ҚАРА ЕТІКТІҢ ТҰМСЫҒЫ
05.01.2026
337
0

Үстінен алып қара машина төніп, жаншып бара жатқан сияқты болды да, селт етіп оянып кетті. Өне бойы сырқырап, денесі қозғалтпайды. Көзін ашқысы келіп еді, ашылмады. Неге ашылмайтынын түсінбеді. Аяқ-қолын қозғамақ болған, одан да түк шықпады. Зілдей қара таспен бастырып қойғандай. Құлағы да күмбір-күмбір, өзіне таныс емес, әлдеқандай дыбыстар – біреулер жүрген сияқты, күбір-күбір сөздер. Не айтып жатқандарын да анық аңғара алмады. Дыбыс шығармақ болып еді, онысынан да ештеңе өнбеді. Ауызы да ашылмайды. Су ішкісі келіп, шөлдеп жатқанын аңғарды.
Су… – деді.
Бірақ дыбысын ешкім естіді ме, естімеді ме, оны да білмейді. Күбірлеген дауыстар жақындай түсті. Әлденелер айтты. Ерінін су шүберекпен сүрткенін түсінді. Бір-екі тамшы өңешіне қарай өткендей болды. Соның өзі жанын рақатқа бөлеп, қайтадан ұйықтап кетті. Өзі ұйқыда ма, әлде есінен танып жатыр ма, әйтеуір, беймәлім бір жағдайда, өң мен түстің арасында, шалажансар күйде. Солай жатқан беті бір кезде тағы да ұйықтап кетті ме, әлде есінен танып қалды ма қараңғы түнек басты.
Бағдат ауруханада жатыр еді. Оның аяғын қозғаған дәрігер ауырсынғанын байқаған. Сондықтан оған тыныштандыратын дәрі салған болатын. Сол дәрі әсер етіп, ұйықтап кетті.
Мұнда келгенде тек кеудесінде жаны ғана бар, шалажансар күйде болатын. Киімін шешіндіргенін де білген жоқ. Денесінде сау тамтық қалмапты дерлік, түгел қанталап кеткен. Аямай соққандары анық. Әсресе екі аяқтың ортасы ісіп кеткен. Әуелде зәрі тоқтамаған, енді мүлде жүрмей қалды. Мұндай жарақат текпілеудің зардабы екенін оташы дәрігерлер бірден білді. Бұған қоса оның қайдан әкелінгенін де олар іштей сезіп тұр. Бір-бірін көзбен түсінген екі қазақ азаматы жарақаттанған жігітке алғашқы көмектерін жасап бақты. Айнасына түсірді, травмотолог, уролог, басқа да дәрігерлерді шақырып, солармен кеңесті. Бірақ оларға бұл жігіт туралы ештеңе деген жоқ. Өйткені мұның алдында да бірнеше жігіт жарақатпен түскен, арасында аяусыз соққыға жығылған қыздардың да бар екені бұлардың ызасын келтірді. Олардың есін жоғалтпаған кейбірі не болғанын айтып та берген.
Бағдат сандырақтап сөйлеп жатып оянды. «Сөйлеген» деген аты ғана, дауысы мүлде шықпайды. Бірдеңе айтқан болып жатыр. Қозғалғысы келеді, бірақ қозғала алмайды. Көзі әлі де ашылмады, тек аздап саңылау ғана білінді.
– Сізге қозғалуға болмайды, – деген әйел адамның дауысын еміс-еміс естіді.
– Шыдаңыз. Сізге шыдауға тура келеді, – деді тағы да ол орыс тілінде.
Дауысы Әсияның дауысына ұқсады.
– Әсия, бұл сен бе?
Жауап болмады. Енді орысшалап сұрап еді:
– Жоқ, мен Әсия емеспін. Сіз ауруханадасыз. Сізге ота жасалды, – деді әлгі дауыс.
Бағдатты бүгін таңертең біреулер аурухананың қабылдау бөліміне әкеліп салыпты. Мұндағылар қайдан жекізілгенін бірден түсінді. Бүгін таңертеңнен бері әртүрлі жарақатпен бірнеше қыз бен жігіт жеткізілген. Қаланың басты алаңындағы бейбіт митингіге барған кездерінде жарақат алғандарын солар айтты. Содан бері жарақат бөліміне бірнеше адам жатқызылды. Басты алаңда не болып жатқанын білген дәрігерлердің төбе шашы тік тұрды. Орталық Комитеттің шешіміне өздерінің наразылықтарын білдіруге барған қыздар мен жігіттерді ешқандай айыру белгісі жоқ, бірыңғай қара киімді сарбаздар қаптап кетеді де, алаңдағы жастарды соққыға жығып, қыздарды шаштарынан сүйреп апарып, милицияның машиналарына, арнайы автобустарға апарып тығып, жатқан оқиғаларды көз алдарына келтіріп, бұлардың да зығырданы қайнады. Не істерін білмей, шарасыздықтан қаны басына шауып, қозғала алмай отырып қалғандары да болды.
«Алаңға барғандарға көмек көрсетпеу керек. Олар Орталық Комитеттің шешіміне қарсы шыққандар» дегендер де болды. Кейбір шовинизм ауруына шалдыққандар мұндай әрекет тек Колбинге ғана емес, бүкіл орыс халқына қарсылық деп түсінді. Ол пікірін анық білдіріп, «жалын күжірейткендер» де табылды. Бірақ қанына тартқан қазақ жігіттері өз дегендерін істеп, осы ауруханаға әкелінген жастардың ешқайсысын емсіз қалдырған жоқ. Оталарын жасады, жарақаттарын таңды. Олардың ішінде осы Бағдат сияқты ауыр халде әкелінгендері де аз болмады. Ал кейбір медициналық орындардың жедел жәрдем жеткізгендерді қабылдамай жібергендері де болыпты. Бұл аурухана болса, жатқызатын орын қалмағанға дейін қабылдаудан бас тартпағанын Бағдат кейін білді.
Екі-үш күн өткен соң, басы мен бет-аузындағы ісік аздап қайтып, көзін зорға дегенде ашты. Бірнеше күннен бері нәр татпай, тек системамен ғана жатқан ол мүлде әлсіз еді. Әлсіздіктің салдарынан ұйықтай береді. Сондай ұйықтап кеткен сәтінің бірінде селт етіп оянды. Өйткені дәл көзінің алдына дәу қара етіктің тұмсығы тақап қалыпты. Енді болмаса бетіне сарт ете түсетіндей. Қатты шошығаннан дауысы да шығып кетті. Палатадағы басқа науқастар мұның шошып оянғанын біліп, бұл жаққа көз салды да қойды. Өзара күбірлесіп, әлдене туралы айтқандай болды. Медбике келіп, ине салған соң ғана тыныш тапты. Әбден терлеп, денесі су болып кетіпті.
Ұйқысы қанып қалған сияқты. Ойына түсінде көрген қара етіктің тұмсығы қайта-қайта орала береді.
…Алаңдағы жастар толқыны бір сәтте алға ұмтылғандай болды. Бағдат та қоса ілесті, тұрып қалуға болмайтын еді. Толқын өзімен қоса алып келе жатыр. Егер тоқтап қалсаң, онда мына толқынның астында қаласың. Айқайлаған дауыстар. Әбден ашынып алған. Милиция қызметкерлері қолындағы қысқа резеңке шоқпарларымен басқа-көзге төпеп, шеттерінен аямай соғып жүр. Бұл жерге Әсия да келіпті. Оны қолынан мықтап ұстап алған. Жанынан жібергісі келмейді. Ол да шыр-пыр етіп, бұдан қалмауға тырысады.
Бір кезде қайдан шыққаны белгісіз, басына қара берет, үстіне қысқа қара күрте киген, бетіне бетперде таққан әскери адамдар сияқты бойшаң жігіттер бүйірден келіп қосылды. Қолдарындағы жүзі жарқыраған қысқа күректерін қыз демей, ұл демей сілтеп жүр. Жастар ұшып түсіп жатыр. Құлағандарын теуіп-теуіп жібереді. Әсияға қарай сермелген күректі жігіттің қолы қағып өтті. Әйтпегенде қызға тиетін еді. Мұны байқап қалған әскери киімдінің бірі мұны мұрттай ұшырды. Қыздың қолынан айырылып қалды. Кешеден бері жауған қырбық қарға етпетінен түсті. Басын көтере беріп еді, бетіне қара етіктің тұмсығы сарт ете қалды. Көзінің оты жарқ ете түсті. Бұл бар дауысымен балағаттап жіберді. Олардың енді бірі бүйірінен тепті. Есінен танып қалды. Кішкене есін жиғанда өздерін бір автобусқа сүйреп әкеліп, тиеп жатқанын байқады. Біреулердің айқайлаған дауысы құлағына шалынды. Одан соң тағы да қара түнек басты…
Тағы бір есін жиған сәтте жастарды автобустан сыртқа қарай, тап бір малдың өлексесі сияқты, лақтырып тастап жатыр екен. Қарсы алдында қызыл ала қанға боялған бірнеше қыз қар үстінде тырбыңдайды, қозғалыссыз жатқандары да бар, біразының киімдері шешіліп қалған. «Оңбағандар, зорлаған ғой! Иттер ғой, мыналар! Нағыз хайуандар! Адамдықтан кеткен азғындар!» деген ой келді Бағдатқа. Басын көтеріп, Әсияны іздемек болған. Сол кезде құлақ-шекеден сарт ете қалған соққыдан қайтадан талықсып кетті.
Қатты тоңып оянды. Күн кешкіріп, қас қарая бастаған. Маңайы зар жылаған қыздар мен боқтап-борап ыңырсып жатқан жігіттер. Кімнің не айтып жатқаны да, өздерінің қайда екені де белгісіз. «Өлмесе – өрем қапсын» деп, Алатаудың көп сайларының біріне әкеліп тастаған сияқты.
Басы мең-зең, көзін аштырмайды. Орнынан тұра алмады. Бір аяғы қозғалмайды. Қозғап көрмек болып еді, аурсынғанда да жаны көзіне көрінді. Тағы біраз жатқан соң, Әсияның жоқтығына көз жеткізді де, төбенің басына қарай бір жамбастап жылжыды. Еңбектемек болып еді оған аяғы мүмкіндік бермеді. Әкесінің «Адасқанда жол байқамақ болсаң, төбенің басына шық» деген ақылы есіне түсті.
Шынында да төбенің басына жақындай бере алыстан сығырайған бір жарықты байқады. Көзін зорға дегенде ашады. Құлағынан бір ызың кетпейді. Басы – бас емес, қауғадай бірдеңе, мең-зең. Тағы да шамалы дем алған соң, сол жарықты бетке алып, аяғының ауырғанына да қарамастан, жылжи берді, жылжи берді. Басқалардың айқайына, айтып жатқан сөздеріне назар аударған жоқ. Тістеніп, өне-бойын ашу-ыза кернеп, өршелене жылжиды. Ойында Брежнев атындағы алаң. «Колбин кетсін!» деген дауыстар. Онда шырқалған «Қазақстаным» әні. «Менің елім, менің жерім. Туған жерім менің – Қазақстаным!» деп
қояды. Оны өзі ішінен айтып жатыр ма, әлде дауысын шығарып айтып жатыр ма, оны өзі де білмейді. Қойны-қонышына қар кіріп бат­тасып, ол еріп, өне бойы су болып кеткен еді. Енді ызғармен қатып, тоңа бастады. Оған да назар аударған жоқ, сауыс-сауыс болған күйі шамасы жеткенше жылжи берді. Анда-санда есінен адасып қалады да, біраз демалып жатып, есін жиған сәтте қайтадан жылжиды. Бір кезде біреулердің күбірлеген дауысын естігендей болды. Даланы ғана емес, мұның санасын да тас қараңғылық құшағына алды… Басқа ештеңе білмейді. Осы ауруханада есін бір-ақ жинады ғой.
Қазақтың дәрігер жігіттері анда-санда келіп, жағдайын біліп тұрады. Қай жерінің ауыратынын сұрайды. Аяқтарын қысып ұстап көреді. Бұл әуелде түк сезбейтінін айтатын еді. Бірте-бірте ауырған жерлерін сезе бастады. Жақ сүйегі шытынаған бетінің ісігі қайтқан, жарақаттарын тігіпті. Басы ауыра береді. Қатты соққыдан миы шайқалған, бұл соның салдары екен. Екі аяғының арасы сыздайды, удай ашиды. Қуығына түтік қойып тастапты.
Бірде түске қарай біреулер келген сияқты. Медбикелердің бірі палатаға жылдам кірді де, мұның құлағына:
– Көзіңізді жұмып, үндемей тым-тырыс жата беріңіз, – деп сыбырлай салып, қайта шығып кетті.
Көп ұзамай олар келіп кірді. Бағдат медбикенің айтқанын істеп, көзін жұмып тым-тырыс жатыр.
– Бұл палатадағылар жол-көлік апатынан ауыр жарақат алғандар. Оларға әзір сөйлеуге болмайды.
Бұл өзін емдеп жүрген дәрігер жігіттің дауысы сияқты. Сол кезде жанындағылардың бірі ауырсынып, ыңырсыған дыбыс шығарды. Дәрігерлер абыр-дабыр болды да қалды. Бөтен адамдардың шығып кетуіне тура келді. Бағдат көзі жұмулы болса да барлығын жақсы сезіп жатыр. Науқас болған соң мұндай дыбыстар шығаруы әдеттегі нәрсе. Ол үшін дәрігерлер онша абыржи қоймайды. Бұл жолы ана бөтен адамдарды бөлмеде ұзақ аялдатпас үшін әдейі осылай істеген сияқты.
…Сол күні сабақтан келген жігіттер жатақханадағы бөлмелерінде түскі шайларын ішіп отырған. Қабырғадағы қалақтай радио әдеттегісінше ақырын қосулы тұр еді. Бір кезде беріліп жатқан хабарды үзіп, диктор жаңалықтардың арнайы шығарылымы берілетінін айтқан кезде біреуі барып, дауысын көтеріп қойды. Радио Алматыда Орталық Комитеттің Пленумы болғанын, онда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамбет Қонаевтың қызметінен кетіп, оның орнына Ульянов обкомының бірінші хатшысы тағайындалғанын хабарлады. Отырғандар ішіп отырған шайларын ұмытып, бір-біріне бақырая қараған беті, тымырайып үнсіз қалды. Не айтарларын білмейді. Бір кезде көрші бөлмедегі жігіттер сау етіп кіріп келді.
– Естідіңдер ме?
– Қонаевты орнынан алыпты.
– Орнына Ресейден келген біреуді қойыпты.
Бұл кезде олар басқа не айтарларын білмейді. Басқа бірдеңе айтуға ауыздары бармайды. Тек шарасыздық танытқаннан басқа не шара бары ойларына да келмейді.
Сол күні кешкісін көрші жігіттер тағы да келді. Еңселері езіліп, не істерін білмей отырған бұларға олардың жаңалығы алыстан бір сәуле көрінгендей әсер етіп, өңдеріне жылу жүгіртті. Олардың айтуына қарағанда, көрші институттың жігіттері Брежнев атындағы алаңға барып, өздерінің қарсылықтарын білдірмек екен.
– Біз де соларды қолдайық, – деді олар.
– Қолдайық, – деді бұлар да солғын ғана, онша құлықты бола қоймай.
– Бұлай қалдыра салуға болмайды. Бұл нағыз қорлық қой. Қазақты халық есебіне санамай отыр. Біздің өзімізден біреуді қоюға болар еді ғой…
– Егер орыс қажет болса, өзіміздің қазақстандық орыстар жетіп жатыр емес пе?!
– Иә, деймін-ау, тіпті Қазақстанда болып көрмеген, Орталық Комитеттің де адамы емес, Ресейдің жай обкомының бірінші хатшысы көрінеді…
Шығып кеткен әлгі жігіттер біраздан соң қайта оралды. Енді олар жаңа ғана қаланың басшы орындарынан біреулердің келгенін, қаладағы бүкіл оқу орындарының студенттері ертең Брежнев алаңына жиналып, қарсылығын білдіретінін жеткізді.
– Біздің барлығымыз да сонда барамыз. Мұндайда бұғып қалсақ, азаматтығымыз қайсы?!
Сөйтіп отырып, кешкі асқа баруды да ұмытып кетіпті. Енді асхана жабылып қалды. Еріксіз құр нанмен шай ғана ішіп, жата салуларына тура келді.
Бағдат түнімен көз ілмей шықты деуге болады. Ойы он саққа, санасы сан саққа жүгірді. Қалай болар екен? «Көшеге шығу», «қарсылық білдіру» деген сияқты шетелдерде болып жататын оқиғаларды теледидардан ғана көретін. Біздің партияның Орталық Комитеті қателеседі, ондай кемшілік жібереді деп өмірі ойламайтын. Бұл басқасын айтпағанда, бүкіл бір республиканың негізгі халқын, бүкіл қазақты мазақ ету, тіпті, намысына тию деп тұжырымдады. Басқа достары да осылай айтты. Бәрінің ойы бір жерден шығып жатты. Жігерленіп, қызуланып, басқа да ащы сөздерді аузынан атқытып жатқандар да болды.
Таңертең ерте тұрды. Содан біраз студент жиналып алаңға келгенде, ондағы адамдар шамалы ғана екен. Ана жерде бір топ, мына жерде бір топ болып шоғырланған жастар. Көпшілігі студенттер сияқты. Сиренасын «ойбайлатып» милицияның машинасы өтті. Енді бір сағаттай тұрғанда, жастар мүлде көбейіп кетті. Түске қарай алаңда ығы-жығы болды. Кейбіреу қолдарына «Пленум шешіміне қарсымыз!» деген сияқты тағы басқа да жазулары бар плакаттар ұстап алған. Милиция қызметкерлері де көбейді. Машиналарының дыбыс күшейткіштерімен «Тараңдар! Заңсыздыққа жол бермеңдер!» дегендей сөздерді айқайлап айтады. Оны тыңдап жатқан ешкім жоқ. «Менің Қазақстаным» әнін шырқайды. «Пленум шешіміне қарсымыз» деп айқайлайды. Сөйтіп тұрғанда, бір шетінен кірісіп, милиция қызметкерлері жастарды ұл-қыз демей, шетінен ұстап әкете бастады. Арпалыс басталып, алаң айғай-шуға толып кетті. Кімнің не айтып жатқанын ешкім білмейді. Бір кезде милиция ұстағанын ұстап, ұстамағанын резеңке шоқпарымен (дубинкамен) соққыға жыға бастады. Ондай соққының бірі Бағдаттың да арқасынан тиді. Кішкене ғана резеңке қолшоқпар сондай қатты тиеді деп өмірі ойламайтын, арқасын осып түскенде қайқаң ете қалды.
Алаңда милициядан қашып, ерсілі-қарсы жүгіріп әбден шаршаған ол кеш бата жатақханаға зорға жетті. Милициядан таяқ жеп, жарақат алғандар да бар екен. Ашынған жастар неше түрлі былапыт сөздерге дейін айтып жүр.
«Ертең тағы барамыз…», «Мұндай заңсыздыққа жол беруге болмайды…», «Қазақ халқын басындырмаймыз…», «Орталық Комитеттің бұл шешімі дұрыс емес…» деген сияқты сөздер ауыздарында.
Жатақханаға сутденттер кеңесінің адамдары да келді. Деканның орынбасары да бас сұғыпты. «Ректораттан да адамдар болды» деген сөздер де естілді. Бірінші қабатқа түскен студенттер: «Астында бөтен адамдар толып жүр. Кірген адамды қайта шығармайды. «Алаңға баруға болмайды» деп жатыр», – деп келген. Бірақ шамалы уақыт өтіп, ел тыныштала бастаған кезде бөлмелеріне екі жігіт келіп кірді. Ақырын ғана амандасып, хал-жағдайларын сұрады. Бұлар бір жағынан сескеніп, бір жағынан сенімсіздікпен қарап, ауыздарын аша қоймады.
Оған ақ көйлек, қара костьюм шалабар киіп, галстук таққан мәдениетті жігіттер:
– Алаңға барғандарың көрініп тұр. Оны жасырып қайтесіңдер. Біз бұл әрекеттеріңді қолдаймыз. Біздің халықты Политбюро қашанғы табанына салып таптай беруге тиіс! Қазақстаннан қоятын бір адам таппай қалды ма екен? Қазір демократияның заманы. Біз де өзіміздің қарсылығымызды білдіруге құқылымыз, – деп майда сөйлеп, жігіттердің намысын қайрай түскен олар алаңға тағы да шығуларын өтінді де, жып-жылдам кетіп қалды.
Онсыз да зығырданы қайнап келген жас жігіттерді мына сөздер одан сайын жігерлендіре түсті. Біраз уақыт демалып, бойларын жылытқан соң, таң қылаң бере бөлмеде бірге жатқан достар бірінші қабаттың терезесінен шығып, тағы да алаңға аттанды. Көшеде автобустар жүрмей қалыпты. Бір автобусқа мінген еді, оларды Абай даңғылымен сонау стадион жаққа апарып тастады. Ол жақтан жаяу оралуларына тура келді. Қарсы жолыққан милицияның патруль машинасындағылар алаңға бармай, осы жерден үйлеріне қайтуларын талап еткен еді, олардан айнала қашып, үй-үйдің арасымен ақыры алаңға да жеткен.
Көп ұзамай қара киімді, беттерін бетпердемен жапқан, қолдарында дубинкалары немесе сапер күректері бар арнайы жасақтың алпамсадай денелі адамдары қаптап кетті. Олар қарсы келгендерді ұрып жығып, жүк машиналары мен автобустарға тией бастады. Бір кезде бұларға да тап берді. Қаша бастағандарды қолындағыларымен соғып жүр. Жүгіріп келе жатып, шалынып құлады. Басын көтергенде, дәл алдында арнайы жасақтың адамы тұр екен. Әлгінің қалың табанды аяқ киімінің қонышының ілгектеліп байланған бауын анық көрді. Сол-ақ екен әлгі дәу қонышты бәтеңкенің тұмсығы оң жақ бетінен сарт ете қалды. Есі ауып қалды. Есін жиғанда автобустың ішінде жатқанын байқады. Тағы да қара түнек басты…
Ойланып кеткен ол жанына медбикенің келгенін де сезбей қалыпты. Инесін шанышқан соң:
– Көп ұзамай басқа бөлімшеге ауыстырамыз, – деді де шығып кетті.
Бар пәле сол басқа, урология бөлімшесіне ауысудан басталды. Мұнда келген соң «жағдайын» сұраушылар да көбейді. Милиция киімімен де, жай киіммен де келетіндердің қатары таусылар емес. Қайда оқитынын, ауруханаға қалай түскенін, қай жерден әкелінгенін білгісі келеді.
Қазақ дәрігерлерінің бірі: «Егер біреулер сұрай қалса «Жол апатына түсіп қалдым» деуді ұмытпа», – деп айтып қойған. Бұл сол әдетпен осы жауапты қайталаудан танған жоқ. Бірақ қадалған жерден қан алмай қоймайтын «үш әріптің» адамдары көздеген мақсатына жетті. Әлгі дәрігер апаттың қай жерде болғанын айтқан. Бірақ бұл өзінің ауруымен әлек болып жатып, оны ұмытып қалыпты. Ақыры айналдырып-айналдырып, мұның алаңға барғанын біліп қойды. Өзі ауру адамның одан сайын ығырын шығарды. Дәрігерлер науқастың мазасын алуға болмайтынын ескертсе, олар: «Сендер мұның алаңға барғанын жасырдыңдар. Сендер де жауап бересіңдер», – деп өздеріне жармасады. «Аурудың тарихында солай жазылған. Басқаны біз білмейміз», – деп дәрігерлер азар да безер болады. Аяқ астынан жауапкер болу кімге жақсы дейсің?!
Келесі бір келгенінде әлгі тергеуші Бағдат туралы институтқа хабардар еткенін, оларға тиісті шара қолдануды тапсырғанын, енді мұны комсомол қатарында қалдырмауы керек екенін мағмұрлана отырып әңгімеледі. Ол шыққан соң ызадан булыққан Бағдат орнынан тұрып, далаға безіп кеткісі келген, оған екі аяғы бастырмайды. Күп болған екі аяқтың арасындағы ісік енді ғана қайтуда. Дәрігерлердің түтікше орнатып бергені жақсы болды, әйтпесе дәретке баруына қиын соққан. Ісігі әбден жазылғанша дәрігерлер мұның басқа жарақатымен, яғни сынған жақ сүйекті, оң аяқтағы жарақатты емдеумен айналысқан. Бұл бөлімшедегі урологтар мұндай жағдайдың көбіне тепкілеуден болатынын ашық айтты. «Тура екі аяғымның арасынан тепкілегенін қарашы, хайуандардың!» – деп қынжылды Бағдат ызадан екі көзі от шашып.
Көз алдына биылғы тамыз айының соңында танысқан сүйкімді Әсия оралды. Айтпақшы, алаңға екінші күні ол да бармақ еді ғой. Ол қандай күйде екен?
Дәрігерлердің мұқият қарап, бірнеше рет тексеруден өткеннен кейін диагнозы да қойылды. Бұл хабар Бағдат үшін ату жазасына кесілген үкімдей болып естілді. Сүйікті Әсиясына бұл туралы қалай айтады? Екеуі оқу бітірген соң үйленбек болып келісіп еді ғой.
– Мұндай диагноз жиі кезедеседі, – деді дәрігер. – Ол үшін уайымдама. Қазір медицинаның дамыған заманы ғой. Әуелі емдеп көреміз… – деп үнсіз қалды.
Міне, Бағдатты шошындырған осы үнсіздік еді. «Емдеуге болмаса ше?» деген ой жылт ете қалды да, ол ойын аузынан шығаруға батпай:
– Одан соң не істемексіздер? – деп сұрады.
– Оған алаң болма. Ол жағын өзіміз шешеміз…
Бірақ дәрігер ештеңе шеше алмай қалды. Бірнеше күннен соң Бағдатты ауруханадан шығаратыны хабарланды. Бұл ана суыр сияқты көккөз тергеушінің әрекеті екеніне шүбәсі болған жоқ.
Сол күні түстен кейін қос балдаққа сүйенген Бағдат аурухананың алдында такси күтіп тұр еді.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір