ТАЛПЫНҒАНҒА ЖҰМЫС БАР
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында әркімнің еңбек етуіне жағдай жасау мәселесін тиянақтап, Үкіметке нақты тапсырмалар берген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қабылданған «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасының халыққа берер шарапаты мол. Еңбек адамына мұндай жағдай әлемді қаржылық дағдарыс шарпып тұрған сәтте ешбір елде жасалынған емес. Бұл жөнінде талай биік мінбелерден аузы дуалы азаматтар және шетел сарапшылары сан мәрте айтты. Өңірлерде жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың негізгі мақсаты да еңбек адамына қолдау көрсету.
Оңтүстік Қазақстан облысында «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберiнде 51 млрд. теңге игерiлiп, 190 мыңнан астам азаматқа әлеуметтiк қолдау көрсетiлсе, биыл 57 мың адамды қамту көзделген. Тұрғындар өздерi тұратын шағын аудандар мен елдi мекендердiң инфрақұрылымын жақсарту шараларына тартылуда. Бүгiнде 83 нысанның құрылысына 722 адам жұмыспен қамту органдары арқылы жолданды. Мүгедектерге, тұрмысы төмен отбасыларға мемлекеттiк жәрдемақылар берiлуде. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темiрбаеваның мәлімдеуінше, қазiр өңiрде кедейлiк шегiнен төмен өмiр сүретiн 930 адам бар. Жұмыссыздар саны
5 пайыздан жоғары. Жыл соңына дейiн жұмыссыздар саны төмендейдi деп жоспарланып отыр. Өткен жылдан бастап Елбасының «100 нақты қадам» бағдарламасы аясында «Өрлеу» жобасы енгiзiлген болатын. Оған республикалық бюджеттен 186,1 млн. теңге қаралды. Биыл жыл басынан берi 7 ай iшiнде 675 отбасыға немесе 4121 адамға 156,3 млн. теңге көлемiнде шартты ақшалай көмек тағайындалды. Еңбекке жарамды тұрғындар тек жәрдемақы алып қана қоймай, еңбекке араласып, табыстарын молайтты. 2011-2015 жылдар аралығында 36054 жаңа жұмыс орны ашылып, 14619 адам жұмысқа орналасқан. Жалпы, Тәуелсiздiк алған 25 жыл iшiнде облыс тұрғындарының саны едәуiр артып, 2,8 миллионнан асты. Сонымен қатар, осы уақыт аралығында облыста 402 мың жаңа жұмыс орындары құрылған. Нәтижесінде, жұмыспен қамтылған халықтың саны 60%-ға өсіп, жұмыссыздық деңгейі 14,3 пайыздан 5,2 пайызға дейін төмендеген.
Өңір тұрғындарының еңбек етіп, тұрмысын жақсартуға ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеумен айналысатын 198 кәсiпорын да мүмкіндік жасап отыр. Оның 27-сi iрi, 171-i орта және шағын кәсiпорын санатында. Өткен жылы өндiрiлген еттiң – 18 пайызы, сүттiң – 26,8, көкөнiс пен жемiс-жидектердiң 14,2 пайызы өңделген. Қазiргi таңда жұмыс iстеп тұрған көкөнiс өңдейтiн 36 кәсiпорын жылына 107600 тонна өнiмдi өңдеуге қауқарлы. Былтыр 135,5 мың тонна жемiс-жидек пен көкөнiс өңдеуден өткен. Өткен жылы облыс бойынша жемiс-жидек және көкөнiс өңдеу кәсiпорындарына 10 миллион теңге инвестициялық субсидия төленiптi. Бұл орайда, әр ауданның мүмкіндіктері мен басым бағыттары ескерілген. Мысалы, таулы аудандардағы елдi мекендерде бау шаруашылығын дамыту тиiмдi. Сондықтан биыл Қазығұрт ауданында 1800 гектарға жаңғақ, 300 гектарға алма ағаштары отырғызылды. Түлкiбас және Төле би аудандарында 1200 гектарға алма бауы егiлдi. Түлкiбаста жемiс-жидек өңдейтiн 2 цех iске қосылған. Индустриалды аймаққа қосымша 4 жоба орналастырылмақ. Жалпы, осы аудандарда бау және қайта өңдеу кластерi құрылатын болады. Сондай-ақ, Төле би ауданындағы «Фудмастер» зауытының қосымша 20 мың тонна сүт қабылдауға мүмкіндігі бар. Түлкiбастықтар да сүт өңдеуге ден қойып жатыр. Қазығұртта сүт ұнтақтарын өндiруге арналған жоба мақұлданған. Олар жаңа технологиямен жабдықталған зауытты iске қоспақ. Сайрам ауданы да бұл саланы дамытуды көздеп отырса, Мақтааралда мақта шаруашылығы қайта қолға алынды. Қазiр қолда бар мақтаның 30 пайызын жергiлiктi тоқыма фабрикалары алуда. Биыл 2,5-3 миллиард теңге мақта шаруашылығына бағытталады. Су, техника, тұқымдық шит мәселелерi де рет-ретiмен шешiмiн таппақ. Ал Шардара, Отырар аудандары мен Түркiстан, Арыс қалалары жүгерi мен көкөнiс өсiруге қолайлы. Сондықтан осы аймақтарда жаңадан 80 мың гектар жер айналымға қосылады. 20 мың гектардан астам жердiң су жүйелерi жаңғыртылады. Мал азығына деген сұранысты өтеу мақсатында Отырар ауданында қосымша жүгерi өңдеу және сақтау зауыты салынады. Дайын өнiмдердi нарыққа шығару үшін Шымкент қаласында көлiк-логистикалық орталығының құрылысы жүрiп жатыр. Осындай орталық Түркiстан, Сарыағаш қалаларында да бой көтермек. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2016-2020 жылдар аралығында Мақтаарал, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам, Түлкiбас, Сарыағаш аудандары мен Арыс, Түркiстан қалаларында да жемiс-жидек және көкөнiс алқаптарының көлемiн арттыру жоспарланған.
Сондай-ақ, облыс бойынша жылына 39000 тонна ет өңдей алатын 47 кәсiпорын бар. Мал шаруашылығын дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, 149136 iрi қараға арналған 6103 мал бордақылау алаңы iске қосылды. Осылайша ет өңдеу кәсiпорындарының қуаттылығы қосымша 8141 тоннаға артты. Биыл Бәйдiбек ауданы индустриалды аймағында жобасы мақұлданған қуаттылығы 20 мың тоннаны құрайтын ет комбинаты iске қосылғанда жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың етке деген сұранысы толық қанағаттандырылады. Облыс бойынша 2016-2020 жылдар аралығында сойыс салмағында ет өндiрудi жылына 208 мың тоннадан 228 мың тоннаға дейiн арттыру жоспарлануда. Осы жылдары, яғни 2016-2020 жылдар аралығында сүт өндiру көлемiн жылына 739 мың тоннадан 832 мың тоннаға дейiн арттыру жоспарланып отыр. Бүгiнде облыста жылына 130100 тоннаға дейiн сүт өңдейтiн зауыттар жұмыс iстейдi. Сүт өңдеу кәсiпорындарының қуаттылығы қосымша 8995 тоннаға артқан. Созақ, Отырар, Шардара аудандары түйе өсiруге қолайлы. Бұл орайда, Отырар ауданында түйе сүтiн өңдейтiн цех жұмыс iстеп тұр. Ал Түркiстан индустриалды аймағында түйе сүтiн өңдеу зауытын салу көзделуде. Созақ, Отырар аудандары мен Арыс, Түркiстан қалаларынан түйе сүтiн жинайтын пункттер ашылмақ. Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу бағытындағы осындай жобаларды жүзеге асыру арқылы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту көзделіп отыр.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: жалпыға ортақ еңбек қадамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласы жұмыспен қамту орталықтарына да жаңа міндеттер жүктегені мәлім. Сондай-ақ, Тәуелсіз Қазақстанда әлеуметтік мемлекеттің берік іргетасы қалануында Елбасының жыл сайынғы Жолдауларының алар орны ерекше. Егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, мемлекетіміздің барлық саласына серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін шынайы іс – жоспарға құрылған шын мәніндегі тарихи құжат шеңберінде Үкіметке жүктелген әрбір тапсырманың ел үшін тағдырлық маңызы бар. Қазақстан халқының және билігінің алдындағы шешілуге тиісті мақсат-міндеттер, жоспарлар мен шаралар жүзеге асырылуымен де құнды. Яғни, еліміздің өңірлерінде атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстар Елбасы бастамаларымен, Жолдауларымен тікелей байланысты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын табанды түрде өмірге енгізу қажеттігін атап өтті. «Қаржыландыру көлемін арттыра отырып, Жұмыспен қамтудың жол картасы өзекті етіле түседі. Оның бағдарламаларына қатысу еңбекке қабілетті халыққа қысқа мерзімді қайта даярлау курстарынан өтуге, өзінің біліктілігін арттыруға, шағын несие алуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, Жаһандық дағдарыстың ағымдағы ықпалына байланысты объективті қиындықтарды еңсеруге жағдай жасайды», делінген Елбасының «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында. Яғни аудан, қалаларда шағын және орта бизнестің дамуы, жаңа кәсіпорындардың ашылуы мен жергілікті тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуы маңызды құжаттан бастау алған бағдарламалардың орындалу барысының көрінісі.
Мысалы, 258,7 мың халқы бар Түркістан қаласында экономикалық тұрғыдан белсенді 93,6 мың адамның 4751-і жұмыссыз. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайыз болып отыр. Осы көрсеткішті азайту мақсатында нақты бағдарламалар аясында жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасының 1 бағыты шеңберінде 3 жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 132,1 млн.тенге, ал жергілікті бюджеттен 146, 7 млн. теңге бөлінген. Жобаны іске асыру барысында 49 жұмыс орындарының ашылуы көзделген. Алғашқы жартыжылдықта жұмыспен қамту жоспарланған 25 адамның 20-сы жолданған. Ал ауылды жерлер мен тірек ауылдарында кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру көзделген бағдарламаның 2 бағыты бойынша 2016 жылы 176 азаматты 582,8 млн.теңгеге шағын несиелендіру жұмыстары жоспарланып отыр. Кәсіпкерлік негіздеріне 61 азамат оқып, сертификат алған. 2016 жылдың 1-ші маусымына дейін «Ауыл шаруашылық қаржылай қолдау қоры» есебінен 89 азаматқа 245,9 млн. теңге шағын несие берілді. 89 азаматтың ішінен 29-ы өз ісін ашуға, қалған 60 азамат өз ісін кеңейтуге қаржыландырылған. Қосымша 41 жаңа жұмыс орны жұмыспен қамту орталығы арқылы ашылды. Сондай-ақ, бағдарламаның 3 бағыты бойынша 521 нысаналы топтағы азаматтар 115 мекемеге әлеуметтік жұмысқа жолданды, тұрақты жұмыспен 21 адам қамтылса, 357 адам 91 мекемеге жастар практикасына жолданыпты. 1207 адам (бос жұмыс орындарына 683 адам, жаңа жұмыс орындарына 524 адам) тұрақты жұмысқа орналасып, тапсырма 154,1 пайызға орындалған. 40 адам қайта даярлау курсына жіберіліпті.
Жұмыссыздықты жоюда кәсіпкерлік саласының алар орны ерекше. Бұл салада Түркістан қаласында 14905 бірлік шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеуде. Жұмыспен қамтылған адам саны 33953 болып, 4,9 пайызға, өнім көлемі 29840,7 млн. теңгені құрап, 4,7 пайызға артты. «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 289 азамат даярлау курстарынан өткен. Бұл орайда, «Максимум» АИО арқылы алғашқы жартыжылдықта 113 жоба 279,5 млн.теңгеге, «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы арқылы 89 жоба 245,9 млн. теңгеге қаржыландырылды. Қаланың жалпы өңірлік өнімі 29840,7 млн. теңге болып, өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда, 4,7 пайызға артқан. Оның ішінде өнеркәсіп саласына 13,6 пайыз (4942,7 млн.теңге), ауылшаруашылық саласына 26,2 пайыз (7809,3 млн.теңге), орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 13,6 пайыз (4069,2 млн.теңге), тауар айналымы және қызметтерді өткізу көлеміне 46,6 пайызы (13889,5 млн.теңге) тиесілі. Халықтың жан басына шаққандағы ЖӨӨ 115,3 мың теңге болып отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Индустриалды-инновациялық бағдарлама елімізді дамыған бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосатындығын айтқан болатын. Бағдарлама аясында ел экономикасының шикізаттық емес секторын кем дегенде 45 пайызға арттыру, өңдеу өнеркәсібінің еңбек өнімділігін екі есеге ұлғайту, сондай-ақ, жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығын 45 пайызға дейін төмендету көзделгені белгілі. Осының арқасында халқымыздың өмір сүру ұзақтығын арттыру, табысы төмен әлеуметтік топтардың санын азайту және жұмыссыздық деңгейін 5 пайызға дейін төмендету жоспарланды. Бұл орайда, Түркістан қаласында Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жалпы құны 2866,0 млн.теңгеге 13 жоба енгізілді. Оларда 663 жұмыс орын ашу көзделген. Осыдан құны 2293,0 млн.теңге болатын 12 жоба іске қосылып, 519 жұмыс орны ашылды, оларда 420,6 млн.теңгенің өнімі өндіріліп, жалпы өнеркәсіп өнімі көлеміндегі үлесі 10,4 пайызды құрады. 2016 жылы индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының индустрияландыру картасына 18664,4 млн.теңгеге 7 жоба енгізу жоспарланып отыр. Ағымдағы жылы 5 жоба іске қосылып, оларда 197 жаңа жұмыс орны ашылады, толық қуатында жұмыс істегенде 3574,0 млн.теңгенің өнімі өндіріледі. 2017 жылы 2 жоба іске қосылып, 120 жұмыс орны ашылады, 9953,0 млн.теңгенің өнімі өндіріледі.
Аталмыш жоғарғы технологиялық өнімдер өндіретін жаңа инвестициялық жобаларды тарту және жобалардың жүзеге асырылуы қаланың экономикасына қосымша инвестициялар көлемін тартуға мүмкіндік беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуын және бюджетке түсетін салықтық төлемдердің өсуіне өз әсерін тигізері анық. Ал қаладағы индустриалды аймақта (40 га.) 847,0 млн. теңгеге инфрақұрылым жүйелері жүргізілген. Жалпы аймақта 7 168,7 млн.теңгеге 13 жоба, 559 жұмыс орны құрылады. Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңға 3 кәсіпорын мемлекеттік қабылдаудан өтіп («Түркістан трасса», «Азрет жол құрылыс», «Kadiris»), 98 жұмыс орны ашылған, 410 млн. теңге инвестиция тартылды. Сондай-ақ, 2016 жылы индустриалды аймақтан жоба құны 916,4 млн.теңге болатын, 227 жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін 5 жоба іске қосылады деп жоспарлануда.
Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына ауыл шаруашылығы саласының қосар үлесі мол. Ауылшаруашылығы саласында 7809,3 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Оның ішінде, мал шаруашылығының үлесі 7572,1 млн.теңгені, егін шаруашылығы 229,0 млн.теңгені құрап отыр. Түркістанда өндірілген бақшаның 156330 тоннасы, жеміс-жидектің 9118 тоннасы, жүзімнің 12191 тоннасы, көкөністің 91061 тоннасы, жалпы шамамен 6,0 млрд. теңгенің өнімдері солтүстік облыстарға, Ресейге жөнелтіледі. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары жоспарға сай жүзеге асырылуда. Алғашқы жартыжылдықта 177 бірлік шағын мал бордақылау алаңдары ашылып, 230 адам жұмыспен қамтылған. Биыл 40 шағын жанұялық сүт аулалары ашылып, оларда 220-дан астам ауыл тұрғындары еңбек етуде. Шаға ауылдық округінен жобалық құны 130,0 млн. теңгені құрайтын тәулігіне 15 тонна құрама жем дайындайтын цех іске қосылып, жұмыс істеуде. Толық қуаттылығында жұмыс істеген жағдайда өңірдің құрама жемге деген қажеттілігін қамтамасыз ете алады. Мал тұқымын асылдандыру бойынша қалада 6 асыл тұқымды қой шаруашылығы бар. Оларда 16945 асыл тұқымды уақ мал, сонымен бірге, асыл тұқымды 3109 ірі қара мал өсірілуде. Осы арада айта кетелік, қалада құс шаруашылығын дамытуға ден қойылуда. Мысалы, Түркістан қаласына қарасты Оранғай ауылында «Яссы құс» шаруа қожалығы соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған құс шаруашылығын дамытуды қолға ала бастады. Негізінен, тауық еті мен жұмыртқа өндіру көзделген. Бүгінгі таңда шаруа қожалығы өндірген жұмыртқа мен тауық етіне жергілікті нарықта жоғары сұранысқа ие болып отыр. Ақпан айында ашылған «Яссы құс» шаруа қожалығында 50 мыңға жуық тауық бағылады. «Ломан лс классик» тауығы мен «бройлер» балапандарын өсіруді қолға алған кәсіпорын заманауи құрылғылармен жабдықталған. Бүгінде тәулігіне 5 мыңға жуық жұмыртқа алынуда. Алдағы айларда күнде мұндағы жұмыртқаға бағытталған 21 мың тауықтан осынша көлемде жұмыртқа алу межеленіп отыр. Айта кетерлігі, тауықтардың күтімі айрықша. Жем-су ретінде күніне 4 рет отандық өнімдерден әзірленген құрамажемдер беріледі. Құстар жабық режимде ұсталады. Ал балапан кезінен бастап бас-аяғы 40 күн ішінде 3 келіге дейін ет беретін «бройлер» тауығының өнімі алдағы уақытта өңірге өзге елден экспортталатын тауық еттерінің орнын алмастырмақ.
Жалпы, Түркістанда алдағы 3 жылда жайылым жерлерді суландыру мақсатында қосымша 46 бірлік құдық қаздырылып, 64 мал қора салынбақ. Сонымен қатар, 472 бірлік мал бордақылау алаңдары мен етті, сүтті бағыттағы 3000 басқа арналған мал бордақылау кешендерін салу және 2 бірлік ет, 4 сүт өңдеу цехтарын іске қосу жоспарлануда. Мал басын асылдандыру мақсатында «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары және жұртшылық табынға асыл тұқымды бұқалар алу бойынша біршама нәтижелі жұмыстар жүргізілмек. Атап айтқанда, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал саны 6220-ға, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 5400-ге, «Құлан» бағдарламасы бойынша 300-ге артатын болады. Алдағы 2 жылда жанұялық сүт аулаларын 150 бірлікке жеткізу жоспарлануда.
Осы арада айта кетелік, апта басында Түркістан қаласында болған Премьер-Министр К.Мәсімовке Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қ.Айтуғанов ауыл тұрғындарының жұмыспен тиімді қамтылуын қамтамасыз ету және жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану арқылы АӨК өнімдерінің көлемін арттыру шаралары туралы баяндаған болатын. Бірінші вице-министр ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 11,5 млрд. теңге қарастырылғанын атап өтті. Сондай-ақ, құрылатын ауыл шаруашылығы кооперативтерін қаржыландыруға «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ қаражаты есебінен 7,3 млрд. теңге көлемінде қаражат көзделген. Осы бастаманың аясында республикалық ауқымды айтпағанда, тек Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары бойынша жыл соңына дейін 26 сүт қабылдау пункті, 782 жуық отбасылық бордақылау алаңын құру жоспарланған. Өз кезегінде, бұлар ауылдық округтер ауқымындағы ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктірілетін болады. Бүгінде Оңтүстік Қазақстанда мықты азық-түліктік кешеннің негізі қаланған. Яғни үш жылда бордақылау алаңдары 8 мыңға, отбасылық сүт фермалары 2 мыңға жетіп, олардан 68 мың тонна сүт, 63 мың тонна ет өндірілді және де ең бастысы, 27 кооперация құрылып, 12 488 тұрақты жұмыс орны ашылды. Енді, әбден пісіп-жетілген, кәсіп ашудан бөлек, ауылдың әлеуметтік ахуалын түзеуге бағытталған бірден-бір тиімді жоба бүкіл Қазақстанға жол тартып отыр.
Қ.Айтуғановтың хабарлауынша, ағымдағы жылдың басынан бастап «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы ел аумағындағы жеке қосалқы шаруашылықтар базасында ұсақ тауарлы өндірісті дамытуға 10,8 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінген. Қаржыландырылған өтінімдердің саны 4,4 мыңға жуық. Алдын ала болжам бойынша, аталған шаралар 2,5 жылда 190 мыңға жуық жеке қосалқы шаруашылықты қамтып, 67 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнының ашылуына септігін тигізуі тиіс. Бұл қосымша 380 мың тоннадан астам сүт өңделіп, 100 мың тонна ет өндіріледі және 32 мың адам жеке кәсіпкерге айналуға мүмкіндік алады деген сөз. Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта барлық жұмыстарды жүйелендіру үшін Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктері және облыс әкімдіктері арасында үшжақты іс-шаралар жоспарларына қол қойылған. Министрлік барлық өңірлерге шығып, ауыл тұрғындары арасында ұсынылып отырған шаралардың басымдылығын, ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы кооперативтерінің оңтайлы жақтарын және ауыл шаруашылығын мемлекет тарапынан қолдау бағыттары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізетін арнайы жұмыс тобын құрыпты. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту механизмдерін жүзеге асыру бойынша аудандық және ауылдық әкімдерді жүйелік негізде оқыту жүргізілмек. Ал «Жұмыспен қамту жол картасы–2020» бағдарламасы аясында жеке қосалқы шаруашылықтар базасында ұсақ тауарлы өндірісті дамытуға 3-6 млн. теңгелік несиелер қарастырылған. Атап айтқанда, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы шағын мал бордақылау алаңдары мен сүт қабылдау бекеттерін қаржыландыру мақсатында арнайы «Береке» және «Бірлік» несиелеу бағдарламаларын жүзеге асыру басталды.
Диас НҰРКЕНҰЛЫ.
Оңтүстік Қазақстан облысы.