БІР ТАМШЫ КӨЗДІҢ ЖАСЫНДАЙ
21.08.2016
1972
0

y1A9PAyd1ywИсраил САПАРБАЙ

 

Ақын-жазушыларды стиліне, маз­мұны­на, тақырыбына қарай әр түрлі ағым­дарға бөліп, теориялық негізде жік­теп жатады. Ғылымға жатпайтын, бірақ одан іргесін аулақтай да алмайтын әде­биет үшін оның маңызы соншалықты те­рең деп түсінбейміз.

 

ОШО: «Сенім мен Наным екі басқа нәрсе. Сенім туабітті өзіңнің ішіңде. Ал На­ным саған сырттан келеді. Саған келгенге дейін ол да сен сияқты біреудің Сенімі бол­ған. Наным ішке енді дегенше, өз Се­ні­міңе қауіп төнеді. Нанымға толайымен бой алдыру деген сөз – Сенімге селкеу түсті де­ген сөз. Олай болмас үшін өз болмысыңды те­рең қаз, өз негізіңе немкетті қарама. Өзің­ді тану мен табудың арқасында өз Сеніміңді сақтап қалудың бірден-бір амалы – осы».

***

«Жауыздық – аяғы аспаннан келген махаб­бат».

***

«Махаббаттан биік ешнәрсе жоқ, тіпті, дін де!».

***

«Өзіңді өзіңнен алып қашудан артық ерлік, өзіңмен өзің болудан артық еркіндік жоқ!».

***

«Ажалдың еркі өзінде. Келгенімен қой­май, сені ғайыпқа алып кетері хақ. Солай екен, оған қарсы өзің жүр – не жеңерсің, не жеңілерсің…».

***

«Есіңізде болсын, адам атаулының бір баламасы – Еркіндік!».

***

«Шығыс жұрты бүгінде махаббаттан жұрдай, тек оның емеуріні – медитация болмаса…».

***

«Сіздегі үрейдің (қорқыныш) тоқсан пайызы – елес, қалған он пайызы ғана шындық».

***

«Адамдар шынайы музыканың тылсым ғаламатынан, құдіретті поэзияның ғажайып қуат-күшінен кәдімгідей-ақ қаймығады, қорқады. Бір-бірімен ымдасып-жымдасып кетуден де қашқақтайды. Олардың махаббат, сүйіспеншілік хақындағы хикаялары да «ұр да қаштың» аржақ-бержағы».

***

«Ерлі-зайыпты екеу сотқа жүгініпті:

– Мен мына доңызбен бұдан әрі тұра ал­маймын! – депті әйелі әрі шағынып, әрі шабынып.

– Мына қайралған пышақтай қатын әб­ден қанымды ішіп, сілемді қатырды, құт­қа­рыңыз! – депті күйеуі азар да безер кейіп­пен.

Сот: – бала-шағаларыңыз нешеу?

Әйелі: – үшеу.

Сот: – бірер жыл ажыраспай тұра тұр­саңыздар қайтеді, бәлкім, дүниеге бір сәби келіп… ажырасқан күнде де екеу-екеуден бөліп алып дегендей…

Күйеуі: – Атай көрмеңіз! Бұл ма, бұл егіз та­будан тайынбайды! Онда қайтпекпін?

Әйелі: – Фу, сөзін қарай гөр! Сендей мән­жубасқа сенсем, маған анау үш бала да бұйыр­маған болар еді!..».

***

«…Күн батысқа иек артты… Оған (Винсент Ван Гог) керегі де осы еді – қас-қағым сәт­ті қаламына түсіріп үлгерді. Үлгерді де ең соңғы хатында былай деп жазды: «Менің жұ­мысым осымен бітті. Бұл өмірді түгелімен ақ­тардым да атқардым. Енді мен бармын!..».

***

«Жас жігіт әл үстінде жатыр. Дәм-тұзының таусылғанына күмәні қалмаған жақындары жерлеу қамына ыңғайлана бер­гені сол еді, жатқан адамға жан бітті.

– Ана жаққа барып қайттың ғой, не көр­дің, не білдің, айтшы? – десті айналасын­дағылар оны қаумалай түсіп, – сен өліп қалдың емес пе?

– Өліп қалдың? Жоқ, өлгем жоқ, тірімін! Өйткені, мен бәрін сезіп жаттым: ішек-қарнымның шұрылдағынын да, қол-аяғымның суығанын да…

– Сонда қалай, бұл екеуі болмаса өзіңнің тірі екеніңді сезінбейтін бе едің?

– Пәлі, сендер де айтасыңдар-ау, егер мен Жұмаққа кірсем – қарным ашатын ба еді, Тозақ отына тап болсам – аяқ-қолым жау­райтын ба еді?!».

***

«Белгілісі – сенің ақыл-ойың, сана-се­зімің. Белгісізі – Жаратқан Ие. Есіңде бол­сын, Белгісіз ешуақытта Белгілінің аясына сыймайды».

***

«Ана құрсағында тоғыз ай жатқан бала, өзінің құйттайлығына қарамастан, тоқсан­дағы адамның жүріп өткен жолынан да ұзақ ғұмыр кешеді. Тоғыз айдың ішінде Ол жоқ­тан барға айналады. Тоғыз айдың ішін­де Ол өну мен өсудің сан қилы сапарын басынан кешіреді. Тоғыз айдың ішінде Ол нешеме қатпар-қабат қауіп пен қатердің асты-үстінен өтеді… Тоғыз айдың ішінде Ол жан мен тәнін жетілдіру арқылы жарық дүние есігін ашуға талпынады. Сол баланың сондағы көргені мен көрмегін біз білмейміз, Алла біледі!».

***

«Ұйықтар алдында көзіңді жұм да өзіңе үңіл. Өзіне ене білген адам өзін көре де бі­леді. Өзіңді көру алдымен қорқыныш әкелуі мүмкін. Себебі айқын. Ол – тұңғиық.
Ол – түпсіз шыңырау. Тұңғиыққа ену оңай да, шыңыраудан шығу қиын. Оқасы жоқ, бірер аптадан соң бұған да үйренесің. Үйренгенің­нің белгісі – үрейден арылып, кеудеңді қуа­ныш керней бастайды. Ол – өзіңді-өзің танудың алғашқы нышаны. Бұл сенің ал­ғашқы жеңісің. Жемісін көретін кез де алыс емес…».

***

«Біз алғашқыдағы лашық, күркеден бастап бүгінге дейін қаншама әсем үй, әйдік баспаналар салып жатырмыз… Бірақ сенесіз бе, соның бәрі-бәрісі де ана құрсағындай жай­лы емес!».

***

«Біз көп сөздің байыбына бара бермейміз. Мәселен, «бала туды» немесе «дүние жа­ры­ғын көрді» дейміз. Шын мәнінде солай ма? Құтты ұяңыздан сізді біреу әй-шәй жоқ да­лаға қуып шықса, қайтер едіңіз? Басқаны қайдам, бала үшін құрсақтан босану да соның кері. Әрі-беріден соң ол өліммен тең. Туғанынан бастап өлгеніне дейінгі аралық… қандай қиын да азапты өмір десеңізші?.. Әуелі ана құрсағынан аласталады, ең соңы­нан… жалған да жарық дүниеден!.. Құдай бас­қа салмасын!».

***

«Жалғаншы адамның жады адал адамға қарағанда әлдеқайда жетілген. Өтірікшіге болмаса, оған оның қажеті де шамалы».

 

***

«Ақиқат – некесіз. Оның панасы да, бала-шағасы да жоқ. Үйленді дегенше ол ақи­қат болудан қалады. Жалғандыққа не­гізделген жарық дүниеде панасыздар мен же­тімдердің азаю орнына көбеюі осыдан».

 

***

«Қорықпайтын адамнан қорық, ол сенің кемшілігің емес, бәлкім, артықшылығың шы­ғар…».

***

«Екінің бірін таңда: не Аллаға сен, не алданышты місе тұт. Бірақ таңдау еркімде екен деп есіңнен танып, түсіңнен жаңылып жүрме».

***

«Құдайдан пенде нені сұрауы керек? Бәрін бе? Қанағат қайда? Оның бергені, сенің көргенің аз ба?! Алғанын алғыстай білген адам бергенін де еселей алады. Алла­ның рахымы мен пенденің рахметінен ар­тық жарасым кемде-кем».

 

Қайыршы

Қайыршының да өз мемлекеті бар. Мемлекетінің шекарасы бар. Ол мемлекетте кілең байлар тұрады. Тек Қайыршы ғана кедей. Бір мемлекетке бір қайыршы жетеді, екінші қайыршының болмағы қажетсіз. Бір мемлекетте бір-ақ патшаның болатыны сияқты. Патшаны қайдам, Қайыршы қанағатшыл. Өйткені, айна­ла­сындағы адамдардың бәрі бай. Жайылған алақанға бірі болмаса бірі тиын-тебен тастап кетеді. Ал патшаның патшалығын­дағы адамдар ала-құла. Бірі сараң, бірі һарам, бірі жомарт, бірі нәмәрт дегендей…

Қайыршы өз «мемлекетін» көлденең көк аттыдан қызғыштай қорғайды. Жалғыз өзі. Ал патша алдымен өзін қорғайды, дұрысы қор­ғатады. Қайыршы халыққа қазынам деп қа­райды, ал патша қарашым деп қарай­ды…

***

Жібекті түте алмаған жүн етеді,

Әйелді күте алмаған күң етеді.

 

***

Алласы жадында жүрген адам жалғыз да емес, жапагер де емес!

 

***

Елдік пен есендіктің арқасы емес пе – Еуропа елі бүгінде шекарасыз, шекісусіз әп-әдемі өмір сүріп жатыр. Ал біз ше? Еге­мендік алған күннің ертесіне етек-жеңі­мізді қазымыр қатынша қымтанып, шекараны тас­пен бекітіп алдық. Өркениетіміздің өз­геге көрсеткен бір «өнегесі» осы.

 

***

Чеховтың «Үлкен Володя мен кіші Володя» әңгімесінде Софья Львовна Тәңірге бы­лайынша тән береді: «Алла барда өлімнің ерте ме, кеш пе бір келері хақ. Олай болса, кеу­деңдегі шыбын жаныңның да жай-күйін ой­лау керек шығар. Сонда қалай, монас­тырьға барудан өзге жол жоқ па? Ал оған бару дегеніңіз – өмірден ерте баз кешу емес пе?..».

Еріксіз ойға қаласың. Алла барда өмір бар, өмір барда өлім бар. Адамға берілген енші – екеуінің арасы. Аз ба, көп пе? Мұны қазақ «қамшының сабындай» немесе «бес күндік жалған» дейді. Бұған «өлшемді өмір­ді» қосыңыз. Сонда біздің «жарық дүние», «тіршілік» деп ырғап-жырғап жүргеніміз екі мемлекеттің арасындағы «Бейтарап жердей-ақ» екен ғой?.. Осыны біле тұра өмірбақи өлмейтіндей болатынымыз неліктен? О дүние мен бұ дүниенің арасы алты айшылық жол болса бір сәрі-ау!.. Арып-ашатын, азып-тоза­тын, қаталап шөлдейтін… Демек, біз Жан­ның емес, Тәннің қамын ғана ойлайтын бейшара-бейбақ болып шыққанымыз ғой? Ал Софья қыз Тәнді ауызына алмайды, бүгін болмаса ертең өзін Алла ауылына алып ұшатын ғазиз Жанның жай-күйіне алаң­дайды. Онсыз да қас-қағымдай және бір-ақ рет берілетін жарық дүниесін қас-қа­бағынан басқа жағын тұмшалаған мо­нас­тырьға қалай қисын қыз бала?!

Аз болсын, көп болсын, біздің «саналы ғұ­мыр» деп жүргеніміз осы шығар, бәл­кім!..

 

***

Цицерон: «Өзіңе дейінгі дүниеден бейхабар болсаң, өмір бойы нәресте қалпыңда өтесің».

***

Табынба мінген тағыңа,

Сақыға сардар саймын деп.

Халықтан асқан қазына,

Адамнан асқан байлық жоқ.

 

Антитеза

Өсемін десең,

Билікке

Өздігіңнен килікпе.

Өшемін десең,

Билікке

Өле-өлгенше илікпе!

 

***

Тіл тамыры тілекте,

Діл тәңірі жүректе.

 

***

Ала да анасынан туылады,

Құла да енесінен суынады.

Тұма да тұнығынан лайланып,

Күнә да Жұмасында жуылады.

 

Жорға да жүрісінен жаңылады,

Қарға да қағын тастап қағынады.

Ханның да қаперінде Хақ талабы,

Батыр да бәйбішеге бағынады…

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір