ЕРЛІКТІҢ ШЕЖІРЕСІ
Соңғы жәрмеңкесі 1927 жылмен түйінделетін Қарқараның жазығы 100 жылдық қасіретін қойнына жасырып алып міз бақсашы. «Мұндай аста-төк, ұлан-асыр жиының таң емес» дейтіндей.Бейқам. Әбігерленіп жүрген сол баяғы адам ғана…
100 жылдық тойдан бір ой түйдік: Той жасаса Қарқараға жасасын! Заманында алыс-жақынды түгел жиған ұлы жәрмеңкеге таулардың толқыны саябырсып келіп, бір тоқтап, кейін шегінгендей көрінетін осы бір жазықты жайдан-жай таңдамаған екен-ау. Құдайдың өзі қазаққа арнап: «үйің мына жерге тігілсін, бәйгең ана бір қыраттың астында өтсін, сен биікте отырып тамашала», – деп қолмен құйып бере салғандай. Мынадай жеріңе «аш орысты әкеп қоныстандырып жатса», онысымен қоймай, санатқа ұлыңды сұраса… «Бала өлгенше, шал өлсін», – деп, жалаң қолмен жалынға қарсы атойлаған бабаларыңды керемет түсінетін сияқтысың… Енді бір аттасаң қиял жетіп, көз көрмеген кереметке құлап түсетіндей, жұмақтың табалдырығында тұрғандай күй кештіретін ғажайып сұлулықты арда емген асау ел сын сағатта бір бүлінбесе, сүйегіне таңба боларын ойламады деймісіз…
Жыл сайынғы мерекелі жәрмеңкесі өтпей қалып, қуанышының орнын қайғы, дүбірлі тойының орнын ереуіл басқан 1916 жылғы Қарқара-Албан көтерілісінің 100 жылдық тойынан тағы бір олжамен оралдық: «Қарқара-100» сериясымен шыққан жеті бірдей кітап.Тойға арналып құрастырыла салған жеті том емес, әрқайсысы жеке кітап.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығына арналған жоба аясында «Ан-Арыс» баспасынан жарық көрген жеті кітап: «Қарқара қаһары», «Қарқара толғауы», «Қарқара құжаты», Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» повесі,Сейдәлім Тәнекеевтің «1916. Қарқара-Албан көтерілісі» зерттеу еңбегі, Нұрлан Оразалиннің «Тәңірім мен Тамырым» жинағы, Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай!» романы. Аталған кітаптар Алматы облысы әкімдігі мен облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовтың қолдауымен шығып отыр. Жоба жетекшісі – ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин.
«Қарқара қаһары» атты жинақтың «Естеліктер» бөлімінде әшейін ғана сөйлей кеткені жазуыңнан жаңылдыратын көнекөздердің көзбен көргені мен бастан кешкені көтеріліс табиғатын аша түседі. Айтушылар әсірелеусіз, қарапайым сөйлейді. «Абақты қаңырап қалыпты. Ешкім жоқ. Серікбайларды сол күні алып барып жайғапты», – дейді жай ғана. Ереуілге шыққанда өлімге бас тігіп, белді бекем буып шыққандай әсер қалдырады. Естеліктердің құндылығы – көтеріліс көсемдерінің тағдыры мен жалпы жағдайды әр түрлі ракурстан бақылайтындығында. Бұдан бөлек, бұл жинақ Қарқара-Албан көтерілісі туралы зерттеулер мен мақалаларды жеке-жеке бөлімдерге топтастырған. Көтерілісті ұйымдастырушылар – Жәмеңке Мәмбетұлы, Ұзақ Саурықұлы, Тұрлықожа Жансеркеұлы, Серікбай Қанайұлы, т.б. тұлғалардың сын сағаттағы іс-қимылы, өлім сағаты ғана емес, жалпы өмір тарихы, шыққан тегі жайлы жан-жақты деректер келтірілген.
277 нақты құжаттық материал іріктелген жинақ – «Қарқара құжаты». Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік мұрағатынан алынған құжаттар туралы кітаптың алғысөзінде: «Орфографиялық қателер мен жаңылыс жазулары ғана жөнделді. Мәтінде кездесетін фамилиялар мен географиялық атаулар сол қалпында қалдырылды» делінеді. Көтеріліс аяусыз жанышталып, жазалау басталған тұстағы көтеріліске қатысы бар басты адамдарды тергеу материалдары, куәгерлердің жауаптары, жергілікті билік өкілдерінің губернаторға жолдаған рапорттары қаз-қалпында (орыс тілінде) басылған. Сондай-ақ, құжатта аты аталған адамдар туралы нақты деректер, ескертпелер бар. Тізімге көз салсаңыз, көтеріліске шығушылардың басым бөлігінің 50 жастан асқандар екенін байқайсыз. Ереуілдің ұраны болған «Соғыста бала өлгенше, шал өлсін» деген сөздің тегін айтылмағанын ұғына түсесіз.
«Қарқара толғауы» – сол бір аумалы-төкпелі күндерде-ақ басталып, бүгінге дейін жазылып, жалғасып келе жатқан тарихи өлеңдер мен жыр-дастандардың топтама жинағы. Бөлтірік Атыханұлы, Албан Асан Барманбекұлы, Көдек Байшығанұлы, Әжек Мырзаұлы, Молдахмет Қарашұлы, Иманбек Сәтімбекұлы, Әбен Атамқұлұлы, Нұрақын Қасымбекұлы сынды халық ақындары мен бертіндегі ақындардың жыр-дастандары, өлеңдері мен толғаулары зобалаңды жылдардың көркем шежіресін шертеді.
Ендігі төрт кітап – авторлық жинақтар. Алғашқысы Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Қилы заманы». Қарқара көтерілісінің ең басты көркем шежіресі саналатын бұл повесть туралы айтып жату артық. Жинақтың ерекшелігі – повесть туралы бірнеше зерттеу мақалалармен қоса, Шыңғыс Айтматов, Ғабит Мүсірепов, Әди Шәріповтің алғысөздері ұсынылып отыр.
Сейдәлім Тәнекеевтің біраз жылдар бұрын жарық көрген «1916 жыл. Ереуіл төбе әсерлері» жинағы тағы біраз архивтік материалдармен толықтырылып, қайта басылып отыр. Автордың көп жылдар бойғы еңбегінің жемісі тұтастай алғанда Қарқара көтерілісі туралы толымды, жан-жақты ғылыми мағлұмат береді.
Нұрлан Оразалиннің «Тәңірім мен Тамырым» жинағына Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» повесінің желісіне құрылған «Қырғын» трагедиясы мен «Қарақазан ғасыр» атты драмалық дастаны, сонымен бірге, әр жылдары жазылған ұлт пен ұрпақ, жер мен ел тағдыры жайлы толғайтын өлеңдері «Тауда менің – Тамырым мен Тәңірім» атты тақырыппен жарияланған.
Сонау 1916 жылдан басталған еркіндік үшін күрестің ұзақ жылдар бойғы тарихын бір кейіпкер арқылы сомдайтын Бексұлтан Нұржекеұлының «Әй, дүние-ай!» романы Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған қасиетті күнмен түйінделеді. Бас кейіпкердің тағдыры – қазақтың 75 жылдық тарихымен астас. «Дейін», «Кейін», «Түйін» атты үш бөлімнен тұрады.
«Қарқара қаһары» жинағындағы бір естелікте: «Патша бала алмасын, мал алсын. Бала алса, қолына жабдық берсін. Ұрыста ор қазып, шепке ұсталып, қойша қырылғанша, жастығын ала жататын болсын! Астына ат, қолына қару берілсін, жұрт осыны тілейді! – деді Тұрлықожа», – деген үзінді бар. «Пристаптың» алдында қаймықпай айтыпты. Күрек алып соғысқа бару деген жауынгер халықтың ұғымына сия алмағанға ұқсайды… 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс туралы әр түрлі көзқарас бар ғой. Ерлігі жеңіліс пен шегініске ұласқан зобалаң жылдар жайлы кім қалай айтса да, аталған жеті кітапты шолып шыққан соң қазақтың маусым жарлығына бір бүлк етпеуі мүмкін емес екенін ұғына түскендейсің…
Алмас НҮСІП.
ПІКІРЛЕР1