Ұлт-азаттық көтеріліс
Үлкенсаз жайлауындағы жиыннан кейін, Ырғайты болысының бұрынғы биі – Әли Нұрғожаұлы да, ауыл-ауылға хабар беріп, қарулы көтеріліске шығуға жігіттер жинай бастаған болатын. Көп ұзамай, 1916 ж. 17 шілдеде Ырғайты болысына қарасты Көлқамыс бекетінде Бекет қорғаушы орыстармен жергілікті халықтардың арасында қақтығыс болады. Бұл – ел арасында «Көлқамыс бекетіндегі көтеріліс» – деген атпен қалған. Осы бекеттегі шайқасқа қатысқан ақын Кенен Әзірбаев өз көзімен көрген оқиғаны: «Он алтыншы жыл» атты өлеңінде: «Ат қойды Көлқамысқа үш мың кісі, патшаның солдаты екен тамның іші. Мылтықтан қалың елге оқ жаудырды, ойсырап кейін қашты топтың күші», – деп жазды.
Осы оқиға жайлы Ырғайты болысының №12 ауыл тұрғыны Қаймолда Айнақұлов жазып қалдырған қолжазбаны Айнақұловтың қызы Кеңес апайдан алып, Жандарбек Қарабасов түп нұсқасын өзгертпей, «Ноғайбай шешен» атты еңбегіне енгізген болатын. Айнақұловтың осы қолжазбасындағымәліметке қарағанда, 1916 ж. маусым жарлығына қарсы Ырғайты болысының ауыл азаматтарын қарулы көтеріліске бірлесіп шығуға шақырып, Қордай болысынан Кенен Әзірбаев пен Көшекбаев бастаған бір топ жігіттер және Шу болысынан Беке Базарбаев пен Садық Түктіқұртовтар да бір топ жігіттерді бастап Көлқамыс бекетіне келеді. Олар келісімен Ырғайты елінің 11-12 ауылының Әли Нұрғожаев, Байназар Тоғанасов, Сейдалы Орманов, Жарылқасынбай Тәжиев, Төлек Жанұзақов, Әділбай Әдекеев, Жантұрсын Мәсірханов, Көпшілбай Жұмашов, Тайлыбай Байсалбаев, Қаймолда Айнақұлов, басқа ауылдардан келген жігіттер де қосылып, Көлқамыс бекетінің маңына жинала бастайды. Олардың бұл іс-әрекетінен сескенген Әрсе (Арсений), Бабыл (Павел) дегендер Бекеттің (орыстардың орталық байланыс үйі) басшы адамдарын шақырып, там ішіне кіріп, Бекет маңына жиналып жатқан қазақ жігіттерінен құралған топқа қарсы оқ жаудырады. Міне, осы 1916 ж. 17 шілде күні болған қақтығыста, орыстар жаудырған оқтан Байназар Тоғанасов пен Кордайдан келген Көшекбаев қаза тауып, ал Боқбасар Нұрбеков пен Сейдалы Орманов жараланады. Бұны көрген қалың бұқара түгелдей бекеттегілерге қарсы шабуылға шығады. Бірақ күн батып, түнге айналады. Бекетке тығылған оқ атушылар қаша бастайды. Шабуылшылар оларды қуып, іздеп жүріп түнгі сағат 12 шамасында бір пошташыны тауып алып, оны Ақбұзау дегеннің шыңырау құдығына тастап жібереді. Сол түнде Әли Нұрғожаев, Әйнебек, Байториев Есімқұл, Қаймолда Айнақұловтар төрт адамын тағы да ұстайды. Олардың біреуі – бекеттің билеуші төресі, екіншісі – сол төренің әйелі, үшіншісі – сол төренің старшыны, төртіншісі – байланыс бөлімінің баласы екен. Ертеңіне, яғни 18 июльде көтеріліс күшейіп, атыс үдей түседі. Өйткені, оларға көмек келіп, орыс әскерінің саны көбейіп, атыс күшейіп, өлім көбейе бастағандықтан, көтерілісшілер бет-бетіне қаша бастайды. Ал 19 июль күні көтеріліске қатысқан бас-аяғы 42 адам тауға қашып шығады. Тау ішінде 40 күндей болып, атыс тоқтағаннан кейін, Нұрбек Бөкешұлы, Мұңайтбек Солтанаев, Бекбала Дүйсенбаев, Әділбек Жайсаңбаев, Төлек Жанұзақов, Жарылқасын Тәжиев, Әділбай Әдекеев, Мәсірханов Жантұрсын, Көпшілбай Жұмашовтар, т.б. келсе, Көлқамыс бекетіндегі байланыс үйіне келген орыс шенеуніктері сол жерде тұратын 12 жігітке окоп қаздырып, оларды бір-бірлеп шақырып алып, атып өлтіріп, бәрін бір окопка салып көміпті. Солардың ішіндегі Бөшеннің ұлы Маулыбай деген жігіт кедей шарулардың жоқтаушысы екен. Көлқамыс бекетінің жанында Манапбай Саурықұлы, Аманбай Әбденұлы, Найзабек және тағы бір кісі бар, төртеуін де атып, бір құдыққа тастап кетіпті. Айнақұлов қолжазбасының соңында, Көлқамыс бекетіндегі қақтығыстан кейін,тамыз айының басында Сарықойын деген жерде № 11 ауылдың 17 адамын және Сулы Қоянды сайының аузында Калыкел Мұстафаұлы мен №11 ауыл старшыны Сыбанқұл Тойшыбеков екеуін де орыс жендеттерінің атып кеткені туралы айтылады (Қарабасов Ж. Ноғайбай шешен. Зерттеу еңбектері – Алматы. «Алматы Болашақ» АҚ. 2014. 156-б.).
Осы Ырғайты болысының Сарықойын шатқалында орыс жендеттерінің № 11 ауылдың 17 адамын атқандарын көзімен көрген Бүркітбай қарияның жары – Нұрлайым апа бұл оқиға туралы былай деп айтқан: «Көлқамыс бекетіндегі қақтығыс аяқталған соң, тамыз айында тауға қашып, үріккен елдің жақын арадағысы ауылдарына қайта қоныстана бастаған кез екен. № 11 ауылға орыс жендеттері келіп, әр үйден ер адамдарды жиып, Сарықойын шатқалының аузына айдап апарып, атқандардың ішінде Бүркітбай да болыпты. Жендеттердің атқан оғынан ол кісі жеңіл жараланып, құлап жатқан жерінде, өлген-өлмегенін анықтау үшін, жендеттердің біреуі жамбас тұсынан мылтықтың штыгімен тағы бір шаншып, «өлді» деп ойлап, кетіп қалады. Ауыл жұрты оларды күндіз барып көруге батпай, кеш түсе барып қараса, жалғыз Бүркітбай ғана тірі екен. Оны қансырап жатқан жерінен ауылға әкеліп емдейді. Ол кісі сол жарақатының салдарынан бір аяғынан кемтар болып қалыпты. Сол күнгі шейіт болғандарды ел жиылып, Сарықойын шатқалындағы Шетенді бұлағының бойына (қазіргі Жаманты ауылының маңы) жерлепті.
1916 ж. Көлқамыс бекетіндегі көтерілістің артынша, тамыз айында Көлқамысқа жақын Самсы бекетінде де айтарлықтай бас көтеру болады. Өйткені, Жетісу облысының әскери губернаторы Фольбаум 1916 ж. 3-ші тамызындағы бұйрығымен Ботбай болысының басшысы Қалдыбай Ағадаевты майдан жұмысына алынатын адамдардың тізімін жасап беруден бас тартқаны үшін қызметінен босатып, оның кандидаты Қасен Әжібаевты тағайындайды (7.ҚРОММ. 44-қ., 1-т., 19743-іс). Бірақ бұл істің беталысын өзгерте алмайды, ашынған халық шиті мылтық, айбалта, сойылмен қарулана бастайды. Жаңадан тағайындалған болыстың 5-ші тамызға шақырған жиыны өтпей қалады. Сол күні, Ботбай болысы басқарушысының кандидаты Бейсебай Канапияұлы, бұрынғы болыс Ақкүшік Жолдыбаев, би Досым Боқбасаров, Хасанай Әдербеков, Қалдыбай Тайторов, Әбдіжапар Самылтыров, Жақыпбай Бекбердин, Кетембай Рысқұлбеков, Әлдеке Бейсенбинов, Қасым Қаражанов, т.б. елге сыйлы ақсақалдары мен байларына қосылған Кастек болысының бұрынғы болысы Шірікбай, бұрынғы халық соты – Шалтабай қажы Құдайбергенов, Аршабек (Беспаев), Қашаған билер, Тайторыдан – бұрынғы халық соты Темірбектер қатысқан, Самсы өзенінің төменгі сағасында Ырғайты, Тайторы, Батыс Қастек, Шығыс Қастек, Ботбай болыстарынан жиылған топтың жиыны өтіп, майдан жұмысына адам бермеу және бірлесіп қарулы көтеріліске шығу жөніндегі мәселе талқыланады. Олардың көтеріліс жоспары бойынша, орыс селоларына шабуыл жасап, қаруларын тартып алып, Самсыдан Отар, одан Қордайға дейінгі байланыс сымдарын үзіп, Үшқоңыр жайлауындағы ұлт-азаттық күресінің басшысы – Бекболат Әшекеевке қосылып, орыстардың көп жиналған жері – ұлықтары мен жандаралдары және әскерлері орналасқан Верный қаласына аттану еді.Бірақ 1916 жылы 6 тамызда Ботбай елінен майданға жігіт жинауға келген патша шенеунігі – Отар учаскесінің приставы Гилевтің отрядына жергілікті ботбайлық тұрғындар «майданның қара жұмысына адам бермейміз», – деп қарулы қарсылық көрсетеді. Самсы маңына жақын жердегі Ырғайты, Батыс Кастек, Шығыс Кастек, Тайторы болыстарының көтерілісші жігіттері ботбайлықтарға келіп қосылған осы шайқасқа Нұрқа Қосынов бастаған Шамалған болысының №9 ауыл жігіттері мен Жайылмыс болысының №4 ауылының қазақтары, Мойынқұм болысының бұрынғы басшысы Жолдыбай Майлыбаевтың басшылығымен 470 адам, Үлкен Алматы болысының бұрынғы басшысы Байбосын Тамабаевтың көтерілісші жігіттері қосылып, Самсы бекетін қоршап алып, пошта станциясын өртеп, Ташкент, Пішпек, Верныймен байланыстыратын телеграф сымдарын қиып, Отар учаскесінің приставы Гилевтің отрядымен шайқасады (ҚРОММ. 797-қ., 1-т., 36-іс. 158, 160-161-п.). Көтерісшілердің бір тобы Фольбаумның көмекке жіберген 170 берданкалары мен 40 мың патрон тиелген көлігін қолға түсіріп, патша әкімшілігін жақтаған бірнеше орыс көпестері мен мұжықтарын тұтқындайды
(Джусупбеков С. Город Верный. Алма-Ата, Казахстан, 1980.-88-стр.). 1916 ж.
6 тамызда Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы А.Н.Куропаткинге жолдаған жеделхатында Фольбаум: «Бүгін кешкісін Верный уезінің Ботбай, Тайторы, Қастек, Батыс Қастек, Ырғайты болыстарының тобырланған қазақтары Самсының маңында Отар учаскесінің приставына бағынбай, дұшпандық жасап, телеграф желісін қиып, пошта жолын бөгеп тастады… Жергілікті полицияның хабарлауынша, қолына қару ұстауға жараған бірде-бір қазақ көтерілістен тыс қалған жоқ. Бүлікшілерді жазалау және орыс селендерін қорғау үшін әскер жіберілді» деп хабарлаған (Востание Средней Азии и Казахстане, М., 1960.). Самсы елді мекенінде болған шабуыл саябырсыған кезде пошта бастығы Никитин тобы мен Гилев отряды 7 тамыз күнгі таңғы сағат 6-да қоршаудан қашып шығып, Казано-Богородское (қаз.Ұзынағаш) станциясына барады. 7 тамыз күні Верныйдан Самсыға жедел түрде көтерілісшілерге тойтарыс беріп, тарату үшін есаул Бакуревич басқарған әскери отряд жіберіліп, күш-қуаты тең емес екі жақтың шайқасы басталады. Айбалта, қылыш, бақан, шоқпар сойылмен, ішінара мылтықпен ғана қаруланған көтерісшілер жазалаушы отрядқа қарулы қарсылық көрсетеді. Әйтсе де, зеңбірек пен винтовкадан жауған оққа төтеп бере алмай, едәуір шығынға ұшырап, көтеріліс басшылары мен біраз ауыл жігіттері тұтқындалып, жеңіліс табады. Өйткені, Верный іргесіндегі көтеріліс ошақтарын іштей ыдыратып, халық толқуын жедел түрде басып-жаныштауға ұмтылған патша өкіметі көтерілісшілерге қарсы зеңбірек, пулеметтермен қаруланған жазалаушы отрядтар жіберіп, оларды аяусыз қатаң жазалануын талап етеді.
Көтеріліс басылғаннан кейінгі Ресей әкімшілігінің әрекеттерінің бірі – «устрашение» болған. Мәселен, Жетісу облысының әскери-губернаторы Фольбаум: «тәртіп орнату үшін бүлікшілердің бірнеше жүзін қырыңдар» деген қатаң талап қояды (ҚРОММ. 44-қ.,1-т., 19575-іс, 80-п.). Көп ұзамай хорунжий Александров жүздігі мен прапорщик Махонин басқарған рота келіп, алдынан шыққан ауылды өртеп, елді көтеріліске қатыссын-қатыспасын «басқалар қорқу үшін» атып, жойып, малын айдап, дүние-мүлкін тонап, Самсы төңірегіндегі тұрғындарды қырғынға ұшыратады. Сөйтіп, хорунжий Александровтың жазалаушы отрядының қолынан ботбайлардың үш бірдей ауылы жойылып, еңкейген қарттан жөргектегі балаға дейін қырылады (Қырғыз Респ.ОММ. 75-қ., 1-т., 50-іс. // ҚР.Президент мұрағаты. 811-қор. 23-іс.149, 143-б.б.). Бұл әрекеттері туралы бір ресми құжатта: «хорунжий Александров со своей сотней уничтожил три аула, сжег стойбища, угнал скот» – делінген (Востание Средней Азии и Казахстане, М., 1960.; 662, 663-б.). Сонымен бірге, көтерілісшілерді басып, жою үшін Фольбаум небір құйтырқы әрекеттерге барады. Атап айтсақ, жергілікті халықтың арасынан агенттер (тыңшы) мен дружиналарды қалай дайындау жайында нұсқаулар дайындалып жөнелтеді (ҚРОММ 44-қор. 20071-іс). Осы Самсы төңірегінде орын алған көтеріліс – тарихта «Самсы» немесе «Ботбай» көтерілісі деген атпен қалған.
Т.Бокин 1916 жылғы көтеріліс жетекшілерінің бірі болды. Тоқаш Бокин Самсы бекетіне шабуыл кезінде топтың артқы жағында болды, оның айтуымен телеграф сымдары үзілді. Сөйтіп, Қордайға дейінгі бүкіл желі зақымдалды. Ол туралы
С.Жүсіпбековтың «Город Верный» атты кітабында: «Водной из справок верненский полицмейстр сообщал: «получены, но не проверено сведения, что Токаш Бокин находился позади толпы и якобы по его инциативе был порван телеграф». Семиреченский полицмейстр не ошибался, Токаш Бокин действительно находился среди повстанцев и руководил боевыми действиями», – деп жазылған (Джусупбеков С. Страницы истории. Алма-Ата, Казахстан, 1980. 87-стр.). Сонымен қатар, Верный полицмейстрі Поротиков Тоқаш Бокиннің көтеріліске қатысы барын анықтау үшін 15 тамыз күні іссапармен орыс селендерін аралап келген облыс архитекторы А.А.Пугаченковтан сұрап білмек болады. Пугаченковтың берген жауабы тіркелген хаттамада: «8 шілде күні Бургун (Самсы) селосына келгенімде, орыс шаруалары Тоқаш Бокинді осы жерде көргенін және оның жараланғандардың жараларын таңуға көмектескенін айтты. Ал қайтар жолымда, Т.Бокиннің Самсыдан Верныйға жеткенше қазақ болыстарын аралай, жол-жөнекей орыс селоларына тоқтап, патша әскерлері туралы дерек жинап, олардың қимыл-жоспарын сұрастырғаны туралы орыс шаруаларынан естідім», – делінген (ҚРОММ. 51-қ., 1-т., 98-іс.). Бұл дерек «Т.Бокин Самсы көтерілісшілерінің ішінде болды» дегенді айғақтай түседі. Осы көтеріліс жайлы қазақтың біртуар ұлдарының бірі – Тұрар Рысқұлов: «Көтерілістің бір күшті болған жері – Отар ауданы (учаскесі) мен Самсы төңірегі, бұл жерлерде Ботбай, Батыс Кастек, Шығыс Кастек, Ырғайты, Тайторы деген қазақ болыстарының елі көтеріліс жасады».
(Т.Рысқұлов. «Ақиқат» журналы, №1, 1992. 55-бет).
Отар учаскесінің приставы Гилевтің 18 қыркүйек күні Верный уезінің әскери-губернаторына жазған мәлімдемесіне жүгінсек, Батыс Қастек болыстығының 14 ауылының 60% -ы алыс-жақын жерлерге қоныс аударып кеткен. Сонымен қатар, Гилев Самсы маңындағы көтеріліске қатысқан Батыс Кастек болысының 40-тан астам адамы тұтқынға алынғаны жайлы мәлімдеп, әр ауылдың көтеріліс басшылары мен қатысқандарының аты-жөнін атап өтеді (ҚРОММ. 797-қор. 1-т., 45-іс).
Осы жоғарыдағы мәліметтер мен мұрағат құжатындағы дерекке қарағанда, Көлқамыстағы қақтығыс пен Самсы маңындағы көтеріліс кезіндегі патша өкіметінің жазалаушы отрядының іс-әрекетіне ыза-кегі бар Ырғайты көтерілісшілері Отар маңындағы орыс мұжықтарының қолындағы қару-жарағын тартып алу мақсатымен Әли Нұрғожаев бастаған
№ 11, 6, 2 және 8 ауыл жігіттері бірігіп, атақоныстары Тес-Шеле, Шетенді, Күркіреуде малшаруашылығымен айналысып отырған орыс мұжықтарының «Осташ-
кинско-Сергиевское» атты ұжымына
1916 ж. 7 тамыз күні шабуыл жасап, малдарын айдап әкетіп, өздерін байлап, №11 ауылға әкеліп, бір киіз үйге қамап, маңына қарауыл қойып, содан кейін орыстардың хуторларына барып, әйел, бала-шағасын әкеліп бәрін бір үйде ұстап, сырттарынан 20-дай адамды қарауылға қояды. Ертеңіне бүкіл ауыл үдере көшіп, өздерімен оларды тауға апарып, тағы да жеке үйде ұстайды.Бір күн өткеннен кейін Ырғайты болысының қазақтары – Сәрсебек Жарасов, Малғара Құрымбаев, Ш.Мұсабеков, Сандыбай Карпыков, Ш.Тұрлыбаев, Бошқұл Аламановтар Отар учаскесіне барып, «орыс шаруаларымен өзара келісімге келеміз» деп, тұтқында ұстаған 16 орыс мұжықтарын босатып, бала-шағасын мал-мүліктерін қайтаруға уәде береді. Тұтқыннан оралған орыс шаруалары хуторларын тас-талқан болып, қирап тоналған мүліктерін көріп, Отар учаскесінің приставына келіп, ауызша арыздарын айтады. Сөйтіп, 7 жылқы, 204 бас ірі қараны және тағы басқа дүние-мүліктерін аман-есен қайтарып алады. Әйтсе де, іс сотқа жетіп, 15-ші тамыз күні Казанско-Богородское селосына сотқашақырылған Осташкинско-Сергиевское» ұжымының шаруалары Н.И.Переверзов пен М.Кушнарев сол оқиғаны сотқа былайша мәлімдейді: «Хуторымызға шабуыл жасаған қазақтар, үй мүліктеріміз бен бірге төрт мылтығымызды және ауылшаруашылық машиналарымызды қиратып, темірлерін майыстырып, инструменттеріне дейін алып кетіпті. Хуторға шабуыл жасауға қатысқандар: №11, 6, 2 ауылдар және 8 ауылдың бір бөлігі. Солардың ішінен танығанымыз №11 ауыл старшыны Сыбанқұл Тойшыбеков пен № 6 ауыл биі болған Әли (Нұрғожаев) болды», – дегенді айтады. Ал сол күні «Осташкинско-Сергиевское» атты ұжымының мүшелерінің атынан Верный уезінің 7-ші учаскелік сотына Владимир Полумыскин бұл істің тоқтатылуын өтініп, арыз береді. Онда: «біздің хуторларға шабуыл жасап, талқанын шығарып, тонаған Ырғайты болысының №11 ауыл тұрғындарының басшылары: Сыбанқұл Тойшыбеков, Калыкпай Базарбаев, Тортай Айтуев, Беспай Абенов, Мүлкаман Байтасовтар екені анықталған соң, бұларды тыныштандыруға келген жазалаушы әскери отряд оларды ұстап, атып кетті. Ал №6 ауылдың жігіттерінің басшылары – Ноғайбай Жамболов, Қалиасқар Ноғайбаев, Келдібай Айнекеев және Тайты Нұрбаевтар тауға қашып кетіпті. Кейін, олар да ұсталып атылды. Бұл іске қатысты айыпкерлер тиісті жазасын алды, мал-мүліктерімізқайтарылды. Егер заңға қайшы келмейтін болса, іс кешіріммен тоқтатылса, біз қарсы болмаймыз, делінген (ҚРОММ. 102-қор. 1-тізбе, 6в-іс). [Ал мұрағат құжатында Ырғайты болысының №7 ауыл биі Жапар Тоңғақов, №11 ауылдың старшыны Сыбанқұл Тойшыбековтың бүлікшілік кезінде қаза болғаны туралы бұйрық бар» (ҚРОММ. 41-қор 2-т., 24-іс., 52,53-п.)].
Осы «Осташкинско-Сергиевское ұжымына шабуыл жасалған оқиға жайында №6 ауыл тұрғыны Әлидің туыстарының айтуынша, Жаманты тауына тығылып қашып жүрген Әли Нұрғожаұлы мен Ноғайбай Жамболұлы және оның баласы Қалиасқарды ұстап беру үшін, орыстарды жақтаушы Бәймен болыс «табысуға келсін» деген сылтау айтып, кісі жіберіп шақыртады. Әли «таудан түссек өлтіреді» деп келмей қояды. Ал Қалиасқарға әкесі Ноғайбай «сен де түспей-ақ қой» десе, ол «жоқ, мен түсемін» деп әкесін тыңдамай қояды. Әкесі оны жалғыз жібергісі келмей, «онда мен де түсемін» деп таудан екеуі де түседі. Сөйтіп, олар Ақтеректің аяғындағы Көлқамыс базарына келген жерінде Баймен болыстың көрсетуімен Қалиасқарды жендеттер атады. Баласының өлігін құшақтай, үстіне құлай кетіп, зар еңіреп жатқан Ноғайбайды да атып, екеуін де бір шұңқырға тастайды. Ал Әли Нұрғожаев пен Ахмеджан Бестыбаев тауда болғандықтан бұл жолы тұтқынға түспей аман қалады.
Жоғарыдағы мұрағат құжаттағы мәліметтерге қарағанда, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде Ырғайты елін көтеріліске үндеп, қол бастап шыққан батырдың бірі – Әли Нұрғожаев жастайынан хат таныған, көзі ашық, көкірегі ояу, ел билігіне араласқан, батыл қимылды жігіт болған. Ол патша жарлығы шыға салысымен патшаға бағынбай, қарсылық көрсетуге ауыл жігіттерін ұйымдастырып, алғашында Көлқамыс бекетіндегі қақтығысқа, одан кейін, 6 тамыз күні Самсы маңындағы Ботбай ауылдарына майданның қара жұмысына жігіт жинауға келген Гилев отрядымен болған шайқасқа қатысады. 7 тамыз күні орыс мұжықтарының «Осташинско-Сергиевское» атты ұжымының хуторларына шабуыл жасау арқылы мылтықтарын алып кетеді. Сол күні келіскен жоспар бойынша, телеграф сымдарын жою мақсатымен Әли Нұрғожаев жасақтары мен Отар станциясына шабуыл жасап, күзетуші топпен шайқасып, пошта үйін қоршап, ішіндегі адамдарды сыртқа шығуға мүмкіндік бермей, Отар мен Қордай арасын байланыстыратын телеграф сымдарын үзіп, бағаналарын қирата бастайды. 8 тамызда Ырғайты жігіттерінекеліп қосылған қордайлықтармен бірігіп, Отардан Қордайға дейінгі телеграф желісін үзіп, бағаналарын қиратып, талқандайды. 9 тамыз күні таңғы сағат 6-да Пішпектен көмекке келген күзет тобының басшысы прапорщикМелешкеевичпен шайқаса отырып, телеграф желісі Ұзынағашқа дейін талқандалады (ҚРОММ. 44-қ. 1-тізбе, 20072-іс.).
Мұрағат құжатында Верныйдың полицмейстрі Поротиковтың 11 тамызда көтерілісшілерді тергеп, сұраққа алған хаттамасында: Ырғайты болысының көтерілісшілерінің басшысы Әли Нұрғожаев болды», делінген (ҚРОММ. 1-т., 51-қор. 98-іс). Сондай-ақ, Әли батыр 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде Ырғайты өңіріндегі ауыл жігіттерін көтеріліске ұйымдасқан түрде шығуға шақырып, жүздік топтар құрып, оларға қолбасшылық еткені туралы, жоғарыдағы мұрағат құжатындағы деректерді 1916 жылғы көтеріліске қатысқан осы өңірдің тумасы ақиық қазақ ақыны Кенен Әзірбаевтың «Әли батыр» жырдастанындағы мәліметтер толықтырары хақ. Осы 1916 ж. дүрбелеңде Әли Нұрғожаұлы бастаған Ырғайты, Қордай көтерілісшілерінің жыршылары – Кенен Әзірбаев пен Есдәулет Қандеков болды. Сол үшін Есдәулет ақын 20 жылға жер аударылады. Бұл айдаудан ол Қазан революциясынан кейін ғана оралады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде ауыл халқын көтеріліске үндеп, Әлидің жасағына қосылуға шақырған ақын Кенен Әзірбаевтың «Аттан» атты өлеңінде: « …Ел жұртым, бас қосалық, аттаналық, Әлидің жасағына сапталалық. Қорлықтан соғысып өлген артық, Патшадан кегімізді ап қалалық. Аттаныңдар-ау!» – деп шырқалады.
1916 жылы қазан айында қолында қаруы бар орыс отрядтарының күшінің басымдылығынан Жетісудағы көтеріліс басылып тасталған соң, орыстардың қарулы әскерінің тегеурініне шыдамаған қазақ көтерілісшілері қырғыз асып, тауға тығылып, бас сауғалаған. Нүсіпбай мен Майсап оққа ұшып, жау қолынан көтеріліс кезінде қаза тапқан.1916 жылғы көтеріліс кезінде Әлидің әйелі, бауыры және балалары патша жендеттерінің қолына түсіп, қатты азап шегеді. Ырғайты өңірінің көтеріліс басшысы – Әли Нұрғожаұлы қырғыз жерінде жасырынып жүруге мәжбүр болған. Кейін ұсталып, Верный түрмесіне жабылғаны туралы мұрағат құжатында көрсетілген. Сол құжаттағы дерекке қарағанда, Әли Нұрғожаевты 31 октябрь күні тұтқынға алып, Отар учаскесіне жеткізеді. Верный уезінің 7 учаскелік соты оны 7 ноябрь күні Верный түрмесіне жабады. Әли соттың сұрағына былай деп жауап береді: «Ботбай болыстығының Сарыбастау деген жеріне барып келсем, шешем: «Ырғайты болысының басқарушысының жігіттері — Садуақас Сәтов және қасында 3 солдат бар, Келдібай Нұрғожин және Ноғайбай Жамболов, Қалиасқар Ноғайбаев, Тайты Нұрбаевты ұстап әкетті. Сені де іздеп, «тұтқындаймыз» деп біраз күтті», – деді. Соны ести сала, Ахметжан Бестыбаев екеуміз ауылдан 5-6 шақырым Жаманты тауына қашып кеттік. Ертеңіне сол тұтқынға түскен «туыстарым жайында біліп кел» деп Бестыбаевты жібердім. Сөйтсем, туыстарым жендеттер қолынан қаза болыпты. Содан кейін Бестыбаев екеуміз қырғыздарға кеттік. Ол жақта екі ай тұрдым. Ол жақтан мені «іздеп тауып әкел» деп болысымыз бауырым Жапарбекті жіберіпті. Ертеңіне өзім келдім» (ҚРОММ. 102-қор. 1-тізбе, 6в-іс).
Көнекөз туыстарының айтуынша, Әли қолға өзі келіп түседі. Оны Алматыға әкеп түрмеге қамайды. 1917 ж. Ақпан төңкерісінен кейін түрмеден босап шығып, үш жылдан соң, өз ажалынан қайтыс болады.
Әли батырдың ерлік істерін тереңдете зерттеу және өнеге тұтып, ұлықтау жас ұрпақтардың алдағы міндетінің бірі болып тұрғанын да ескерте кетейік. Өйткені, Әли Нұрғожаұлы секілді қазақ халқының азаттығын аңсап, елім деп еңіреп өткен ерлердің есімі – олардың туған жерінің халқы бар да, аттары өшпек емес. Бұл – артында жақсы сөз, өнерімен өшпес із қалдырған ақиық халық ақыны Кенен атамыздың да арман тілегі болар.
1916 ж. шілде айының басында Үшқоңыр жайлауында болған жиыннан соң, Жайылмыс болысына қарасты №4 ауыл тұрғыны Бекболат Әшекеев – әкесі Әшекей би Дайырбековтың аманаттап қалдырған ақ шүберектен жасалған туын тігіп, жақын болыстықтардан көтеріліске жігіттер жинап жатқан болатын. Сол кезде Үлкен Алматы болысының бұрынғы болыс басшысы Байбосын Тамабаев та өз болысының жігіттерін көтеріліске үндеп, жасақ құрады. Байбосынның өз руластарынан құрылған жігіттері қолына түскен мылтық, айбалта, қылыш, бақан, шоқпармен қаруланып, қазақ пен қырғызды бірлесіп күресуге шақырып жатқан Бекболат Әшекеевтің қолына келіп қосылады. Оның жасақтарының құрамында Қоралас Шобалов, Жүсіп Бабаев, Әбдірахман Атекеұлы, Сүйінші Сандықбаев, Әбді Шілмамбетов, Әлсейіт Байғабылов, Жұмаділ Ақымжанов, Наурызбай Күзембаев, Алдаберген Таласбаев, Ағыбай Төлемісов, Еспол Таңатов, Әзірбай Ахметов, Жақаш Қибаев, Омар Нартбаев, Нұрғали, Нұрнияз Бибатыровтар, Әзімбай, Ниязбай Келменбетовтер, Әмірқұл Мықтыбеков, Оразалы Сабитов, Әбілда Қыпшақбаев, Әбди Малыбаев, т.б. жігіттері болды.
Көтерілістің қаншалықты өршіп бара жатқаны туралы Верный қаласының іздестіру пунктінің меңгерушісі Жетісу облысының әскери губернаторына 16 тамыз күні берген мәлімдемесінде: «При семъ имею честъ представить Вашему превосходительству агентурныя сведения, посланные мне 11 августа, но виду отсутствия почтового движения полученныя мною 15 августа: от Чамалганской волости к бунтующим присоединился аулъ № 9, ево повел Нураха Косунов. Ушли в горы
5 августа; от этого аула 7 кибиток остались верными законности. Аул № 12 также ушел в горы (1 кибиток), но к бунтующим пока не присоединились; из этого аула подбивают к бунту Каспак Бай Джайтеков и старшина Базарбай. Из мутящих волость известно Джибетек (ф.н.), Байсын (ф.н.) и Коскулак Бозумов. От Джалимышевской волости в толпахъ бунтующихъ киргизъ бывшихъ 6 августа около станціи Самсовъ были киргизы аула № 4. Теперъ же вся волость бунтуетъ за исключениемъ №17 аула, от 17 же аула к бунтовщикамъ присоединились Кельмембет (ф.н.) и Абдумалик (ф.н.). Въ Больше Алматинской волости поднял мятежъ Байбосынъ Тамабаевъ (ныне арестованъ вместе съ поднятыми имъ киргизами. Восемъ старшинствъ этой волости спокойны. Мало Алматинской волости спокойна. Отъ Моюнкумовской волости въ толпахъ мятежниковъ подъ Самсами было 470 человекъ подъ предводительством Джолдыбая Малибаева (бывшій волостной управитель) и Баянды Урдобаева. Каргалинская волость присодинилась къ мятежникамъ после стычки у ст. Самсовъ. Изъ Ботбаевской киргизъ Карымбай хаджи Диханбаевъ обратился съ писмомъ къ киргизу Больше Алматинской волости Мади Кожагулову прислать помощь мятежникамъ своихъ джигитовъ (оба рода Чагатай). Письмо было послано 6 августа, но какъ къ нему отнесся Кожагулов – неизвестно», делінген. Ары қарай болыстықтардың әр ауылынан көтеріліске қатысқандардың аты-жөні көрсетілген тізім тіркелген (2.ҚРОММ. 797-қор. 36-іс, 158-160 п.п.).
Осы Үшқоңыр тауында жиналған көтерілісші жігіттерді соғыс өнеріне үйретіп, ұстахана ашып, темірден түйін түйіп, қылыш, найза, айбалта сияқты ер қаруларын жасай білетін Үлкен Алматы болысының көтерілісшілерінің бірі – Әбілда Қыпшақбаевқа қару-жарақ жасатып, көтеріліске дайындалып жатқанболатын (Бүркітбаева Ү. Жетісуым – жеті құтым ырысым: тарихи деректер. – Алматы: «Нұрлы әлем» 2009. 256-б.). Көтеріліс басшыларының жоспары бойынша, Ботбай, Ырғайты, Тайторы, Б.Кастек,
Ш.Кастек, Күрті, Ұзынағаш, Бидалы болыстарының көтерілісшілері Бекболат Әшекеев басшылық еткен Жайылмыс көтерілісшілеріне қосылып, Верныйға аттануға тиіс болған. Бірақ олар Бекболат Әшекеев бастаған Жайылмыс көтерілісшілеріне түгел қосыла алмаған. Өйткені, басқа көтеріліс ошақтары секілді Самсы көтерілісі басылып тасталған соң, көтерілісшілер быт-шыт болып, жан-жаққа тарап кеткен болатын. Сондықтан Тоқаш Бокин мен Ораз Жандосов болыстықтарға қайта барып, ауыл адамдарын жиып, жігіттерін Бекболат сарбаздарына қосылуға үгіттеп, патша әскеріне бірігіп қарсы тұруға шақырады. Оның айғағы ретінде, көтеріліс куәгерлерінің жазбаларындағы мына деректерге тоқтала кетсек. Мысалы, 1958 ж. 30 шілде айында 1916 ж. көтеріліс куәгелері, 1920-1921 жылдары Күрті болысының ревкомның төрағасы болған Ыбырай Мүсірепов, көтерілістің бел ортасында жүрген куәгер – Қалдыкөз Шалдыбаевтың 1 желтоқсанда ҚР Партия мұрағатына өткізген мәлімдемелеріне қарағанда, «Бекболат көтерілісшілері жаппай атқа мінгенше, Жандосов Күрті Ботбай елін бастап, Бекболаттарға қосылуға тиісті екен. 1916 ж. тамыз айының бас кезінде Күрті болысына Ораз Жандосов келіп, көп адамды шақыртып, патшаның қазақтарға істеп жатқан зорлық-зомбылығын айтып, көтеріліске шығуға шақырды. Осы көтерілісті мақұл көріп, қолдамаған адам болмаған. Ораз Жандосов, Ыбырай Мүсірепов пен Бейсебай Қаратаев екеуін Күрті елінің жігіттеріне қолбасшы етіп, жоғарғы Ақсеңгірдегі Ботбайлармен бірігіп, Бекболатқа қосылуға аттанады. Ал көтеріліс куәгері Қалдыкөз Шалдыбаевтың мәлімдемесінде: Жандосов Күрті болысының көтерілісші жігіттерін атқа қондырып, Самсыдан Ұзын-
ағашқа дейінгі телеграф сымдарын қиып, Бекболатқа жеткенше, Ботбай көтерілісшілерін бастаған Бейсенбай Қарынбаевтар бір қателік істеп, жер шенеуші төрені өлтіріп тастапты. Одан кейін Ұзынағашқа келіп бір кеңсені өртепті. Көтерілісшілер Бекболатқа жеткенде, бұл әрекеттен хабардар патша өкіметінің әскерлері де келіп қалған екен. Көтерілісшілер бірігіп, жазалаушы отрядқа лап қойып, қарсы шыққан бұл кездесудің ақыры қызыл қырғын соғысқа айналады. Көтерілісшілердің алдыға салып, айдаған жылқылардың шаңынан не болып, не қойғанын байқалмай, соғысу қиынға түсті. Бірақ басым күш қоймады. Көтерілісшілердің күші азайып, быт-шыт болды. Ы.Мүсірепов: «Орыстардың біреуі көтерілістің ту ұстаушысы Иісбайды атып жықты. Ту құлады. Бізде жараланғандар мен өлгендер көп болды, олардың қай ауылдан, кім екендерін білгізбеу үшін тауға әкетіп үлгердік. Ақыры, жеңген жазалаушы отрядтар Жайылмыс ауылдарын шауып, ойран ботқасын шығарды. Бірнеше адам қолға түсті. Ішінде танығаным: «көтеріліс басшысы Бекболат Әшекеев, Қырбай Бозымбеков, Бейсебай Қаратаев және Сәт болыстың ағасы Кембай Ниязбеков, Күрті болысының басшысы Қожбанбет Қилыбаев, Асқар Ыбырайымұлы бар. Жазалаушы отряд көтеріліс басшыларын қолға түсіріп, масаттанып, Верныйға жаяу айдап бара жатқан жолда Ораз Жандосов пен Бейсенбай Қарынбаев бастаған Ботбай жігіттерінің атты тобы Қырғауылды бөлдегінен лап қойып, шабуыл жасап, тұтқынға түскен көтерілісшілерді – көшек руынан Қырбай Бозымбековты, Күрті болысының көтеріліс басшысы Бейсебай Қаратаевты босатып алдық. Бірақ күзетшісі күшті Бекболатты босату мүмкін болмады. Кейін Ботбай көтерлісшілерінің жасақ басшыларының бірі – Бейсенбай Қарынбаев пен Шәрәпи Құснидиновты ұстапты, ал көтеріліске басшылық етуші, саяси жағынан дем беруші Ораз Жандосов пен Тоқаш Бокин екеуі аман құтылыпты. Кейін, Тоқашты да ұстап қамапты», – дегенді естідік» (КРПА. 811-қор. 4-тізбе, 265-іс, 22-24-п.п.; Сонда. 276-іс, 4-9п.п.).
Үміткен Сүйіншіқызы,
Жандарбек Қарабасов.