КӨРМЕС КӨЗ, СЕЛҚОС ҚҰЛАҚ
Қаржы саласындағы әлемдік дағдарыс азуын айға білеген мемлекеттердің өзін әлекке салып жатқан жайы бар. Осы тұста әр ел дағдарыстан шығудың тиімді жолын іздеп, түрлі әрекетке баруда. Соның салдарынан жағадан алған дағдарыспен қатар туған түрлі мүдделер қақтығысы да ел қауіпсіздігіне қатер төндіретін түрі бар. Осындай сәтте ел үшін де, ер үшін де сын сағаты туғанын түсініп, жұдырықтай жұмыла жұмыс атқару керектігі түсінікті. Көбіне шикізат экспортына сүйенетін, экономикасы әлі де тұғырына нық бекіп үлгермеген қазақ халқына әуелі осы шикізаттық психологиядан арылу қажет секілді. Қойнауы қазба байлыққа толы деп мақтанатын жерімізге, мұнайымызға осы уақытқа дейін арқа сүйеп келгенімізбен, «Аспаннан киіз жауса да, сорлы ұлтараққа жарымайдының» күйін кешіп қала бергеніміз жасырын емес. Кезіндегі бабаларымыздың «еңбек түбі – қуаныш, сауда түбі – реніш» дүниетанымы бүгінгі қазақ үшін жат ұғымдай көрінеді кейде. Қазір керісінше, базарда тұрған қазаққа қызыға қарайтын түсінік пайда болған. «Қазақ жалқау» деп санамызға сыналап құйған идеология салқынынан әлі күнге арыла алмай, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп байып кеткісі келетін жұрттың бүгінгі жағдайы, өңірлердегі қауымның тұрмыс-тіршілігі – «Дөңгелек үстеліміздің» кезекті тақырыбы.
– Еліміздегі өңірлердің қазіргі тыныс-тіршілігін қалай бақылап келеміз? Біз мұнайлы өлкелердегі халықты бай санаймыз, ол қаншалықты шындыққа жанасады? Жалпы, Қазақстанда қай аймақ табысты, ал қай өңір «күріштің арқасында су ішіп отырған күрмектің» күйін кешіп отыр?
Әйіп ЫСҚАҚОВ, ҚазҰАУ-дың шетелдермен байланыс және инвестиция бойынша проректоры:
– Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, әлеуметтік желі арқылы ұлан-байтақ еліміздің түкпір-түкпірлерінде болып жатқан жағымды жаңалықтарды, әр түрлі оқиғаларды бақылау оңай болып тұр ғой. Сондықтан бұқара халық өңірлердің тыныс-тіршілігімен жақсы таныс деуге болады. Қазір кез келген көзі ашық адам үшін елдің даму деңгейі оның табиғи ресурстар байлығымен анықталмайтыны анық. Керісінше табиғи ресурстарға тәуелді болып қалған елдерде тұрақсыздық болып жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан мұнай негізгі табиғи байлық болып саналғанымен, оны иеленген халықтың бай болуына кепіл бола алмайды. Ең басты мәселе мұнай өндіру бұрғыларының кімге тиесілі болуы мен одан түскен қаржының қалай бөлінуінде, оны ел экономикасын дамытуға орынды пайдалануда жатыр. Өкінішке орай, тоталитарлық режим орнаған, жемқорлық жайлаған елдер халықтарының бай-қуатты болуына мұнай қорының молдығының еш әсері жоқ. Нигерия елі осыған мысал бола алады. Еліміздің батыс аймақтары мұнайлы аймақ болғандықтан басқа өңірлерге қарағанда табысы мол келіп, олардың дамуына септігін тигізетіні рас. Алайда, мұнай бағасының төмен құлдырауы мұның бәрі уақытша екенін көрсетіп отыр. Ел дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін шикізатқа тәуелді емес салаларын молынан дамыту керек. Әсіресе, көпшілікті жұмыспен қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығын дамыту, ол өндіретін өнімдерді өңдеу өндірісін жетілдіру, жалпы ел экономикасының тұрақты дамуын анықтайды.
Қажы Акбар Аюби, экономист, даниялық қазақ:
– Шетелде жүргендіктен Қазақстанның ішкі жағдайы, экономикасы жайында нақты еш нәрсе айта алмаймын.
Ал Данияда мемлекет бюджеті екі түрлі салықтан жиналады.
1. Қалалық салық – қаланың өзінде қалады. Демек, қала бай аймақта орналасса, қаланың тұрғындары байлау болады.
2. Орталық билікке баратын салық. Бұл салықты бүкіл мемлекет ішіне бөліп береді.
Абзал ҚҰСПАН, адвокат, БҚО адвокаттар алқасының мүшесі:
– Батыс Қазақстандағы (Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Орал) төрт облыстың Оралдан өзге үшеуінде халықтың өмір сүру деңгейі шын мәнінде жоғары. Адвокат ретінде ол маған оңай байқалады. Жұмыс бабымен Атырау мен Маңғыстауға жиі барамын. Мұнайлы өңірлер халқының жағдайы жақсы дегенге Атырау мен Маңғыстау айқын дәлел. Ол аймақтықтар өзге өңірлерге қарағанда Алматы мен Астанадан қорғаушы шақыруға жағдайлары жетеді. Бір байқағаным, ондағы жұрттың мінген көлігі, тұратын үйі, жасаған той шығындары, киген киімдеріне дейін ақшаның бар екенін білдіріп тұрады. Себебі, әр отбасында жоқ дегенде бір адам мұнайдың немесе газдың айналасында жұмыс жасайды.
Ал табысы аз аймақтар деп Орал, Қызылорда өңірлерін есептеймін. Себебі, бұл жерлерде халықтың өмір сүру деңгейі өте төмен. Алайда, бір мұндағы жұрт азды қанағат тұтып үйренген. Мұнда жалпы халық тұтынатын тауарлар мен азық-түлік арзан.
Әлемде мұнай қарғысы (невтяное проклятие) деген ұғым бар. Яғни аз жұмыс жасап, көп қаржы табуға әбден дағдыланып кеткен және бір салаға ғана маманданған халықтың өзге еңбек түрлеріне икемсіз боп қалуы. Бұған мысал болатын елдер аз емес. Арабтың бір шейхы: «Менің атам түйемен жүрді, менің әкем түйемен жүрді, мен «Rolls-Royce»-пен жүрмін, менің балам да «Rolls-Royce»-пен жүреді, ал бірақ менің немерем қайтадан түйемен жүруге мәжбүр болады», – депті. Яғни мұнай таусылғанда қолымыздан ешқандай жұмыс келмейтін, ақсаусақ болып қалған біз қайтадан таз қалпымызға түсеміз дегені.
– Қарап отырсақ, өнімді өзі өндіретін елдердің өкілдері қарапайым келетін секілді. Ал бізде қолына сәл ақша бітсе, көкірек керіп, мұрын шүйіріп шыға келетін әдет басым. Өндіріс пен өнеркәсіпке икемділік жағынан көрші отырған қырғыз халқы бізден басым тұрғаны рас. Мүмкін бізге әуелі өндіруші ұлттардың психологиясын зерделеу керек шығар.
Әйіп ЫСҚАҚОВ:
– Тұрмыстың сананы билейтіні белгілі. Осы орайда тез әрі оңай баю адамның дандайсуына жол береді. Өкінішке орай, мұнай бағасының бір кездері шарықтап дамуы арқасында елімізде қаржы жағы шаш-етектен төгіліп, соның нәтижесінде кейбір адамдардың сіз айтқандай «көкірек керуіне» себеп болғаны рас. Бірақ мұны жалпы қазақ халқына тән, біз көрші халықтардан өнеркәсіпке икемділік жағынан қалыспыз деп айта алмаймын. Мәселе халықты ұйымдастырып, жұмысқа жұмылдыра білуде. Жемқорлықты тізгіндеп, өтірік ақпарат беруді тоқтатып, халықтың еркін еңбек етуіне жағдай жасалса мәселе өздігінен-ақ шешіліп қалар еді.
Қажы Акбар Аюби:
– «Ұлық болсаң кішік бол» деген сөз бар. Расында да дамыған елдердің халқы қарапайым келеді. Ал қарапайымдылық ең алдымен білімділіктің белгісі. Білімсіз адамдардың көбі «мен бәрін білем, менікі жөн» дегендей менмен келеді. Сондықтан білімсіз адамға байлық және мансап бітсе, өркөкіректеніп, шалқайып шыға келеді. Өкінішке қарай, Қазақстанда билік пен байлық білімсіз адамдардың қолында деп ойлаймын.
Жаңа бизнес көзін тауып, оны индустриялық өнімге айналдыру, алынған өнімді шетелге экспорттау кез келген мемлекеттің экономикасын дамытуға әсер етеді. Сондықтан мемлекеттің экономикасы үшін тиімді болатын Жаңа индустрияның пайдалы тұстарына нақты дәлелдер келтіріп, тоқталып өтуді жөн көрдім. А) Жаңа индустрия пайда болған елде, жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер күрт өседі және халықтың тұрмыс-тіршілігі де өзгереді. Егер халықтың сатып алу қуаты артса, онда басқа бизнес орындарының да ашылуына мүмкіндіктер туады. Мемлекет үшін ең бастысы – сапалы салық төлеушілердің саны артып, «табыс салығы» жиналып, әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына кіруге мүмкіндіктер жасалады.
Б) Жаңа индустрия пайда болған елде, сол индустрия тектес басқа да индустриялар пайда болып, олардың әрі қарай дамуына мүмкіндіктер ашылады. Жаңадан пайда болған индустриялардың екі түрі болады. 1) Бәсекелес индустрия, ғылыми орталығы қалыптасқан мемлекетте білім мен технология тез дамып, тез тарап, ұқсас өнімдерді бірнеше компаниялар шығара бастайды. Сол кезде олардың арасында өзара бәскелестік пайда болады. 2) Екінші жағынан қосалқы индустрияларға жол ашылады. Жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз ететін компаниялар. Мысалы, аяқ киім шығаратын фабрика пайда болса, оған бояу қажет. Яғни нарықтағы сұраныс бояу индустриясына жол ашады. Сондықтан экспорт арқылы жаңа индустриясы пайда болған мемлекеттің әлемдік рейтингісі көтеріліп, даңқы артып, танымал бола бастайды. Ең бастысы – табыс салығы ұлғайып, мемлекетті әрі қарай индустрияландыру процесіне жол ашылады. Тек жер асты қазынасын сатып байып отырған ел, мешел ел боп қала бермек және ол қазіргі тілмен айтсақ, тұтынушы мемлекеттер қатарына жатады, ал әлемдегі мықты мемлекеттер арасына қосылғысы келген ел өндіруші де болу керек.
Абзал ҚҰСПАН:
– Атырау, Маңғыстау жақтың халқы қай тұста да қалталы екенін байқатқысы келетіні рас. Негізсіз шығынға көп бататындары да өтірік емес. Ал шын мәнінде маңдай терін төгіп еңбек ететін, еңбекке үйір елдердің халқы қарапайым келеді. Олар біз секілді даңғазалыққа бармайды. Мәселен, Орал қаласында шағын зауыттар бар. Сол жерде жұмыс атқаратын қызметкерлер мен мұнай саласы қызметкерлерін салыстыра алмаймыз. Адамның тұрмыс-тіршілігі оның мінез-құлқына міндетті түрде әсер етеді.
Абай: «есектің артын жу да, мал тап» демей ме. Яғни елдің бәрі бірдей өнер адамы немесе ақын-жазушы, философ бола алмайды. Сондықтан негізгі көпшілік ауылшаруашылығына, өндіріске, еңбекке дағдылануы тиіс. Алыстан іздемей-ақ кешегі тарихымызға үңілсек, кеңестік кезеңде еңбек адамына деген құрмет ерекше еді. Ол кездегі әдебиеттерде еңбек адамының психологиясы, қарапайым жұмысшыларға деген ілтипат, еңбекке баулу өте жоғары деңгейде суреттелетін. Және одан біз ұтылдық дей алмаймын. Ауылдың әлеуеті жоғары еді, мал шаруашылығы да, егіншілік те дүрілдеп тұрды. Алайда, ол тұстағы оқырман мен қазіргі оқырманды салыстыра алмаймыз. Қазіргі оқырманның көңілі алаң. Ертеңгі күні қалай болатынын білмей отырған адамға әдебиет туралы, еңбектің пайдасы туралы айтудың өзі бекер. Егер жұртты еңбекпен қамтамасыз етсе, олардың болашаққа деген сенімі артар еді. Ертеңіне сенімді адам бар шаруаға дұрыс көңіл бөле бастайды. Мен «Болашақ» бағдарламасымен мұхит асып кетіп жатқан жастардың көбін Өзбекстанға жіберу керек» деген пікірімді біраз жерде айттым. Себебі бізге олардан үйренетін нәрсе көп.
– Еліміздегі сүт фермалары сүттерін тонналап далаға төккенін, құс фабрикалары бәленбай тауығын бауыздау салдарының кесірінен саусақпен санарлық өндіріс орындарының жабылып жатқанын көріп жүрміз. Себебі, халық шетелдік тауарларды тұтынуға дағдыланып кеткен. Мүмкін біз халықтың рухани портретін дұрыс жасай алмай жүрген болармыз? Нағыз өндіргіш, инженер адамдардың қиындық пен қайшылыққа толы тағдыры туралы шығармалар біздің әдебиетте жоқтың қасы. Қиындыққа төзбейтініміз, сәтсіздікке тез мойитынымыз әдебиет арқылы дұрыс мінез қалыптастыра алмай жатқаныдығымыздан болар бәлкім?
Әйіп ЫСҚАҚОВ:
– Шынымды айтсам, сүт фермалары сүттерін тонналап төккені туралы естімеппін. Бәлкім, қолдануға жарамай, қауіпсіздік критерийлеріне сәйкес келмеген өнім болуы мүмкін. Ал бір кездері құс тұмауы кезінде тауықтардың жойылғаны рас. Сіз меңзегендей бұның бәрі халқымыз шетелдік тауарларды алып, өз өнімдеріміз амалсыздан жойылып жатыр дегенге мен келісе алмаймын. Әрине, тұтынушыға алдымен керегі сапалы әрі арзан тауар. Сондықтан бұл жерде тұтынушыны кінәлау қиын. Тұтынушыға ауыл еңбеккерлері жұмысының қиындығын жазып, оның көңілін аулай алмайсыз. Тек қана бағасы да, сапасы да жақсы өнімді жарнамалап, оларға қолжетімді қылсаңыз ғана жағасыз.
Қажы Акбар Аюби:
– Әр мемлекет заң арқылы өндірісті қолдап және сырт елден келетін тауарларды қадағалап тұруы керек. Заңы әлсіз мемлекетте өндіріс алға жүрмейтіні белгілі.
Бұл күні Қазақстанда жемқорлық кең етек жайып тұр. Пара арқылы ғана ісіңді алға бастыра аласың. Мұндай ортада отандық және шетелдік әдебиеттің маңызы мен мәні туралы айтудың өзі артық сияқты.
Абзал ҚҰСПАН:
– Мен бұл сұраққа оқырман ретінде ғана пікір білдіре аламын. Қарап
отырсам, кеңес заманындағы әдебиет белгілі бір идеологияға қызмет етті. Бірақ бұл шығармалар қазір көркемдік маңызын жойып алған секілді көрінеді. Себебі, сол дәуірде оқыған шығармаларым менің жанымды тебіренте алмады, жадымда жатталып қалмады. Шынымды айтсам, сол кезде оқыған кітаптарымның ішінде ең әсерлісі – Абай шығармалары еді. Әдебиеттің негізгі мақсаты – «Мен кіммін?», «Бұл өмірге не үшін келдім?», «Өмірдегі мақсатым не?» деген сұрақтарға жауап іздеу деп ойлаймын. Ол кезеңде дінге қатты шектеу қойылғандықтан діннің, руханияттың орнын әдебиет басты. Әдебиетші болмағандықтан мүмкін бұл пікірім қате болар. Бірақ менің ойымша әдебиет адамның рухани болмысын қалыптастыруға қызмет етуі тиіс.
Мәселен, егер сіз базарға барсаңыз, бірінші кезекте «маған не керек» деп ойлайсыз. Сатушы да «мен не сатам» деп емес, «мына тұтынушыға не керек» деп ойлауы керек. Сонда оның кәсібі дөңгеленіп кете берер еді. Ал егер халықтың сұранысымен санаспай әркім өз бетімен жұмысын жүргізе берсе, істің алға баспасы анық. Сол секілді, мен оқырман ретінде кім не жазса, соны оқи бермеймін. Өзіме қажет нәрселерді ғана іздеп оқимын. Яғни мәңгілік сұрақтарға жауап бере алатын, жан дүниеңді тебірентіп, рухани байытатын туындылар қашан да оқылымды келеді. Сондықтан белгілі бір идеологиямен жазылған шығармалардың маңызы аса зор бола қоймайды дер едім.
– Қазақтың қазақтан басқа досы жоғы белгілі. Қазіргі күні халықтың еңбектегі, өндірістегі ынтымағы бізге ауадай қажет болып тұр. Кәсіпкерлер ақшаны оңай табатындай көретініміз рас. Алайда, бізге ұлттың өндірісшіл қалыбын дамыту үшін тар аядағы түсініктерден арылатын уақыт келген секілді.
Әйіп ЫСҚАҚОВ:
– Біз бір нәрсені түсінуіміз керек – бизнесте ұлт деген ұғым жоқ, онда тек пайдалы ма, жоқ па деген ұғым ғана бар. Сондықтан қазақ кәсіпке бейімделіп, іскер болса оның достары да көп болады. Әрине, кешегі кеңес заманында орталықтан басқаруға үйреніп қалған ұлтымыздың нарық заңдарына бейімделуі оңай жүріп жатпағанын мойындаймыз. Дегенмен, жас ұрпақ үлкен бетбұрыс жасап, нарыққа бейімделген заманауи жаңа түсініктер қалыптастырып келе жатқаны анық. Оның мысалдарын БАҚ-тан байқап та отырмыз.
Қажы Акбар Аюби:
– Экономикада табыс пен тәуекел қатар жүреді. Қазақстанның экономикасы әлі күнге дейін тұрақты жағдайға келе алмай отыр. Сол үшін мұнда ақшаны табу қалай оңай болса, жоғалту да сондай оңай. Өндірістің дұрыс дамымауының бір себебі, бұл салаға инвестицияның тартылмауы. Бөлінген инвестицияны қайтару үшін де біраз уақыт қажет болады. Өндіріске жұрттың көп бармауының негізгі себебі осы экономиканың тұрақсыздығы. Яғни мемлекет тарапынан дұрыс жағдай жасалмағандықтан өндіріс орындарын ашу тиімсіз болып отыр.
Абзал ҚҰСПАН:
– Біз ұран ғып айта-айта көп сөздердің қадірін кетіріп алдық. «Па-
триот» деген сөз бар. Бұл сөзді қолдана-қолдана жауыр қылдық. Ал негізінде шын мәніндегі патриоттық тәрбие бізге ауадай қажет. Бір мысал келтірейін, Жапониядағы кезекті қаржылық дағдарыс кезіндегі халықтың ауызбіршілік танытуы үлгі аларлық еді. Сол тұста өздерінен өндірілетін күріш ауа райының қолайсыздығына байланысты лас, сапасыз болып шығады. Бірақ бағасы қымбат еді. Ал көршілес Қытай елінің күріші сапалы, тап-таза әрі арзан болатын. Сонда жергілікті жапондықтар өздерінің күріш өндірушілерін қолдау үшін қымбат әрі сапасыз күрішті сатып алған екен. Шынымды айтсам, халықты осындай ынтымақ пен ауызбірлікке жеткізу үшін қандай жұмыс жасау керек екенін білмеймін. Әрине, ақыл айту өте оңай. Ол тек қана биліктің немесе БАҚ өкілдерінің қолынан келетін шаруа емес екені анық. Бұл жерде кешенді іс-шара жүргізілуі қажет. Халықтан талап ету – оңай, ал халықты жұмылдыра білу – өнер. Мен бүгінгі күні де КСРО тұсындағыдай жалаң ұраншылдықты байқаймын. Жас отандықтар пионерлерді есіме салады. Бәрі жасанды, құрғақ, бояма. Жасап жатқан шаруаларының жүректен шықпағандығы көзге ұрып тұрады. Бұндай дүниелер адамның патриоттық сезімін емес, жиіркеніш сезімін оятатыны жасырын емес. Толстой бір сөзінде:
«Біз – толқынбыз, – дейді. – Мен өзімнің замандастарыммен күресіп көрдім. Олар еш түзелмейді екен. Яғни олармен күресу тиімсіз. Біздің соңымыздан ерген жастар бар. Ұлтына шын қызмет етем деген адам сол жастармен жұмыс жасауы керек. Бізге сапалы жастардың толқынын дайындау қажет», – дейді ол. Мен де осы тұжырымды қатты ұстанатын адаммын. Алмағайып заманда буыны қатқан біздің толқынды өзгерту қиын. Олар қазақ руханиятына қаржы салуға аса құлықты емес. Кейде кәсіпкерлерді қайырымдылық жасауға билік мәжбүрлеп көндіретіні жасырын емес. Біз оларды үгіттеп те, қорқытып та, алдап та бұған көндіре алмаймыз. Сондықтан жастар тәрбиесіне осы бастан дұрыс көңіл бөлу керек. Біз қай салада болсын кешенді жұмыс жүргізуіміз қажет. Оқырманда «елге ақыл айтады, өзі не тындырыпты?» деген сұрақ тумауы үшін айтайын. «Мен қазір қаражатымды ел руханиятына арналған кітаптарды шығаруға арнап жүрмін. Бір ғана үйім мен көлігім бар, бай да емеспін, бірақ ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын дүниелерге демеушілік етейін деп алдыма мақсат қойдым». Әрбір мемлекеттік ұйымға, партияға өз ісін сапалы, нәтижелі атқаруға талап қою керек. Құрғақ ұран мен жасандылықтан халық шаршады.
– «Егер мемлекет 25 пайыз азық-түлікті сырттан алатын болса, бұл ел азық-түлік қауіпсіздігінен айырылады» деген ғалымдар байламы бар. Ал біздегі көрсеткіш бұл межеден асып жығылатыны белгілі. Жыл сайын тонналап ет, сүт, ауылшаруашылық өнімдерін шетелге шығардық деп есеп беріп жататын министрлеріміз бірінші кезекте өз өнімімізбен өз өлкелерімізді қамтамасыз ету жағын неге ескере бермейді деген сауал туады.
Әйіп ЫСҚАҚОВ:
– Өте орынды сұрақ және өзекті мәселе. Алдымен шетелге тонналап сүт, ет шығарып жатқан деген сөздің қаншалықты шындыққа сай екенін біліп алған дұрыс. Ол көрсеткіш ішкі нарыққа зиян келтіретіндей көлемде емес екені анық. Біздегі ең басты мәселе – ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнімділігі мен еңбек өнімділігінің өте төмен деңгейде болуы. Меніңше, осы мәселені шешпейінше азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі де шешілмейді. Әлемде тоғызыншы орын алатын территориямыз бар, ғаламат табиғи ресурстарымыз бар, соған қарамастан азын-аулақ халқымыз үшін шеттен азық-түлік тасу деген елдігімізге ұят нәрсе.
Қажы Акбар Аюби:
– Өкінішке қарай Қазақстанда таяқтың екі ұшы болатынын ескере бермейтін секілді. Тек бір жақты ойлау басым. «Аса байлық жанға қас» деген сөз бар. Қазақ жерінің байлығы әзірге халық игілігі үшін жұмсалып жатпағаны байқалады. Қазірше ол қаржы біріншіден, білімсіздер мен жағымпаздардың лауазымды орындарда отыруына мүмкіншілік тудырып отыр. Екіншіден, халықты жемқорлыққа итермелеп жатыр. Үшіншіден, жұртты тас жүрек етіп, ақша үшін бір-бірін өлтіруге дейін баруға мәжбүрлеп тұр. Қазір Қазақстанда бай мен кедейдің арасы жер мен көктей.
Абзал ҚҰСПАН:
– Менің ойымша, азық-түлік қауіпсіздігі деген бер жағы. Бұл – ұлттық қауіпсіздік. Бұрын аллергиямен ауыратындар сирек кездесетін. Қазір екінің бірі осы дертке шалдыққан. Мен бұны сол әр елден келетін азық-түлік сапасынан көремін. Марқұм әкем еш уақытта бізге ет сатып алдырмайтын еді. Ауылда отырып, етіміз бітті-ау деген уақытта бір малын сойып беріп жіберетін. Бұрын мұның мәнісін аса түсінбейтінмін. Кейін Т.Шармановтың еңбектерін оқығанда көп нәрсеге көз жеткіздім. Біз етті жеудің өзін ұмытып қалған екенбіз. Базарға барып қойдың өзімізге қажет бөлігін сатып аламыз. Ал дұрысында бір қойды сойып алып етін шетінен толықтай жеуіміз қажет екен. Көп нәрсені біле тұра, зиянын көре тұра тұтына береміз. Себебі, етіміз үйреніп кеткен. Заманында Қазақстанның болашағы ауылшаруашылығында деген түсінік бар еді. Біз оны мойындамай, қалаға бет бұрып кеттік. Енді қайтадан ауылшаруашылығын қолға алсақ, болашағымыз жарқын боларына сенемін. Мұнай Қазақстанды ұшпаққа шығарады деп ойламаймын. Әлемдегі ең таза өнімдерді бере алатын санаулы мемлекеттердің бірі – біздің еліміз. Журналистер қауымы Т.Шарманов секілді ғалымдардың еңбегін халыққа таныстырып, жергілікті өнімдердің пайдалы екендігін, шетелден келетін кей өнімнің ағзаға зиянын ашып көрсетіп отырса жақсы болар еді. Менің ойымша, бізге жеке бастың пайдасын емес, ел мүддесін ойлайтын уақыт келді. Жұрттың бәрі тез байып кеткісі келеді. Сондықтан өндіріс орындарын ашудан гөрі саудамен айналысқанды жөн санайды. Бізге жанқиярлық жетіспейді. Жанқиярлық болмаса, ешбір кәсіп алға жылжымайды.
Сопылардан қалған сөз бар. «Адам өмірі – амал, әдет, мінез, тағдыр деген төрт бөліктен тұрады. Егер әдетіңді өзгерткің келсе, амалыңды дұрыста. Егер амалыңды дұрыстамасаң, әдетіңе айналады. Ал әдетіңді түземесең, ол сенің мінезіңе айналады. Мінезіңді түзей алмасаң, тағдырыңа айналады» дейді. Осы бір сөз адамның бүкіл бітім-болмысын анықтайды. «Менің мінезім сондай, әдетім сондай» деп ақталатындар өзіне қандай зиян келтіріп жүргендерін білмейді. Сондықтан әркім күнделікті амалын қадағалуы керек деп ойлаймын.
«Дөңгелек үстелді» жүргізген
Айнара АШАН.