Қыр хикаялары
02.12.2025
175
0

Мұратқали Дүйсенбаев – елге танымал қаламгер. Ол бұрындары «Айқын», «Алаш айнасы» газеттерінде лауазымды қызметтер атқарған. Қазіргі кезде «Қазақ әдебиеті» апталығының жауапты хатшысы қызметін абыроймен атқарып жүр. Бір сөзбен айтқанда, ол – газетіміздің еңбекторысы. Оның өмірдің айнасындай көркем әңгімелері, дүниеден озып кеткен ағалары Рысхан Мұсаұлы, Мерғали Ибраевтардың бүгінде төрімізде жүрген Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Тынымбай Нұрмағанбетов, Кәдірбек Сегізбаев, Иран-Ғайыптардың тарапынан жоғары баға алған. Біз де ұжым атынан Мұқаңды мерейлі жасымен құттықтап, еңбегінің жемісін көріп, ұзақ та бақытты ғұмыр сүруін тілейміз!

«Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясы 

ҚАТИПА

Долылығымен ауылға аты шыққан Қатипа көше бойлап, безілдеп келеді. Безілдеп келеді деген жай сөз. Бұл етжеңді Қатипаның өз ойы. Әйтпесе, мұз үстіндегі пингвиндей шайқалаңдағаны болмаса, безілдеп келе жатқаны шамалы. Ауылды басына көтерген ащы дауысы мен иығын жұлып-жеген екпіні Қатипаның дүлей ашу үстінде екенін аңғартқандай. Ашулы дегеніміз де жай сөз. Дәл осы жерде Қатипа көлгірсіп келе жатқан жоқ. Жауырынын жауып, қобырап кеткен шашына қарамастан салып келеді…
– Жарымағыр қу жесір. Жер жастандырмасам желкем үзілсін…
…Әлдекімді жүнше түтуге асығып келе жатқан Қатипа – Қадырбай шалдың кіндіктен көрген жалғыз қызы. Қаршадайынан ер балаша киініп, еркін өскен Қатипаның еркелігі есейе келе жындылыққа ұласқан еді. Қыз болып көйлек киіп, бойжеткен болып сызылып көрмеген еркекшора қыз ауылдың талай бозбалаларының мұрнын бұзып, көзін көгерткенін жұрт әлі күнге дейін жырдай қылып айтады. Еркелетем деп жүріп, ессіз қылып алғанын кеш ұққан Қадырбай қызын қызға ұқсатам деп біраз әбігерге түсті. Қызша киіндірудің өзі бір дүйім жұртқа әңгіме болған. Қатипаның қыз екенін, енді қызша киініп, сыпайылық сақтау керегін түсіндірмек болған Шәмшия жеңгесін май құйрықтан бір теуіп, үйден қуып шығыпты. Қойшы, ақыры шешесі марқұм көз жасын көлдей төгіп жүріп, Қатипаны көйлек киюге әрең көндірді. Содан Қатипа жаз бойы далаға шықпай, үйде отырып қалды…
– Шашыңды жұлып, қолыңа берейін, қу қаншық…
Қатипа көше бойлап, безілдеп келеді. Міне, жаяу өсекке қатыннан бетер құмар жалақ Жұманның үйінің тұсына тақап қалды. Мына ауылда біреу түшкірсе, алдымен еститін сыпсыңдаған сары келіншек Зәмзәгүлдің Қатипа үйіне кіріп бара жатқанын байқап қалған әрі түндегі әңгімеден хабардар Жұман бір сойқанның боларын сезіп, үйге кірмей, манадан бері есік алдында баспақтап тұрған. Оның ойынша, Қатипа ендігі байын итке тастаған сүйектей босағадан лақтырып тастауы керек еді, жағдай өзгешелеу болайын деп тұрған тәрізді. Ауылды басына көтеріп, безілдеп келе жатқан Қатипа көз қиығымен байқап келеді, жалақ Жұман тілін жалаң-жалаң еткізіп, мұның шын ниетін ұққысы келгендей бұған қарай ұмсына түскен тәрізді.
– Басынуын-ай, мына қатынның. Қорлағанын көрмейсің бе?… А?
Қатипаның бұзаулаған сиырдың көзіндей шатынаған көзі мен Бекмаханның ақ бурасындай жынын шашып келе жатқан түр-сипатынан-ақ қызықтың көкесі алда екенін жазбай таныған Жұман жымың ете қалды.
– Ойбай-ай, ойбай. Қорлығы өтті-ау, мына қаншықтың…
Қатипа көйлегінің өңірін жұлып-жұлып жіберіп, жалақ шалдың жанынан өте берді. Таяғын сілтеп тастап, желе-жортқан күйде соңынан жалақ Жұман кетті далақтап.
…Сол жазда кімнің кімге құда түскенін кім білсін, Қатипаның әкесі мен түйеші Бекмахан өзара келісіп, құда болысуға бәтуаласыпты. Бекмаханның аузынан бөзі түскен ынжық ұлы Бекқожаны Қатипа білмейді емес, біледі, әрине. Талай рет желесінен алып, тұмсығымен жер иіскеткені бар. Бірақ жұртты таңғалдырып, күйеуге шығуға қарсы болмады. Әлде әйелдік сезімі оянды ма, әлде тағдырдың жазғанына мойынсұнды ма, әйтеуір бірден көнді. Арқа-жарқа той жасамай-ақ, үлкендердің батасын алды да, Бекмахан ұлын бөлек шығарды. Қатипа Бекқожаны қанша білемін десе де, осыншалықты ынжық деп ойламаған еді. Келін болып түсіп, оңаша қалған алғашқы түннің азабы есіне түссе, әлі күнге іші оттай жанады. Жеңгелері салып берген адал төсектің екі шетінде екеуі шоқиып таңды атырған. Мұрнын қорс-қорс тартып, бұқиып отырған Бекқожа еркектік емеурін білдіріп, тым құрығанда қолынан ұстағанға да шамасы жетпеді-ау. Келесі күні әлдебір беймәлім ішкі түйсіктің итермелеуімен Қатипа Бекқожаны өзі икемдеп, құпия дүние сырына талпыныс жасаған еді. Құдай дес бергенде, Бекқожа ноқталанған ботадай Қатипаның ыңғайына көне берген…
– Байға жарымаған, қу талақ…
Безілдеп келеді Қатипа. Әне, баласын бөксесіне бөктерген Нұрболаттың қатыны Әнипа бұл көрініске аузы аңқиып, қайран қала қарап тұр. Иінағашпен су әкеле жатқан Дәметкен шелегін көше ортасына тастай сала, Қарлығаштың үйіне қарай тұра жүгірді. Қатипа сезіп келеді. Қарлығаштың да қызықтан құр қалмасын дегені ғой. Қатты жүрістен алқынып қалғанын сезген Қатипа енді шаңқылдаған айғайын қойды. Бар күшін қазір ғана болатын дүлей ұрысқа сақтап, үнсіз безілдеп келеді. Соңында таяғын шолтаңдатып, шапанының етегімен көшенің шаңын қағып, сылти басып, ілесе алмай бара жатқан жалақ Жұман. Одан әрі жүгіре басып Қарлығаш пен Дәметкен, баласын бөксесіне бөктерген Әнипа келеді қиралаңдап…
…Үш бала көріп, көп-көрім үй болып кетсе де Қатипа мен Бекқожа мінезі еш өзгерген жоқ. Тек Қатипа «долы қатын», ал Бекқожаның аты ұмытылып, «долы қатынның күйеуі» атанды. Оның өмірде бар-жоғы елге де, өзіне де бәрібір еді. Совхоз жұмысына елмен бірге ілбиіп еріп барып, көппен бірге ілініп үйге қайтады. Біреу­дің бетіне тіктеп қарай алмайтын сорлы Қатипасыз аттап баспайды. Өткенде бас зоотехник «сені сахманға жіберейік деп отырмыз» десе, «Қатипадан сұраңыз» деп қара-а-п тұр.
…Кеше кешкісін Қатипа екі кештің арасында тамақ істеп, әуре болып жатқан. Аузына папиросын қыстырып пеш аузына бүкшиіп отыра қалған Бекқожа әлденені міңгірлеп әңгімелей бастады. Не айтып отырғанын адам түсініп болмайды. Қатипа күйіп кетті.
– Сорлы-ау, құрығанда екі ауыз сөздің басын дұрыстап айта алмадың-ау. Елдің еркегі еркек те маған Құдай сұлбасын берген екен-де. Өмір бойы қу талақ құшақтап келе жатқан сорым бес елі екен ғой мен бейбақтың. Құрығанда ана салдақы Әнипаның арақ сасыған, ақсақ байы құрлы болмадың-ау. Саған қарағанда ол да еркек екен, түріне қарамай, Зипаның көрпесін бүлкілдетіп жүрген көрінеді…
Қатипаның Зипа деп отырғаны осыдан екі жыл бұрын байы тастап кеткен сылқым келіншек. Зәмзәгүлдің айтуына қарағанда, Зипаның жанына жантаймаған еркек кіндікті қалмапты. «Көлденең аттыны бос жібермейтін көрінеді» деп Зәмзәгүл бетін шымшыған. Долыланған кезде ұрысқа қатысы бар-жоғына қарамай, бүкіл ауылды түгендеп шығатын Қатипаның осы жолы аузына алдымен түскені сол Зипа еді. Қатипа сол сөйлегеннен мол сөйледі. Бекқожа байғұстың айтылмаған, міні, бөлшектенбеген мүшесі, былғанбаған жері қалмады. Енді бір қараса, Бекқожа жоқ. Содан таң ата бір-ақ оралды. Құдай-ау, сенерін де, сенбесін де білмейді, удай мас. Келе құлады. Қатипа малды өріске шығарып салып келіп, шай құюға ыңғайланып жатқан, сумаң етіп Зәмзәгүлдің келіп қалғаны.
– Жеңеше, бір сұмдық айтсам, ұрыспайсың ба?
– Кетші әрі, өзгені жүнше түтсем де, сенде нем бар?
– Ендеше, тыңда. Түнде сіздің үйдегі аға Зипаға барыпты.
– Не дейді?..
Қатипа бетінің ду ете түскенін сезді. Бұған беймәлім күй. Санасына «қызғаныш деген осы екен-ау» деген ой қылаң ете қалғандай болды.
–Қызығы ол емес. Қызығы Зипа ағаның ит терісін басына қаптап, үйден қуып шығыпты.
Енді Қатипа бойын билеген қызғанышты долылық жеңіп бара жатқанын сезді. Үйден жұлына шыққан Қатипаның Зипа үйін бетке алып, безілдеп келе жатқан беті осы. Міне, діттеген жеріне жетті-ау. Ойында ештеңе жоқ Зипа мал қорадан шығып келе жатқан. Өрт сөндірген адамдай түтігіп, өзіне қарай ұмтылып келе жатқан Қатипаны көруін көрді-ау, бірақ қапелімде не істерін білмей, бір орнында тұрып қалды. Манадан бері булығып келе жатқан Қатипа жанар таудай атылды.
–Бұл не басынғаның, қу қаншық. Кім көрінген шөккен салдақының менің байыма келгенде бұлдана қалуын қарашы, ей. Елдің еркегі еркек те, менікі саған есек болған екен ғой. Қаңғыған иттің сарындысына былғанған төсегің менің байымды көтере алмайтын ба еді?..
Ендігі сәтте бала күнінен ер балалармен төбелесіп өскен Қатипаның жуан жұдырығы Зипаның тұмсығына сақ ете түсті. Зипаның көзі қарауытып, құлап бара жатқанын сезінуге ғана шамасы жетті.
– Қап, бәрекелді-ай, – шапанын желпілдетіп енді ғана жеткен жалақ Жұман Зипаны аяғаны ма, әлде айызы қанбай қалғанына өкінді ме, таяғына сүйеніп отыра кетті де, иығы селкілдеп күле берді. – Біздің Қатипа нағыз боксшы екен ғой.
Сол күннен «боксшы қатын» атанған Қатипа мен «боксшының күйеуі» бәз баяғы қалпы, өзгерген ештеңе жоқ. Ал Зипа буынып-түйініп бір-ақ күнде көшіп кетті. Жалақ Жұман «байға тиіпті» деп жортып жүр, Зәмзәгүлдің мәліметі бойынша, Зипа жезөкше болып кеткен көрінеді. Кім біледі?..

КӘТӨК

Қасқабұлаққа жаңа директор келіп, кейінгі бес-алты жылда мамыражай күй кешіп қалған ауыл жұртшылығы бір дүрлігіп қалды. Бұл ауыл директор ауысқанды жаңа көрген жоқ. Бірақ бұл жолғы ауысудың өзіндік сыры бар еді. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда Қасқабұлаққа шеттен келіп басшы болғаны осы көрінеді. Бұрындары әрі кеткенде көрші ауылдан жоғарылап келіп жатушы еді, бұл жолы ту қиян алыс ауданнан келіп отыр. Ауатком бірінші хатшысының өзі келіп, жылы орынға отырғызып кеткен күні директордың алдына алғаш шақыртқаны, осы уақытқа дейін директордың орынбасары Молдажан болды. Молдекеңмен үлкен бөлмеде қатар отыратын совхоздың бас инженері қарсы бетте отырған агрономға қарап:
—Осы қақпастың-ақ жолы болғыш екен.
Жаңа басшы әдетте басбухты шақыртушы еді, мына кәрі шөңкеден не сұрағалы отыр екен? Бәріміздің басымызға ит терісін қаптап, іске алғысыз қып келеді-ау…
Бас агроном көзілдірігінің үстінен инженерге сүзіле қарады:
– Өмірі осы ауылдан ешқайда аттап баспаған Молдекеңнің бұған қандай қатысы болды екен?
– Райсполком інісі емес пе, сол тапсырып жіберген шығар. Бұлардың тағы жолы болайын деп тұр-ау.
Екі бас маман Молдекең туыстарының қайсысы, қандай жылы-жұмсаққа ие болуы мүмкін екенін жіктеп отырғанда Молдажан да қайтып оралған еді. Үнсіз барып орнына отырды. Әлдебір хабардан дәметкен қос маман одан көз алар емес. Молдекең үнсіз. Ақыры бас инженер шыдамады білем:
– Оу, Молдеке, жаңа басшының бет-әлпеті қалай екен, айтпайсыз ба? – деп қиыла қарады.
– Не айтушы еді? Шегірткенің айғырындай шікірейіп қалған пәле екен. Ауылда стадион бар ма дей ме, кәтөк бар ма дей ме, әйтеуір бір пәлелерді сұрап, қолқамды суырып ала жаздады, – деп ауыр күрсінді.
Қос маман бір-біріне қарап, жымың етісе қалды. Күлімдеген көздер «мәселе біз ойлағандай болмады» деген қуанышты жасыра алмады.
Енді сөзге агроном араласты:
– Сонда неғыл дейді, ол?
– Жаз шыға стадион саламыз. Әзірге тегістеу жерге қар тоқтатып, кәтөк құямыз дейді. Соған бір тірәктір, бір бадабоз бөлуіміз керек. Сен ана «көкшолағыңды» дайында, – деп Молдекең инженерге қарады. «Көкшолақ» деп отырғаны жазда кірпіш құюға пайдаланатын су таситын мәшине.
Сонымен айналасы бір аптаның ішінде мұз айдыны дайын болды. Комсомол хатшысы қалаға арнайы барып, үлкенді-кішілі аяқтарға лайықтап бірнеше коньки алып келді. Осыдан кейін-ақ, Молдекең бастаған мамандардан маза қашты. Күнде кешкісін кабинеттеріне жиылып, сыбырласуды әдетке айналдырған. Осындай басқосулардың бірінде Молдекең:
– Құр даурыққанмен болмайды. Бүгіннен бастап кәнки тебуді үйренуіміз керек. Ертең басшының алдында бет қызарып жүрмесін.
Осы уақытқа дейін үнсіз отырған салмағы 120 келі тартатын басбух та Молдекеңді қолдай кетті:
– Несі бар. Кешкісін ел аяғы басыла кәтөгіне барайық. Бұл өмірде адам үйренбейтін дүние жоқ. Үйренеміз.
Басбухтың мына сөзіне бас агроном мырс етіп күліп жіберді.
– Біз үйренеміз-ау. Сені қайдам. Дегенмен сенің үйренгенің дұрыс. Бірақ Молдекеңнің кәтөгі көтере алса?!
– Көтерсе де, көтермесе де мен елден бұрын үйренермін.
– Оны көре жатармыз.
– Кел, бәс тігейік. Бір келі кәлбәсә құйыршығымен.
Жұрт ду күлді. Басбухтың кез келген дауда бәс тіге кететін әдеті бар. Кәлбәсәсі белгілі, құйыршығы әрине, арақ. Осылайша, соңы серттесумен аяқталған басқосудан кейін өңкей бас мамандар көз байлана елден жасырынып, кәтөкке келген еді. Бір-бір конькиді аяқтарына байлап, кәтөк айналасын қоршай үйілген қар дуалды жағалай тұра қалысты. Конькисіз жүрген жалғыз Молдекең. Сырт көзге осы топтың бапкері тәрізді көрінеді. Елдің бәрін жағалай мұз айдынына қарай итермелеп, әлекке түсіп жүр. Бірақ бас мамандар ішінен бел шешіп, шыға қойған ешкім бола қойған жоқ. Күйіп кеткен Молдекең комсомол хатшысының желкесінен алып, ортаға итеріп жіберді. Аяғын апыл-тапыл басқан жас сәбиге ұқсаған байғұс қалбалақтап барып, екі аяғы көктен келіп, жұмсақ жерімен мұз үстіне жалп ете түсті.
– Үйбүй-й, сорлап қалды-ау.
– Әй, бухгалтер мырза, елдің сорлағанында не шаруаң бар? Қазір кәлбәсәңді алып кел, әтпесе мұз үстіне шық.
Серттің аты — серт. Денесінің ауырлығына қарамастан, басбух екпіндеп барып, мұз айдынына қалқып шыға келді. Бойын тіп-тік ұстаған қалпында тұп-тура сырғып барды да, еш жаққа бұрылмастан қарсы беттегі қар дуалды жара-мара қарсы беттен бір-ақ шықты. Манадан бері арбасып үнсіз тұрған жұрт қыран-топан күлкіге көмілді. Өз-өзіне ыза болған басбух ыржалаңдаған қалпында мұз айдынын жағалап, бұларға қарай бет алып келеді. Молдекең өз-өзінен күйіп-пісіп жүр:
– Оу, оқтау жұтқансың ба? Тым құрығанда сәл иілсең болмай ма?
– Әкем айтқан «ешқашан басыңды име» деп. Агроном кәлбәсәңді…
– Қойыңдар бос сөзді. Қане, бәрің жаппай шығыңдар айдынға, – деген Молдекең аяғына конькиін кие бастады.
Нағыз қызық енді басталған еді. Жаппай мұз айдынына шыққан ішінде мес қарыны бар, имиген ұзынтұрасы бар, домалаңдаған бәкенесі бар өңкей бас мамандар көп ұзамай айдын үстінде сұлап жатты. Бас агроном жатқан жерінен енді тұра бергені сол еді, қайдан келгені белгісіз әлгінде ғана тыра­йып жатқан инженер бар екпінімен зулап келіп, мұны құшақтаған бетінде көзілдірігін сүрткілеп, қалтылдап тұрған Молдекеңді қоса ала кетті. Жұптарын жазбаған күйде әудем жерге барып оңбай құлады. «Ойбай, әкеңнің…» деген Молдекеңнің күңіренген дауысы түнгі аспанға ілініп қалды. Бұл кезде жамбасын сүйреткен комсомол мұз шетіне енді ілінген еді. Манағы әзіл-қалжыңдары жайына қалған көпшілік комсомол мен Молдекеңді көтеріп, мәшинеге салып, үйді-үйлеріне қайтқан еді…
Ертеңінде комсомол жұмысқа келген жоқ. Таңертеңгілік жиылысқа бас мамандарын жинаған директор қолын дәкемен орап, мойнына асып алған Молдекеңе, ерні күп болып ісіп кеткен бас агрономға, көзі көгерген инженерге таңдана қарады…
Бұл Қасқабұлақ бетке шығарларының мұз айдынына алғаш әрі соңғы рет шыққаны болды. Есесіне ауыл балалары қыс бойы катоктың қызығына әбден қанған-ды. Ал басбух пен бас агроном кәлбәсә мен құйыршықты бір-бірінен көпке дейін даулап жүрді.

ТАУДАҒЫ ТӨБЕЛЕС

Алты жылдай темір тордың ар жағында болып, таяуда босанып келген Тынысбек үш аптадай қозғалмай үйде жатқан. Өйтпеске шарасы да жоқ еді. Осымен үшінші рет түрмеден оралып отырған оған бұл ауылда емешегі езіліп тұрған ешкім жоқ. Өз қатарластары әлдеқашан үйлі-баранды болып, бала-шаға асырап отыр. Соқа басты Тынысбекке серік болуға олардың зауқы да, уақыттары да жоқ екенін, оның үстіне шу шығармаса, іші кебетін мұның мінезін жақсы білетін олар бұған кездеспеуге тырысатынын бұл білмейді емес, жақсы біледі. Сондықтан да ешкімге өкпелеп те, ешкімді сөгіп те көрген жоқ. Тек жастық шақтың талай зобалаң күндерін бірге өткізген жан жолдасы Кәдірқұл ғана ат ізін салып, әңгіме-дүкен құрып кеткені бар. Сол Кәдірқұлдың айтысына қарағанда, ауылдың қазіргі «Құдайы» Уәлихан көрінеді. Мақанның ұлының тойында ауыл активіне зорлықпен арақ ішкізіп, шетінен қиқайтып тастағаны, учаскелік милицияны ашамен ауыл айналдыра қуғаны жайлы әңгімелеп берген. Тынысбек осы Уәлиханды бір көруге баяғыдан ынтызар еді. Бұл алғаш түрмеге түскенде, ол мектеп жасындағы бала еді, есінде қалмапты. Бұл түрмеден оралған жылы Уәлихан темір тордың ар жағына қамалған болатын. Уәлихан босаған жылы Тынысбек екінші мәрте айдалып кеткен. Осылайша, бір-бірін көрудің сәті түспеген еді. Енді сол Уәлихан дәл қазір ауылда көрінеді. Тынысбек Кәдірқұлға «Уәлиханды ертең ымырт жабыла тау етегіне алып кел» деп тапсырма берді де, күн ұзын ауыр темір көтеріп, шалт қимылдар жасап, қара терге түсті.
Күн еңкейе Тынысбек шағын ауылдың батыс жағындағы қырға шығып отырды. Уәлихан мен Кәдірқұл да көп күттірген жоқ. Уәлихан орта бойлы, тарамыс, ақшыл сары жігіт екен. Көзі оттай жанып тұр. Жүзіне үңіле қараған Тынысбектің өткір жанарынан ыға қойған жоқ. Қайта «Тынысбек деген сен бе едің?» дегендей сүзіле қарады. Қысқа ғана аман-саулықтан кейін іштей арбасып, Кәдірқұлды тастап, оңашалана берді. Алдымен сөз бастаған Тынысбек болды:
– Иә, бауырым, жаңылмасам, атың Уәлихан ғой. Мен Тынысбек деген боламын. Естіген шығарсың?
–Е, қатын сабап, түрмеге түскен Тынысбек дегенді естігенбіз.
– Көкіме бет алды. Төсегінен жеріген қу қатын құйысқанға қыстырылған құмалақша тұрмайтын жерге тұрып қалса, мен кінәлімін бе? Араға түс деген ешкім жоқ оған. Ондай кезде жұдырық қайда барып тиерін өзі біледі. Мен түрмеге ол үшін отырған жоқпын. Сотталсам, бұралқы итше түн жамылып тіміскіленіп, бөгденің қаншығынан дәметкен сүмелектің қарнын ақтарып салғаным үшін сотталдым, – деп қарасұр өңі сұрланып сала берді.
Уәлихан мысқылының ар жағында шындықтың бір ұшығы бар. Ол осыдан 15 жыл бұрынғы оқиғаны еске салып тұр. Ол кезде Тынысбек мектепті жаңа бітірген бозбала еді. Өзін ержеттіге санады ма, ауыл арасындағы сыпсың әңгімелерге жаңа құлақ түре бастаған кезі болатын. Тынысбек жақын ағайынының үйіндегі жеңгесі «пошташы Жапармен әуей» дегенді талай естіген. Сол күні түн ортасы ауа үйге қайтып келе жатқан Тынысбек үй бұрышында шүйіркелесіп тұрған жеңгесі мен Жапардың үстінен түскен еді. Қаны басына тепкен Тынысбек ашу үстінде Жапарды қалай пышақтап тастағанын білмей де қалған-ды. Алыс-жұлыста арашаға түскен жеңгесіне де қолы тиіп кетсе керек. Уәлиханның мысқылдап отырғаны осы.
– Қатын өсекті қайтесің? Төбелеске қалай қарайсың? – деп Тынысбек Уәлиханға барлай қарады. Оның бұған да айтар сөзі дайын екен:
– Қымыз ішуге шақырмағаның белгілі. Мұрның қышып тұрса, дайындай бер, – деп тағы бір мәрте тілмен шағып өтті.
Сөзбен қағысу осымен тоқтап, екеуі үнсіз ғана жейделерін шешіп, балақтарын түрісіп алды. Денелерін жазып, біраз жүргеннен кейін екеуі бетпе-бет келіп, арбасқан бетте біраз жүрді де бірте-бірте шалт қимылдап, бірді-екілі қол жұмсап жіберді. Нысанаға алғашқы болып дөп тиген Уәлихан болды. Тынысбектің тас түйін жұдырығы тұмсығына тақап қалғанда, бір шетке қарай жалт беріп, оңтайлы сәтте бүйірден түйіп өткен. Шиыршық атып тұрған шымыр дене бұған иліге қойған жоқ. Ендігі сәтте айқара құшақтасқан екі дене арпалысып барып, «гүрс» етіп жерге құлап түсті де, ума-жума айқасқан күйі еңістен төмен қарай домалай жөнелді. Сүт пісірім уақыт айқасқан екеуінің үсті-бастарынан сау тамтық қалған жоқ. Қызыл қанға боялып, қалжыраған олар тістескен күйде үнсіз жатып қалды. Алғаш тілге келген Тынысбек болды:
– Бала, перекур жасап алсақ қайтеді? Уәлихан қарсы болған жоқ. Тынысбектің құрсауынан босанып, киімдері қалған жерден темекі алып келді. Темекінің түтінін құшырлана сорып, бір-бірінің бетіне қарап отыр.
– Қабағың жарылып кетіпті. Ана темекінің қорабын жырт та жапсырып қой. Қаны тоқтасын, – деп Тынысбек ағалық ақылын айтып жатыр.
– Ішегім шыға қоймас. Өзіңнің саусағың күп болып кетіпті ғой, шығып кеткеннен сау ма? Кәне, көрсетші, – деген Уәлихан Тынысбектің саусағын ұстап көрді де, – сау екен, – деп бір қойды. Екеуі осыдан кейін әке-шешелерінің қал-жағдайын сұрасып, өткен өмірлерін еске алып, ағайын­ды адамдардай біраз шүйіркелесті. Әлден уақытта темекісін тұтқылына дейін тартып боп, жерге лақтырып тастаған Тынысбек:
– Қой, бала, қараңғы түспей шаруамызды бітіріп алайық. Дайынсың ба? – деді.
Уәлихан да кешеуілдеген жоқ, жалма-жан орнынан атып тұрып, «мен дайын» дегендей жұдырығымен алақанын сабалап, бір орнында секіре бастады. Дәл қазіргі екеуінің түр-сықпыты жаңа ғана риясыз сырласқан адам түріне ұқсамайды. Қанын іштеріне тартып, бір-біріне ежірейе қараған екеуі бұл жолы бірден ұстаса кетті. «Иттің күшігі, адамыңа кезікпей жүр екенсің», «басыңды жұлып қолыңа берейін», «кеңірдегіңді гармон қылып тартайын» деп боқтық аралас үн қата жүре, бет-жүзге қарамай, бір-бірін соққының астына алып жүр. Жан алысып, жан беріскен қатігез төбелестен қос тентектің әл-ауқаты әбден бітіп, қимылдай алмай қалған кезде, күн ұясына қонып, жұлдыз жамырай бастаған болатын.
Уәлиханды да, Тынысбекті де адам танып болмайды. Көнектей болған бет-ауыздан сау-тамтық жоқ.
Таудан бір-бірін демеп, төмен түскен екеуі ертең кешке тағы да төбелеспекке сөз байласып, қош айтысқан тұста Уәлихан Тынысбекке тосын сұрақ қойған еді:
– Тыныс аға, сен осы өміріңе ризасың ба?
Тынысбек сәл ойланып барып:
– Екеуімізде қай бір оңған өмір бар дейсің, – деп жауап қатқан, – бірақ осындай бәтуасыз өмірді таңдап алған өзіміз емес пе?
– Оның рас, Тыныс аға. Бірақ дәл осы жолды таңдамасқа менде амал қалмаған еді. Алақандай ауылды сүлікше сорып отырған жемқорлардың тамырына балта шапсам деген арманым бар еді. Енді ойлап қарасам, бәрі құр бекершілік екен. Тірлігімізге дендеп енген сұрқия дертке жұдырықтың күші жүрмейтін тәрізді ғой.
– Кейінгі жылдары мені де осы ой қатты мазалап жүр. Мен де сатқындар мен жағымпаздарды таяқтың күшімен емдеймін деп ойлаушы едім, – деген Тынысбек ауыл шетінде топтасып, бұларға үрпие қарап тұрған балаларға көз салып, ойланып қалды да кенет дүр сілкініп, Уәлиханға тіл қатты:
– Әй, Уәлихан, осы сенің бокстан хабарың бар емес пе еді?
– Иә, біраз шұғылданғаным бар.
– Бокстан мен де қара жаяу емеспін. Біз енді бұл берекесіз тірлікті доғарайық. Ауылдың қара домалақтарының басын қосып, бокс секциясын ашсақ қайтеді?
– Уау,Тыныс аға, сіз генисіз. Тамаш ой! Ертеңнен бастап іске кірісейік.
Сонымен Қасқабұлақ ауылында бокс секциясы ашылған еді. Келесі жылы Тынысбек пен Уәлихан шәкірттерінің екеуі облыс көлемінде өткен дүбірлі жарыста чемпион атанды.

КЕҢГІРБАЙДЫҢ ТҰҚЫМЫ
Мұрат-Қалиға

Болмысын түзер –
«Шар-Айна»,
Тобықтының Бүкілі:
Бата берген Абайға,
Кеңгірбайдың
Тұқымы…

…Алтын-Қалып –
Айнымас,
«70»-тегі –
«Қариым»:
Кемел-Кеңге –
Жай құлаш,
Жаса,
Мұрат-Қалиым!

Таудың,
Тастың…
Қыраттың:
Құпиясы –
«Құлыпта»?!
«Зәм-зам –
Қасқа-Бұлақтың»:
Қасиетін –
Ұлықта!

Тылсым –
Дүние-Сарайдың:
«Киесі» –
Иесін табады!
Аруағы –
Абайдың:
Адалға –
Алқа тағады!

«Әлеуетінен» –
Айырма:
Жаңарт –
Дала…
Қалаңды?!
«Әлеметіңді» –
Дайында:
Жаңғыртуға –
Ғаламды!

Жәннат
Бейне –
Жарық-Күн:
Азат-Өмір –
Ғажап-Көш!
Ажарын –
Аш,
Халықтың:
«Қазағыңа»,
Қазақ –
Қос?!

Ата-Даңқың –
Дүбірлі:
«Қалқан» –
Желдің Өтіне?!
«Үбірлі» –
Бол,
«Шүбірлі»:
Сыймай –
Жердің Бетіне…

ИРАН-ҒАЙЫП
23.ХІ.2025

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір