ЖЫР АҚҚУЫ – МАРФУҒА
26.08.2016
2316
0

IMG_0697Бала кезімнен ақын-жазушылардың есімдеріне қанық болып өстім. Бәлкім, содан шығар, Марфуға ақынды ес білгелі танитын сияқты боламын да тұрамын. Оның өлеңдерімен қай кезде, қалай танысқаным жадымда қалмапты. Бірақ шуақты жырлары жүрегіме жылылық ұялатып, өмір жолымда бірге келе жатқандай әсерден арылған емеспін. Шынайы поэзияның басты қасиеті де осы емес пе.

Есімі тұтас бір ұлттың ұранына ай­налған, аты тарихи бір кезең оқи­ғаларын айшықтайтын, өз ұлы­сы­ның ары мен ұятындай адамдар бо­лады. Құдайға шүкір, Алашым да сондай азаматтардан кенде болып көрген емес. Мысалы, Атилла, Томирис, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Ма­хамбет пен Құрманғазы, Абай мен Шәкәрім, Ілияс пен Сәкен атауларына анықтауыш қосудың қажеті жоқ. Ұрпаққа олардың қай кезде дү­ниеге келіп, қай кезеңде өмір сүр­гені де маңызды емес. Олар ке­шегі, бүгінгі һәм болашақтың құр­дастары. Өмірден кеше озған Мұ­қағали, Қадыр, Тұманбайлар да құ­діретті поэзиялары арқылы мәңгі жас болып қала бермек. Осындай ұлы тұлғалардың қатарына арамызда аман-есен жүрген Марфуға Айтхожаны қоссам, мұнымды ешкім әбес­тік көре қоймас. Себебі, Мар­фуға десе кез келген қазақ шұрайлы жыр мен шынайы сезімді еске алары хақ. Марфуға – өлең болып өріл­ген қыз-ғұмырдың бейнесіне ай­налған тұлға. Демек, ол туралы айтқанда «Марфуға Айтхожа» немесе «Марфуға ақын» демей-ақ, «Мар­фуға» десек жеткілікті.

Мен Марфуғаны тұңғыш рет Ақын Сараның жүз жылдық мерейтойында көрдім. Сымбаты мен сыры үйлесім тапқан әсем тұлғасын асқақ ұстайтын ақынның болмысынан тәкаппарлық аңғарылатын. Оны өз шамасын білген адамның айбыны, рухы биік ақынның асқақтығы, сұлу әйелдің сұңғыла назы деп қа­ра­саң да жарасады. Толқындаған қо­лаң шашының шекесіндегі бір шөкім бурыл шаш шыңға түскен кіршіксіз ақ қардай әсер қалдырады. Әйтеуір Марфуға менің ұғымымда, поэзияның ару бейнесіне енген кө­рі­нісіндей болып сақталып қалып­ты.

Жылжып жылдар өтті. Біз де есейіп, кейінгі толқын жастарға кеңес беретіндей кезеңге келгенбіз. Өзіміздің де жазған-сызғанымыз біршама болып қалғанымен, бала кез­ден пір тұтып өскен қаламгер­лер­ге деген құрметіміз ортаймапты. Сол алғаусыз сыйластық мені жыр Ақ­қуының алдына жетелеп әкелді. Міне, біз емен-жарқын әңгімеге көш­келі де біраз уақыт болыпты. Үнемі асығып жүретін журналистер қауымының әдетіне салып, әзірлеп әкелген сұрақтарыма жауап алысымен қайтамын ғой деген алғашқы жоспарым әдірем қалды. Алдымен қонағын шайға қандырып алған ақын әңгіменің тиегін ағытқан. Тіпті, сөз арасына сөз қыстыру қиын. Айтқанын ұмыту, бір сөзін екі қайталау, оқиға желісінен жаңылу деген бұл кісіде болмайды екен. Жай сөздерінің өзі өлеңдей өріліп, түйдек-түйдегімен түседі. Құдды бір, өлең оқып отырғандай әсер қалдырады. Сонау бір жылдары Ғафу Қайырбеков ағамызбен бірге болудың сәті түсіп, әңгімесін тың­дағанымыз бар еді. Сонда  ақын­­ның қара сөзге ерекше жүйрік­тігіне қайран қалғанмын. Көкірегі ұлты­ның ұлағатты сөздеріне толы мұн­дай жандармен аз-кем әңгіме­лесудің өзі бір ғанибет. Бұл жолы Марфуғада да сондай қасиет бар екеніне көзім жетті. Айта түссе дейсің, тыңдай бер­гің келеді.

Адамды шығармашылыққа бас­тайтын – тағдыр деп жатады. «Мұң бар жерде – поэзия бар» дей­ді Дидро. Сыртынан қарап, төрт құбы­ласы түгел, үлде мен бүлдеге оранып өскен еркетотай болып көрінгенімен, тағдыр тауқыметі Мар­фуғаны да айналып кетпепті. Адам­ның басын ойыншықтай көр­ген кешегі зұлмат заман тентекті де, тектіні де, момынды да бірдей теп­кіге салыпты. Әйтпесе, білімі мен өжеттігінің арқасында Меккеге ба­рып, бір қауым елдің серкесі болып отырған Айтхожа би, шешен әрі қажының ұрпағы азап пен тозақтың сан сынағына түсемін деп ойламаған болар. Жетісу  өлкесінің ең шұрайлы аймағы, атақты Маман, Тұрысбек байлардың құтты қонысы болған, Молықбай мен Ілиясты, Сара мен Ғалиды қанаттандырған Ақсу – Қапалдай қасиетті өлкеде бақуатты ғұмыр кешіп жатқан әлеуетті әулет­тің шаттықты шаңырағын шай­қалтқан Қазан төңкерісі болатын. Бұл қасіретті күндерді Марфуға көр­ген жоқ, әрине. Алайда, қаймана қа­зақты туған жерін тастай қашуға мәж­бүр еткен Голощекиннің қы­рып-жою саясатын бастан кешірген ата-ананың көздерінен жас орнына қан аға отырып айтқан әңгімелері зерек жастың жүрегіне мәңгілік жа­зылып қалыпты.

Сол бір зұлмат заманның оқиға­ларын жаның түршікпей тыңдау мүмкін емес. Қазақ ұлтын жаппай қыр­ғынға ұшыратқан қолдан ұйым­­дастырылған геноцид Айтхожа қажының да шаңырағын шай­қалтқан. Атақты Мамания мекте­бінен білім алып, қазақша, орысша, арабша сөйлей де, жаза да білетін Ғали Айтхожин тіміскілерге тап­тыр­майтын олжа екені белгілі. Біл­гірлігімен танылып, ел билігіне ара­ласа бастаған талапты жігіт ал­ғашқылардың бірі болып нысанаға ілініпті. «Жапон тыңшыларына мәлімет беріп жатқан жерінде ұс­тал­ды» деген жаламен айыпталған ол өзі сияқты сормаңдайлармен бір­ге Алматыға жаяу айдалады. Мұн­шама азапты бұрын-соңды біл­меген тұтқындардың біразы жолға шыдамай, өмірден өтіпті.

Ол тұста Алматының қабағы ерек­ше қатулы екен. Қаладағы түр­мелерде орын болмағандықтан Ға­лиларды «Мүттәйім бақ» деген бақ­та терең етіп қазылған орға әке­ліп тоғытады. Күндіз қара жұмысқа жегіліп, кеш бата қайта орға қа­малатын оларды сырттарынан мылтық  асынған сақшылар күзетіп жүреді. Күн сайын шетінен әкетіп жатқандардың біреуі де қайтып орал­мапты. Бұл тықыр Ғалиға да таяп қалған. Осыны сезген ол амалын тауып қашып шығады да, барар жер, басар тауы қалмағаннан кейін шекара асады. Ал ауылда қалған «халық жауының» жары мен балалары киетін кеп те әмбеге аян. Осы­лайша Бифатима ауыр жұмысқа жегіліп, ұлдары Құдиярхан, Төре­тұрсын, Балатұрсын, Айтмұханбет пен қызы Гүлмәнуәр аштықтың құр­банына айналған. Ажалдан тек атасы Айтхожа қажының тәрбие­сін­дегі Шаяхмет қана аман қалып­ты.

Білімдінің қай жерде де беті ашық. Қытайдағы ағайындарға ақыл­шы болып, ағаштан мектеп сал­дырған Ғали Айтхожин бұл жақ­пен астыртын хабарласып отырып, ақыры орайын келтіріп жары мен ба­ласын алғызады. Ұзақ жылғы са­ғыныштан кейін сүйген жандар осы­лайша қайта табысқан екен. Болашақ ақын Марфуға, міне, осы махаббаттың жемісі.

Түннің артынан күн шығатыны сияқты, бір қайғыдан соң бір қуа­ныш жүретіні белгілі. Сол сияқты, қытайдағы қазақтар да үнемі тү­нек­те болмаған. Қыс-қыстауын Ақ­су­дың бастауында өткізіп, жазда Талқы тауындағы Сайрам көлін жай­лайтын жұртшылық қашанда қа­зақы сән-салтанатын  жоғалт­пауға күш салған.  Ата-анасының сағы­нып көрген перзенті, дүйім елдің аяулысы Марфуға асылдан киім киіп, жорғадан жүйрік мініп, бала кезінен ойын-сауықтың ортасында өскен. «Анам ауылдың қыз-келін­шек­тері­не: «Әлдекімдерше алба-жұлба бол­май, тәуір киім­деріңді киіп жүрің­дер!», деп өзі қадағалап отыратын», дейді Мар­фуға сол күндерді еске түсіргенде. Екі адам бас қосса жыр жырлап, ән салуға бейім тұратын сауық­шыл ауылда есейген ол бала кезінен қоржыны­ның бір басына домбыра салса, екінші басына мандолин артып жүріпті. Алты ай жаз жайлауда жағасын кеңге жаятын жұртшылық шілдеханадан бастап, бесікке бөлеу, тұсаукесер, сүндет той, құда түсу, қыз ұзату деп жалғаса беретін береке-думандардың бірде-біреуін құр жібермейтін. Ал мұндай сәттері сері жігіттер мен өнерлі қыз­дардың айы оңынан туатыны белгілі. Өз жанынан өлең шығарып ай­татын Бифатима осындайда оты­рыстың сәні болатын. Ол халық ән­дерімен қоса, елге деген сағыны­шын, басынан кешірген қасіретті жай­ларды өлеңмен өріп, жүрек­тердегі шемен болған шерді тар­қату­дың шебері атанған. Анасы айт­қан әндегі мұң, өлең жолдарын­дағы талайлы тағдырлар, атажұртқа деген алғаусыз аңсау, өзгенің қия­натын көрумен өткен өмірге деген өкініш – бәрі-бәрі бала Марфуғаның жадында мәңгілік жазылып қалған. Зерделі әке қызының тәрбиесіне бейжай қарамағаны байқалады. Ол Қытайда қазақ тілінде шығып жат­қан кітап, газет-журналдарды айт­пағанда, Қазақстанда жарық көрген жақ­сы дүниелерді іздетіп жүріп ал­дырып, оқуға ұсынып отырған. «Абай жолының» арап қарпімен ба­­сылған екі томдығын әкеліп: «Ба­лам, Мұхтар  Әуезовтің осы кітабын зерделеп оқып шықсаң, бүкіл өміріңе жол ашылады. Сен жазушы де­геннің кім екенін, қаламгер әле­мінің жан дүниесін осыдан ұғасың. Бұдан асқан құдірет болмайды», дегені естен кетер ме екен. Абай, Ілияс, Қасым, өзге де қазақ ақын­да­рының поэзиясы Марфуғаға бала кезінен таныс болатыны сондықтан. «Елге бара қалсаң онда Ғали Орманов деген ағаң бар. Оны Ақсудағы Қарағаш мектебіне оқуға орна­лас­тырған мен едім. Қазір ол Қазақ­стан­дағы үлкен ақындардың бірі. Есіңе сақтай жүр, қызым», – дейтін көрінеді перзентінің бойында ақын­дық қасиет  бар екенін аңғар­ған әке. Өзінің ықтиярынан тыс, қа­лауынан бөлек, ата қанымен, ана сү­тімен сіңген қасиет арқылы құ­нар­­лы топыраққа қонған дәндей ба­ла жүрегінде поэзия гүлі бүр жар­ған еді.

– Өзгені қайдам, мен ес білгелі әке-шешемнің асыл арманы –туған жер­ге, ата жұртқа қайтып оралу бо­латын. Ол ойларын жария етуге Қы­тайдың жымысқы саясатынан жас­қанса да, іштеріндегі сағыныш­ты жасыру мүмкін емес, – дейді ақын алыста қалған сол күндерді есі­не түсіріп. – Тіпті әкем бізге Қа­зақ­станның куәлігін де алдырып қой­ған болып шықты. Бұл кейіннен екі мемлекет арасындағы жылымық кезінде біздің алғашқылардың бірі бо­лып елге өтуімізге септігін тигіз­ді. Осылайша 1958 жылы Қа­зақ­станға қайтып оралдық.

Отбасы Көшкентал ауылына қоныс тепкеннен кейін көп ұзамай Мар­фуға арман қала – Алматыға аттанады.  Домбырада құйқылжыта күй тартып, ән салатын көрікті қыздың алғашқы ойы – әртіс болу болғанымен, бұл жолы да әке балаға жол сілтеп, қызына ақындықтың жалына жармасуға кеңес берген.Осы кеңесті қабыл алған Марфуға сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ  Мемлекеттік  университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Өлең жазуды өмірлік мұрат еткен ол төгілдіре жыр жазуға кіріс­кен. Өлең сүйер қауымның «Аспаннан күтіп жүрген ақынымыз қасы­мыз­дан табылды», дейтіні де осы тұс. Алғашқы туындылары Қытай­дағы «Шұғыла» журналына шығып тұрған Марфуғаның жырлары енді біздің басылымдарда топ-тобымен жарияланып жатты. Көп кешікпей «Балқұрақ» атты тұңғыш жыр жи­нағы жарыққа шығады.

«Егер адам талантты болса, ол бар жағынан талантты», деген тәм­сіл бар. Осы жолы Марфуға апа­мыз­дың сазгерлік қырына тәнті болып қайттық. Ең алғаш Пәкістанға са­парға шығар алдында «Исламабад ас­паны» деген өлең туып, ізінше әуені дүниеге келген еді. Содан бергі он жыл шамасында  ол тыңдар­мандарының жүрегіне жол тартқан романстар шығарумен келеді екен. Табиғат, сезім, адамдық турасында­ғы дүниелері өз бағасын алып үл­герсе, Елбасына арналған «Дара тұлға» романсына Президенттің өзі ризашылығын білдіріпті. «Көкіре­гіме бір әуен келіп құйылады да, әнге айналып жүре береді. Оны қыз­дарым, інілерім нотаға түсіріп, қа­лыпқа келтіріп беріп жүр. Бір концерттен кейін талғамы жоғары та­маша әншіміз Ермек Серкебаев: «Марфуға, айналайын, әнің керемет. Заманға лайық осындай бір ән керек еді. Егер опера жазар композиторлар болса, сенен кеңес сұрауы керек екен», деп әзіл-шыны аралас айтқаны бар», – дейді сазгер-ақын.

Өткен жылдар маңдайына өз ізін қалдырған Марфуға Айтхожа әзірге жасым ұлғайды деп отырған жоқ.  Алғы  күндерге  шығарма­шы­лық жоспарлар құрып, белестерді ба­ғын­дыруға әлі де бейім екенін аң­ғар­­тады. «Жанарымның сәл жасы­ға­ны болмаса, өлең жазудан, ән шы­ғарудан жалыққан емеспін. Өлең­сіз өз өмірімді елестете алмаймын», – дейді ол сөзін қорытынды­лап.

Айтпақшы, Марфуға апай өзге тұстастары сияқты балаларын, немерелерін мақтан етеді. «Әкелері де, шешелері де өзім бола жүріп Әлия мен Жанбота атты қыздарым­ды тәрбиелеп өсірдім. Екеуі де жо­ғары білім алып, білікті маман атан­ды. Олардан өрбіген немерелері – Айжан, Мөлдір, Нәзік және Ер­мұрат әжелерінің поэзиясын терең түсініп, ұлттық болмысымызды бой­ларына сіңіріп өскен жеткін­шек­тер.

Біз біраз отырып әңгімелестік. Әңгімелестік дегенім бекер болар, негізінен ол сөйледі, мен тыңдадым. Өмір үшін, өлең үшін, өрен үшін Адам­ның, Ақынның, Ананың бі­тіс­пес майданы көз алдымда кинодай жүріп өтті. Сондағы түйгенім, кез келген адамның өмірі – жазыл­маған кітап дейтін болсақ, Сек­сен­нің сеңгіріне шығып, айналасына қыран қонар биіктен көз салып отыр­ған Марфуға ақынның соқ­тық­палы- соқпақты ғұмыры том-том кітап болары анық. Мына баянымыз соның бастамасы ғана шы­ғар, сірә!

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір