Танымды да тартымды
09.09.2025
151
0

Соңғы жылдары қазақ әдебиетінің деректі прозасында қатарластарының алдыңғы шебінде қамшы салдырмай келе жатқандардың ішіндегі ерекше көзге түсетін тарланбоздың бірі – Қайсар Әлім. Ол өзіне дейінгі төл әдеби шаруашылығымыздағы деректі-дәйекті шығармалар жазатын авторлар санатында тұрғыластарынан оқ бойы озып тұр.

 

А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының Шәуешекке аттанарда достарымен түскен суреті. Отырғандар (оңнан солға қарай): Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан (Мұқан) Жәкежанұлы, Көкпай Жанатайұлы, Тұрағұл Абайұлы, Жақабай Әтікұлы. Тұрғандар (оңнан солға қарай): Жұбандық Балғынбайұлы, Міржақып Дулатұлы, Қажымұқан Мұңайтпасов, Сейдазім Қадірбайұлы, Елдес Омарұлы. Семей, 1918.

Жалпы, осы жанрға соны леп, жаңа тыныс әкелді деп батыл айтар едік. Рас, біздің бұл байламымызға біреулер қызғана да қарайтын шығар. Қатарымыздағы әріптестерімізден шеберлігін мойындағысы келмей, лайықты бағалауға қимай, іштей тынатындардың барлығына таңданбаймыз да. Қазіргі заманда рухани дүниені мойындату оңай емес. Әйтсе де, меніңше айтулы жанрдың қазіргі жампозы – осы кісі. Оған дәлелді алыстан іздемей-ақ қойыңыз.
Міне, биыл: «Фолиант» баспасының ел арасына кең тараған «Нартұлға» беделді сериясының кезекті кітабының «Міржақып Дулатұлы» атанғанын қалап, бір келелі іс тындырғандай болып едік. Сол ниетіміз құп алынып, міне, қолдарыңызға осы туындыны ұстауды нәсіп етіпті», – дейді автор ағынан жарылып. Қайсар аға, «келелі іс тындырғандай болып» емес, берекелі іс тындырдыңыз. Отыз жылдан бері жан терлетіп, көз майын тауысып, табандылықпен жазған орасан зор еңбегіңізді тағы бір ой елегінен өткізіп, оқырманға қайта ұсынғаныңыз олжа болды.
Бұл – Міржақыпты тани түсуге жасалған тағы бір қадам. Жай тани түсу емес, тұтастай ұлт тағдыры үшін басын бәйгеге тіккен арыстың адами болмысына барлау жасаған ұмтылыс. Басты ерекшелік – автордың іздегені, зерттегені, тапқаны өз алдына, қайнаған өмірдің ортасында жүріп, айналасындағы әлеуметтік құбылыстардан сыр суыртпақтай отыра, өзінің тікелей көріп-білгендерін толғаныс-тебіреніспен жүректен өткізе жазғанында болып отыр. «Жатсам-тұрсам бiр ой менi түртпектей бередi» деп туған жер туралы сыр шерте келе Қайсар Әлім Қостанайдан сонау 1990 жылы Міржақыптың Алматыдағы қызы Гүлнар апайына: «Апай, ендiгi менiң ойым – нағашымның туған жерiн, жастық шағын, бiлiм алған ортасын, азамат болып қалыптасқан тұсын, қазiргi бар туған-­туыстарын бейнелеп, сипаттайтын танымдық маңызы бар хикаят жазу. Ол үшiн бiраз дерек жинақталғанға да ұқсайды. Әкеңiз жайлы не бiлесiз? Бәрiн-бәрiн рет-ретiмен, хронологиялық жүйемен, сосын қолыңыздағы суреттердiң бiр-бiрден көшiрмесiн әзiрлетсеңiз екен. Әкеге байланысты тағы қандай мұра көздерi бар (киiм-кешек, күнделiктi тұрмыстық дүниелер т.б.) – бәрiн ескерсеңiз…» деп хат жазады. Міне, осындай ынта-ниеттен басталған қам-қарекеттен туған жазбалар кісі қызығып оқитын, ішкі динамикасы шымыр, жүрек лүпілімен өрілген «Міржақыптың оралуы» атты хикаят-сапарнамасы мен «Алаш қызы» атты трагедиялық драмасы дүниеге келуіне жол ашты.
Бұл кітаптың ішіндегі өз алдына бір төбе осы – сапарнама хикаят. Басынан аяғына дейін оқып шыққанда автордың қыруар материалдарды рет-ретімен сөйлете білген шеберлігіне тәнті боласыз. Әсіресе Гүлнар Міржақыпқызының жүрек тебірентерлік естеліктері, мұң-шері, күйзеліс-толғаныстары кей сәттерде жан дүниеңізді шымырлатып жібереді. «Қырқыншы жылдың қыркүйегiнде анамнан айырылған соң, әкешiм-ау, жалғыз қызың елу жылдай өмiрiн iштей өксiкпен өткiздi ғой. Жұптасқан жұбайым бар, базарым – балаларым бар, сонда да, беу, дүние-ай, iшкенiм – iркiт, құсқаным запыран болды. Күнде таңертең төсектен менiмен бiрге өмiр мен өлiм тәжiкелесiп қатар тұрып, киiнiп жататындай. Маған жарық сәуле сыйлаған әкешiм, халқына бақыт сыйлаған Мiржақып сол әдейi жасалған түнек-қапаста «қара құзғын» болып мәңгiлiкке жата бермек пе? Қамын ойлап, құрбаны болған халқың қайда? «Оян, қазақтың» бебеулеген жаралы да зарлы үнi жетпедi ме екен құлағына? Жо-жоқ! Олай деуден аулақпын. Iргелi елдермен төбе түйiстiрген жұртыңды әлем таныды. Өзiңнiң мәңгiлiк мұратыңа айналған «Егемен болмай, ел болмастың» шапағаты әр үйдiң шаңырағынан нұр төгiлттi. Қуан, әке, осы үшiн!» деген сияқты жан сезіміңізге қозғау салар сәттері аз емес. Автор Гүлнар Міржақыпқызының он жеті күн бойы Торғайда күтіп жатып, 12 мың шақырым жол жүріп жеткізілген әкесінің мүрдесін көргендегі көкірегі қарсы айырылған сәттері, әкесінің жазған хаттары, естелік-әңгімелері хақында ынтамен оқисыз. Осының бәрі де алаш арысы Міржақыптың адами қадір-қасиетін, қайраткерлік болмысын аша түсетініне куә боласыз.

Солдан оңға қарай: Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулат

Автордың Карелия сапарының бая­нында көркем новелладай оқылатын тұстары бар, тартымды, ұғымға жеңіл. Карелия, Сосновец кентінің жергілікті тұрғындары және мектеп оқушыларымен болған жүздесулер, өңірдің бел-бедері, өзен-көлі, табиғат көріністерін сезімталдықпен сипаттай отыра, автор өзіндік ой түйген. Сол сияқты сөз майталманы Міржақыптың 1914 жылы Орынбордан өз қолымен жазған хатын көріп қайран қалады: «Қаламұшпен көрікті етіп, сұлу жазыпты. Әріптері таза, мөлдіреп, әсем тізіліп түскен. Ойлары да анық, қарапайым. Өмірбаянын да баяндапты», – деп тамсанады. Жалпы, әдебиетте суреткер үшін ұсақ-түйек болмайды. Кез келген штрих, детальдарға жан бітіре білсе, көз алдыңызға шынайы өмір құбылыстарын елестете алары анық. Бірде Қайсар Әлімді Гүлнар апайы үйіне шақырып, әке-шешесінен қалған дөңгелек үстелде шай береді. «Қасиеттi мүлiк үстi сәндi дастарқанмен жабылған екен, тұтас ағаштан ойып шапқандай шомбалдау аяғы көзiме түстi. Еркiмнен тыс қолым созылып, үстел аяғын жеңiл сипалап өттiм. Өзiмше Мiржақып ағаның қолын қысып, сәлемдесiп жатқандай әсерге бөлендiм» деп жазады. Апайдың айтуынша, осы үстелдiң басында елдiң айтулы 114 кiсiсi отырыпты. «Байтұрсынұлы, Әуезов, Аймауытов, Сәтбаев… қайсыбiрiн айтайын, ардақтылардың», – деп еске алады, қария ана. Толстой: «Шығарма тартымды болу үшін бір ғана ойға бағындыру аздық етеді, бәрі бір сезімге бөленетін болсын», – деген екен. Қайсар Әлім осы тұрғыдан келгенде, мысы басым. Айта берсек, бұл жинақтың әр бөлімінен сыр тарта беруге болады.
Әдебиетте дидактикалық, танымдық қызмет деген ұғым бар. Оқырманның ұтатыны – бұл кітаптан там-тұмдап емес, Міржақып Дулатұлы туралы мәнді-мағыналы мағлұматтарды жан-жақты, сан-салалы дерек-дәйектерді оқып, біле аласыз. Көз көрді, Қайсар ағамыз ұзақ жылдар өңірімізде меншікті тілші бола жүріп, жұртты алаңдатқан ең зәру, қоғамдағы көкейкесті мәселелерді қопарып жазды. Қаламының ұшымен жанкешті қайраткерлігін көрсетті. Сондай еңбектің бір парасы – осы кітап. Құтты болсын!
Дәл осындай кітаптарды құнттау және ел мүддесі жолында күрескен, жұрт жадында сақталған ардақты тұлғалар туралы жәдігер кітапты шығаруды қолдаған облыс әкімі Қ.Ақсақаловқа ризашылығымызды білдіреміз. Мұндайда «Халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз» (Ж.Аймауытов) деген сөз еске түседі.

Жанұзақ АЯЗБЕКОВ,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір