ҰЛЫҚ ПЕН ҚҰЛЫҚ…
Таяуда ғой, қай телеарна екені есімде жоқ, «Қазақстаннан» ба, «Хабардан» ба, мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев: «Қазақ жалқау деген анекдотты доғарыңдар…»,– деді нықтай сөйлеп. Біреу – таң қалды, біреу – қол шапалақтады, біреу – мырс етті, енді бірі – селқос қабылдады. Осынау сөздің астарында қаншалықты мән-мағына жатқанын аңғарып та үлгермедік білем, аузымыздан еріксіз: «Бәрі бітіп, осы қалып еді!..» деген сөздің қалай шығып кеткенін де байқамай қалғанымыз өкінішті, әрине. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледіні» айтқан ұлт «екі елі ауызға төрт елі қақпақ» қажет екенін кей-кейде ұмытып кететіндей көрінеді.
Сыртқа сыр шашқыш аңғал қазағымның қазіргі жай-күйі – ойлы адамға азық. Діннің ала-құлалығы, аты бар, алайда заты жоқ Ұлттық экономиканың дәрменсіздігі, өзіңе қарсы жұмыс істейтін қатқыл Заңның берекесіздігі, қоғамда туындаған құбыжық-құбылыстардың кесірінен ел өз біртектестігін жоғалтып, қалыпты жағдайдан ауытқу арқылы ішкі ритмикасын бұзып, спорт пен шоудың алға озуы, ғылым-білім саласындағы сан түрлі реформаның әсерінен ұлттық базаның әлсіреуі, онсыз да қамкөңіл тірліктің қамытын мойнына мықтап киген қазақты қағазбастылықпен мезі қылған Халыққа қызмет көрсету орындарының жүйесіз жұмысы, бәрі-бәрі естіні есалаң ететін дүниелер. Ал ішкі жағдайды толық реттемей жатып сыртқы іске араласып, «екі алпауытты татуластыру» бекершілік секілді. Өз балаңның жанарынан жас емес, қан аға жылап жатқанда, өзгені бауырға басқан тасжүрек шешенің әпенде тірлігі ғой, бұл.
Бізге өзгеріс қажет. Бәрінен бұрын мінез өзгеруі керек. Жасып қалғанымыз соншалық, жасқаншақ күйге түскенімізді де байқамаудамыз. Қазақстанның сонау бір нүктесінде Халықаралық аренадағы саясатты шемішкеше шағып, Алыптардың сүрінген кезін бағып, олқы түскен тұсын бағамдайтын ағаларым ауылдағы ағайынның көйлегін көк, көңілін тоқ ете алмай жатқаны, шыны керек, күйіндіреді. Күштеп енгізілген көптеген жаңалықты организм күшене атқаруға бейімделгені қашан?! Жанмен қатар тән де «қазақы тәртіпке» үйренді. Ал «қазақбайшылық» дегеннің өзі ерсі естілгенмен, бәзбіреулерге бұ сөз «жабайылықтың белгісіне» айналыпты. Кінә кімнен? Жо-жоқ, БІЗ сүттен ақ, судан таза, Періштеден де пәкпіз ғой, қатеге бой алдырған жоқпыз, оныңыз қалай, ойбай?! Бұрындары мал жоғалса: «Қораңызға бөтен қой кіріп кеткен жоқ па?..», – десе, бүгіндері: «Менің қошқарымды сен ұрладың ба?!», – деп ұруға дайын тұратын әдет таптық. Содан ба, әдептен алыстап, адам таң қалатын жағдайлар көбейді. Орталық мешітке жұма-намазға барған бетіміз еді, бір студент кейуанадан бата сұрады. Апаң берді, аяй ма?! «Құр қолға бата жүрмейді, балам!..», – деді ол елге естірте сөйлеп. Студент: «Кешіріңізші, бірақ қалтамда ақша жоқ. 80 теңге ғана бар… Жолыма!», – деді жан-жағына ұяла қарап. «Ей, бала, қайталап айтамын, құр қолға бата жүрмейді…», – деді әлгі кісі даусын зорайтып. Бала орнынан тұрып, құмырсқадай құжынаған халықтың арасына сіңді де кетті. Біз де аң-таңбыз. Бір сәт бұрын қолын жайған үлкен кісіні көріп, ішіміз жылып, жанына жақындай түссек, аз-кем сұхбат құрсақ дегенбіз. Бірақ осы көріністен соң алабұртқан көңіл-көкпар демде-ақ басылып, ойымыздан аяқастынан айнуға мәжбүр болдық. Байқағанымыз, ұлт ірілене түсудің орнына өз кесектігінен, сом алтындай тұтастығынан айырылып, ұсақтау нәрсеге бас қатыратын болған ғой. Басты сұрақтар – тойға не киемін, қандай көлік мінемін, қайтсем, көштен қалмаймын, не ішемін, қайда қыдырамын? Сананың сансырағаны соншалық, орталық – Ми осынау сауалға ғана жауап беруге дәрменді күйде. Америка ғалымдары қойды бөлмеге қамау арқылы тәжірибе жасаған. Уақыт өткен сайын ауқымын тарылта берген, тарылта берген. Бір күні темір торды көтеріп қалса, қой бір жерді айналшықтап жүр екен. Дәл осылайша адамды да басқаруға болады. Негізгі мәселелерден алыстатып, мән-маңызы жоқ дүниелерге таластырып қойған заман-ай! Ойлайтынымыз қарынның қамы, ал түсімізге тек ақша ғана кіреді. Бізде уайым көп. Рухани ахуал жөнінде толғанатындар қанша екен, алайда, жалпымыз бес күндік жалған қызығына тоймай, бір-бірімізден қалыспай әлекпіз. Білім мен өнер емес, дүние жию сайысына түскенді жөн көреміз. Әл-ауқатымыздың төмендігінен әлжуазға айналып шыға келдік. Үйсіз-күйсіз тентіреген қазаққа әдебиет, мәдениет, руханияттан гөрі, бір күннен екінші күнге аман жетудің қамы қымбат. Бұрындары шетелге тек байлар ғана көшуші еді, бүгіндері жалпы жұрт та жер аударуға ниетті екенін ұғындырды. Бұл ұлт бойында елжандылық сезімінің азайғандығынан ба, әлде ел болашағына күмәнмен қараудан туындаған дүние ме? Екеуі де бар-ау! Былтырғы жылдың шілдесінде ғой деймін: «Медеу жақтағы бөгет жарылады екен…» деген ақпар тарасымен-ақ, шаһардан шығатын барлық жол жабылып, халық әбігер болды да қалды. Ал жақында ғана Алматыда болған «лаңкестік әрекет» бәріміздің зәре-құтымызды алып, үйімізден шыға алмай қалдық. Жалаңтөстей жалғыз жортқан жанкештіміз 2,5 миллион тұрғыны бар қаланы дірдек қақтырды. «Қорыққанға қос көрінеді» дегендей, жалған жаңалық таратып, онсыз да бұтқа жіберуге сәл-ақ отырғандардың одан әрмен есін шығарғандар қаншама?! Кейіндеу: «Атыс боп жатқанда терезеден қарап тұрдым да, тығылып қалдым…», – дегенді мақтанышпен айтып жүрдік. Осы екі уақиғадан түйетініміз – қазіргі қазақ бекем-беріктігі, ішкі тұтастығы, «форс-мажорға» дайындығы мен рухани ахуалының қай деңгейде екенін өзгелерге байқатып қойды. Бүгінгі күйімізбен үлкен нәрселерге иек артуға ерте де емес, уақыты келді, бірақ қалай айтсам екен, Біз рухани Орталықты, Темірқазығымызды жоғалтып алдық. Бұрындары қуаныш болса, ауыл-ауылды аралап сүйінші сұрайтын жамиғат бүгіндері орынды-орынсыз мақтанып, мадақ күтуге бейімделіп алды. Кішіні үлкен етіп, ал үлкенді Көк аспанмен астастыра көрсету Біз үшін қалыпты жағдай. Соның салқыны сан мен санаққа тигендіктен, статистика атаулысына күмәнмен қараймыз. Кейде көбейтеміз, ал қажет кезде азайтамыз – «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса».
Жалғыз бұтақты –
Терек еткен Құдайым!
Тамшылап аққан бұлақты –
Теңіз еткен Құдайым! – деген Жаратқанға жақын, қанағатпен дос ел ек, Алашым аштан бұратылғанға ас ұсынып, жылу жинап беретін ғаламат ғұрпымыздан із де қалмағандай көрінеді. Туған бауырына қонаққа бармайтын, көршісі өлсе, көңіл айтпайтын батысшыл мінез Бізге де сіңе бастады. «Сынықтан өзгенің бәрі жұғады» деген осы шығар. Ал демография мен тастандылар турасында әңгіме мүлде бөлек. Зюскинд «Әтіршісіндегі» бас кейіпкер – Жан Батист Гренуйді анасы туып, базарда қалдырып кеткенде, корольдер заманындағы Еуропаның өзі сау емес екен ғой деген ой келген-ді. Енді қараңыз, мектеп жасындағылар зинаға жол беріп, ел сұмдық жағдайға тап болды. Балалар және Қарттар үйінің көбеюі көпті алаңдатуда. Әкесі қартайса, қайыққа отырғызып, ашық теңізге шығарып жіберетін эскимостар салтын ерсі көруші ек, Біздікі одан сорақы боп тұр. Кеудемсоқтар «Үшінші Әлем» немесе «Өшкен өркениеттің ұлдары» деп кемсітетіндер Бізге қарағанда анағұрлым адамгершілігі молдау екен. Некенің аты-жөні жоқ бұзыла беруі қаншама отбасыны ойрандап кетті. Бейімбеттің «Талағын» қайта оқығанда, қазақ со бір кездері-ақ іштей іри бастағанын қалай ғажап суреттеген. Күйеуі әйеліне «талақ, талақ, талақ» деп айтып алған соң, кешке ұмытып кеткені біраз нәрсені аңғартса керек. Бүгіндері әлеуметтік орталықтар қаржы көп жұмсалатын салаларды ғана зерттеуге бағытталған-ды. Ал құндылықтардың құлдырауының себеп-салдарын анықтауға келгенде құлықсыз боп шықты. Қайбір депутат «Қайраттың» ойыншысы Аршавиннің төлемақысы пәленше миллион дегенде, шалқамыздан түсе жаздадық. Яғни сала-салаға қаржы бөлгенде Біз ең басты факторды – қажеттілікті ескермейді екенбіз. Шешендерше сөйлегенде Анахарсистің өзін жолда қалдырамыз. Аз істі көп етіп көрсету мақсатында БАҚ-ты тиімді пайдалануға келгенде, алдымызға жан салмаймыз. Біреу ас берсе, садақа таратса, не баласын сүндеттесе, қылаяғы үйленсе, бәрі-бәрі жұрт назарында. «Сауапты іс жасырын түрде жүзеге асырылуы қажет» деген исламият философиясынан алшақтай түскеніміз өкінішті, әрине. Той-томалақ, жиын-шара, маңызды мәселені талқыға салатын басқосудың өзі адамды шаршатып жібереді. Не айтылды, қандай шешім қабылданды, кімдер қатысты, қайдан келді, бұның бәрі-бәрі жадынан өшіп қалады. Неге? Себебі, Біз Сөз – деген құндылықтың құнын түсіріп алдық. Үлкен бір кісі мінбеден сөйлеп тұрғанда отырғандардың екі-үшеуі: «Мыжымашы, мылжыңдамашы, оттамашы, тантымашы» деп сыбырлап отырғанына бір емес, бірнеше рет куә болғанымды жасырып қайтейін. Қазіргі қазақ қоғамында СӨЗ киелі ұғым емес, тек ақпаратты таратудың құралы ғана. Тілек айтар кезде қысқа қайырған қонақты бір рет қана көрдім. Оның өзі құрт жеген ақыл тісін жұлдыртқандықтан, асабаға микрофонды қимай-қимай берді. Кез келген шарамыз жоқ дегенде үш-төрт сағатқа созылады. Сөзден гөрі Іске көшетін уақыт келген шығар, Құдай-ау!..
Ел ішінде орын алған сан түрлі жағдаяттар оң өзгерістің болатынынан хабар берсе керек. Мемлекеттік жүйенің жүйесіздігі көптеген проблемалар тудырды. Теледидар көрмейтін, газет оқымайтын, радио тыңдамайтын кісілерді де жолықтырдық. Себебі, былайша түсіндіреді: «Бәрі өтірік. Шылғи өтірік. Сенбейміз…», – дейді. Со ағаларымның қалжыңы ғой, қай жерде екенін айтпай-ақ қояйын. Ауылдың кіре берісіне: «Тегін жер, ал да сата бер» деген жазуы бар плакат іліп қойыпты. Кейін бір дөкейлер алдыртып тастапты. Бұны шарасыздықтың белгісі деп түсіндік. «Сындарлы саясатымыз» бір сәтте сыр берді ме, қалай өзі?! «Кеден-кеден болды, кедергі неден болды?..» дегендей, қай жерден жаңылдық, қай жерден қателестік, ағаттық қай тұстан кетті?.. Сұрақ көп, ал жауапқа келгенде жалтарамыз. Жауапкершілігіміздің шама-шарқы – осы, енді, қайтеміз, Жаратқан?! Өз Абайын «тәкаппарға» балаған қазағым өзіне айтылған мін мен сынға келгенде морт сынғыш. Әлсіз тұсымыз да – осы. Даттасаң жауыңа, мақтасаң досыңа бір сәтте-ақ айналып шыға келеді. Таң қалатын нәрсе емес…
Тәртіп бұзылған кезде, тәрбие де бұзылады. Егер дәл осы қанатты сөз бір пәлсапашыныкі болмаса, онда бұны бейтаныс автордың еншісіне қалдыруыңызды өтінер ем. Көздің құрты – қырмызы-қыздардың жаттың жанында жүргені жанға батады екен-ау. Ең ауыр тиетіні – көбі өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығып алғаны. Кейде жасырын, кейде ашық түрде «дамудың даңғыл жолының» шек-шекарасына жеткенімізді Жаһанға жар салумен келеміз. Алайда, одан ұлт ұтылып отыр демесеңіз, әзірге ұтқанымыз шамалы. Соңғы кездері: «Менің қызымда 2, ал менің қызымда 3 диплом бар…», – деп бір-бірімен таласатындардың ой-санасы мен моральді-психикалық ахуалына күмәнмен қарайтын боп жүрк, өзі (жүрміз!).
Осы Қал-ағаң – Қалихан ғой деймін, бір әңгімесінде ауылдың тыныс-тіршілігін суреттей келе: «Иттің көті тырқ етсе күлетін қазақ» деген сөзді қолданады. Қорқынышты жері сонда, Біз бір-бірімізді мазақтайтын халге жеттік. Өмірбақи жіберген кемшілігін жіпке тізіп, бауырымыздың бетіне басудан ұялмайтын болдық. Осы бір рухани кеселдің кесірінен көрші кірмейді, дос келмейді, туған-туысқан бір-бірімен араласпайды. Осы сұрымызбен кете берсек, тұмсығымыз қай жерге тіреледі екен?..
Путин «Саша Север», «Дед Хасан», «Япончиктермен» тығыз араласқаны турасында баспасөз ашық әрі жарыса жазды. Бір қарағанда Держава – РФ Президентінің «заң шеңберіндегі ұрылармен» араласуы – имидж қалыптастыру. Қалай дейсіз ғой, КВН-ға қонақ боп баратын ОЛ, халыққа барынша жақындаудың жолын іздейтіні қатты байқалады. Путин қолдауды көбіне бұқарадан күтеді. Бұл Ресей басшысының ұлық басын кішірейту емес, керісінше, ел еңсесін көтерудің амалы. Алпауытпен іргелес тұрған Қазақ еліндей мемлекет қателігін түзеп, үйрене отыра, келешекте өзгеге үйретсе екен деген дәме бар. Аумин!
Әлібек БАЙБОЛ.