Мадина Сағымбек. Үнсіздік… (Этюд)
24.09.2026
31
0

Алматы. Алып шаһардың әр көшесі тарихтың үнін сыбырлап тұрғандай…
Сол күні біздің делегация қазақ руханиятының қазынасына айналған Сәбит Мұқановтың мұражайына бет алды. Танымдық сапардың тізгінін жетекші-ұстазымыз өз қолына алып, әр қадамымызды өткеннің ізімен жалғап келеді.
Бір аудиторияға жиналған зерттеушілерміз, бірақ әлі бір-бірімізге бөтенбіз. Әрқайсымыздың ішімізде өзіміз ғана білетін әлем бар. Мұражайдың ескі дәуірдің демін сақтап қалған винтаж орындықтарға жайғасқанымыз сол еді, ағайдың қоңыр үні бөлмені баяу тербеп, ескі тарихтың есігін айқара ашты.
Қасымда отырған жас жігіттің кірпігі қайта-қайта айқасып, өң мен түстің арасында арпалысып отырғаны байқалады. Әлсін-әлсін басы төмен түсіп кетіп, қайта селк етіп оянады. Ал менің көңілім мүлде басқа күйде еді.
Осындай ерекше сапарға француз аруларының нәзік болмысын еске салатын прованс үлгісіндегі көйлегімді киіп келгенім қандай жақсы болған. Жеңіл матасы самалмен желпілдеп, жаздың сәнін бойына жиып тұрғандай. Бірақ Алматының шілде ыстығы ешкімді аямады. Айқара ашылған балкон терезесінен самал жел ескенімен, қапырық әлі қайтпай тұр. Тар бөлменің іші күннің қызуымен күйіп-ақ тұр. Қолымдағы жұқа жібек орамал ғана жаныма сая. Онымен маңдайымда үйіріліп қалған тер тамшыларын әлсін-әлсін сипаймын. Саяхатымның үнсіз серігіне айналған орамалды бір сәтке де қолымнан тастамадым.
Тағдыр кейде адам өмірін өзгертетін сәтті болмашы нәрседен бастайды ғой деймін. Мұражай қызметкерлерінің бірі желдеткішті қосып еді, жібек орамалым саусақтарымның арасынан сырғып түсті де кетті. Еңкейе бергенімде, оған менен бұрын біреу қол созғанын көрдім. Ол – сен. Жанымда отырып бәрін біліп, сезіп отыр екенсің ғой сонда.
Орамалды маған ұсынған сәтте көзіміз түйісті. Сол бір үнсіз көзқарас — мың сөзден терең, мың сезімнен ыстық секілді көрінді. Тіпті аз уақытқа мына бөлменің қапырығы да ұмытылғандай. Жібек орамал сол сәтте жай ғана орамал емес, екі тағдырдың арасын жалғаған нәзік көпірге айналғандай еді. Ал менің жүрегімде әлдеқашан басталып кеткен белгісіз бір хикаяның алғашқы парағы үнсіз ашылған болатын.
Бір мезет қарағаныңнан маған үндемей ғана:
«Айнам-ау, қандай нәзік, қандай сұлу едің. Сенің жанарыңда мына шөлді басатын мұхит жатқандай» деген сияқты едің. Мен де оған іштей: «Қандай қамқор азаматсың. Сендей жанның қасында нәзік болмау мүмкін емес шығар» деп тіл қаттым. Орамалымды өзіме қайтарғаныңда бір-біріне түйіскен саусағымыздан найзағай шарпуы өткен еді ғой. Тіліміз емес, көзіміз сөйлессе де тәнімді бір діріл басқандай болды ма сонда…
Есіміңді де сұрамаппын. Айтуға бата алмадың ба әлде?
Орнымыздан тұрып, мұражай ішін аралай бастадық. Мұражай қызметкері әйгілі жазушының өмірін барынша әсерлі жеткізуде. Әсіресе «Ботагөз», «Адасқандар» романын ағай бар махаббатымен айтып, сол кезде өзі өмір сүргендей, жазушыны өз көзімен көргендей бізге барынша жеткізіп жатыр. Жан-жағымызда түрлі экспонаттар, естеліктер самсап тұрғанда көз жетердің барлығын асығыс көргің келеді екен.
— Махаббат деген – киелі ұғым. Сүйген жандар тағдырдың жазуымен қосылмай қалса да, бір-бірін өмірінің соңына дейін жүрегінің төрінде сақтап өтетін кездер болады…
Ағайдың қоңыр үні мұражай ішін баяу тербеп тұрды.
Сол сәтте иығыма әлдебір жылы лептің тигенін сездім. Бойымнан белгісіз діріл жүгіріп өткендей. Бұрылып жалт қарадым.
Тағы да сен.
Жаңа ғана жібек орамалымды жерден көтеріп берген жігіт.
Бірақ бұл жолы сен менің аңтарылған жанарымды іздеген жоқсың. Ештеңе болмағандай маңғаз қалпыңнан танбай, иегіңді сәл көтере қойып, ағайдың әр сөзін қалт жібермей тыңдап тұрсың. Жүзіңде – сабыр, көзіңде – тереңдік. Әлдебір сезімді сыртқа шығармауға бекінген адамдайсың. Бірақ саған қарағанымды сезіп қалып, сонымен мақтанып тұрған тәріздісің. Сондағы сенің үнсіз маңғаздығың маған:
«Менен қашып жүрсің бе, айнам? Тұла бойыңды күннен қатты қыздырып, балқыта аламын ғой. Сенің көркем тәніңе жақындау қандай бақыт десеңші!» дедің үнсіз. Жоқ, сен үніңді шығармадың. Бірақ жүрегің осы сөздерді айтып жатқанын біліп тұрмын. Желдеткіш өз жұмысын мінсіз істеп тұрса да бойымдағы ыстық бір басылар еместей. Жүрегім ағайдың махаббат туралы әңгімесін енді бұрынғыдай емес, мүлде басқа мағынада тыңдай бастаған еді…
Тулаған толқынмен экскурсия жалғасуда.
Мұқановтың жеке кітапханасына көзім түскен сәтте өзімді басқа бір уақыттың өзгеше бір кеңістігіне енгендей сезіндім. Қатар-қатар тізілген кітаптар жай ғана қағаз бен мұқаба емес, тұтас дәуірдің рухын сақтап тұрған асыл қазынадай әсер қалдырды. Төргі сөреден әлем әдебиетінің алыптары менмұндалайды. Шекспир, Шиллер… Сәл әріректе Лопе де Вега, Байрон, Диккенс…
«Міне, ендігі кезекте оқитын шығармаларым осы болсын» деп іштей шешім қабылдап, есімдерін жадыма түртіп алмақ болып тұрғанмын. Дәл сол мезетте қолымды әлдекімнің қолы жеңіл ғана жанап өтті.
Жалт бұрылмадым.
Қарамасам да, оның сен
екеніні сездім.
Неге екенін білмеймін, бірақ бұл жолы қателесу мүмкін емес еді.
«Ойымды бөлдің ғой, неге соқтығыса бересің?» дедім ауыз ашпастан көзіммен атып тұрып. Сенің жадыраған көздерің менің сабырсыз сыйқымды сұйылтып жіберді-ау. Тағы үндемедің. Бірақ көзіңмен ұнатып қалғаныңды айттың. «Құрысын, мына үнсіздік қашан бітеді өзі? Жегідей жеп болдың ғой жанымды. Ойыңды іште қалдырмай, ақтарылсаңшы» деп ашуланып бар ойымды айтамын деп шештім.
Мұқановтың портретіне қадалып қарап тұрсың. Сонда есіңде ме мен сенің сол жақ иығыңды соғып өткенім? Қандай күш сенің қасыңа жетелеп барғаны есімде жоқ. Бірақ күйдіргі көңіл көзіммен де айқайлай алмай тұрғанымды қарашы. Мына ұяты жоқ көздер тағы тоғысты. Уақыт өз ағысын тоқтатқандай болды. Айналадағы адамдардың дауысы, күннің аптабы, дүниенің қарбаласы – бәрі-бәрі көмескі тартып, тек сенің жанарыңа тұнған жұмбақ пен жүрегімнің дүрсілі ғана анық естілгендей. Дәл желдеткіштің қасына тұрып қалыппыз. Жібек орамал тағы да ұшып кетті…
– Сәлем! – дедім әлсіз ғана дір етіп.
– Сәлем! Менің есімім – Сәбит, – дедің ақырын ғана.
Екеуміз де бір-бірімізді бұрыннан білетін адамдар секілді едік…

Қарағанды

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір