған қағанаттың бір құрамдас бөлігі ретінде қазақ әдебиеттануы басқаның бақшалығында ғылыми әңгелектік исі аңқып жатыр. Оны сезінетін ғылыми мұрын жоқ. Әсем ай дидарлы Сурет өліп, ешкім ұқпайтын ғылыми сылдыр сөзбен жазылған пері ажарлы стиль салтанат құруда.
Қазақ қаламгерлері тірісінде де, өлісінде де ұлттық әдебиеттану ғылымынан өзіне лайықты баға ала алмады. Әлемдік деңгейде өз тұстастарымен, өз дәуреніндегі жаһандық әдеби процеспен еш байланыстырылмады. Ары кеткенде «Қазақтың Чеховы, Толстойы, Шолоховы» деп мадайынан сипады. Есесіне, ғылымдағы жастар ғылыми жетекшілері қанша зарласа да бейіл қойып оқымайтын неоахметшілдік мұрагерлікке тосқауыл жасайтын Қытай қорғаны өмірге келді. Оның бізге алғызбайтыны – ұлттық әдебиеттанудың Ахаңнан кейін алған рухани нокауттан әлі күнге дейін оңала алмауы.
Егер қазақ әдебиеттануы тілшілер салған: 42 әріпке (латыннан діл қаққа бөлініп тұрғанда дәме етпей-ақ қоялық: ең құрығанда кириллицаның аясында) реформа жасаудағы кедергіні және өзге тілдерден тікелей сөз қабылдаушылықтың ғылыми-саяси төсиін (табуын) аттап өтетін болса, Ахаң салған ұлттық әдебиеттану тіріледі.
Бұл әдебиеттанушылық мақалалар топтамасының түңлік ашар жазбасы еурорыстық «ақырзаман» туғызып, түркілік «жаһандасу» дәуірінің шымылдығын түру мақсатында жазылып отыр. Әрі автор ұлттық салыстырмалы әдебиеттанудың қара тұрандық бұтағының (ҚХР, Моңғолия, РФ Алтай өлкесі, Кереку, ШҚО, Алматы облысының кей бөлігін қамтитын аймағының) өкілі ретінде біреуге жағып, біреуге жақпайтын ойларды айтып жатса, алаш баласы одан сөлкеттік көре қоймас.
Әбіл-Серік Әліәкбар,
әдебиеттанушы.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.