Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ. Күнделіктен естелікке…
24.09.2026
29
0

                                                                                         Бауыржан ата


1973 жылдың январь айы. Алматыда жапалақтап қар жауып тұрған. Үсітерге қара таппаған суық ызғар бар күшін қиылыстарға орнатылған автоматты телефондарға салған. Тастаған тиының әрі қарай жылжымай мұздай темірге магнит тартқандай жабысып қалады.Тоқпақтап жүріп, телефон номерін асығыс тере бастадым. Аржақтан гүжілдеген дауыс естілді.
– Слушаю вас!
–Алло, ата, бұл мен ғой, Ханбибімін.
– Құлағым сенде!
– Ата, саулығыңызды білейін деп телефон соққаным…
– Сен қайда тұрасың?
– Осында, Алматыда.
Ленин проспектісі бойындағы бірінші қабаты шаштараз, тоғыз қабат үйді оңай тауып алдым. Есікті Қамаш апай ашты. Жылышырай білдіріп, ілгері бастады.
– Балам, келдің бе? – деп атам төсегінен тұрып отырды.
– Қалай ел-жұрт, әке-шешең аман ба?
– Аман, – деп жүгірте жауап қаттым.
– Иә, балам, шаруа қалай? Оқуыңды бітірдің бе?
Япыр-ай! Осыдан бір жыл бұрын кездес­кенін ұмытпапты.
Ойлап ем, жол ұзақ, сол ұзақ сапарларда кімдермен кездесіп, кімдермен таныспайды, мүмкін ұмытып та кеткен болар деп. Жоқ, жадынан шығармапты. Бірақ бірден не дерімді білмей дағдардым.
– Айтпақшы, сен ақын емессің бе? Қандай өлеңдер жазып жүрсің?
Бір топ өлендерім жас ақындардың коллективтік жинағында жарық көргені болмаса, тындырғаным шамалы және де өзімнің өлең жазуымды алдыма үлкен жауапкершілік міндеттемегенімді де есіме алдым. Үш ұйықтасам ойымда болды ма, менің жазып жүрген шатпағыма біреулер көңіл бөледі екен-ау деп, оның үстіне дәл осындай аты аңызға айналған батыр атам мән беріп, «қандай өлең жазып жүрсің?» деп сұрайды деген.
–Мұнда жайша жүрсің бе? – деді атам, алдындағы сұрақтарына қонымды жауап айтылмаған соң.
– Алматыға жай келіп едім, – дедім шынымды айтуға қорқып. Қорыққаным – тұрмысқа шықтым десем ұрса ма дегендік.
Дәл сол кездегі атамның ашуланғанын көрсең. Төсегінен атып тұрып тіктеле отырды.
– Саған осы Алматыда не бар? Романтика ауылда емес пе? Көшеге шықсаң не көп, қыз көп. Бәрі де ауылдан келгендер. Оларға қызық керек, думан керек. Сен де соларға қосылып «тря-ля-ля-лап» жүрмекшісің ғой, көше кезіп. Жетпегені сол еді! – Атам ақырып бергенде бейнесі тура арыстанға ұқсап кетеді екен. Қазір жұтып жіберердей.
Әсіресе көшеде жүретін қыздардың жүрісін салып, ірі денесін ары-бері қозғалт­қанда жазықсыз ағаш кереует ойбай салғандай сықырлап кетті. Үрейім ұшты. Қайран балалық-ай, күйеуге шыққанымды айтуға ұялып, каншама ыңғайсыздықты басыма сұрап алдым. Менің үрейлі жанарымды байқап, атам аздап сабасына түсті.
– Балам, кейде ақыл шатасып, ой алдайды екен. Менің сен туралы пікірім басқашалау еді. Екі өлеңі жарық көрер-көрмес Алматыға қарай жөңкілетін ақындардың қатарынан көремін деп ойламаппын. Астанада жоқ талантты дарытып, ақын ғып шығаратындай. Онан да есің барда қайт ауылыңа.Өмір де, өлең де сонда, – деп қолына темекі тартатын мүштегін алды.
– Ата, мен ауылға қайта алмаймын.
– Онда жүр «тря-ля-ля-лап»!
– Ата, мен осында күйеуге шықтым. Жолдасым – консерваторияның соңғы курсында студент.
– Ай, балам-ай! Бағанадан бері солай демейсің бе? – темекісін тұтатып болып, – онда саған қызмет қажет екені рас, күйеу баланы асырау керек, – деп мырс етіп күліп алды да, асүйге қарап, – ій, ханыша! – деп айғайлады.
– О не, батыр? – деп қолын алдындағы алжапқышына жүре сүртіп Қамаш апай жақындады.
– Маған «Лениншіл жастағы» Бердіқұловтың номерін алып бер!
– Мақұл, батыр! – Қолын телефонға соза беріп, – шамада бұл балаға қызмет сұрамақсың ғой? – деді.
– Дәл солай!
Қамаш апай телефон номерін жылдамдата тере бастады.
Аржақтағы хатшы қыз бастығының командировкаға кеткенін хабарлаған болуы керек, апай солай деді. Сөйтті де:
– Бұл бала қаланың пропискасында бар ма екен? Қазір кызметке тұру үшін керек ететін көрінеді ғой, – деп өз ойын қосып қойды.
Атам сұраулы жанарын маған аударды.
– Мен пропискада жоқпын.
– Тұру керек!
Үш-төрт айдан соң кететінімізді, жолдасымды бір облыс орталығына жолдамамен жіберетінін айттым.
– Балам, – деді атам тағы ойлы қалыпқа түсіп, – бұл жерде тұрақты қалмайтын болсаң, ол жерді қояйық. Онан да өлеңді көбірек жаз. Көбігін қалқып тастап жаз, алатын қаламақың тамағыңа жетер, – деп ақыл қосты.
Осы кезде тағы да өзімнің жоспарымның орынсыз екеніне көзімді жеткіздім. Шіркін-ай, қысылғанда қол ұшын беретін, шалыс бассаң жол сілтейтін, адасқанға ақыл қосатын осындай адамдар неге көбірек болмайды екен деп ойладым.
– Сіздің айтқаныңызды құп аламын, ата!
Қамаш апай дәмге шақырды.
Түпкі бөлмеден дәліз арқылы кең де жарық ас үйге келдік. Әрбір сөзі саф алтынға тең атам мұнда жаңа бір ойдың ұшығын аңғартты. Әңгіме менің тұрмысыма байланысты еді, мен күйеуге шыққан семьяны жақсы білетін болды.
– Енең, – деді, атам маған күлімсірей қарап, – қазақтың атқамінер әйелдерінің бірі болған. Мінезі еркекшоралау, оның үстіне аздап билігі бар қызмет әйелді өзгертеді. Қазіргі әйел жолдастар көп нәрсеге қол жеткізді. Керемет еңбексүйгіштігінің арқасында олар араласпаған шаруашылық жоқ. Мына цивилизация дәуірінде аспанға да ұшып жатыр. Мұның бәрі қолдайтын нәрсе. Бірақ балам, – деп атам маған тігіле қарап алды да, — жоғалтқаны да аз емес, – деп әңгімесін бітірді.
Ол не нәрсе екен? Әлі күнге ойланып жүрмін…
                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                  1973 жыл
                                                                                                             

                                                                                                       Әзілхан аға


Қысыр жыландай тез жүретін уақыт тақсыр, ойда-жоқта мені де алты қырдың аржағына лақтыра салды. Өйткені ел-жұрт «қызымыз алпысқа келді» деп шуласып жатты. Айғақтың аты – айғақ. Амал бар ма?!.
Бұл жас дәуреннің басына шық түсіп, етегін қырау шалатын шақ.
Бұл жас – қатарластарыңның бірін-бірі іздемейтін, көздерінен мейірім шуағы төгілмейтін, махаббат шапағаты тіл ұшында ғана тұратын, бір кездердегі «өзің де өлең, көзің де өлең» деп жырлайтындардың шау тартып, бітіп болмас тірліктің қармағына бұғағынан ілінген, қауқарсыз шағы.
Ел аузына іліккен азаматтығыңа мін түсіргің келмей, тегештегі балықтай бұлқынған бір тірлік. Тіршілік тауқыметінен де қатты қинайтыны – қалам намысы.
Қалам намысы – қыз намысынан бірде-бір кем емес. Шабыңнан түртіп, шамыңа тиіп, қалжыратып ұйықтатады, қажытып оятады. Осындайда іштей күбірлеп: «Шіркін-ай, бұлаңдай жүріп, бұлғақтай күліп, маужырап ұйықтап, үмітпен оянатын таңдар қайда кеткен?» дейсің.
Бүгінде шығармашыл жандардың мерейтойы қарсаңында олардың ел-жұрт алдында шығармашылық есеп беруі дағдыға айналған. Облыс әкімдігі осындай кеш өткізуді жоспарлап, шақырылатын қонақтардың тізімін де әзірлеп қойыпты. Белгіленген мерзімде өтті. Шақырылғандардың дені келді. Той болған соң мақтау болады, марапаттау болады, өтірік көлгірсулер болады, қысқасы бәрі болады.
Той өткен соң, жынынан айрылған бақсыдай, жалғыз басың қалады сопайып. Кешегінің бәрі, көрген тәтті түсің ғана, бәрі көзден ғайып. Бәрі ұмытылады. Бала көңіл, ақынжанды, талантты жазушы Нәсіреддин Сералиев ағам кезінде айтып еді: «Тойыңда бәрі құшақтайды, бетіңнен сүйеді, ертеңіне бірі жоқ, бірақ көңіл байғұс жұрттан соны дәметіп тұрады екен» – деп. Адамзаттың жан дүниесі солай қалыптасқан. Азды күннен соң бәрі ұмытылады. Жоқ ұмытылмапты. Әз-аға ұмытпапты. Ол кісі ұмытпайды екен.
– Ханбибі, – деді телефоннан, – сенің Шымкенттегі, Алматыдағы кешіңде сөз сөйледім ғой, ә?
– Иә.
– Ендеше, факсыңды қос. Мен сол кезде сөйлеген сөздерімді жіберемін, қазір.
– Ой, аға, оның қажеті қанша?
– Сен олай деме, мұның бәрі ертең сенің тарихыңның бір беті болып қалады, – деді де, – керек болады, – деп қосып қойды.
Шындығында да керек болды. Әз-аға туралы естелік жазу жөнінде ұсыныс түскенде керек болды. Әйтпесе мына жазбаларды қайдан алған болар ем. Міне, ағаның қолы қойылған, мөрі басылған мерекелік сөздерін сіздермен бөліспек болып, назарларыңызға ұсынып отырмын. Кейбір сөздеріне ыңғайсыздана қарағаныммен оны өзгертуге шарам жоқ. Оны ешкім де өзгерте алмас енді.
Ханбибі туралы толғау
(ақын Ханбибі Есенқарақызының 60 жылдық тойында айтылған сөз)

Қымбатты Ханбибі! Сіз – тамаша әйел­сіз. Абай айтқандай: «Ары бар, ұяты бар, ақылы бар» ата-анадан туғансыз. Қазақтың көрікті де, көркем қызы болып туып, ғажап келіншек болдыңыз, асыл анаға айналдыңыз.
Қадірлі Ханбибі, сіз – дарынды ақын, жалынды жазушысыз. Бар шығармаңыз өмірдің өзінен өрілген. Қызықты етіп жазасыз. Тек қызық қана қумай, ғибратты етіп жазасыз. Сіздің мынау алты томыңыздың іші адамгершілік пен азаматтыққа, жігер мен жалынға, қуат пен қайратқа, халыққа деген қамқорлыққа толы.
Ардақты Ханбибі ханым, сіз шыншылдыққа құмарсыз. Сондықтан да «Шындыққа қарай жүздім мен» деп жырлайсыз. Рас, өтіріктің, өсектің толқындарын тепкілеп, өмір бойы шындыққа қарай құлаш сермеп келесіз. Сөйтіп, шындықтың шыңына да шықтыңыз.
Құрметті Ханбибі-қайраткер, сіз «Тек қана халыққа пайдам тисін!» деп шырылдайсыз. Өмір бойы өз пайдаңызды тигізіп келесіз. Атқарған барлық журналистік, қоғамдық, қайраткерлік, ақындық, жазушылық қызметтеріңізде жарғақ құлағыңыз жастыққа тимей, ел үшін аянбай еңбек еттіңіз. Сіз он еркектің, он ғана емес, еріншек, жалқау, жайбасар, жатыпішер отыз еркектің қызметін жалғыз өзіңіз атқардыңыз. Ұлылық та, ұлтжандылық та, ұрпаққа деген қамқорлық та, аналық та, даналық та, ақыл да жігер де, іскерлік те, ұйым­дастырушылық та, өнер де, өлең де сіздің жұдырықтай жүрегіңізден отшашу (фейерверк) болып, аспанға атылып, айналаны жарыққа бөлеп, жұлдыз болып төгіліп жатады.
Осындай өжет, өр, өктем, өткір қазақ қызы, ғажап Ханбибіні бүгінгі торқалы тойы­мен шын жүректен құттықтаймын.

Шымкент. 13.11.2009 жыл
Саид Ахмад аға 

1990 жыл. Қазақстан Жазушылар одағынын хатшысы Қалаубек Тұрсынқұлов бастаған қазақ қаламгерлері Өзбекстан Жазушылар одағымен әдеби-мәдени байланыстарын одан әрі нығайту жөніндегі келісім-шартқа қол қою мақсатымен Ташкент қаласына келетін болды. Шымкент облысы Ташкентке жақын әрі мұнда қалам тартып жүргендер көбірек болғандықтан, біздің облыстан да бірнеше адам баратыны айтылды. Жазушылар Мархабат Байғұтов, Мұхамеджан Рүстемов, Әмзе Қалмырзаев және мен қосылдым бұл топқа.
Аталмыш күні Ташкентке де жеттік. Өзбек­стан Жазушылар одағының екінші хатшысы, танымал жазушы –Тахир Мәлік бізді ресми кабылдағаннан кейін, кітап баспалары мен газет-журналдар редакцияларында болып, кездесулер өткіздік. Нәтижеде 1991 жылы Қазақстан баспасынан өзбекстандық жазушылардың екі кітабы, Өзбекстан баспасынан қазақ жазушыларының екі кітабы жарық көретін болып, әдеби газеттеріміз бет алмасатын шартқа қол қойылды.
Күздің қысқа күні тез батуға айналды. Ендігі бағдарламамыз өзбектің белгілі жазушысы Саид Ахмадтың дастарқанынан шай ішу. Мұны жаңа ғана Тахир Мәлік мәлімдеді.
Саид Ахмад ақсақал Дүрмендегі өзбек жазушыларының шығармашылық үйі орналасқан саяжайында тұрады екен. Мен бұл жазушыны бұрын естігенім болмаса көрмеген екенмін. Ол кісінің Енбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтардың иегері, сонымен қоса мықты драматург екенінен хабарым бар. Бірнеше тілге аударылып, театр сахналарында үлкен табыспен жүріп жататын «Келіндер көтерілісі» спектаклінің авторы. Ғажайып жазушымен жүздесуге басқа әріптестерім сияқты мен де асықтым.
Сыртқы есікті ортадан төмен бойлы, үстінде көнетоз спорт киімі бар, қарт кісі ашты. Өзіне тән сыпайы жылылықпен қос қолын кеу­десіне баса иіліп ішке енумізді өтінді. Үш-төрт бөлмелі саяжайдың кіреберісіндегі бастырмаға үстел қойылып, дастарқан әзірленіпті. Қолымызды жуып, ішке ендік. Жасымызға, жолымызға қарай дастарқан басынан орын алып жатырмыз. Осы кез маған Қалаубек аға сыбырлап: «Жаныңнан бір орын қалдыр, қазір Саид Ахмад ағаң келеді», – деді.
Екі жақтың жазушылары қауқылдасып, әнгімелесіп, бір үйдің балаларындай, дастарқан басына алқа-қотан шоғырландық. Бізді есік алдында тосып алған қарт кісі ширақ қимылап, дастарқан мәзірімен әлек. Шаруажай кісіні «осы саяжайдын қарауылы болды ғой» деп ішімнен ойлап қойдым. Бір қызығы бірде-бір әйел баласының төбесін көре алмадым. Бұл ауылдың қыздары қайда кеткен?!
Кейін байқасам, біздің елдегідей әдемі қыз-келіншектеріне қонаққа шай құйғызатын дәстүр мұнда жүрмейді екен. Жиырмаға жуық ақын-жазушылардың арасында жалғыз әйел екенімді енді байқадым.
Солай ойлағандықтан ба, өзбек әріптестерім мен туралы «өзін ақынмын деп жүрген мына келіншектің өлеңдерін мыналардың қайсысы «түзеп» беріп жүр екен, қайсысының арқасында ақын атанды?» дегендей болды да тұрды.
Оның үстіне соңғы кезде толыса бастағаным да басыма бәле болды. Тағы да «жазу-сызумен айналысатын әйелдер жүдеулеу әрі қарапайым болар еді, мынау бір бастықтың ерке-тотайы ғой, сірә да содан жібі түзу дүние шыға қоймас» деді-ау, деген секемшіл ой өзімді де жаулап алды.
Жанымдағы бос орынға Саид Ахмад та келе қоймады. Оның есесіне аспаз міндетін мінсіз атқарып жүрген, әлгі ақсақал буы бұрқыраған палауын ортаға әкеліп қойды да, өзі менің жанымдағы бос орындыққа жайғасты.
Жұрт ыстық палауға қол созғанда, Қалаубек ағадан «Саид аға көрінбейді ғой» деп сұрағанымда, Қалаубек аға мырс етіп күліп жіберді: – Жаныңда отыр ғой!
Мені бірнәрсе бүлдірер деді ме, сөзін таратып былай деді:
– Бұл кісі өте қадірменді адам, біздің Әбділда Тәжібаевымыз.
Саид Ахмад ақсақал талайды басынан кешірген, өмір көрген адам емес пе, оның үстіне үлкен психолог екен. Менің де мына отырысым ол кісіге ұнамаған сияқты. Бұрынғы қазақ байларының қыздарында ғана болатын зерлі көйлек пен камзол, басына құндыз бөрік киген, қазақтар айта беретін «барын киіп, бақанын қолына ұстап» дегендей, кергіген мына келіншекті тобасына бір келтірмек сыңайы бар. Шағын денесін шапшаң бұрып, маған шүйліге қарады.
– Әкеңіз шопан болса керек?
– Иә, шопан.
Менің өмірбаянымды бес саусақтай білетін кейбір әріптестерім күліп жіберді.
– Қой баға ма?
– Жоқ, түйе бағады.
– Қанша түйесі бар? – деді мені сөйлете түскісі келіп.
– Қанша түйе керек еді? – деп мен қарсы сұрау қойдым.
Тергеуді қолынан оп-оңай шығарып алғанына өкінді ме қайдам, әлде мені біржола тұқыртып тастағысы бар ма, дауысын құбылтып, баяндау жолына көшті.
– Маған бір түйе де жетеді. Ол түйенің өзі емес-ау, кұмалағы қажет, мына саяжайға тыңайтқыш ретінде…
Енді өзбек жазушылары күле бастады.
– Өзбектің өзіңіз сияқты тірі шежіре, қарт абызына, тарлан талантына біреу емес қырқын сыйлауға болады. Қырық түйенің құмалағы да көп. Ол өте күшті тыңайтқыш. Никсонның сүйегін қуратып тастайтын сор жердін өзін құлпыртып жібереді. Қажеті құмалақ болса, келесі жылы мол өнім алуға дайындала беріңіз.
Күлкі тағы да ду ете қалды. Бұл жолы екі жақтың жазушыларының үні қатар шықты.
Мұндай сөзді күтпеген жазушы әңгіме желісін бұрып жіберді.
– Ас алыңыз, өзім пісірдім.
– Рақмет. Өте дәмді екен.
Бір сәт үнсіздіктен соң, Саид аға қайтадан шабуылға көшті.
– Басыңыз бос па еді?
– Сізге бәрібір емес пе?
– Жай, мен бойдақпын. Жеңгеңіз о дүниелік боп кетті.
– Иманын саламат қылсын.
– Сіз жоқ демесеңіз, мен сізге күнде осындай, дәмді ас дайындап тұрар едім.
– Болсын.
Сексен жастың үзеңгісіне аяғын артып тұрған кәрі тарлан мен қырықтың қылшылдаған көк семсерін қолына ұстап, басын алар жау іздеген келіншектің жарасты сөз сайыстары отырғандарды әдемі күлкіге бөлеп, үлбіреген сезім жетегіне ілестіргенімен, мына қыздың тез көне кеткеніне көңілі көншімеген қарт қыран тағы да ілмек болып, қайта шүйлікті.
– Сіз жақсы киінгенді ұнататын сияқтысыз. Оған менің жағдайым келер ме екен?
– Оқасы жоқ, былтыр жаңа пальто алғанмын. Біразға жетеді.
Азулы тарпаңмен сөз таластырып отырған менде де жүрек бар ма, деймін! Әлгі сөзден кейін шабуыл жасау мен жаққа шығып кеткенін өзі де байқап қалды-ау деймін, «бір сүрінген қырық сүрінеді» дегендей тағы да сурау қойды.
– Ханым, әңгіменің басын ашып алайық. Менің зейнетақым небәрі жетпіс сом.
– Ештеңе етпейді. Менің айлығым тоқсан сом. Оның үстіне күйеуімнен үш балаға алимент алармын. Сөйтіп, жағдайыңызды жасаймын!
Сөз түсінер адамға әңгіме түйіні осы арада шектелуге тиіс.
Талай жыл әуелеп ұшып, көк құдіретіне айналған, қанатына сенген қырандай, төске сенген ұстадай, сөзіне сенген шешендей дара тарлан, қанатын жайып келіп, гүрс етіп құлағандай болды. Аяп кеттім. Не деп жұбатарымды білмедім.
Саид ака, бұл қыз кісіге алдырмайды. Өткен жылы бізде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндігіне қатысқан. Біз сонда байқап қалғанбыз. Абайламасаң алып түседі. Тұрап Төле Шеріні де.. – деп келе жатқан Тахирді қолын көтеріп тоқтатты.
– Сенің сөзіңнің ендігі құны көк тиын. Ақылды болсаң, осыны басында айтар едің. Енді болары болды, – деп, Тахир Мәлікке жеп жіберердей қарады. – Енді маған бәрібір!..
Сөз өнері дертпен тең деген осы-ау.
– Рақмет, қызым, – деп қоштасарда Саид Ахмад қолымды алып, арқамнан қақты.
                                                                                                                                                                                                                                                                                                                1995 жыл
                                                                                                                                     

                                                                                                                                 Сафуан аға


Ауыл қаламгерлері үшін Алматының ақын-жазушылары – асқақ құбылыс. Бізден тақия бойы биік тұрады. Олармен таныс-біліс болу – әжептәуір дәреже. Кездесе қалса аузына қараймыз. Бірақ ауылдағылар да адам. Олардың арасында да әзіл-қалжыңды әдемілеп айта алатын, тереңдікке үңіле алатын, көрнек пен тірнекті айыра алатын қарым-қабілеттері жетеді.
Ауылдағылар мойындай қойғанымен, бірін-бірі мойындамайтын, әзілдескен болып бірін-бірі қажап, мүжіп, арпалысып жүретін астаналықтар үшін біздің елене-ескеріле қоюы­мыз екіталай дүние. Жиналыс-пиналыстарда қолындағы ұзын тізімнен алшақтаса адасатындай бірін-бірі мақтаудан жалықпайтын тордағы тотықұс дерсің!
Есенғали Раушанов айтқандай, «әйелден мықты ақын шыға ма, шықпай ма?» деген аса қауіпті сұрауды өзіме сан мәрте қойып, жауабын таба алмай, «қой оданда көштен қалмаудың жолын іздейін» деп мемлекеттік қызметтің бір пұшпағына жармасып, ауылда, яғни Шымкентте ілделдалап жүрген кезім.
Тәуелсіздікке қол жеткен кезде тойшыл болып кеткеніміз есіңізде шығар. Біреулер кейіннен соны да көп көріп сынап-мінеп жатты ғой. Бұлақтың да соңы болатынындай, бар нәрсенің соңы болады екен. Қазір тым-тырыспыз. Әне жерде ана ханның, мына жерде мына батырдың тойы болғалы жатыр десе, кәдімгідей қозатын делебеміз қозбай, аптығымыз басылғандай. Мүмкін хандарымыз бен батырларымызды қоя салып, ана рудың атасы, мына рудың бабасына қойылып жатқан кесенелерден, аста-төк дастарқаннан, сол қазақы дастарқанның берекесін кетіретін күмпілдек әңгімеден, кеудемсоқ мақтаннан да шаршаған болуымыз керек. Кейде қат-қабат ашылып жатқан кесенелердің қайсысына барсам деп дал боласыз. Әйтеуір, Алла тағалам тойды көпсінте көрмесін.
Әр даудың басы бөлек, әр тойдың жөні бөлек. Ұмытпасам, өткен ғасырдың, яғни 1993 жылы болуы керек. Қызылжарда қазақ қаламының классигі Ғабит Мүсіреповтің 90 жылдық тойы өтетін болды. Оңтүстік әкімшілігі Мәдениет басқармасының бастығы ретінде оншақты адамнан құралған делегацияны басқарып баруды маған тапсырды.
Ұшқан құстың қанаты күйетін қашықтықтан, яғни қарама-қарсы полюстегі Солтүстікке ұшақпен ұштық та келдік. Той сән-салтанатымен көрікті. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» дегендей, сол елдің әкімі ұлтының өзге екеніне қарамай әзірленіп-ақ бағыпты. Салтанатты жиыннан кейін ән шашу дейсің бе, аламан бәйге дейсің бе, қазақша күрес дейсің бе-ау, бәрі өз деңгейінде өтіп жатты. Бесін мезгілі мен намазшамның аралығында қонақтардың қайда, қалай орналасуы да шешілді. Алматылық аузы ай білеген бір-екі жазушымен бірге біздің облыстан келгендерді күту Қызылжардың Жамбыл атындағы ауданының әкіміне тапсырылыпты. Қазір аты-жөні есімде жоқ, біртоға, іскер жігіт екені байқалады. Ауданда қонақүй жоқ па, болмаса мәнісі жоқ па, әйтеуір әлгі жігіт бізді тура үйіне бастады.
Әкімнің үйі кең аулалы, айналасын биік жасыл ағаштар қоршаған бес-алты бөлмеден тұратын, кәдімгі жер үй екен. Беті-қолымызды шайып, дастарқан басына жиналдық. Қазақы ақ дастарқан барынша молынан жасалынған. Төрге қазақтың белгілі жазушысы, өзіміз кітабымен, суреттерімен сырттай таныс сырбаз-сері – Сафуан Шаймерденов ағамыз жайғасыпты.
– Ой, айналайын, Ханбибі деген бала сен екенсің ғой, – деп, жанында отырған маған бүкіл денесімен бұрылып қараған Сафуан аға, пісте мұрнына ілінген нәзік көзілдірігінің астынан бір сүзіле қарап өтті. – Қош келдің, айналайын! Олай дейтінім – бұл менің ауылым. Мен дәл осы ауылда туып-өстім. Балалық, бозбалалық шағым осында өтті – деді, сыбызғыдай дауысы сызылып.
– Рақмет аға, туған топырағыңызға тартып сұлу жаралған жан екенсіз. Қызылжарға мың алғыс. Мағжан, Сәбит, Ғабит сынды әдебиет алыптарын өмірге келтірген. Өзіңіздің де «Инешіңізбен» етене таныспын, – дедім ағымнан ақтарылып.
Ағаның көңілі алабұртып, нәзік жаратылған келбетіне қызыл рең жүгірді. Оның себебі осы үйдің иесімен етене танысқан соң болды-ау, деймін.
– Оу, айналайын-ау, сен өзіміздің әлгі Қалқатайдың баласы екенсің ғой, ә? – деп біраз кідіріңкіреп, мүдіріңкіреп, тұтығыңқырап қалды. Терең ойлар толқынына шым батып кеткендей болды да, тәуекелге бел буғандай, бел буғанда да «әкесі өлгенді де естіртеді» дегендей бір күрсініп алып:
– Қайран Қалқатай, қыз біткеннің төресі еді ғой. Білімге ұмтылған азғантай балалардың ішіндегі оқығаны да, тоқығаны да бойына қонған бойжеткен еді, – деді бізге қарап, – ол кезде қыз он үштен асса, оны бойжеткен қатарына қосатын. Мен бүгінде жетпістің екеуінен астым. Ал махаббат дерті жүрегімде әлі өмір сүріп келеді. Адалынан айтайын Қалқатай – менің алғашқы махаббатым еді, – деді жанары суланып.
Үй іші аң-таң. Дембелше келген әкім жігіт қызанақтай қызарды. Келіндер шай құйған қалпы жүздерін төмен салып, қолдарындағы кеселерін сыртынан сыйпалай берді.
Оның бірін қаперіне іліп жатқан аға жоқ. «Сонау бір шақта, сол шақта» өткен-кеткен, жалт-жұлт еткен, түлкідей бұлаңдап қайта соққан жастық шағын ойына түсірумен әлек. Жалпы ақын мен балада ес болмайды деген рас-ау!
– Мен де ол кез жас едім, – деп әңгімесін жалғастырды. – Қалқатайға хат жаздым. Ұмытпасам: «Сен алтайы қызыл түлкі болсаң, бүркіт болып ілемін, сен ақша бұлт болып аспанға ұшсаң, соңыңнан қуып жетемін, қара бұлтқа айналып, жерге жаңбыр етіп қайтарамын» деген сияқты хаттар жазып ем… Сол кездегі өзіне сенімді, өзгенің пікірімен санасқысы келмейтін өркөкірек жастық-ай, желең жігіттік-ай! – деп өзін де, өзгені де елітіп, жеті қырдың аржағында қалған жастық шағын көзі жасаурай еске алған сайын, жас келіндер ұялып жерге қарады, олардың ұялыс тапқанына мен өзімді кінәлідей сезініп, әңгіме тақырыбын қалай басқа арнаға бұрсам екен деп әбігерге түстім. Өнер адамы – қалам иесінің бастан кешкен сезімі өткен жылдармен санаспайтыны бір кісідей-ақ түсініп отырмын. Ал кейінгі жастар оны ұғар ма, сезінер ме? Әйтпесе жас келіндер әлекке түспес еді де! Барынша әсерленіп, шалқып, бусанып, шабыттанып отырған таза жанды қаламгердің бір сәт кідіргенін пайдаланған мен:
– Ағатай-ау, баяғыда өтіп кеткен алғашқы махаббатыңызды айта бергенше, соңғы махаббатарыңыздан да айта отырсаңызшы, – дедім еркелей қарап.
– А, а – деп кідіріп қалды аңғал ақын. – Солай ма? – деді таңғалып, – ол жоқ қой, қарағым, бүгін де…
– Неге болмасын. Жаныңызда отырған жоқпын ба? – дедім қалжыңдай.
– А-а, – сен өзің жақсы бір бала екенсің. Талантты бала екенсің. Бұрын сені неғып көрмегем, а?!.
– Ой, аға, мені көретіндей болдыңыз ба? Анда-санда бір топ өлеңдер жазып қойғаным болмаса, ауылда жатып бала табудан қолым босады ма, түге! – деп мүләйімси қалдым.
Ағаның тақырыптан ауытқып, ынтасы маған түсе берген кезде алдымызға ас келіп қалды.
Шіркін, Қызылжардың ғана емес, бүкіл қазақтың паспорты – қазақы дастарқаны ғой және ет жарықтықты аямайды ау, аямайды. Қызыл көрсек көзіміз қасқырдың көзіндей жанады-ау, жанады! Тегіміздің Көкбөрі екенін етке деген құмарлығымыздан-ақ айқындауға болар. Қойшы, ет көрмегендей болмайын, сөзімнің тобықтай түйініне ойысайын.
Әкім үйінің қадірлі қонақтары «етке тойсам, сорпаға иттігім жоқ» дегендей, жастар жағы сорпадан бас тартып, қолдарын майлыққа сүрте бастады. Сафуан аға кеседегі сорпаға аздап шампан тамызып ішіп отырды. Осы кезде мен отырған орындықтың арқалығынан, яғни ту сыртымнан бір жігіт тіл қатты.
Үрпек шаш, көк көзді, сары жігіт. Есімі Шашубай екен.
– Ханеке, сізбен тобық ойнайын деп едім! – алақанындағы тобықты маған ұсынды. Мен орнымнан тұрып тобықты алдым. Топ шу ете қалды.

– Тобық ойнаудың шарты болады!
– Болса болсын! – деді Шашубай.
– Ханеке, сіз ұтылып қалсаңыз, неге бәс тігесіз? – деді топ.
– Ат-шапан айыбым болсын!
– Ал сен ше? – деді қызынған топ Шашубайға.
Ойында не барын қайдам, нарттай қызарып кетті. Жүзінен иманы төгіліп тұрған жігіт сөзге мәрт екен:
– Есіл өзенін Оңтүстікке бұрамын!
– Әп, бәрекелді!
– Ау,нағыз жігіт қой өзі
Қоштап, қолпаштаған жұрт дуылдап жатыр. Осы кез тығыншықтай қара сұр кісі (сол ауылдың адамы болса керек) орнынан сұрлана көтеріліп:
Ей, Шашубай, Есіл сенің жекеменшігің бе еді, берсең сөзіңді бер, маған десең өзіңді бер! Немене, Есіл саған ойыншық па? – деп шын ашуға басты.
Отырған жұрт үрпиісті. Мен ыңғайсызданып қалдым. Есілді сұрағам жоқ еді. Оның үстіне дәл қазір Есілді алып кетейін деп тұрғандай, әлгі жігіттің қызғанышына, әзіл түсінбес морттығына таңғалдым. Жұрт у-ду. Екіге жарылған топты Саф ағаның мына сөзі тоқтатты.
– Қарағым Сман, – деді әлгі қарасұр кісіге қарап, – ақындар ауылына келіп отырмыз. Әдебиетте ақындар әлемі деген сөз бар. Поэзияда метафора – аллегория деген болады. Ол тек әдебиетшілерге ғана емес, әрбір әдебиетсүйгіштерге қатысты. Қатысты болғаны сол, оны түсіне білу керек. Өзің, әке-шешең оқыған «Батырлар жырында» небір эпикалық теңеулер бар. Болмағанды болдырып, алты айлық жолды алты сағатта шауып өтетін Қобыландының Тайбурылын білесің ғой, бұл – эпикалық теңеулер. Тыңдарманын еліктіру үшін жыраулар, ақындар солай сермейді. Бұл – ауыз әдебиеті барлық халықта, барлық елде бар нәрсе. Шығыстың дүлдүл ақыны Хафиз «Бір сұлудың меңіне Самарқан мен Бұқараны берер ем» деп жырлаған. Бірақ Бұқара мен Самарқанның халқы Хафизге қарсы «митинг» ұйымдастырған жоқ қой. Сондықтан әзіл сөздің астарына үңіле білу керек, – деп сөзін аяқтады.
Білгірлігі, білімділік пен бітімгерлігі қандай?! Әр сөзі сақаға балқытып құйған қорғасындай.
                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                 1993 жыл

                                                                                                                                                   Төлеген аға


Мен 1964 жылы сол Мұхтар Әуезов атындағы мектептің 9-класында оқушы едім. Кірпіштен қаланған екі қабатты сарғылт мектеп үйінің алды биік-биік жасыл ағашқа бай. Аулада қысы-жазы тынбай ағып жататын су құбыры болатын. Үзіліс кезінде құрбы қыздармен су шашысып ойнап тұр едік, жанымыздан жағасы кестелі ақ көйлек киген, сылыңғыр қара жігіт өтіп бара жатты. Бізден екі класс жоғары оқитын (ол кезде орта мектеп 11 жылдық еді) Гүлжамал:
– Әне, ақын кетіп барады, ол – Төлеген Айбергенов, – деді. Бәріміз ойынымызды қоя салып, аңырып қарап қалдық. Тірі ақынды тұңғыш көруім, жүрегім қатты соғып кетті. Өзім де өлең жазып жүргендіктен бе, әлгі аға жанымдағы қыздардан гөрі маған жақындау сияқты.. «Қуып жетіп, сәлемдессем бе екен» деген ойымды батылсыздық пен дәрменсіздікке толы ішкі кейіншектігім басып тастады.
Бұл кез күз айы болатын. Арада біраз уақыт өтті. Мектептегі қабырға газетіне шығып жүрген өлеңдерімді қатты мақтайтын Рабиға апай бір күні маған: «Осыларыңды аудандық газетке апарып көрсең қайтеді», – деп ұсыныс жасады. Мектеп пен редакция арасын қиып өтетін бір ғана көше бар, тіптен тиіп тұр. Не керек, сол редакцияға шаршап жеттім. Мені шаршатқан батылсыздық еді. Жалғыз қабат ескі үйге имене кіріп, есік қақтым. «Кіріңіз» деген дауыстан ішке ендім. Кілең ер кісілер. «Ақындар мен жазушылар ылғи ер кісілер болады екен, ә» деген ой келді басыма. Мұнда отырғандардың бәрі шетінен көңілді, жүздерінен жарқын леп еседі. Кірерін кіріп асам да, тілін жұтып қойған адамдай үнім шықпай қалды. Аздан соң өзімді таныстырып, келген шаруамның жайын әрең баяндадым.
– Ой, айналайын, өлең жазып жүрген қарындасымыз өзің екенсің ғой! – деп, жанында сүйеулі балдағы тұрған бір ақжарқын аға жылы тіл қатты. – Жолың болады екен, карағым, өзіміз де сирек көретін мына Төлеген ағаң бүгін редакцияға бас сұққан еді, өлеңдеріңді көрсетіп ал, – деп бүкпесіз ақтарылған ағай мені «арман-ақынмен» таныстырып үлгерді.
Ақын аға алғашында маған қадалып бір қарады да, қайта көз салмады.
– Өлеңдеріңді әкелші?
Денеңді беймәлім діріл билегенде қолмен жұмыс жасау дүниенің азабы екен, кітап салатын портфелімнен өлең дәптерімді алу мұң болды. Сезімтал ақын мұңымды байқамай қалған жоқ.
– Ақын адам батылдау болу керек, – деп қайрап қойды. Дәптерде қайбір өлең бар дейсің, майда-шүйде тақырыптар. Менің талай күн жазған өлеңімді қас-қағымда парақтап шықты.
Талай көріп, талай оқып жүрген өлеңдері сияқты.
– Мынауың үлкен арнаның бастауы екен, карағым, сен түбінде бір қараға жетіп жығылатын боларсың! – деп оқушы дәптеріне жазылған өлеңдерімнің ашық тұсына бірдеңе жазуға оқталып біраз отырды. Аз-кем уақыттан соң, өлеңмен жазылған қолтаңбасын қалдырды. Онда:
«Ұшуға қанат қомдаған,
Аққудай көкке самғаған.
Құралай көзді ақын қыз,
Ақұштап ізін жалғаған.
Сен шыққан биік жоқ әлі,
Сен шықпақ биік жоғары.
Алқынып туған жас жүрек,
Қиып түссем деп соғады! »–
деп, қолын қойды. Буырқанған шабытты шағында, ақындықтың алтын тағында отырған бұл ағаны менің жүзбе-жүз тұңғыш көруім еді… Менің ойымша, ақынның жалынсыз, көңілсіз, өлеңсіз жүретін кезі болмайтындай. Ақын аузынан сол жолы Алматыға көшетінін естідік.
                                                                                                                                                                                                                                                                                                                             1964 жыл

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір