ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫНДА ЖЫЛҚЫ МҰРАЖАЙЫ АШЫЛСА
09.01.2026
242
0

Әлемде 35 Жылқы мұражайы бар. Мәселен, Ресейде екі мұражай, қымызбен емдейтін ондаған шипажай және бар. Сонсоң 80-нен астам қымыз өндіретін орын, ғылыми зерттеу институттарын да ашып тастаған. Тіпті сахалар қымыз туралы заң қабылдаған. Ал Еуропаның бірқатар елдерінде жылқы мұражайлары әзелден бар. Заманында Наполеонды түре қуып, тәубесіне келтіріп, Сенадан ат суарған біздің бабаларымыз емес пе еді.

Енді мына парадокске қараңыз. Ең көне мұражай 1911 жылы сол Францияның Сомюре шаһарында ашылған екен. Мұндағы мыңға тақау жылқы жөніндегі кітаптарды былай қойғанда, 1400-ге жуық жәдігердің 100-і ертоқым. Сонсоң Париждің түбіндегі Шантилиде де осы іспетті мұражай бар. Бірақ оның бір ғажабы тірі жылқылардың неше түрлі тұқымын көресің. Оның келген туристерге әсері тіпті ғажап.
Жылқыны әзелден «ер қанаты» деп бағасын білген біздің қазақта оған қатысты теңеу, бейнелі сөз қисапсыз. Қамбар ата тұқымының батырлар жырында сұрапыл суреттелуін былай қойғанда, бір ғана Ілияс Жансүгіровтің «Құлагерін» оқысаңыз да жетіп жатыр. Бұл еңбекті жылқы туралы «күй-энциклопедия» деуге де болады.
Жылқыдай есті жануар сирек. Асқар Сүлейменов «Қазақ жылқыдан жаралған» дейтін жалы күдірейіп отырып. Жылқының қадірін бір білсе, қазақ білуі керек еді. Өкінішке қарай, осынау қасиетті түлік соғым кезінде есімізге түсетіні және бар. Жылқының еті мен сүті көп дертке дауа екенін академик Төрегелді Шарманов өмірден озғанша айтудан жалыққан емес. Тіпті оның сүтінен балмұздақ, шоколад та жасатып, әлемдік нарыққа шығара бастады.
Есте жоқ ескі заманда тарих атасы Геродот жазбаларында жылқының отаны осы күнгі Орталық Азия мен Қазақстан өңірі делінгені мәлім. Бертінде Көкшетау маңындағы Ботай мәдени қорығынан табылған жылқыға қатысты 15 тонна жәдігерді сарап­шылаған Жапония, Германия, Ресей ғалымдары осыдан 6 мың жыл бұрынғы жылқының қазіргі қазақ жылқыларының тегімен дәлме-дәл келетінін айтып, жылқының отаны Қазақстан екенін тағы да нақтылап берді. Міне, сол соғым жегіш Қазақстанда қасиет­ті жануарымызға арналған республикалық деңгейдегі мұражай жоқ дегенге сенесіз бе? Арнайы шипажай болса да жоқ. Жылқыға ән-күй арнаймыз, жырға қосамыз, кітап та, басқа да бар, ал нақты құрмет жоқ.
Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданының Қошанкөл ауылында «Сәйгүлік» деп аталатын шағын бір бөлмелі жылқы мұражайы барын білмей отырғаным жоқ. Ел аяғы жете бермейтін жергілікті жердегі бұл елдімекенді бірі білсе, бірі білмейді. Бұл іске мұрындық болған азаматтарға ризамыз. Алайда оның материал қоры, потенциалы қандай деңгейде екені түсінікті ғой. Жылқы туралы мәліметі мол, жәдігерлері жеткілікті, таңғалдыратын, тамсандыратын деңгейдегі мұражайдың да ұғымына сыймайтын бір рухани-мәдени тегімізді, тұрмыстық, ғұрыптық қалпымызды, салтымызды айдай әлемге паш ететін алып кешен Астана, я Алматыдан бой көтерсе болмас па!? Дүниенің түпкірінен ағылып келіп жататын туристер үшін де тамсанып, таңдайының суын жұтып кететін таңсық орталық болмай ма?
Бұл идея әу баста «Ана тілі» ұлт апталығында жүргенде туып еді. Жігіттерге тапсырма беріп, «Қазақстанда жылқы мұражайы бар ма?» (1 – 7.12.2022) деген мақала да жариялағанбыз. Бірақ оған билікте пысқырып қараған ешкім де болмады. Енді жылқы жылында тағы бір айтып қалудың сәті түсіп тұр. Кейінірек біліп отырмын, мұндай ұсыныс бұрынырақта осы саламен айналысатын белгілі азаматтардың да қаперінде болған екен. Жылқы туралы энциклопедиялық еңбек жазған тарих ғылымдарының докторы А.Тоқтабай, Құлагерге ескерткіш қойған С.Түгел, «Арғымақ» сайтының редакторы Е.Жаубай осы мәселені талай көтеріп, тауы шағылғанға ұқсайды. Болмаса жігіттер мұражайдың тұжырымдамасын, жәдігерлер тізімін жасап, тиісті орындарға әлдеқашан ұсынып та қойған. Тек Президент тапсырма бермесе тұяғын қимылдатпайтындарға бір дүмпу керек болып тұр. Қысқасы, мұражай ашу үшін қызықты, танымдық деректер жеткілікті. Жылқының бір ғана жасына қарай жиырма шақты атау бар болса, ат әбзелдеріне қатысты елуден астам этнографиялық пайым, атаулар кездеседі. Әлгіндегі азаматтардың айтуынша, біздің жылқыға қатысты аса құнды жәдігерлеріміздің біразын әдеттегідей «Эрмитаж», Мәскеудегі Ломоносов атындағы мұражай бауырына басып жатқан көрінеді. Кезінде Өзағаң, Өзбекәлі Жәнібеков ашқан Ы.Дүкенұлы атындағы Ұлттық саз аспаптары мұражайының әлемді қайдам, ТМД-да аналогі жоқ еді. Тіпті Ельциннің осы мұражайға келіп тұрып, өзінің мәдениет министріне: «Мәдениетті құтқаруды, көтеруді қазақтардан үйреніңдер» деп айқай салғаны да есімізде. Айтпағым, сол деңгейде тағы бір мұражай ашу үшін енді көп дәлелдің қажеті бола қоймас. Көне тарихты айтпағанда, бертінде үш рет олимпиада чемпионы болған Абсент (аса танымал журналист Ж.Аупбайдың атақты очеркін еске түсіріңіз) «Луговой» жылқы зауытынан шыққанын кім білмейді!?
Жаһанданудың түсінікті әрі түсініксіз бір түрі жасанды интеллект жағадан алып жатқанда елдігіңді, ұлттық болмысыңды шынайы танытатын да, «Жаңа Қазақстанның» абыройын асқақтатын да осындай жаңа іс, жаңа жобаларға негізделген жасампаз жаңалықтар екеніне дауыңыз болмас.

Қали СӘРСЕНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір