Биіктік. Кеңдік. Тереңдік

Республика сарайында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған қазақ поэзиясының классиктері – Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев және Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 90 жыл толуына орай «Биіктік. Кеңдік. Тереңдік» атты поэтикалық-мәдени кеш жоғары деңгейде өтті.
Аталған рухани шара XX ғасырдағы қазақ поэзиясының көрнекті үш алып тұлғасының шығармашылық мұрасын терең пайымдауға, ұлттық әдебиеттегі орны мен рухани биігін бүгінгі көзқарас тұрғысынан қайта зерделеуге арналды. Кештің атауы да ақындар болмысының көркем әрі дәл сипаттамасына айналып, поэзиядағы даралық сипатын айқын көрсетті.
Кеш барысында Қадыр Мырза Әлінің ой биігі мен философиялық тереңдігі, ұлттық мінезді, қоғамдық сана мен адам болмысын терең зерделеген поэзия тақырыбы кеңінен ашылды. Тұманбай Молдағалиевтің қазақ лирикасындағы сезім кеңдігі, махаббат пен адам жанының нәзік қырларын айрықша сыршылдықпен жырлаған туындылары көрерменге ерекше әсер сыйлады. Ал Жұмекен Нәжімеденовтің терең ойлы, күрделі ішкі әлемге құрылған, азаматтық пафосы жоғары, ұлт тағдырына алаңдаған поэзиясы кештің рухани өзегіне айналды.
Поэтикалық кеш аясында үш ақынның ең таңдаулы өлеңдері оқылып, олардың адам мен қоғам, махаббат пен тағдыр, ел мен жер, рух пен жауапкершілік тақырыбындағы көркем ой-толғаныстары көрерменге әсерлі түрде жеткізілді.
Көркемсөз оқу, сахналық поэтикалық композициялар, бейнеүзінділер мен музыкалық сүйемелдеу кештің мазмұнын байытып, оның көркемдік деңгейін арттыра түсті.
Сонымен қатар ақындардың сөзіне жазылған танымал әндер орындалып, поэзия мен музыка үндестігі арқылы олардың шығармашылық әлемі жаңа қырынан ашылды. Бұл көріністер Қадыр, Тұманбай, Жұмекен поэзиясының бүгінгі ұрпаққа берер тағылымы мол, адамгершілік, адалдық, отансүйгіштік идеяларының мәңгілік құндылық екенін тағы бір мәрте айқындай түсті.
Кештің ашылуында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов пен Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов сөз сөйлеп, қазақ әдебиетінің ұлы тұлғаларын ұлықтаудың маңызына тоқталды. Олардың мазмұны терең, салмақты лебіздері көрерменнің көңіл күйін көтеріп, рухани кештің мәнін айқындай түсті.
«Биіктік. Кеңдік. Тереңдік» атты поэтикалық кеш – тек мерейтойлық еске алу шарасы ғана емес, қазақ поэзиясының алтын қорын жаңаша зерделеп, ұлттық әдебиетке деген құрметті күшейткен мазмұнды рухани басқосу болды. Бұл тағылымды кеш үш бірдей алып ақынның өшпес мұрасы ел жадында мәңгі сақталатынын, олардың поэзиясы ұрпақпен бірге жасай беретінін тағы бір мәрте дәлелдеді.