СОТ ІСТЕРІ СӨЙЛЕЙДІ
Қараңғы түнде қарт Шыңғыстау балбырап қалың ұйқыға бет алғанда азамат соғысының отына оранған дертті империя желтоқсан айының біріне қараған түні небір әлеуметтік саяси топтардың бірін-бірі сабалаған, тістесіп тайталасқан тағы бір қарулы қанды қақтығысын басынан кешіп жатты.

1930 жылдың 17 қыркүйегінде қазақ ұлтшылдарының ісімен қамауға алынып Ташкент төрінен Тастақтағы түрмеге жеткізілген Әуезов өзіне тағылған айыпты мойындамай: «Жас болдым, оқу оқыдым, Алаш Орда үкіметінде қызмет еткен жоқпын. Қайта, он бір жыл бұрын 1919 жылдың желтоқсанында бұрқылдаған бораны, ысқырған аязы бет қаратпай тұрған Семей қаласында Колчакқа қарсы күрескен астыртын ұйым ісіне қатыстым» деп айқындап айтқан (Алаш Орда ісі 1920-1940 т.3. 317-318-б).
Әуезовтің есті дерегіне ден қоймаған Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқарманың (ОГПУ) Қазақстан бойынша Толық өкілетті өкілдігінің тройкасы оны 1932 жылдың 20 сәуірінде Ресейдің Қылмыстық кодексінің 58-бабымен 3 жылға бас бостандығынан айырып, шартты түрде соттап жіберді.
Тоқтау көрмей өскен тежеусіз телі-тентек тергеу Әуезовтің жауабына құлақ аспағанмен, сол қилы заманның өзінде де оның сөзінің растығына дәлел болар уәжді куәліктер бар болатын.
Қазақтың Ұлт-азаттық қозғалысының тарихынан нақты хабары бар Мұстафа Шоқайдың Парижде шығып тұратын «Жас Түркістан» журналының 1932 жылғы №34 санындағы «Тәубеге келген «Алаш Ордашылар» мақаласында «Алаш Ордаға соңынан келіп қосылған Мұхтар былай тұрсын, бұрыннан алашорда мүшесі Ғалымхан да Алаш Орданың бастықтарынан емес» деп жазған.
Жас Әуезов пен Алаш Орда арасындағы қарым- қатынасының шындығын ашып беретін дерек «Алаш Орда ісіндегі» Жүсіпбек Аймауытовтың 1929 жылы ОГПУ-ға берген жауабында бар.
Семей қаласында 1917 жылдан қазақ жастарының «Жанар» атты ұйымы болатын, осы ұйымның атынан М.Әуезов 1918 жылдың мамыр айында Омбы қаласында өткен бірінші жалпы жастар съезіне қатысқан.
Аймауытовтың айтуынша Алаш Орда комитеттері пайда болғанда «Жанар» қоғамдық ұйымы бұл қозғалысты қолдап жүрді, бірақ ара-тұра келіспеушіліктер де болып тұрды (Алаш Орда ісі. т.1. 405-б).
Аймауытов атап өткен келіспеушіліктің бір оқиғасы 1918 жылдың қыркүйек айының басында жаңа Семей базарының бас жағында «Қаражан үйі» аталатын үлкен көк үйдің маңында өткенін Нұрпейіс Ысмағұлов еске алады (Біздің Мұхтар. Естеліктер. 389-б).
1918 жылғы Әуезовтің Алаш Ордаға қатысты көзқарасы жария қағаз бетіне түспеген болса, ол большевиктерді «Еркіндік, жұрттық жауы» деп сипаттап өзі қол қойған «Бірінші жастар съезі» атты жазбасында жат-жұрттық партияға пікірін ашық білдірген.
Расында да, бүкіл әлемді қамтитын жаһандық революция жасауға кіріскен бүлікшіл партия Алаш Орданы саяси сахнадан күшпен аластата бастаған.
Бұл сұрқия саясатты 1918 жылдың қарашасында Сібірде орнаған Директория, одан кейінгі Колчак үкіметі де жалғастырды. Ақ диктатураға қарулы қарсылық көрсете алмаған Алаш Орда үкіметінің жекелеген өкілдері большевик партиясына өтуді жөн санағанда, Семейдегі қазақтар қаладағы большевиктердің астыртын ұйымдарының ісіне қатыса бастайды (Семей архиві. Қ-200, Т-1, іс 140, 247-б).
Архив істерінде Алаш азаматтарының 1919 жылдың бірінші желтоқсанына қараған түні Семейдегі Колчак үкіметіне қарсы ұйымдастырылған төңкеріске қатысқаны жайлы дерек те бар.
Төңкеріс жасап, Семей қаласындағы билікті қолдарына алған Баранюк бастаған топ 1 желтоқсанда Әскери-революциялық комитет құрады да оның құрамына Алаш Орда өкілін қабылдау туралы қаулы етеді, 16 желтоқсанда Семейде Омбыдағы Сібір революциялық комитетінен тікелей бағынатын жаңа облыстық комитет құруға келген өкіл П.К.Голиков өзін Алаш Орда ұйымымен таныстыруды сұрайды. Оған қажетті ақпаратты Алаш Ордаға жақын жүрген Портнягин береді.
Диодор Портнягин (1875–1938) 1919 жылы Семейде губерниялық ғылыми музейінде басшысы, ресейлік белгілі географиялық қоғамының мүшесі болған соң Семейдегі алаш азаматтарымен жақсы таныс еді.
Портнягиннің Алаш Орда туралы әңгімесін тыңдаған өкіл жиналысқа Семей облыстық ревкомының құрамына «Алаш Орда» ұйымының екі өкілін енгізу туралы Сібір ревкомына петиция жасауға ұсыныс енгізеді.
Ревком ұсынысты толық қолдайды, өйткені жаңа билікке Семейдің 1917 жылдан Алаш аталатын қаласында қазақтармен тығыз байланыс орнатуға оқыған, сауатты, көзі ашық, белсенді қазақтар қажет еді ( Қ-200, Т-1, іс 140, бб.9, 12-13).
Екі күн өткенде 18 желтоқсанында Семей облыстық ревкомының кешкі отырысының хаттамасында Алаш Орда мүшелері Ермеков, Ауезов, Дюсебаев қатысуда делінген (Қ-72 т.1 іс.2 , 1-б).
Желтоқсанның 29-ы күні Семей облревкомына Голиковтың атына Омбыдағы Сібір ревкомынан Ермеков пен Ғаббасовты кандидатураларын бекітпейміз деген жедел телеграмма жетеді (Қ-72 т.1 іс.29 , 12-б).
Сонымен «Алаш Орда» ұйымының мүшесі емес М.Әуезовтің кандидатурасын облревкомның құрамына енгізу мәселесі большевиктік биліктің тарапынан іс жүзінде қаралмағаны анық іс, Семейдегі Алаш Орданың облыстық комитеті де оны ұсынбаған.
Әуезов 24 желтоқсан күні облревкомның қасындағы басқармасына бағынышты «инородческий подотдел» деп аталған бөлімшеге қызметке алынады да, оның ендігі өмірі Семейдегі қазақ соттарын ұйымдастырумен тікелей байланысты болып шығады
( Қ-72 т.1 іс.125 2-б).
Сол бір заманда азаматтық соғыстың салдарынан Семей және Ақмола облыстары әкімшілік басқару жағынан Орынбордағы Қазақ ревкомына қарағанымен, іс жүзінде Омбыдағы Сібір ревкомы екі облысты Колчактан босату барысында басып алып өз уысынан шығармайды. Оған Мәскеудегі билік те қарсы емес-тің, оларға қазақтың екі ірі, бай аймағынан мол астық пен мал етін ішкі Ресейге шектеусіз тасуға мүмкіндік туады.
Сібір ревкомынан сот жүйесін құру туралы жарлық түсуіне байланысты 1920 жыл қаңтар айының екінші күнінде Семейдің облревкомында қазақтардың қатысуымен алқалы кеңес өткен. Кеңестің күн тәртібіне қазақ сотын құру мәселесі қойылғандықтан қазақ халқының өкілдері арнайы шақырылыпты.
Алайда сот кеңесі туралы жазып отырған облревкомның заң істері бойынша уәкілетті өкілі Назаров құрылтайшы қазақтардың аты-жөнін көрсетпей кеткен. Өкінішті іс!
1920 жылдың 2-қаңтарында өткен бұл кеңес қазақ соттар жүйесін қалаушы алаш азаматтарының алғашқы құрылтай съезі еді. Ескі билік кезінде билер соты деп аталғанымен татымды, толық билікке ие емес соттың орнына еркін, тәуелсіз қазақ соты құрылмақшы еді.
«Қазақ соты – ел жуанын жөнге сал!» деген ұранмен өткен құрылтай қазақ соттарын ұйымдастыру қақында бейресми түрдегі комиссия құрыпты. Қазіргі құқықтық тілге көшірсек- судья лауазымынан үмітті кандидаттарды сынақтан өткізетін Жоғарғы Сот Кеңесі (Қ-72 т.1 іс.71 23-24-б).
30 қаңтарда Семейдегі Жоғарғы Сот кеңесі ұсынып, Әуезов бөлімі келіскен тізімге сай Халық соттары Кеңесінің төрағалығына Ахмет Бірімжанов, орынбасары Мұқыш Боштаев, мүшелікке Жақып Ақбаевты бекіткен.
Ал облыстағы уездік халық соттарына ұсынылғандардың ішінде Әбікей Сәтбаев, Сұлтанмахмұд Торайғыровтар жүр. Халық Соттарының жанындағы тергеу комиссиясының құрамында Абай Құнанбаевтың ұлы Тұрағұл, Сәбит Дөнентаев, Даниял Ысқақұлы бар.
6-ақпанда Губревкомның заң бөлімінің сот-тергеу бөлімшесі Әуезовтер ұсынған қазақ соттарының штатымен келіспеушілігін білдірген хатына жауапты біздің Мұхтардың өзі беріпті (Қ-72 т.1 іс.114. 3-17-б).
М.О. Әуезов қазақ соттары штатын қысқартуға болмайтынының объективті себептерін нақты фактілермен дәлелдей келе, «Қазақ соттарының штаттық кестесін жасағанда 1917 жылдан қырдағы заңсыздық, қасақана кісі өлтіру, зорлық-зомбылықтың үстемдік құруын, әлемдік және азаматтық соғыстың салдарынан халықтың құқықтық, ар-ұят сезімінің аса құлдырауын есте ұстадық» деген екен.
P.S. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман -эпопеясын «бөрінің бөлтірігін» тежеуден, Қодар мен Қамқаның сот процесінен бастауының себебін архивтегі сот істерінен іздеген дұрыс сияқты.
Марат АЗБАНБАЕВ,
ҚР Судьялар одағының мүшесі