Қыр хикаялары
14.03.2025
543
0

Әбекең

Боз інгенше боздап алып, солқ етіп орнынан қозғалған пойыз әп-сәт­те ырғақты жүріске түсіп, қара бұйра түтінін будақтата шағын қаланы қақ жара түстікке қарай бет бұрды. Манадан бері терезеден сыртқа қарап отырған Әбекең: «Иә, Алла жолымызды оңғара гөр»,– деп Құдайына бір сыйынып алып, көк дөнен қиялдың жетегінде кеше ғана ұзақ сапарға ат­танған туған ауылы Қасқабұлақтың қараша үйлеріне жағалай бас сұғып шықты. Көз алдына «Оқудан оқудың жорғасы бар ма, қияндағы Алматыдан не іздейсің? Баланың көз алдында болғаны жақсы. Семейдің інстітуі тақияңа тар келе ме?» – деп күмілжіп қалған құрдасы Қаратайдың бейнесі келе қалды. Әбекең құрдасының сөзін қызғанышқа балаған. «Ішің күйсе, тұз жала». Әбекең вагонға кіре газет оқуға кіріскен ұлына көз қиығын тастап қойды. Мектеп бітіруге таяғаннан бастап, Әбекең осы ұлын үлкен қалада оқытуды армандайтын. Өткен күз оқу бастала райкомда істейтін жамағайын інісіне тілек айтып, Алматыда ірі қызмет­те істейтін танысына хабар салғызып қойғаны да бар. Өзінше оны да біткен шаруаға балап, бір саусағын бүгіп жүретін. Өзге қарасақалдан өзгешелеу ойлайтын Әбекеңнің ойынша, «ауыл баласының маңдайына мал дәрігері мен мұғалімдік қана жазылып қоймаған шығар. Соғыстан ке­йін мұғалімдікті бітірген түйеші Ықылас пен қатқан Қаратайдың ұлынан өзге, айтпақшы, «жетімнің жебеушісі бар» демекші, жесір кемпір Қатыштың зоотехник болып келген жалғызынан басқа күллі Қасқабұлақта жоғары оқу орнын бітірген ешкім жоқ. Ендеше, осы ауылдың бір баласы инженер болып шықса, ешкімнің аузы қисайып қалмас». Жылға таяу жанын жегідей жеген осы ойдың жетегінде Алматыға ат­танған Әбекең «Жаратқан ием, жерге қарата көрме» деп қайта-қайта сыйынумен келеді. Онсыз да күпті көңілдің айран-асырын шығарып, анда-санда жетім ботадай боздап қойып келе жатқан темір арба үміт пен күдікті қатар екшелегендей, сатыр-гүтір миын шағып келеді…
…Бір қойдың еті салынған қапшықты ышқына көтеріп, пойыздан түскен сорайған қара торы балаң жігіт пен қара шалбарының ышқырын омырау тұсына де­йін көтере түсіп, шәние қалған сары шләпіге Әбекең ойлағандай Алматы онша тосырқай қараған жоқ. Ары-бері жөңкілген нөпірдің арасында қақтығысып жүріп, қап сүйреткен екеуін вокзал сыртына шыға бере алматылық кәнігі шопырлар көкпарша тартып, кеу-кеулеп әкеп, көк Волганың ішіне тығып жіберген. Барар жері жазылған бір жапырақ қағаздың жетегімен жүйткіген көк Волга жамағайын інісі тапсырған үйге жеткізген кез­де күн де ұясына енген еді. Отағасы Рақыш кішігірім банктің төрағасы екен, бірақ ақкөңіл қарапайым азамат көрінді. Абырой болғанда келін қайынжұртшылап кетсе керек, зыр жүгіріп шай қамдап жүрген Рақыштың көңілінен ке­йін Әбекең өзін еркін сезіне бастады. Шаймен қоса бір ұзын мойын шөлмекті қисайт­қан екеуі ертеңгі тірлікті қаузаған еді. Әбекеңнің төс қалтасына тігілген ораманың тігісі сөгіліп, профессордың «маңдай тері» оң жамбасқа басылып, келер күні кеш бата болатын отырыстың шай-сулығы Рақыштың қалтасына түсті…
…Маңдайдан қашқан шашы желкесіне ілінген имиген профессор бастаған төрт жайсаң есіктен кіріп келгенде, тұлғаларына қарап, қалжасы жаққан Әбекең іштей «тәуба» деп қалды. Бойларынан тектілік тепсініп, шекелерін ғұламалық керіп тұрғандай көрінді. Төрге озған профессорға тартылған қоңыр бастың құлағы шұнтиып, көзі ойылып, таңдайы сыпырылып, миы шағылып, шүйкесі тамаққа, құйқасы табаққа түскен шақта Рақыш көктен жаңа түскендей болып, шаруаның шетін шығарған. Қоңыр бастың ғана емес, Әбекеңнің оң жамбасындағы көк қағаздың иісін мана сезген профессор да аяқ астынан бейкүнә сәбидің жаялығына орана қойды.
– Апыр-ай, ә! Биыл бала көп. Оның үстіне ректор өзі тікелей қадағалап отыр. Тізім жасалып қойды дегендей…
– Қайсар аға, ректордың сізден аспайтынын білеміз ғой. Бір ауыз сөзіңіз. Мына кісі жақсы көретін ағам еді. Қолы ашық, жоралғының мән-жайын білетін адам,– деп оқуға түсіру театрының үйреншікті ойынын жалғап жіберді.
Қаратаймен кергілескеннен басқа мұндай «саяси» ойынды көрмеген Әбекеңнің маңдайынан тер бұрқ ете түсті.
– Қайсаржан-ау! Бір көмегің болсын, бар шамаңды салсаңшы. Рақыш біледі, жиған-тергенімді аямаймын.
– Әбеке, біздің де нан жеп отырған жеріміз. Сіздің азын-аулақ тиын-тебеніңізге бола жұмыстан айырылатын жайымыз жоқ. Қазір тәртіп қатал.
– Айналайын! «Қалауын тапса, қар жанар» демеуші ме еді атам қазақ. Осы ұлымнан аянар ештеңем жоқ. Жағдайымды шешсең, оқуын бітіргенше соғымыңды айырып тұрармын.
Әбекең жаны қысылғанда соңғы сөзді қалай айтып жібергенін де аңғармай қалған. «Е, манадан бері осылай демейсің бе?» дегендей профессордың оң қабағы дір ете түсіп, көзі күлімдеп шыға келді. «Уһ, түсірдік-ау» деген оймен Рақыш та орындығына шалқая отырып, рақат­тана қарқылдап күліп жіберді:
– Қайсар аға, қайтесіз енді? Ауылдан келген бір шал ғой. Көңілін қайтармаңыз енді.
– Өстіп жүріп құртасыңдар ғой, түбі. Амал қанша, тәуекел дейміз де енді,– деп Қайсар да жайдарлана күлді. – Алшын­байды құдалыққа жыққан Абайдың ұрпағы емес пе, көнбесіңе бола ма?
– Алшынбаймен құда түскен Абай емес, Құнекең еді, – Қайсарды дұрыс жолға түсірмек ниетпен Әбекең жылы жымиып қойды.
– Оу, Абай мен Құнанбайды ажырата алмайтындай бұл жақта біз жүгері күзетіп жүр ме екенбіз? Құнанбай қайда?.. Жаугершілік заманында өмір сүрген. Соқыр болатыны содан емес пе? Ал орыс генералдарымен дос болған Алшынбаймен құда түсетіндей Құнанбай қайда… бұл кез­де оның сүйегі де қурап қалған шығар… Кім еді әлгі… е-е… әлгі Алшынбайдың қызы е-е… Зере. О! Зереге Абай құда түсе барған жоқ па?!.
– Тек! Алла кешірсін, сонда Абай әжесіне құда түсе барғаны ма? Құдай-ау, Қайсар олай күпірлікке барма. Білмесең, білме, бірақ аруақтарды қор қылып қайтесің?
– Өй, мына шал аузымды жаба берді ғой. Құдайға шүкір, атақ-даңқымыз бар, Мұқаңның көзін көрген адамбыз. Біз де бірдеңе білетін шығармыз, – деген Қайсардың көзі ежірейіп шыға келді.
Осы әңгіме басталғаннан қипақтап отырған Рақыш та:
–Әбеке, қойсаңызшы! Бұл арада білгішсінудің қажеті қанша. Қайсекең – ел сыйлайтын азамат,– дей берген еді, Әбекең одан ыға қойған жоқ.
–Ел сыйламасын деп отырмын ба? Жүз жерден сыйласа да маған келіп-кетері жоқ. Бірақ тарихты былықтырып, Абайды шатастырғаны масқара емес пе?! Ғалымдарымыздың түрі мынау болса…
–Не деп от­тап отыр-ей, мынау. Қой баққанның ой баққанмен таласқанын қарашы-ей. Күпіңнің битін сорғалатып, қойыңның құйрығын құрт­тап, жайыңа жүрмейсің бе?!. – Қайсардың маңдайы­нан бастау алған қызыл бояу шақша бастың төбесінен асып, желкеге барып бір-ақ құйылды.
Дәл осы жерде Әбекең күйіп кет­ті.
– Былшылдапсың! Ой баққан түрің осы болса, жетіскен екенбіз! Бүйтіп ой баққаннан, қой баққаның дұрыс еді-ау. Әй, бірақ мына түріңмен сен қойдың к… де дұрыс құрт­тай алмассың.
– Өй… өй… ит­тің баласы…– Қайсар қат­ты ашудан тығылып, сөйлей алмай қалды. Әбекеңнің де жүйкесі ширығып, үзілерге шақ қалған еді. Орнынан ширақ көтерілді:
– Әй, балам, қайдасың? Мына көкмилардан оқып, адам боламын деп ойлама. Қайтамыз, жинал!..
…Онсыз да қалған көңілдің айран-асырын шығарып, анда-санда жетім ботадай боздап қойып келе жатқан темір арба сатыр-гүтір Әбекеңнің миын шағып келеді. Көз алдына бірде «Семейдің інстітуты тақияңа тар келе ме?» деп күмілжіген Қаратай, бірде маңдайдан қашқан шашы желкесіне ілінген имиген профессор елестейді. Бағытын өзгертуге қауқары жоқ, екі жолақ темірге байланған темір арба боздап келеді. Темір арбаға мықтап байланған ескі вагондар қиралаңдап, әйтеуір ілесіп келеді-ау. Темір арба… профессор! Вагондар… іші тола халық! Бағытын өзгертуге қауқарсыз темір арба әлі боздап келеді. Вагондарда жазық жоқ, бас қалай бұрылса, солай бұрылып, ілесіп келеді амалсыз. Темір арба тағы боздады. Әбекеңе темір арба емес, бүкіл қазақ даласы боздап жатқандай көрінді…

Қара кемпір

Күллі Қасқабұлақ ауылы «қара кемпір» атап кеткен Құдай қосқан қосағының «Жәния» деген көп-көрім аты барын Кәрім шалдың өзі де ұмытқалы қашан? Уақыт шіркінге дауа жоқ екен. Кезінде қара торының әдемісі болған Жәния үш-төрт қызды болғаннан ке­йін «қара қатын» атанып, келе-келе «қара кемпірге» айналып шыға келген. Сол қатқан қара кемпірінің тарс бүркеніп, бүк түсіп жатқанына бүгін үшінші күн. Ауру-сырқаудан беті аулақ тәрізді. Бар пәле кенже қыздың күйеуге қашып кеткенінде болып тұр. Жеті қызды тұрмысқа бергенде, сыр бермеген қара кемпірдің сегізінші – кенже қызын «бас зоотехниктің ұлы үйіне кіргізіп алыпты» деген хабарды естігеннен-ақ бүк түсе қалғанын Кәрім шал неге жорырын білмей дал. Шалдың пайымдауында кенже қыз өз орнын дұрыс тапты. Қыңыр кемпірде ми болса, май мен қи сасыған жеті күйеудің орны бір бөлек те, әкесі бас зоотехник, өзі қоймашы кенже күйеудің орны бір бөлек болуға тиіс. Ақылы қысқа жаман кемпір мұны түсінуші ме еді? Әнше­йінде, жеті қызды былай қойғанда, түгелдей осы ауылды мекен еткен құдалар үйін кезек аралап, үй бетін көрмейтін қара кемпірінің мына қылығынан Кәрім шал іш тартып қалды. Кілтипанын білмекке бірер мәрте сөзге тартып көрген еді, қара кемпір ашыла қоймады. Кәрімнің де төзімі таусылса керек:
– О, сорлы бейбақ, сонша күйінетіндей не күн туды басыңа, сорлы бейбақ. Байға қыз беріп көрмегендей. Жеті қызыңды ұзатқанда қаперіңе ештеңе алмап едің, бұл қызыңды да не қытай, не шүршіт алмаған шығар. Не көрінді сонша қара жамылатындай?
Теріс қарап жатқан қара кемпір:
– Албасты басқырларды сол қытай мен шүршітіңнің бірі алғанда жөн болар еді, – деп күңк ете қалды.
Кемпірінің мына сөзіне Кәрім шындап-ақ ашуланды:
– Сен бе, сен жынданған шығарсың. Оу, шошаңдаған кейбір шүйкебастай емес, бетіңді қызартпай, елтең-селтеңсіз тұрмыс құрып жатқан қыздарыңның тілеуін тілегеннің орнына, бұл қай тантығаның?
– «Өмірде ұл бермедің» деп миымды сауысқанша шұқушы едің. Енді келіп «қыздарым-қыздарым» деп, мүлде таңдайың тақылдап қалыпты ғой. Не қызық көрдік сол қыздардан?– деп қара кемпір көз жасын бір сығып алды.
– Өй, алжыған неме. Өз қағанағынан өзі жерігені несі. «Қызым» деп елжіресем, өз балаларым. Күлге аунап таптым деп отырсың ба? Менің қыздарым сенің де тар құрсағыңды кеңейткен балапандарың емес пе?!
– Күлге аунадым ба, ауа қармандым ба, қыз тапқаным рас. Бірақ… – қара кемпір енді өксіп-өксіп жылады.
Кәрімнің көзі атыздай болды. «Мына кемпір не деп кет­ті? Өмірі қылтың-сылтыңын байқамаған сияқты еді, жаңағы сөздің астарында не жатыр?» деген суық ой санасын тіліп өт­ті. Елу жыл отасқанда, қызғанудың не екенін білмеген Кәрім кемпірінің жұмбақ сөзі ішін тырнап алғанын сезді. Қапелімде не айтарын білмеген Кәрім үйден ата жөнелді. Кәрі қойдың жасындай жасы қалғанда, еститін сөзі осы ма еді? Кәрім ойы шым-шытырық. Жас құданың маңайындағы біреумен кемпірі әуейі бола қоятындай тіпті қисыны жоқ. Бас зоотехниктің бұл ауылға көшіп келгеніне екі жылдың ғана көлемі болған. Әлде…Бірақ Жәнияның қыз кезі де көз алдында өт­ті емес пе? Кәрім осы оймен өмірі көршілес болып келе жатқан қара кемпірдің сырласы Қатыштың үйіне қалай келгенін аңғармай қалды. Қыт-қыт­таған тауықтарына жем шашып жүрген Қатыш беймезгіл келген Кәрімді көріп, таңданысын жасырмай, белін жазып, аңтарыла қарады.
–Басы қуарған жаман қарғаша жүнің жығылып кетіпті ғой. Тыныштық па? Жансаям аман ба, әйтеуір?
Қатыш қара кемпірді еркелетіп «Жансая» деуші еді.
– Жансаяң бар болсын. Жансая дейді ғой. Жансая болмай, ол қақпас «жанқорлық» болып тұр ғой, – деп Кәрім ішкі күйзелісін жасыра алмады. Бірақ жанын жегідей жеген сезік пен күдікті шығаруға дәті шыдамады.
–Үш күн болды, жатыр басын көтермей. Не зобалаң келгенін бір Құдай білмесе, мен біле алмадым. Қатынның тілін қатын біледі. Сен барып бірдеңе қылмасаң, мен шаршадым,– деп ағынан жарылды.
Қатыш пен Кәрім келген кез­де қара кемпір сол баяғы орнында қыбыр етпестен жатқан еді.
– Жансаям-ау, мына жатысың не? Қайдағыны бастамай, тұр орныңнан. Қызың құт­ты орнына қонды. Оған қайғырғаның жараспас. Құдайым-ау, қайдағы жаман ырымды бастап…
Қатыш сөзін аяқтап үлгерген жоқ, қара кемпір қыстығып барып, жылап жіберді. Қатыш та, Кәрім де аңтарылды да қалды. Екеуі екі жақтан қанша жалынса да қара кемпір тоқтар емес. Өксіп-өксіп жылайды. Әлден уақыт­та солықтап барып саябырсыған қара кемпір ықылық ата отырып, бірдеңенің ұшығын шығарды-ау ақыры:
– Тағдырдан күткенім осы ма еді? Уһ! – деп көкірегі қарс айырыла күрсініп қойды. Кәрім ендігі сөздің аңдысын аңдып, сұп-сұр болып отыр. Қара кемпір анда-санда уһілеп қойып, жайлап қана сөйлеп кеткен еді.
– Өмірге сегіз қыз әкелдім. Сегізі де тұрмыс құрды. Бірақ осы өмірде мен не көрдім? Осы сегізін жеткізем деп жүріп, өмірім өт­ті. Тым құрығанда бар-жоғы 100 шақырым тұратын аудан орталығын да көрмеппін ғой мен бейбақ. Құдай-ау, сегіз қыздың дәм-тұзын осы ауылға байлап қойғанын айтамын да. Құрығанда біреуі сыртқа тұрмысқа шықпады-ау. Ел құсап дорбамды арқалап, «қызыма барып келе жатырмын» деп шалқып жүру менің маңдайыма тарлық еткенін айтамын да… Ана ақсақ Жұманның маймақ қатыны құрлы болмадым-ау. Жыл сайын пойызға мініп, Алматыдағы қызына барып келгенін жыр қылып отыратын. Құдай-ау, өмірімде пойыздың не екенін білмей өт­тім ғой. Бұл Құдайға не жаздым, қараң қалғыр осы ауылдың жігітінен басқа жігіт құрып қалғандай, жапырылып Қасқабұлақтан шыға алмай қалғандарына күйіп барамын ғой, Қатышжан-ау,– деп қара кемпір әуеніне қайта басты.
Манадан бері кемпірінің сөзін аңтарыла тыңдап отырған Кәрімнің жүзіне қан жүгіріп, орнынан қопаңдай қозғалып, жадырап сала берді:
– Өйбүй, кепкен кемпірім-ау. Уайы­мыңның түрін. Мына о… шалың аман болсын. Осы жаз пойызға мінгізіп, сылқылдатып Алматыға апарып келмесем, Кәрім атым құрысын.
Расында, келесі жылы мамыр айында Кәрім мен қара кемпір Алматыға арнайы барып қайт­ты. Қара кемпір көрші кемпірлерге көрген-білген әңгімесін қара күзге де­йін әрең айтып тауысыпты дейді білетін жұрт.
Тіпті әлі күнге де­йін қара кемпір әңгімені «Баяғыда шал екеуміз «шатыр-шұтыр» пойызға отырып…» деп бастайтын көрінеді.

Әйтен

Өзінің айтысына қарағанда, Әйтен – мансабының маңыздылығы жағынан директор мен парткомнан ке­йінгі үшінші адам. Ет жақын інісі болғандықтан, кәсіподақ төрағасын төртінші орынға қояды. Әйтен қалжыңдап айтпайды, шындығында, бүкіл Қасқабұлақ оған тәуелді. Өйткені ол – ауылға жарық беретін жалғыз мотордың иесі. Осы жалғыз мотордың шынымен-ақ жөнделмейтін ақауы бар ма, әлде әңгүдік Әйтеннің ұстамасы ұстап қала ма, кім білсін,
әйтеу­ір, бүлкілдеп тұрған мотор аяқ астынан қақалып-шашалып барып, тына қалады да, күллі ауыл қараңғылық құшағына еніп, жүре береді. Қараңғыда сіріңке іздеп тірнектеп жүргендердің қазаны төңкеріліп, шекелері соғылып, шошынған бала-шағасы шырылдап, бүкіл ауыл у-шу болады да қалады. Жарықтың қашан жанарын бір Құдай мен Әйтен ғана біледі. Әйтен өзі қоятын диагнозы біреу-ақ: «қызып кетіп, майы ағып жатыр».
Ауыл жұрты «жолың болмағыр, Әйтен» деп сыртынан ғайбат­тағанымен, белсеніп бетіне айтар біреуі жоқ. Өйтпес­ке шара қайсы. Той-томалақ жасамай, соғым етіне шақырмай қарап отыратын ауыл бар ма? Сондай кез­де «жарығыңды құрығанда түн ортасына де­йін жағып берші» деп Әйтенге жалынышты болмайтын жан жоқ. Бұл жалыныстың құны бір жарты мен бір асым ет. Бір қызығы, осындай сыбаға алған күні Әйтеннің моторы қақалмайды да, шашалмайды да, бір сарынды бүлкілмен таң атқанша тынымсыз жұмыс істей береді.
Сөйткен Әйтеннің беделі бір-ақ күнде одан әрі аспандап кеткені. Бір-біріне іркес-тіркес жалғасып салынған кілең тоқал тамнан тұратын жатаған шағын ауылдың батыс жағына кілең ақ шаңқан үйлер салынып, директор бастаған ығай мен сығайлар жаңа қалаға көшті де ауыл екіге жарылып шыға келді. Сөйтіп, Әйтеннің стансысында да екі желі пайда бола қалғаны. Осы күннен бастап ескі ауылдан береке қашты. Әнше­йінде қарағым Әйтен қараша ауылға жарық беруде қатаң тәртіп орнатып тастады. Өзі айтпақшы, «бәжный бопростарға» ғана киетін керзі етігін киіп, үйді-үйді аралап жүріп, жаңа тәртібін түсіндіріп шықты. Айтатын уәжі мынау. «Жарық желісінің өсуіне байланысты моторға нәгрузкә түсіп тұр. Деректір жолдас түнде әлсіз жарықпен не кітап оқи алмай, не тілебезер көре алмай қиналып жүр. Кеше стансыға келіп, «Әйтішжан, өзің бір ретін келтірмесең болмай тұр», – деп қиылған соң әткәз бере алмадым. Сондықтан бұдан, былай грәфик болады. Қатын жолдастар сағат 7 мен 8 аралығында байларыңды тамақтандырып аласыңдар. Содан 9-ға де­йін жарық болмайды. 9-дан 10-ға де­йін балалар сабағын қарау үшін қосымша бір сағат жарық беріледі. Жарықты бір рет өшіріп-жағып, белгі беремін. Осы белгіден ке­йін бес минөт­тің ішінде қатын жолдастар шамын әзірлеп үлгерулері керек. Бұл грәфикті деректір жолдастың өзі тікелей кәнтролға алып отыр».
Талап осы. Әйтенге «мұның қалай?» деп ешкім батып қарсы шыға алмады. Осылайша, түнгі өмірін Әйтеннің құзырына берген Қасқабұлақтың ескі ауылы жаңа қаладағы жарқырай жанған шамға телміре қараған бәтуәсіз уақыт өтіп жат­ты.
Сөйтіп жүрген Әйтеннің ойламаған жерден қазақ тілінің мұғалімі, ауылдың қабырға газетінің редакторы Құрмантаймен ілініп-ақ қалғаны. Қалада оқу бітіріп келген екі мұғалімнің бірі болғандықтан ба, әлде туа біткен мінезі сол ма, Құрмантай да – қарағымның бірі. Ағайын еді-ау деп қарау жоқ, қабырға газетінің бетінде сойып салып, қарап отырады. Өткенде туған қайынағасын шөп ұрлап жатқан жерінен үстінен түсіп, көлдей мақала жазып, абыройын айрандай төккені бар. Сол мықты Құрмантай Әйтенді бүкіл ауылға күлкі етпесі бар ма. Оқиға былай болыпты: Аяғына бір түн отырып кремдеген керзі етігін, әйеліне үш жуғызып, қара майын кетіріп, ақ таңдақ болған кәстөмін киген Әйтен қайқайып демалыс күні Құрмантайдың үйіне барыпты. Үйге бірден кірмей, ойнап жүрген балалардың бірін «Құрмантайды шақырып кел» деп жүгіртіп жіберіп, бопразын будақтатып, есік алдында әрлі-берлі ойқастап жүріп алыпты деседі көрген жұрт. «Құда келгендей, кісі салып тұрған бұл кім екен?» дегендей, тәпішкесін сүйретіп, көзі сығырайып Құрмантай шығып келе жатса, Әйтекең дүрсе қоя береді.
– Әйтен келе жатқанда деректір жолдастың өзі атып шығады. Неғып бәлсініп жатырсың?
– Әйтен болмақ тұрмақ, кім болсаң да, есік ашық, кірмейсің бе үйге.
– Кірмей-ақ қойдық. Ерігіп жүрген Әйтен жоқ, шаруам бар.
– Ал?..
– Түсіме арғы атам қайта-қайта кіріп, аян беріп маза бермей, Құдай Тағала өне-бойым тырыса берген соң қолыма қалам алған едім, Құдай Тағала саған өтірік, маған шын, екі күн отырып өлең жаздым. Басыма ой сыймайды. Қолым талған соң бүгін тоқтап, өзіңе алып келдім. Гәзит­тің бір бұрышынан орын табарсың. Құдай Тағала дес берсе, сені де ұмытпаспын…
– Өй, тумаған сиырдың уызын айтып қайтесің. Көрсет өлеңіңді.
Әйтен қалтасынан май сіңіп, мыж-мыжы шыққан бір топ қағазды суырып берді. Сондағы Әйтеннің өлеңі мынау екен:
Бытырлайды, сынады үлкен әйнек,
Терезені қағады біреу күштірек.
Түн ішінде Әйтенді кім іздейді,
Бастықтардың біреуі болса керек?!
Өлеңнің бірінші шумағын бітірмей-ақ күлкіге булыққан Құрмантай Әйтен шығармасының аяғына де­йін оқуға шамасы жетпеді. Ертеңіне бұл әңгімені бүкіл ауыл естіп, Әйтенді біраз күлкі қылысып жүрді де, артынан мүлде ұмытып кет­ті.
Содан күз түсе Құрмантайдың қалада оқуда жүрген қызы күйеуге шығатын болып, құдалар сау ете түспей ме. Мал сойылып, бас үйітіліп, абыр-сабыр болып жатса да, Құрмантай байғұста жазық жоқ, сәлемдемесін жақсылап жасап, жамағайын інісін Әйтенге жүгіртіп жібереді. «Үйге құдалар келіп жатыр. Жарығын таңға де­йін жағып берсін» деп сәлем айса керек. Жүз грамын сылқитып алып, етке тойған Әйтен біраз ойланып отырып: «Алаңдамасын, таңға де­йін жарықты сөндірмеймін», – депті.
Содан ымырт жабылып, құда-құдағилар танысып, арқа-жарқа болып жатқан кез­де Әйтен шамын жалп еткізіп өшіріп тастайды. «Май құйып жатқан шығар, көп ұзамай жанып қалар» деген үмітпен Құрмантай қараңғыда құдалармен шүңкілдесіп біраз отырады. Жанған жарық жоқ. Інісін жұмсап жіберіп еді, «Стансыда ешкім жоқ, есігінде құлып тұр» деп келді. Құрмантай шын сасайын деді. Буы бұрқырап тамақ тұр. Қараңғыда әңгіменің мәнісі болмады ма, құдалардың алды қисайып жантайуға айналды. Ауылда жарық бола тұра, құдаларына ондық шаммен ас бергенге намыстанған Құрмантай құстай ұшып, Әйтенге өзі барды. Әйтен сөз ұғар емес. Жаман мотористке сөзі өтпей, ызаға булыққан Құрмантай безілдеп отырып, бас инженерге барса, ол егін басынан әлі оралмапты. Жанұшырып парткомға келсе, ол ауданға кетіп қалыпты. Дес бергенде директор үйін­де екен, Құрмантай жағдайын айтып еді «механикке мен айт­ты де, жөндесін» деді. Механикті үйінен суырып алып, Әйтенге келсе, есігін іштен іліп алған, ашпайды. Ар жағынан: «Басымның сақинасы ұстап жатыр, мазамды алмаңдар», – деп қара-а-п тұр.
– Өзіңнің керегің жоқ. Бізге стансының кілтін бер, өзім жөндеймін,– дейді механик.
– Бере алмаймын. Мен актілеп алғанмын.
– Өй, әкеңнен қалған дүние ме еді? Бізді директордың өзі жебіріп отыр.
– Директордың өзі келсін.
Осымен сөз біт­ті. Әбден қорланған Құрмантай директорға қайта барды. Қанша айт­қанмен мұғалім деген аты бар, оның үстіне Әйтеннің қылығына ашуы келген директор еріксіз өзі келді. Құрмантай мен механик есік-терезені қанша қақса да, Әйтен есік ашпайды. Қаны басына шыққан Құрмантай өкшесімен есіктің босағасын түсірердей болған кез­де ар жақтан «бұл кім-әй?» деген дауысты естігенде, жылап жібере жаздады.
– Қырылып қалғансыңдар ма, түге? Ашсаңшы есігіңді.
– Өй, кісі екен десем, сен екенсің ғой. Айт­тым ғой, мазамды алмаңдар. Жарық болмайды бүгін.
– Атаңның басы, жақпассың бүгін. Шық бері директор келіп тұр.
– Өй, шікін-ай! Жарым түнде деректір жолдас Әйтенді не қылсын.
– Жолың болмасын, Әйтен, жолың болмағыр. Өмеке, бірдеңе деңізші мына дауасызға, – деп Құрмантай директорға жалбарына қарады.
– Әй, Әйтен, аш есігіңді, – деген директордың дауысы шығуы мұң екен, ілгіш сарт етіп ашылды да, Әйтен шыға келді.
Сақинасы ұстаған ештеңесі жоқ, ыржалаң-ыржалаң етеді.
– Деректір жолдас, түн ішінде өзіңіз іздеп келдіңіз бе?
– Келмеске қойдың ба?! Бұл не қылғаның?
– Терезені сындырғанша қаққандарыңыз қызық болды.
– Ойбай-ау, малғұн-ау, үйде құдалар… Үлкен басымен Өмекеңді сүйрелеп алып келгенде, есік ашпасаң сындырмағанда қайтеміз?! – деп Құрмантай күйіп-пісіп тұр.
– Енді тоқтай тұр, Құрмантай. Өткендегі өлеңімді оқыдың ғой.
– Ал, оқыдым.
– Сонда «Түн ішінде біреулер тереземді сындырардай қағады» дедім бе?
Құрмантайда үн жоқ.
– Оу, тілің байланып қалған ба? Айтсаңшы.
– Дедің, ойбай, дедің… болсаңшы енді… Құдалардан ұят болды-ау.
– Ол басшылардың біреуі болар дедім бе?
Құрмантай аспанға ұшып, жерге түсті.
– Күйдірді-ау, мына бетпақ. Өлеңің құрысын…Шимай-шатпағыңды не қылып жырлап тұрсың бұл жерде. Дедің, дедің… енді не қыл дейсің?!
Ал сен мені мазақ қылып, бүкіл ауылға күлкі ет­тің. Өлеңімнің тірліктен алынған өміршең екенін енді мойындайсың ба? Мойындасаң, қазір жарығыңды беремін.
– Қап, құрт­ты-ау, мынау,– деп Құрмантай босағаға отыра кет­ті.
Сонымен қойшы, жарық та берілді, ертеңінде Құрмантай құдаларын шығарып салды. Ал бұл оқиға ауылды біраз күн күлкіге бөлеп жүрді. Бойжетіп қалған тағы екі қызы бар Құрмантай ертеңін ойлады ма, көп ұзамай қабырға газетінде Әйтеннің көлдей өлеңдері жарық көрді…

 

 

 

Мұратқали Дүйсенбаев

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір