АЙТСЫН ДЕП АҚИҚАТТЫ ТІЛ БЕРІЛГЕН…
«ШЫНЖЫРДА ӨТКЕН ЖОЛБАРЫС…»
Жуырда Ұлттық кітапханада мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ахметұлы Тәшеновтің 100 жылдығына арналған «Дөңгелек үстел» өтті. Жиында Жұмекеңнің көзін көрген, қызметтес болған кісілер естеліктер айтты. Осы іс-шара барысында Кәрішал Асан-Атаның «Шынжырда өткен жолбарыс…» (Сказ о закованном тигре…) деген кітабы таратылды. Қазақ және орыс тілдерінде шыққан екен. Тек қай тілден қай тілге (қазақ тілінен орыс тіліне ме, әлде орыс тілінен қазақ тіліне ме) аударылғаны көрсетілмепті. Қай баспадан шыққаны да белгісіз, редакторының аты-жөні жоқ. Тек «қайта басылымы, переиздание, Москва, 2006 жыл» деп жазылған.
Өзім кезінде 17 жыл баспада қызмет істегендіктен бұған қатты таңырқадым. Өйткені, кез келген баспаның тәртібі бойынша кітапқа байланысты деректер (баспаның атауы, редактордың, корректордың аты-жөні, кітаптың шыққан жылы) міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Өйткені, бұл кітапқа автордан басқа да жауап беретін кісілер болуы, кітапты оқу барысында туындайтын кейбір сұрақтарға біреу жауап беруі керек. Ал енді кітап оның үстіне Москвада шыққан болса, онда жоғарыда айтылған қажетті деректердің көрсетілмеуі тіпті де мүмкін емес.
Кітапты оқып шыққан соң баспагер ретінде таңқалған жерім осы болды. Өйткені, Кәрекең өмірден өтіп кеткен. Бұл кісімен кезінде кездесіп пікірлесе алмағаныма қатты өкіндім.
Кітап екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі бастан-аяқ мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстанды ширек ғасыр басқарған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты ғайбаттаудан және 1955-60 жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы және 1960-61 жылдары (11 ай) Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарған мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ахметұлы Тәшеновті жер-көкке сыйғызбай мақтауға арналыпты.
ЕГЕР ДЕ БҰЛ КІТАПТЫ ЖҰМАБЕК АХМЕТҰЛЫ ОҚЫҒАНДА…
Кезінде туған Отаны, халқы үшін аянбай еңбек еткен осынау екі мемлекет қайраткерінің елге сіңірген еңбегін салыстырып, бірінің еңбегін жоққа шығарып, екіншісіне бар жақсылықты үйіп-төгіп жазу үшін авторда бір бұлтартпас дәлелді себеп болуы керек қой. Бірақ та мен оны көре алмадым. Жарайды, автор Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты кезінде ұнатпаған шығар, бірақ та неліктен, не үшін екені айтылмайды. Мен осы кітаптың авторы Кәрекеңмен кезінде жолыққанымда бұл сұраққа толық жауап алған болар едім деп ойлаймын.
Екіншіден, бұл кітапты Жұмабек Ахметұлы Тәшеновтің өзі оқыған болса, Кәрекеңе: бауырым, мені мақтағаныңа рахмет, бірақ тым асыра сілтеп жіберіпсің, деп реніш білдіретініне кәміл сенер едім. Өйткені, қайраткерлердің қай-қайсысы да қарапайым әрі кішіпейіл болған, халық үшін еткен еңбегін ешқашан бұлдамаған, қал-қадерінше туған жеріне, еліне, халқына қалтқысыз еңбек етіп өткен жандар. Сондықтан да олар ақиқаттан аттамаған, бірін-бірі сыйлап, құрметтей білген, өздері өмір сүрген дәуірінің ауанына қарай «тар жол, тайғақ кешуде» атқарған лауазымдарына байланысты жөн-жобаны мейлінше сақтап өткен жандар.
Осы арада 1974 жылы жазда Қордайда халық ақындарының соңғы тұяғы Кененнің 90 жасқа толған тойы еске түседі. Той дүркіреп өтті. Соңында партия, совет басшылары киіз үйде отырған Кененмен қоштасып аттанбақ болды. Алматы облыстық партия комитетінің бірінші секретары Асанбай Асқаров: Ата, тойыңыз Абай мен Жамбылдың тойынан кем өткен жоқ, ризасыз ба? – деді. Сонда бір кездері:
Келдім, міне, сексенге,
Тай үйретем тепсеңде.
Екі Кенен тумайды,
Алатауға ексең де, –
деген Кенекең:
– Рахмет, қарақтарым, мені Абай мен Жамбылға теңеп қайтесіңдер, мен Кененмін ғой, – дегенде дүйім жұрт дүркірете қол соқққанын өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естіген едім. Міне, ұлы тұлғалар, мейлі олар ақын-жазушы немесе ғұлама ғалым болсын, не мемлекет қайраткері болсын, әрқайсысы тарихтағы өз орындарын білген және бірін-бірі бағалай да білген.
АРУАҚҚА ТІЛ ТИГІЗБЕС БОЛАР
Ал енді Кәрекеңнің Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты ол кісі өмірден өткеннен кейін құдды бір ала алмай жүрген өші бардай жерден алып, жерге салып күстәналағанына қайран қалдым. Тіпті ол кісіні жер-жебіріне жетіп жамандағаны өз алдына, аруағына да тиіскенін мүлдем түсінбедім. «Қонаев… Алакөлдің бойында иманы оқылмай жан тапсырды…» (46-бет). «Димекең… өз үйінде де емес, айдаладағы Алакөлдің жағасында жаназасыз жан тапсыратынын байқұс пендешілікпен сезбеген ғой» (69-бет) деп алақанын ысқылап, айызы қанғандай қуанғанына жол болсын!
Астапыралла! Бұл, енді, басқасын былай қойғанда, аруаққа тіл тигізу деген сөз. О заман да бұ заман, Алланы аузына алатын, Құдайға құлшылық ететін адамның аузынан мұндай сөздерді бірінші рет естуім. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген осы екен-ау!
***
Жұмабек Ахметұлы Тәшенов аз уақыт болса да қиын-қыстау кезеңде ел басшыларының бірі болған кісі. Сондықтан ол кісі жайында естеліктер айту, кітап шығару құптарлық іс.
КІТАПТАҒЫ ЖАҒЫМДЫ КЕЙІПКЕР – ИСМАИЛ ЮСУПОВ
Бір қызығы, бұл кітаптағы ең бір жағымды кейіпкер – И.Юсупов. Бұл кісі Советтер Одағы сияқты алып елді он жыл басқарып, оның байлығын, халқының ризығын оңды-солды шашып, елді ашаршылыққа ұшырата жаздап, халыққа суы шығып тұратын қара нан жегізген әпербақан Н.С.Хрущевтің кезінде 1962-64 жылдары Қазақстан Компартиясын екі жылдай басқарған адам. Осы қысқа ғана кезең ішінде И.Юсуповтың не тындырғаны, немен айналысқаны жайында мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровты тыңдап көрелік.
«…Шымкент облысының оңтүстік аудандарын Өзбекстан құрамына қосу жайлы әңгіме көтерілді. Қазақстан Орталық Комитеті мен Д.А.Қонаевтың жеке өзінің қарсы болғанына қарамастан Мақтаарал, Жетісай және Киров аудандары Өзбекстанға берілді. Бұл мәселеде сол кездегі Шымкент облысының басшылары Б.А.Ливенцов, Б.Садуақасов, өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы И.Юсупов шешуші роль атқарды…» (Асанбай Асқаров. «Көзқарас», Алматы, «Жалын», 1996).
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ҰЙҒЫР АВТОНОМИЯСЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫ БОЛА ЖАЗДАҒАН…
Ол былай болған екен. Енді халық жазушысы Хамит Ерғалиевтің Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен кездескендегі естелігіне жүгінелік.
«– Мен бас ауруына душар болдым ғой, шырағым, – деді, себебін былайша түсіндірді. Хрущев тың өлкесіне келген сапарларының бірінде үлкен жиыннан кейінгі дастархан басында отырып, қызара бөртіп алыпты да:
– Димаш, депті, – мына Юсупов айтып жүрген әңгіме менің миыма қонып тұр. Тегінде соны алдағы алпыс бесінші жылы заңдастыратын шығармыз (Абырой болғанда Н.Хрущев 1964 жылдың күзінде тақтан тайдырылды да, оның әлгіндей ойына не келсе соны істейтін жымысқы әрекеті іске аспай қалды – Ғ.Т.).
Димекең ол әңгімеден хабарсыз екенін айтса керек. Ендеше хабардар болыңыз депті де, «бас-аяғы жиғысыз далиып жатқан «Қазақстанды республика орталығынан басқару қияметтен де қиын» екеніне сендірмек болыпты. (Құрметті оқырман, 1920-25 жылдары Қазақ автономиялы совет республикасының астанасы болған Орынбор қаласынан Қазақ жерін басқару қиын деген сылтаумен Қазақстанның астанасын Қызылордаға (бұрынғы Ақмешітке) көшіргені, сөйтіп, ол қаладан айрылып қалғанымыз естеріңізде болар. Н.Хрущевтің түпкі ойын енді түсінген боларсыздар – Ғ.Т.). Сонда не істеу керектігін тақсырыңыз былайша таратып айтыпты. Солтүстіктегі астықты бес облыс Ресей Федерациясына беріледі, осының алдында ғана құрылған Талдықорған облысын түгелдей, Жамбыл облысының шығыс жақ бөлегін өзіне қосып алған Алматы облысы – Қазақ Республикасының құрамындағы ұйғыр автономиясына айналады. Алматы қаласы соның орталығы болатын себепті Қазақстан астанасы Қарағандыға көшіріледі. «Зілзаладан көз ашқысыз – өзбек жерінде астана болуға қолайлы жер жоқтығы себепті Шымкент соған берілсе, облыс түгелімен көршіге көшеді. Мұнай кәсіпшілігін бір жерге шоғырландырмақ үшін Маңғыстау түбегі түрікменге беріледі (Астын сызған біз – Ғ.Т.).
– Сонда Қазақстанға шонтайы қала ма?
Осы сөздердің ауыздан шығуы мұң екен, Хрущев орнынан атып тұрып: «Бұл қарғыс атқан ұлтшылдық қашан ғана құриды? – деп столды жұдырығымен қойып-қойып жібергенде, хрустальдар бір-біріне соқтығысып, бірді-екілі фужер сынып та кеткен. Әрине, осыдан кейінгі түні бойы шаншып, кірпік ілгізбеген мида бас ауру пайда болмағанда қайтеді? Кім біледі елім деп еңіреген есіл ердің бәлкім жүректен де алғаш алдырған жері сол түнгі ұйқысыз азап түнегі болған шығар. Өйтпегенде ше! Республиканы өлкелерге бөлшектемей-ақ, бір жылша өзіміз басқарып көрелік, әліміз келмей бара жатса, өмір өзі көрсетер дегені үшін Тәшеновті орнынан ұшырып түсірген әміршіден одан да зорын күтуге болады…». («Елу жыл ел ағасы», Алматы, «Санат» баспасы, 2002 жыл, 416-417 беттер).
***
«1962 жылы СОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросы мен Хрущевтің тікелей өзі Қонаевты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметінен босатып, Министрлер Кеңесінің төрағалығына ауыстыру туралы шешім қабылдады…
Түптің түбінде республика дербестігін жоюды көрінеу көзге мақсат еткен Хрущевтің партиядағы өз қызмет орнын пайдаланып, Қазақстанды өлкелерге бөлгенінің өзі не тұрады? Ұлттық республикаға деген мұндай сорақы көзқарасқа Д.А.Қонаев қана қарсы тұра алды….». (Асанбай Асқаров. «Көзқарас», Алматы, «Жалын», 1996).
***
Міне, Хрущев елді басқарған кезеңдегі ұлт республикалары басшыларының тағдыры осылай болған-ды. Хрущев тіпті Октябрь революциясына қатысып, В.И.Ленинмен және И.В.Сталинмен бірге большевиктер (кейіннен коммунистер) партиясы мен Совет өкіметін құрған В.М.Молотов, Г.М.Маленков, Л.И.Каганович және басқа қайраткерлерді антипартиялық топ деген жала жауып қудалағаны, ал өзінің билік басына келуіне мықтап көмектескен СССР Қорғаныс министрі, атақты қолбасшы, Совет Одағының Батыры атағын төрт рет алған Г.К.Жуковтың өзін орнынан алып тастағаны, мемлекет қайраткері, Ішкі істер халық комиссары, елдің қорғанысын нығайтуға елеулі үлес қосқан Л.П.Берияны заңды белден басып, тергеусіз, сотсыз аттырып тастағаны тарихтан белгілі. Мәскеуде шығатын «Аргументы и факты» газеті «Хрущев – жулик высшей пробы» деп жазған болатын («АиФ», № 26, 2007 г.).
ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙСАР ҰЛДАРЫНЫҢ БІРІ – ЖҰМАБЕК ТӘШЕНОВ
Қазақтың сол кезеңдегі қайсар ұлдарының бірі Жұмабек Тәшенов 1955-60 жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының төрағасы, ал одан кейін 1960-61 жылдары Министрлер Советінің төрағасы қызметінде еліне елеулі еңбек сіңірді. Бұл кезде Хрущев Совет Одағының Коммунистік партиясының бірінші хатшысы әрі Министрлер Советінің төрағасы болып, екі қызметті бір өзі атқаратын. Сондықтан да ұлт республикалары Министрлер Советі төрағаларының жұмысын да бақылап отырды. Өзіне сәл қарсы шыққан адамды қағып тастап отыратын әрекетімен алдымен Совет Одағының Министрлер Советінің төрағасы Н.А.Булганинді қызметінен босатып, оның атқаратын міндетін өзі алып алды. Содан кейін ұлт республикалары Министрлер Советінің төрағаларына тиісе бастады. Алдымен Қазақ ССР Министрлер Советінің төрағасы Ж.Тәшеновті орнынан алды.
1992 жылы журналист Ерғали Ахмет Дінмұхамед Қонаевтың 80 жасқа толуына орай газет редакциясының тапсырмасымен үйіне келіп сұхбат алады. Сол сұхбаттан үзінді келтірелік.
« – Ел арасында сол жылдары Қазақ ССР Министрлер Советінің төрағасы болған Ж.Тәшенов Тың өлкесіне кіретін облыстарды Ресейге қосу жөніндегі Хрущевтің пікіріне қарсы шығамын деп қызметінен қуылып кетіпті деген сөз бар. Осының шындығын білуге болар ма екен?
– Неге болмасын, әбден болады. Бұл ел арасына таралған жалған сөз. Тың игеру жылдарында Ж.Тәшенов Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болатын. Әр түрлі кездесулерде тың игерудің пайдалылығын айтып көзге түсіп, Хрущевтің ұсынысмен, Пономаренконың кезінде болуы керек, республика Жоғарғы Советі Президиумының төрағасы болып сайланды. Бұл жұмысты ол дұрыс атқарып жүрді. Кейіннен Министрлер Советінің төрағалығына ауыстырылды».
Хрущевтің Жұмабек Тәшеновті орнынан тез босатуы сауаты аз болса да, сасық қулығы мол әміршінің түбінде осы жігіт маған қарсы шығып, бір нәрсені бүлдіруі мүмкін-ау деген түпкі есебі болуы да ғажап емес қой.
ИСМАИЛ ЮСУПОВТЫҢ Н.ХРУЩЕВКЕ ХАТЫ
Мұрағат құжаттары не дейді? 1962 жылғы 21-24 желтоқсан күндерінде болған Қазақстан Компартиясы ОК бюросы мәжілісінің №30 хаттамасында И.Юсуповтың КПСС ОК саяси Бюросының Бас секретары Н.С.Хрущевке өз қолымен тапсырған мына хаты қоса тіркелген.
«07.12.1962 г.
ЦК КПСС т-щу Хрущеву Н.С.
ЦК Компартии Казахстана т-щу Кунаеву Д.А.
Совета Министров Каз ССР т-щу Бейсебаеву М.Б.
Исходя из обшегосударственных интересов дальнейшего углубления специализации и правильного размещения сельскохозяйственного производства, Южно-Казахстанский крайком партии и крайисполком, Чимкентский обком партии и облисполком просят ЦК КПСС, ЦК КП Казахстана и Совета Министров Каз. ССР рассмотреть вопрос о передаче Узбекской ССР хозяйств Пахта-Аральского, Ильичевского и Кировского районов, а также все, земли, подлежащие освоению и на центральном массиве в Голодной степи. Это позволит сосредоточить в единых руках хозяйственное освоение и развитие хлопководства в Голодной степи и создать там крупную специализированную на производстве хлопка новую административную область лучше использовать имеющиеся единые каналы, оростительную воду…
Секретарь Южно-Казахстанского крайкома ЦК Компартии Казахстана И.Юсупов».
НҰРЫМБЕК ЖАНДІЛДИННІҢ ӨКІНІШІ
«1964 жылы қара күзде бұрынғы бірінші босап, орнына Қонаев сайланды, – деді Нұрекең. – Бұл енді, жаңа басшы бәрін болмаса да «бұрынғылардың» біразын босатып, айналасын жаңартады деген сөз. Олардың ішінде менің де болатыным анық. Тағы да біреулер. Сондықтан уақыт оздырмай, орнынан «заңсыз» босағанына опынған бұрынғы біріншінің азғыруымен Қонаевтың үстінен бірнеше пақыр арыз жаздық. Мәскеуге, ЦК КПСС-ке. Түк өнбесін білсек те (солай болды да). Айтқандай-ақ, Қонаев біраз адамды босатып, орнына басқалар келді. Менің орныма идеология жөніндегі секретарь болып Целиноградтан шақырған Имашев қонжиды. Ол сонда өлкелік партия комитетінің идеология жөніндегі секретары еді. Біз жазған арызда айтылғандар қаперге алынған жоқ. Күніміз не болады деп айран-асырмыз. Әсіресе, менде зәре жоқ. Жәй қызметке де алмайтын шығар деймін. Жоқ! Бәрі басқаша болды. Бірде қабылдауына шақырған Қонаев жағдайымды сұрап: «Ал, не ойың бар, қандай қызмет істегің келеді?» – десін. Жердің тесігі болса, кіріп кетуге дайын отырған мен не дейін. «Ғылыми қызмет жарар» деп күбір етуден аспадым. Өң-түсінде реніш жоқ Қонаев жайсаң қалпымен: «О не дегенің, Нұрымбек. Сен ғалымсың, доктор, профессорсың. Сондықтан әзірше бір институтқа ректор бол. Кейінгіні көреміз. Келісесің бе?».
«Астапыралла» дедім ішімнен. Күні кеше мен үстінен арыз жазған адам бүгін маған ректор бол дейді. Сенейін бе, сенбейін бе? Қайтейін, мақұл деуін десем де, жердің үстімен барып, астымен қайттым. Жанымды қоярға жер таппай, өзегім өртенді. Қазаққа Қонаевты құдай жеткізген адам екеніне сол жолы имандай иландым. Қателігімді ұқтым. Сенімін ақтауға ниет еттім…».
Жанділдин кесіп сөйлейтін қызуқанды, өткір адам еді ғой, әлгідей деген соң тағы да: «Біз итпіз ғой, итпіз, адам емеспіз», – деп тағы кіжінді. «Сол ісіме әлі өкінемін, бәлкім, өмірбақи өкініп өтетін шығармын», – деп те нығарлады. «Қонаев қазақтың бағына туған адам» деп кейін де талай рет айтып жүрді («Нұрымбек Жанділдиннің өкініші». «Алматы ақшамы», 5 қараша, 2015 жыл).
***
Кемеңгер Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев жайлы осы бір ой-толғамдарымды ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың жыр шумағымен аяқтағым келіп отыр:
Әйтеуір кінә тауып бір жеріңнен,
Сынауға тіптен құмар кім көрінген.
Бірақ та,
Білесің бе, ей, кім көрінген,
Айтсын деп ақиқатты тіл берілген!
Ғазизбек ТӘШІМБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақстанның Құрметті журналисі.