ЕСІЛ ЖАҒАСЫНДАҒЫ ЕКЕУ
01.07.2016
1818
0

IMG_7918Айгүл ЖҰБАНЫШ

 

Екеуі Есіл өзені жағасына келді. Айнала тып-тыныш. Жағалауда сейіл құрып жүретін көпшіліктің қарасы саябырсыған. Махаббат мекеніне айналған өзеннің әр бүйірінен арагідік сыбырласа сөйлескен ғашықтар үні естіледі. Екеуінің арасында орнаған үнсіздік қамалын бірер минуттан соң жігіт бұзды. 

– Ерке Есіл өзіңдей сұлуды көріп, қуа­нып тұрған шығар?

– Аға, ерке Есіл жанына келген жан­дарды қашанда қуанышпен қарсы ала­ды.

– Солай ма?

Қыз  үнсіз  басын изеді. Есіл тол­қын­­да­ры қыз сөзін мақұлдағандай баяу қа­лыппен тербеле түсті. Алты ай бойы жер бетін жапқан қардың көбесі сөгі­ліп, көктегі күн шуағын төккеннен-ақ бұл маңайда қым-қуыт тіршілік басталады. Ару Астананың сәніне сән қосқан Есіл ғой бұл…

– Шіркін, Есіл, түнгі көрінісің қан­дай тамаша еді?! Жаныңа жиі келіп, дер­­­тіммен бөліссем, жан жарамды жазар ма едің?

– Сіз сырқаттанып жүрсіз бе, аға?

– Жанымның тыныштығын жоғал­тып алдым, қалқам. Менің тынышымды ұрлаған жап-жас сұлу…

– Т-с-с-с, жеңешем естісе жүрегі ауы­ра­ды ғой, аға.

– Сұлуды сүйсем, сұлуды құшсам, сұлу­мен уақыт өткізсем – ол менің ессіздігім емес, серілігім…

Қабағын түйген қыз жігітке ашулана қарады.

– Жүрегіңіздегі махаббаттың жылуын жеңешемнен артық еш сұлу сезе алмайды, аға. Өйткені, жеңешем құдай қосқан қосағыңыз…

– Ол мені ешқашан түсінген емес.

– Аға, сіз де…

Жігіт қыздың білегінен ұстап: «Мені аға демеші. Екеуміздің арамыз он шақты жас қана. Бұл махаббаттың…» деп әңгімесін бастай беріп еді, қыз оның қолынан сытылып шығып, өзен бойын бойлай жүріп кетті. Ашуын өзен­­нен алмақ ниетпен жігіт суға тас лақ­тыруға оңтайлана бере, өз бейнесі­нен  өзі  шошып  кетті. Өзен   толқыны­мен тербелген  бейнесі мұны мазақ еткендей діріл қағады. Жігіт қолындағы ұсақ тастарды өзенге қарай лақтыра бастады. Ұсақ тастар суға күмп етіп түскен сайын, өзендегі өз бейнесі «бұзы­ла» түс­кендей. Өзенге түскен тас­тар жаңғы­р­ып, қыз жүзін кері бұрғызды. Қыз жі­гіт жанына  жеткенше  өзенге  жасал­ған «шабуыл» толастамады.

– Бала боп кеткенсіз бе, аға?

Жігіт күлген сыңай танытып, қыз жа­нына келді.

– Алғаш біздің мекемеге келгеніңде, күн­дей жарқырап күлімдеп кірдің. Се­нің сұлулығың мен тәтті қылығың мені арбап тастады. Сол жіпсіз арбалған шыр­маудан әлі күнге босай алар емес­пін. Содан бері сен менің көз алдымнан кет­пейсің!

– Аға, сіздің психологияңыз бұзыл­ған сияқты?

– «Сұлу біткен қатыгез болады» де­ген сөз шындыққа саяды екен.

– «Сұлулық – әлемді құтқарады», – де­ген Фёдор Достоевский…

– Бұл – қате!

Жігіт сұқ саусағын жоғары көтеріп: «Сұлулық – әлемді емес, әйелді құт­қаруы бек мүмкін», – деді ашуланып. Қыз дауласпады. Туфлиін шешіп, өзенге аяғын малды.

– Аға, сезімге деген адалдықты, жү­ректі «лайлауға» болмайды. Дақ түскен жүрек ерте солады…

– Браво! Екеуміз Есіл жағасына жиі ке­ліп тұрсақ, жаралы жүрегіме ем болар еді.

– Есіл жағасы бізді қабылдамайды, аға.

– Неге олай дейсің?

– Өйткені, Есіл жағасы – шынайы ма­хаббаттың бекеті, мөлдір сезімнің шыңы, қос ғашықтың аялдамасы.

– Менің өзіңе деген сезімімді, ма­хаб­­батымды ақымақтың ісіне балап отыр­мысың?

– Сіздің бұл сөздеріңізді Ерке Есіл «ес­тімесін!».

– Ерке Есіл сыр сақтай алады. Өйт­кені, бұл жер – «қос ғашықтың аялдамасы»…

Қыз қолсағатына қарады. Жігіт ынтызар көңілін білдіруден жалығар емес. Қыз қулыққа көшті.

– «Есіл жағасы – шынайы махаб­бат­тың бекеті» дедім әлгінде. Егер мен сіз­ге ғашық боп қалсам, қайтер едіңіз?

– Сенің жолыңа бәрін құрбан етер едім.

– Аспандағы айды сұрамасым анық, дегенмен, мен үшін отбасыңызды тастар ма едіңіз?

Сілтідей тынған тыныштық. Есіл тол­қындары баяу тербеледі. Сол жақ ба­ғыттан қайық көрінді. Ішіндегі көңіл­ді топ бұларды мазақ еткендей, шу­лап барады. Екеуінің арасында орна­ған үнсіздік қамалын бірер минуттан соң жігіт бұзды.

– Мен… Мен жалғыз ұлымды қи­май­мын.

Қыз күліп жіберді.

– Аға, құдай қосқан қосағыңызды және қимағайсыз. Өмір қысқа ғой…

Жігіт үнсіз басын изеді…

***

Ерке Есіл құпия сақтай алады. Өйт­кені, бұл жерде талай жандар бүкпесіз сыр­ларын ашады. Бірнеше мәрте ға­шықтық жырлар оқылады. Талай қыз­дар жанарларын жасқа малады. Есіл мұның бәріне куә. Талай жігіт ашуланып, өзенді «таспен жаралады». Есіл бәріне «тө­зеді»…

…Жігітті қайдам, қыздың жаны ауы­­рып келеді. Жүрек тұсы сыздап, жа­на­­рына жас тірелді. Ол әлгі жігітке ға­шық болатын. Алайда, жансарайын­да­ғы сезім лүпілін жан баласына сез­­діре алмайды. Әттең!..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір