ҚАРАШАШТЫҢ ҚАЛЖЫҢЫ
16.09.2025
281
0

Көрнекті сатирик Мыңбай Рәш қырық қырлы, бір сырлы талант иелерінің бірі еді. Биыл туғанына 95 жыл толған ол домбырамен ән айтып, жыр да жырлайтын. Суырыпсалма ақындығы бір басқа, ән шығаратын сазгерлігі де бар еді. Қырғыздың «Манасын» екі жағына тербеле, теңселе отырып «ырлағанда» таңды таңға ұратын. Әдебиетіміздің алыптарының дауыстарын сала отырып, образдарын жасайтын сахнагерлігі де өзіне жарасатын. Дарын иесінен көз жазып қалғанымызбен, әдеби мұралары ортамызда. Оқи жүрейік…

Алматының батыс жағындағы Никольский шіркеуінің тап қасына орналасқан базардан «Kodak» (Кодак) деген жарнаманы көріп, жағасын ұстаған Жиренше шешен суретке түсуден бас тартты.
– Қой, Қарашаш, есі дұрыс жарнамалары бар көшелерді аралап көрелік, дүкендер, шүкіршілік жын атады ғой, – деді.
– Әй, қайдам, қайсысы оңып тұр ғой дейсің? – деп Қарашаш күдігін жасырмады.
– Жығылсаң, нардан жығыл. Абылай хан даңғылын аралайық, – деді Жиренше сақал-мұртын сипап қойып.
– Мейлің білсін…
Олар төртінші трамвайға отырып, Шевченко көшесі мен Абылай хан даңғылы түйіскен жердегі аялдамадан түсе қалды.
– Енді, жаяулап асықпай аралайық, – деді Қарашаш.
– Жарайды, келістік.
Мальборо, Кока кола, Пепси, Спрайт… рестаурант… деп келетін үлкен әріптермен жазылған жарнамаларға еттері үйреніп қалған екі жолаушы «ECHANGE» деген жерге тоқтай қалды.
– Бұл не пәле? – деді Жиренша.
– Пәлі, соны да білмейсің бе, валюта айырбастайтын орын емес пе?
– Е… солай екен ғой, ал анасы несі, ей, – деді Жиренше «USD, DM, BK, KC» деп жазылған жазуларды нұсқап.
– Бұл жұмбағыңды түк түсінсем, бұйырмасын, – деді Қарашаш.
Сөйткенше болған жоқ, екі-үш аттай бергенде «RARITU ART Казахстан» деген жарнама кездесті.
– Бұл не тағы да?
– Сүйінші! Қазақша сөздер кезікті, әне, «Открыткалар, балалар әдебиеті» деп тұр… Екі сөздің біреуі қазақша екен. Оған да шүкір.
Екеуі «OPEN» деп жазылған есікке қарай ұмтылды.
– «Опені» несі, ей? Сықақшы Көпеннің бірдеңесі емес пе екен?
– Сірә, ашық дегені болар, – деп Қарашаш есікті ашып қалды.
– Жақсы болды, немерелерімізге балаларға арналған суретті кітапшалар алатын болдық! – деп Жиренше мұртын шиыра беріп еді.
– Асықпа, кім білсін, – деп Қарашаш күдігін қоймады.
Айтса – айтқандай, салған жерден көзге түскен «Алла Пугачева» деген кітап «Финансово-экономические методы страхования», «Законы о налоге» тағысын-тағылар…
– Әу, балаларға арналған кітапшалар қайда? – деді Қарашаш.
– Әне, апай, әне жерде… – Э.Успенскийдің, К.Булычевтің, К.Чуковскийдің, С.Маршактың, өзге де орыс авторларының кітаптары жын атады.
– Қазақша кітап жоқ па?
– Әне, – деді сатушы қыз жар дегенде жалғыз ғана «Әріптер әлеміне саяхат» деген кітапты көрсетіп, – өзі бір-ақ дана…
Ілгерілей бере және жұмбақ тап болды. «SBS», «Seica Hilca SDS СЖС Казахстан»… SWISS Centre… Бұл Абылай хан даңғылы, 123-үйге орналасыпты. Ары қарай «Vita» дүкені екен. Абылай хан даңғылы мен Қабанбай батыр көшесінің қиылысындағы үлкен орталық гастрономның кіреберіс маңдайшасында «SMAT» гастроном деп жазылыпты. Даңғылдың 115-санды үйінде үлкен әріптермен «КАРДИНАЛ» деп жазылыпты, қазақшасы жоқ.
– Александр Дюманың «Үш ноянындағы» бүкіл Францияны билеген Кардинал бұл жерге қалай келіп қалған? – деді Қарашаш.
– Тәйірі, ол қайдан келсін, гүл сататын жердің аты екен ғой, – деді Жиренше.
Келесі үйде «AGFA» деген жазу тұр.
– Бұл не? – деп қанша басын қатырса да таба алмаған Қарашаш басқышпен көтеріліп, есігін ашып қалды. Қаптаған фотоаппараттар сатылады екен.
– Ә, – деді сатушы жігіт, – яғни Городская фабрика фоторганизации. «Хе-хе», – деді.
– Хе-хең не, ей, онан да туу, түбі түскір демейсің бе… Ары қараса «БОМБОЛА кафе бистро» деген пәлесі алдан шыға келді.
– Байқа, бомба… дегеніне қарағанда… жарылып жүрмесін!
Дінмұхамед Қонаев пен Қабанбай батыр көшелері мүйісінде «АДМИРАЛ NELSON» деген атшаптырым жарнама тұр… Түнгі клуб көрінеді.
– Түнгі клубы қалай? – деп еді Қарашаш…
– Қараңғыда қыз ойнақ,
Күндіз емес,
Түнде ойнақ,
Нақ-нақ… – деген Елубай Өмірзақов айтатын күлдіргі әнді ұмытуға бола ма? – деп жымия күлді Жиренше.
Осы көшемен жоғары өрлей бергенде жалғыз қазақша жарнама кезігеді, оның өзі «Дәулет» болмай, «Даулет» деп жазылыпты. «Қазақстан Тұтынушылар қоғамының Даулет қонақүйі» деп көзге ұрып тұр. Оған қатарлас үйдегі «Chewron» дегеніміз, шағын дүкеннің жарнамасы екен. Машинаға қажетті майлар сатылатын көрінеді.
Бөшкеге салынған тұздалған балықтай быжынай жазылған: «Интернет, philepeps, Laminox, alson, General, Garrikn»… жарнамаларының сыры: электр, тұрмыстық тауарлар сатылатын дүкен болып шықты. Қазақша бір ауыз сөзді кездестірмейсің.
– Аяғымнан таусылдым, жә, осы да жетер енді, қонақүйімізге қайтайық, – деді Қарашаш қабағын түйіп.
– Ха-ха, ананы қара, Қарашаш, – деді Жиренше, «PIZZA BAR»-ды нұсқап.
– Онысы несі тағы да?..
Никольский шіркеуі жанынан «Кодакты» көріп ең, Құрманғазы көшесінен «PIZZA BAR»-ың алдыңнан шықты, енді арманың жоқ шығар, ха-ха! – деп қалжыңдады.

Аушардағы дау-шар

Бір аушарда
Биені бүгімен,
Түйені түгімен,
Жұтқандар түсті дау-шарға.
Аналар:
Мал-мүлікті,
Былықтырған бүлікті,
Есепшотқа берді.
Мыналар:
Есік біткенді тоздырып,
Жүйке тамырларын қоздырып,
Ақыры істі
жергілікті сотқа берді.
Аналар:
– Бекер шатпаңдар! – деді.
…Аушардағы дау-шар басылар емес,
Сот та сөз бұйдамен асығар емес.

Мешкейлер

Жақсылық пен жамандық,
Тірелген бәрі долларға.
Тасада қалар адалдық,
«Көгала қағаз» мол барда.
Тою білмес мешкейлер,
Толтырысар дорбалап.
Білмесін деп еш пенде,
Салықтан сырт қорғалап.
Доллар үшін даурығып,
Жыртысады кеңірдек.
Бір-бірімен жауығып,
Асасам деп көбірек.
Қызғанып кейде долларды,
Бірін-бірі кейітер.
Өтірік, шындық, долбарды,
                                                     Заң орнына келтірер.

 

Мыңбай РӘШ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір