ФОТОБЕЙНЕГЕ ТІЛ БІТІРГЕН…
01.07.2016
1365
1

9Фототілшілік – аса дарындылардың ғана қолынан келетін өнер. Өйткені, адамдардың кескін-келбетін, болып жатқан оқиғаларды жылт еткізіп түсіре салуға болады. Бірақ сол тұлғаның азаматтық болмыс-бітімін фотосурет өнерінде түрлі қырынан маңызды кескіндеу немесе болған, болып жатқан оқиғаларға фотосуреттер арқылы тіл бітіру, сөйлету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі фототілші Жақсылық Тұрлыбеков – осы бір қас-қағым сәттік өнерді жанына серік еткендердің бірі. Ол түсірген суреттерінде сол нысанға немесе адамға әралуан қимыл-әрекет арқылы мінез дарыта біледі.

Талант иесіне туған топырағынан дариды деген де рас-ау. Ол ақындар тамсана жырға қосатын Кереку өңіріндегі Баян-
ауыл аймағының тумасы. Дертке дауа, жанға шипа Жасыбай көлі, қарасаң көз тойғысыз Баян таулары жүрегіңе нұр ұя­латпай қой­сын ба? Жақсылықтың да өнер­ге деген жан құмарлығы сол Табит-бе­сі­гі­нен қанына сіңсе керек. Оның сол құмар­лығы құштар­лық­қа ұласып, техника мүмкіндігімен ұш­тасқан қас-қағым сәттік фотоөнерге аң­сары шынымен-ақ ауған еді. Аңсар-арман Тұрлыбековты Алматыдағы Кино­техникумның табалдырығынан бір-ақ аттатты. Сол шаңырақ астында білімін де, талғам, талантын да шыңдаған ол еңбек жолын фотолаборатория меңгерушісі қыз­ме­тінен бастады. Одан мол тәжірибе жи­нақ­таған Жақаңды Жоғарғы Кеңестің фо­тостудиясы шетелдермен байланыстағы «Достық» қоғамына қызметке шақырады. Міне, бұл қоғам оның өрісін кеңейтті. Алыс, жақын шетелдегі іссапарларға жолы ашылды. Қарым-қатынас алаңы да кеңіді. Сөйтіп, республика басылымдары мен ақпарат орталықтарының сұраныстарына ие болды.

Өмірден өз мамандығы бойынша жи­ға­ны да, түйгені де мол Жақаң бұл күндері Ұлттық фотоагенттіктің төрағасы.

Тұрлыбеков  қайсыбір сәттерде ЮНЕС­КО көлемінде Францияда тойланған ұлы суреткер, сөз өнерінің алыбы М.Әуезовтің туғанына 100 жыл толу мерейтойын елжі­рей еске алады. Кешегі Шыңғыс Айтматов, қа­зір­гі Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сү­лей­менов, Сәкен Жүнісов, марқұм Қар­шы­ға Ахмедияров, Айман Мұсаходжаева, Мұрат Әуезов, тағы басқалармен болған әңгіме-дүкенге не жетсін. Сол кездегі Үкі­мет басшысы Иманғали Тасмағамбетовтың  делегациясы құрамында жүріп Жақсылық осы тойдан ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде алғаш рет фоторепортаж  жасаған еді. Ол су­реттер кітап, журнал, газет, альбомдар арқылы әлемнің төрт бұрышына тарап кетті.

Жақсылық сонау Кеңестік қоғамның өзінде-ақ Республикамыздың атаулы  күндерін, еліміздің саяси, әлеуметтік тыныс-тіршілігін әр қырынан кескіндеді. Сол кезеңдегі қазақ елінің байлығы да, жайлылығы да, баршылығы да шалқыған уақыттың бейнесін бойына дарыған фотоөнері арқылы аса сәтті шежірелеген. Өмірдің әр кезеңінен түсірген суреттері сол кездегі Кеңестік, кейін Тәуелсіз ел ақпа­рат­тарының – газет, журналдардың сұ­ранысын туындатты. Мәселен, Қазақ-с­танды Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев басқарған кезеңнің соңғы жылдарының саяси-әлеуметтің  хал-ахуалы, дәстүр-сал­ты, жетістіктері мен молшылықтары фото­к­ө­ріністерде «менмұндалап» тұрады. Жақ­сы­лықтың сол заман тынысын сөй­лет­кен фотоальбомы Қазақстан тарихы­ның ұмытылмас беттерінің бірі екені даусыз.

Жақсылық Тұрлыбеков тәуелсіздігі­міздің таңы атып, тауығы шақырғаннан бергі қоғами болмыстарды да ешқашан назарынан тыс қалдырған емес. Оның ЮНЕСКО көлемінде тойланған Абайдың туғанына 150 жыл толу мерейтойындағы түсірген фотосуреттері күллі әлем ақпарат құралдары арқылы бүкіл шартарапқа тарады. Жинақталған сол көріністер фотоальбом болып ұлт мәдениетінің алтын қорына қосылды. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың елбасшылығы­мен әлемге танылған Қазақстанның нұр жайнаған бүгінгі келбеті, әр жылымызға бағыт-бағдар беріп отырған көшбасшымыз­дың туған Отанға деген ыстық ықыласы фотобейне негізінде жұрт көкейіне ұяла­ған. Тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық тарихы да Жақсылықтың талғампазды­ғы­ның арқасында фото-шежіреге айналған. Кеше ғана республикамыздың түкпір-түкпірінде дүбірлете тойланған Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы да кітапальбом болып басылып, жұртшылық сұранысын молайтып отыр.

Ал Жақсылықтың Жамбыл атамыздың 170 жылдық мерейтойына орай жариялан­ған фотосуреттері екі ғасырдың куәгері болған абызымыздың көркем бейнесінің жиынтығы дерлік дүние. Жалынды жырлары жұрт жадында жаңғырған қарт ақынның Мәскеу мен Францияда, Түркия елінде тойланған мерейтойларынан түсі­ріл­ген фотосуреттердің болашақ ұрпақ­тар­ға берер тағылымы мол.

Фотобейнеге тіл бітірген Жақсылық Тұрлыбеков қазіргі ақпарат ағындарын да әркез түрлі-түсті түсірілімдермен байыта тү­суге үлес қосуда.

Бұл күндері жеті ондықтың биігіне көтерілген Жақсылық Зейноллаұлына шығармашылық табыс, зор денсаулық ті­лей отырып, қазақ елінің қас-қағым сәттік фототарихын молайта беріңіз дегіміз келеді.

Ақмарал КАТЕПОВА.

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 27.05.2024 | 23:07

Құрметті Ақмарал! Мына бастамаңыз қуантады. Жалпы Қазақстан фототілшілері туралы ұтымды еңбек әлі жазылмаған сияқты. Фототілшілердің замана бейнесін қаз-қалпында бейнелеп, тарихта қалдырудағы ролінің зор екенін атап айтуымыз керек. Кезінде республикамыздың орталық және облыстық газет-журналдарында талай талантты фототілшілер еңбек етті. Олардың тамаша фотосуреттері біздей жасы келген адамдардың есінде әлі күні бүгінгідей сақтаулы. Фтотілшілерді замана шежіресін жасаушылар десек те болады. Рахмет Сізге! Сіз мына ниетіңізді әрмен қарай жалғастыра беріңіз. Сәттілік тілеймін.
Бақытжан Ниеталы, Қазақстан жуналистер Одағының мүшесі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір