ҚҰБА ТАҢДА ЖУСАҒАН ҚҰЛАН-ЖЫР…
(Поэзия тілінде салынған суреттер)
Көрнекті әдебиет қайраткері Қасымхан Бегмановтың «Құлан иек, құба таң» таңдамалы жыр кітабын шама-шарқымызша талдап оқығанымызға да бір жарым жыл болыпты. Уақыт өлшемін көрсетуіміздің өзіндік сыры барын айта кетелік. Кітап оқымайтын қазақ емеспіз. Бірақ бір кітапты осынша қайталап оқитын кезіміз сирек.

Жазу үстелімнен түспейтін екі-үш автор бар. Біріншісі – «Сережка», яғни Сергей Есенин, екіншісі – «Ай», яғни Төлеген Айбергенов. Талғамымыз болу керек, осы екі талант шығармаларынан соң үстелімде ұзағырақ тұрақтап қалған туынды – осы «Құлан иек, құба таңы» болды, әріптестер.
Басқаны қайдам, өз басым Қасымхан өлеңдерінен қоңыр ырғақтың тасасына жасырынған қоңыр мұң, қоңыр сурет көрдім. Ақиқатында сезіндім. Ой мен түйсікті ықпалды әсер қозғайды. Әңгіме поэзия тілінде сөйлеген көрініс, суреттерге қатысты.
Литваның Чюрленис деген өзі композитор, өзі суретші дарыны бар. Сол Чюрленистің салған суреттерін көрсең, музыка ырғағын, ал музыкасын тыңдасаң, сурет көргендей боласың. Біз Бегманов жырларынан да осындай феномен сезіндік!
Әлбетте, бұл – ұлттық поэзиямыздағы айрықша құбылыс. Әрине, бұл постулатқа да біржақты қарауға болмас. Біреуге ұғынықты болған тың үрдісті енді біреудің түсінбеуі де мүмкін…
Ақиқатында әркімнің өз талғамы, анализі, дүниетанымы болуы заңды. Кәдімгі махаббаттағы сияқты…
Өнер тарихында Балуан Шолақ деген тұлға, оның «Ғалия» атты шедеврге айналған әні бар. Историзміне келсек, ән персонажы Ғалия Төлеуқызы – біздің елдің адамы. Үлкендердің айтуы бойынша, Ғалия анау айтқандай сұлу емес, қараторы, сепкіл бет, Шортанның базарында қымыз сатып отыратын қарапайым келіншек болыпты.
Жерлестері: «ойбай-ау, Балуан Шолақ деген атың бар. Қарапайым Ғалияға ғашық болып, несіне осындай тамаша ән шығардың?» дегендерге Балуан: «сендер Ғалияға менің көзіммен қараңдар…» дейді екен.
Әлбетте, бұл дүниетаным мен қабылдауға, көзқарасқа қатысты тұжырым. Біз Қасымханның қоңыр жырларын осылай қабылдадық… Әрі оған негіз де, қисын да бар. Бұл ниетке қарсы көзқарастар болуы да ықтимал. Оларға айтарымыз: «Қасымхан өлеңдерін бір мәрте емес, біз сияқты қайталап, бір жарым жыл оқыңыз!.. Ақынды да, осы пікірді де сонда түсінесіз…»
Енді кітаптың өзіне үңілейік, анализ жасалық.
«Балалыққа бұрылып, қайтып кеткім келеді,
Кеудемдегі зарымды айтып кеткім келеді» –
дейді Қасымхан «Арман» атты өлеңінде. Кәдімгі «Айтып өткен ақында арман бар ма, жүрегінің түбіне кір жасырмай» деген әдеби постулатқа айналып кеткен фразелогиялық тіркестің жаңаша түлеген қисынды, логикалық жаңғырығы.
Алдымен, Қасымхан өлеңдерінде осы қисынға негізделген шынайылық бар.
Әдебиет, оның ішінде, әсіресе поэзия біржақты дүниетанымды қаламайды. Алдымен қабылет-дарынмен қоса, кемел ТАНЫМ керек. Танымал, ел мойындаған әдебиет тарландарының арасында сөз өнеріне еш қатысы жоқ басқа саладан келгендер бар. Олардың арасында мұнайшы Темірхан Медетбековтен де бұрын геологтер Есенберлин мен әлем мойындаған Олжасты ауызға алу керек. Біздің шығармашылығына анализ жасап отырған персонажымыз да үлкен білікті талап ететін техникалық мамандықтың иесі. Оның шығармалары мен дүниетанымды да біз, осы ерекшелігінен іздеуге тиістіміз.
«Сәуір тәуір болмады биылғы бұл,
Сағағынан дір етіп қиылды гүл.
Долы дауыл бұтақты ала қашып,
Көкірегіме өзендер құйылды бір» –
деп толғанады ақын Қасымхан.
Міне, тақырыптың шешімді қисыны мен логикасы осы жерден көрініс табады. Ал көріністің, оған сәйкес туар қиял-түсініктің нәтижесі – нақты сурет. Чюрленис феноменіне қатысты тұжырым да осы жерден шығады. «Көкірегіме құйылған өзен». Көкірекке құйылған өзеннің жан дүниені толқытуы, толқындатуы, толғандыруы заңды. Оған дәлел мына бір шумақ дер едік:
«Суық жаңбыр қақты кеп тереземді,
Бұзып-жарып ақты кеп сең өзенді.
Ағыл-тегіл жауғанмен ақ жаңбырлар,
Қандыра алмай қойды-ау жер, кенезеңді».
«Ағыл-тегіл ақ жаңбырлар қандыра алмаған кенезенің» ишаралы мимикасы жоғарыда айтып кеткен ақынның дүниетанымы мен талғамына әкеліп тірейді.
Тұлғалық болмысты да осы дүниетаным мен талғам қалыптастырады. Шығармашылық адамының стильдік ерекшелігі де сонда жатыр.
Қаршадайдан артымыздан сөз ерген,
Ерініміз талай-талай кезерген.
Алапат бір қайғы таптап кеудемді,
Тұрғандығын сезер ме ең.
Жүзіп өттік «өмір» дейтін өзеннен,
Сол сәтте оның түпсіздігін сезер ме ең.
Сонша неге өзеуредің, қарағым,
Мен төзгенге төзер ме ең.
Армандай бер, тағы арманда, арманда,
Оңашада жалғыз өзің қалғанда.
Ит талаған ештеңе емес, жазылар,
Сөз талаған жаман екен жалғанда, –
деп күйзеледі ақынның тұлғалық болмысы!
Шағын мақаланы Қасымхан жырларымен толтырсақ, талдауға мүмкіндік шектеледі. Ақынның «Алматыға келді тағы гүл көктем» деген өлеңін оқыңыз. Онда «Қоғасы көлдің қозғалады әрең» Кеңшілік лиризмінің жаңғырған жалғасы барын аңғардық. Кәдімгі таза лирика!
Лиризм – жалғыз поэзияның ғана емес, барша шығармашылық таным-талғамның түптамыры. Қасымханның поэзия тілімен салған суреттері осыны тағы да бір дәлелдейді.
Алматыға қар жауып тұр ақпанда,
Жаңа ғана атқан мынау ақ таңда.
Алатауға қарап тұрдым балконнан,
Аппақ дүние сыр жасырып жатқанда.
Соңғы күні, соңғы түні ақпанның,
Осындай бір көңіл күйді тапқанмын.
Ешкім сезбес ешқашан да, оянды-ау
Көңілімде қалғып бара жатқан мұң.
Қасарысқан кетті кеше қаңтарың,
Ертең келер наурызға үміт артамын.
Ақша қарда, аппақ жолға түсіп ап,
Қызығы көп көктем жаққа тартамын.
Ақын Бегмановтың кабинетінде талайдан бері басқа лауазымды басшылардай Нұрекеңнің портреті емес, «Айдың», яғни Айбергеновтің суреті тұр. Демек, Қасымхан саясат пен қызметтің емес, шығармашылықтың бар болмысымен басұрған сарбазы деген сөз. Оның жырларының талап биігінен көріне алуы да сондықтан. Ақынның «Төлеген Айбергеновке оралу» өлеңінен де соны аңғаруға болады.
Белдерден асып қайырылмай кеткен қара жол,
Шолпандай таңғы дара еді ол.
Далалық біздің шалдардай сергек дана еді ол,
Кей сәтте сәби бала еді ол.
Жалықпайтұғын жағаға қарай
толқындай тулап қайтудан,
Теңіздей шулап айтудан.
Қасқая шапты-ау, алдынан сонда ай туған,
Алыбым едің заманаларға сай туған, –
деп жазыпты Қасымхан.
Поэзия тілінде салынған суреттер…
Бір жарым жыл сондай шедевр тамашалаған жай бар, ағайын. Жасыратыны жоқ, бұрын бір сыдыртып оқып шығатын, астарын түсіне бермейтін туындылар бізге осылайша, жаңа келбетін ашты.
«Пушкинді түсіну үшін талант керек» дейді Есенин. Бізде өзімізді немесе анализ объектісін жалаң мадақтау ниеті жоқ, болған да емес. Сіз де Бегманов поэзиясына осындай бір тың көзқарас биігінен көз салып көріңіз.
Көзқарасымыздың бір нүктеде түйісеріне біздің әсте күмәніміз жоқ…
Өмірзақ МҰҚАЙ