ӨЗІМІЗДІКІН ТЕЗ ҰМЫТЫП, ӨЗГЕЛЕРГЕ ТЕЗ ЕЛІКТЕЙМІЗ
Француз тарихшысы Марк Ферроның «Әлемнің түрлі елдерінде балаларға тарихты қалай оқытады» еңбегі бүгінгі тарих ғылымының бет-бейнесін дәл ашып беретін секілді. Тарих ғылымы нақтылық пен деректілікті талап етеді деп, қанша ақталғанымызбен, ғалымның «әр ел өз тарихын қалауынша құрастырады» дейтін тұжырымы бас изетпей қоймайды. Мәселе сол құрастырудың да қисынға сай қиыстырылуында болса керек. «Өтіріктің өзіне сенбе, қисынына сен» дейтін бабалар сөзі де тегіннен айтылмаған-ау. Анығында, осы күні еш қисынға келмейтін түрлі «тарихи жаңалықтардың» куәсі болып жүрміз. Постмодернистердің тарих ғылымын жоққа шығаратын себебі де сол шығар, бәлкім. Көшпенділер өркениетін қалыптастырған бабалар тарихының тереңіне бойлай алмай, отарлаушы империяның идеологиясымен өрнектелген тарихты да біраз жыл талғажау еттік. Ширек ғасырдан бері ғана егемен ел ретінде өткенімізге салауат айтып, болашағымызды бағдарлай бастадық. Осы уақыт аралығында өткенге топырақ шашып, барымызды жоққа шығарғысы келгендер немесе керісінше өзгенікін өзімізге теліп, жоқтан бар жасағысы келгендер оқырманды әрі-сәрі күйге түсіргені мәлім. Ғылым бар жерде талас-тартыс болатыны белгілі. Ақиқатын, әрине, уақыт көрсетер. Жалпы, тарих ғылымы төңірегінде туындаған мәселелер мен қазақ тарихы турасындағы түйткілдер жөніндегі сауалдарымызды тарих ғылымының докторы, Германиядағы Бонн университеті Шығыстану және Азия институтының профессоры Нұрлан КЕНЖЕАХМЕТ мырзаға жолдаған едік.
– Американдық тарихшы әрі әдебиет сыншысы Хейден Уайттың тұжырымына сүйенсек, өткенді толық танып-білу мүмкін емес. Яғни біздің тарих деп жүргеніміз тарихшының қиялынан өрбіген шығарма деген сөз. Постмодернистердің тарихты жоққа шығаратын осы пікіріне қандай уәж айтар едіңіз. Тарихты ойдан жасау қаншалықты қауіпті?
– Хейден Уайттың тұжырымын оқымағанмын. Алайда, Хейденнің бұл тұжырымын ежелгі қытай философтары баяғыда ортаға қойып, философиялық ой өрбіткен. Шындыққа жүгінсек, адамзаттың саяси тарихы билеуші таптардың ұстанымы бойынша сипатталады. Елде қай тап билік басына шықса, тарих сол таптың идеологиясы бойынша жазылады. Жеңіліске ұшыраған қарсы жақтың кезінде еліне жасаған игі істері ауызға алынбайды, қағыс қалдырылады. Бұған мысал көп. Уақыты келгенде билікті өз қолына алған тарап өзінің қарсы жағы биліктен қуған алдыңғы патшалықтардың игі істерін дәріптеп тарихқа енгізеді. Осылай жалғаса беретін тарихтың өн бойы қарама-қайшылыққа толы. Менің айтып отырғаным, саяси тарих, ал халықтың жасампаздық, тапқырлық, ғылым-өнер және мәдени тарихы сол елге ортақ болғандықтан көп бұрмаланбай, негізінен дәріптеледі.
Көшпенділер империясы ғылым мен техника, әскери өнер, философия жағынан адамзат тарихына баға жетпес үлестер қосты. Кезінде Батыс ғалымдары, мысалы W.M.Mcgovern өзінің «Early empires of Central Asia» (В.М.Мкговерн «Орталық Азияның ежелгі империялары») атты монографиясында қарапайым мысалдармен Орталық Азия көшпенділерінің әлем тарихына қосқан үлесін жазады. Батыс пен Шығыстағы өркениетті елдердің пікірінше жабайылар деп кемсітіліп келген көшпенділердің өте жоғары ғылыми-техникалық жетіктістерге, тамаша әскери өнерге ие екенін, тіпті олардың тапқырлығы адамзат миының жетілуіне ықпал еткенін тамсана жазады. Сондықтан тарихты ойдан жазуға болмайды, ойдан жазылған тарих бір ұрпақтан соң құнын жояды. Мысалға, Mcgovern айтқандай, тарбалақты сымды, етікті, аяқ киім өкшесін, үзеңгіні көшпенділер ойлап тапқан. Үзеңгінің дүниеге келуі өкшенің тууына түрткі болды. Ал аяқ киімдегі өкше адамзат миының жетілуіне ықпал етіп қана қоймай, салт атты әскерлердің соғыс техникасын жаңа белеске көтереді. ХХІ ғасырдағы адамзат біздің ата-бабамыз дүниеге әкелген киімдерді сәнге айналдырып жүр деп мақтансақ, ешкім таласа қоймас. Егер осы киім үлгілерін ежелгі қытайлар немесе көне гректер ойлап тапқан десе, тарихи шындыққа жанаспас еді. Өйткені, отырықшы өркениеттің өзіндік қатаң нормалары бар. Олар салт бойынша кең етекті, кең жеңді киімдер киді, аяқ киімдері де егіншілікке қолайлы болды. Ал әскери киім үлгілерін көшпенділерден алғанын жоққа шығара алмаймыз.
Ата-бабаларымыз жайлаған жерлерден, археологиялық қазбалар арқылы жуырдағы жылдары ең ежелгі темір үзеңгілердің сынықтары табыла бастады. Өкінішке қарай, бұл өңірлер қазір басқа мемлекеттер аумағында болғандықтан сол елдің ғалымдары үзеңгіні ең алғаш біз ойлап таптық деп жар салып жүр. Сондықтан Қазақстанға Көшпенділер Өркениетін Тану деген пән немесе институт ауадай қажет.
– Соңғы уақыттары тарихшылардан өзге сала мамандары да су жаңа тарихи жаңалықтарды «ашып» жүргеніне куәміз. Бұл науқаншылық па, әлде «тарихқа әркімнің-ақ бар таласы» дейтін заман туды ма? Ақиқат пен аңыздың аражігін оқырман қалай айырады?
– Қазақстанда қазақ тарихын зерттейтін тарих институттары, факультеттер жеткілікті, мамандар да баршылық. Олар көп істерді тындырды. Алайда, әуесқой тарихшылардың да қаптап кеткені рас. Жай халықтың санасында тарих пәні шежіре сияқты, ұғынықты, түсінікті сөздермен жазылса, оқырманы көп болады. Кейбіреулер мұны табыс көзіне, атын шығарудың жолына айналдырып алған. Мәселе қайда жатыр?
Қазақтың ежелгі, ортағасырлық, таяу заманғы тарихын зерттеу үшін қытай, араб, парсы, түркі, моңғол, мәнжүр, орыс, т.б. да көп ежелгі тілдерді меңгеруің керек. Оған археологиялық қазбалар нәтижесін қосу керек. Сонда ғана дәйекті тарих жазуға болады. Бұл жұмыстарды іске асыру үшін міндетті түрде мемлекеттік деңгейде қолдау болуы керек. Яғни мемлекет тарихқа қазынадан көп қаржы бөлуі тиіс. Менің білуімше, бүгінде бөлінетін қаржы өте аз. Оның үстіне, мына жұмысты бәлен уақытқа дейін аяқтаңдар деп мерзімін белгілеп тастайды. Кей институттарға зерттеу қаржысы наурыз айынан кейін түседі, ал есепті жыл соңына дейін тапсыруың керек. Нәтижесінде уақыт тығыз болғандықтан, асығыс-үсігіс атүсті зерттеу мақалалары жазылады. Министрлік зерттеу институттарын, зерттеу институттары зерттеушілерін қысқандықтан, жыл соңында саны бар, сапасы жоқ мақалалар жаряланады. Тарихты зерттеу көп уақытты, қыруар қаржыны, мол еңбекті қажет ететін жұмыс. Сондықтан тарихшыларға қысым түсірмеу керек. Осы күні Египет пирамидасын құлдар салған ба, әлде жай халық салған ба деген таласты пікірлер бар. Бір ғасыр бұрын швейцариялық сағат жасаушы өз өмір тәжірибесіне сүйеніп пирамиданы еркін, бас бостандығы бар халық салған деген тұжырымын айтқан еді. Кезінде оны қарсыласы түрмеге қамап қойып, сағат жасатқан көрінеді. Алайда, ол түрмеде қанша құлшынса да бұрынғыдай сапалы сағат жасай алмаған. Түрмеден шыққан соң, оның жасаған сағаттары өте сапалы шыққан. Мұның байыбына бара алмаған сағат жасаушы кенет бар мәселе бостандықта екенін түсінеді. Кейін Египетке саяхаттап барған сағат жасаушы пирамидалардың өте әдемі жасалғанын, екі кірпіш арасындағы кірістеріне ине өтпейтінін көріп таңғалады, әрі пирамида құлдар еңбегінің жемісі емес, бас бостандығы бар өнер иелерінің жемісі деген қорытындыға келеді. Еліне қайтқан соң осы туралы мақала жариялайды, алайда оның көзқарасын ешкім елемейді. Кейін Батыс археологтары швейцариялық сағатшының тұжырымы дұрыс екенін дәлелдеді.
Тарихты зерттеу үшін де уақытың мол, ойың еркін болуы керек. Германияда Гумбольдт және Герда Хенкел сынды екі қордың қаржыландыруымен 4 жыл тарихты зерттедім. Алғашқы екі жылда Орталық Азияның тарихи географиясын, соңғы екі жылда Орталық Азиядағы Қазақ хандығы, Шайбанид мемлекеті және Моғолстан туралы зерттеулер жүргіздім. Германия жақтан есебіңді тапсыр деген ешкім болмады. Төрт жылда еркін ойдың жетегімен екі монография жаздым, монографияң дайын болса шығарамыз дейді неміс ғалымдары, қыспақ жоқ. Бірінші монографиям бұйыртса, таяуда жарық көрмек.
Қазақстанда әуесқой тарихшылар мен кәсіби тарихшылар туралы халық арасында түсінік қалыптаспаған. Әуесқой тарихшылардың тұжырымын дұрыс деп қабылдай береді. Мысалы, Шыңғысхан және моңғолдар туралы. Моңғолтану Батыста өте дамыған ғылымдардың бірі. Батыс университеттерінің бәрінде дерлік моңғолтану кафедралары бар. Ал бізде ше? Қазақ тарихын түсіну үшін, Шыңғысханды, моңғол тарихын жетік білу керек. Өкінішке қарай, бізге Шыңғысханды теріс таныстырып жүр. Қазақ пен моңғол тарихын жете түсіну үшін, Еуразияның Ғұн, Көк Түрік дәуірінен келе жатқан көшпенділер идеологиясын, философиясын, мәдениетін терең түсіну керек. Кім кімге ықпал етті? Кім кімнен нені үйренді? Олардың дүниетанымы қалай болған? Шыңғысхан тұсында моңғол этнонимі қазіргі мағынада қолданылмаған, ол көшпелілердің жанама аты болған! Шыңғысхан көк түріктердің дүниетанымын, мәдениетін жалғастырушы, алайда, алтын ұрық (немесе төрелер) ортағасырлық моңғол тілін қолданған. Бұған дәлелдер көп. Батыс ғалымдары 300 жыл бойы зерттеген шындықты, қарапайым шежіремен, қарапайым ұқсастықпен жоққа шығару мүмкін емес. Моңғол және түркі тілдерінде ортақ үш мыңнан астам сөз бар, мұның өзі екі этностың өте жақын тарихының дәлелі. Қазақ арасындағы төрелер, әрине, Шыңғысханның төл ұрпағы, алайда бұл Шыңғысханның қазақ екенін білдірмейді. Моңғол атауы кейін кең қолданылды, алтын ұрыққа жатпайтын ұлыстар да моңғол атала бастады. Ескерте кететін бір жәйт, Ойрат немесе жоңғарларды Шыңғысхан моңғолдарымен шатастырмау керек.
– Осылайша тарихшылардың көбеюін Ресей тарихшылары «бұл ғылымның құл-дырауға ұшырауы, нағыз ғалымдар еңбегінің құнсыздануы» деп дабыл қағуда. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Ресей тарихшыларының пікіріне қосыламын. Әрине, ғалымдар еңбегін түсіну үшін, білімің де жоғары деңгейде болу керек. Қазақстанда әлемдік өредегі ғалымдар баршылық. Мысалы: Болат Көмеков, Әшірбек Мүминов секілді арабтанушылар, әйгілі математик Асқар Жұмаділдаев, қытайтанушы Бақыт Еженқан секілді. Бұл кісілер қазақ еліне өз үлестерін қосып, халықаралық деңгейде Қазақстанды танытып жүр. Ежелгі қазақ батырлары секілді ғылымда атой салып алда жүр. Өкінішке қарай, тарих ғылымының атын жамылып, ғылымды былғап жүргендер де баршылық. Шынын айтқанда, ЖОО-дағы кейбір кафедра меңгерушілерінің білімі қазан-ошақ деңгейінен аспай жүр. Батыспен салыстырғанда білім деңгейінің төмендігіне қарның ашады. Басыңдағы біліміңе емес, қошеметіңе, алақаныңа қарайтындар көбейген. Жапониядан елге қайтқан соң мені Абай атындағы ҚазҰПУ-ге доцент ретінде жұмысқа алған еді. Бір айдан кейін ассистент мұғалімдікке түсірді. Дәріс оқып үлгермей жатып, неге төмендеткендерін түсінсем бұйырмасын. Астанаға барғанда да осы жайт қайталанды. Доцент болып кірдім де, жарты жыл өткен соң кіші ғылыми қызметкер боп шыға келдім. Жапонияның, Қытайдың өзіме ұсынылған мол қаржылы ғылыми зерттеу жұмыстарын тастап, жас елімізге өз үлесімді қоссам деген тәтті оймен елге оралған едім. Қатулы қабақ, суық жүз, менмендік жайлаған ғылыми ортада жұмыс істеу мұң болды. Еңбегің жанбаған соң, қадірің де кетеді екен. Ресей ғалымдарының айтқаны ащы шындық. Қазір нағыз ғалымдардың еңбегі құнсызданған.
– Ғылымда «бір нәрсе өзінің шегіне жеткен кезде, қарама-қарсы бағытта қозғалыс басталады» деген тұжырым бар. Тарихи кітаптар мен мақала, монографиялардың еселеп көбеюі тарих ғылымының мән-маңызын әлсіретіп бара жатқанға ұқсайды. Мұның ақыры неге апарады?
– Меніңше, бұл өтпелі құбылыс. Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді дегендей, кейде тоқшылық, бейбіт заманның нәтижесі емес пе деп те ойлаймын. Бір жағынан, ғылыми дәреже алу үшін қалай да монография жазуың керек. Дәм-татусыз кітаптардың көбеюінің бір себебі осы. Батыста мақала немесе кітап шығару үшін, сол мамандықтан жаңалық ашуың керек. Еңбегің халықаралық деңгейдегі ғалымдардың жіті бақылауынан өткен соң ғана баспаға жолданады. Талап өте қатаң, электронды заман болғандықтан, қай елде болсаң да, сенің зерттеу нәтижеңді осы тақырыпты зерттеп жүрген мамандардан хат арқылы сұрайды. Мамандар мақұлдаса ғана мақалаң, моно-
графияң жарияланады. Былтыр “Central Asian Place Names in the Kangnido» (Кангидо картасындағы Орталық Азияның жер аттары) деген мақалам Journal of Asian History (Азия тарихи журналы) журналына жарияланды. Ішінде Болат Көмеков пен Зибагүл Ильясованың қазақша монографияларынан сілтеме жасаған едім. Мақаламды жібергенде авторларды Б.Көмеков, З.Ильясова деп көрсеттім. Кейін қарасам, журнал редакторы менен сұрамай-ақ, олардың толық аты-жөнін тауып, толықтап жазған екен. Ол қазақша монография Батыс кітапханаларында жоқ, қайдан тапқанына таңқалдым. Бірақ бұл Батыс ғылымының қатаң тәртібінің көрсеткіші. Олар ерінбей Қазақстаннан осы кітапты алдырған немесе Қазақстанда оқитын студенттері арқылы тауып алған.
– Қазақ тарихына қатысты даулы мәселелер аз емес. Қазақ хандығының негізін қалаған «Керей мен Жәнібек» дегенге қарсы уәж айтатындар кездеседі. «Қазақ тарихшылары тарихты эпостарға сүйеніп жазады», – дейтіндер, өзге де төл тарихымызға түрлі сыни пікірлер айтатындар аз емес. Қазақ тарихы туралы не айтар едіңіз.
– Былтыр Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толу мерейтойына арнаулы шақыртумен қатыстым. Көп ой түйіп қайттым. Өйткені, Германияда соңғы екі жылда Қазақ хандығы туралы зерттеумен айналысқан едім. Бір түйгенім, 550 жылдықты кейбіреулер қазақ тарихының 550 жылдығы деп қабылдаған секілді. Ол қате түсінік. Дұрысы – қазақ тарихындағы Қазақ хандығы дәуірінің 550 жылдығы. Жұрт қазақ тарихын қазақ этнонимімен байланыстырады да, көп тарихи шындықтың байыбына бармайды. Өйткені, қазақ этнонимі Керей, Жәнібек тұсында хандықтың аты ретінде жарыққа шықты. Былтыр Joo-Yup Lee есімді PhD докторы «Qazaqlïq, or Ambitious Brigandage, and the Formation of the Qazaqs» (Қазақылық немесе өршіл жортуылшылық және қазақтардың қалыптасуы) атты монографиясын жариялады. Монографияда қазақ этнонимі, қазақылық өмір салты туралы мәліметтер парсы-араб-түркі-моңғол деректері арқылы жан-жақтылы таныстырылған. Монографияның құндылығы қазақ этнонимінің шығу тарихын басқа тұрғыдан түсіндіруінде. Қазақ этнонимінің жарыққа шығуы қазақылық өмір салтынан туындаған. Қа-зақылық өмір салты дегеніміз – Еуразия көшпенділеріне тән ежелгі әскери-саяси қимыл, оның тегі арыда жатыр. Ғұн тәңірқұты Мөденің, Көк Түрік хандарының, Шыңғысханның қазақылық өмір салтының нәтижесі оларға империяның тізгінін ұстатты. Қазақылық дегеніміз – саяси немесе әскери қақтығыста жеңіліс тапқан жақ өз күшін нығайту үшін, қолдаушыларын немесе жасақтарын ертіп, елден бөлек кетіп немесе әкесінің бұрынғы одақтастарын тауып күш жинап, мөрті келгенде мемлекетті қайта құру қимылы болып табылады. Қазақылық сөзі көне түркі ескерткіштерінде кезігеді. Моңғол дәуірінен кейін қазақылық сөзі этнонимнің құрамдас бөлігі ретінде тұрақтады. Жәнібек хан тұсындағы қазақ ұлтының толық аты Өзбек-Қазақ болды. Сол кездегі Қытай архивтерінде де Қазақ хандығы толық атымен Өзбек-Қазақ деп хатталды. Соңғы қазақ ханы Кенесары қазақылық өмір салтымен жүрген жорығында қапияда қайтыс болды. Қысқасы, қазақылық өмір салты ортағасырлық Еуропада рыцарлық бейнемен жарыққа шықты.
Қазақ тарихы этностар тарихы емес, мемлекет тарихы. Қазақ халқы өзінің тарихында түрлі аттармен аталды, арғысын айтпағанда, моңғол дәуірінен кейін, парсы деректерінде Ақ Орда деп аталса, моңғол-парсы-қытай деректерінде тоқмақ деп аталды, ал тіпті этностың атымен
Өзбекстан деп аталды. Қыпшақ, тоқпақ, моғол секілді ежелгі мемлекет аттары кейбір ру аттарында сақталып қалды.
– Мұхаммед Хайдар Дулатидің, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының еңбектеріне күмәнмен қарап, тіпті жоққа шығаратындар бар. Жалпы, тарих кімге арнап жазылады. Тарихты жазушы әуелі нені ескеруі керек?
– Осы екі автордың еңбегі маған өте таныс. Өтейбойдақ еңбегінің түпнұсқасы немесе қолжазбасы болмағандықтан, оған күмәнмен қараушыларды түсінуге болады.
Мұхаммед Хайдар Дулатидің еңбегін жоққа шығару немесе күмәнмен қарау дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені, дүниежүзінің ірі кітапханаларында Тарих-и Рашидидің түрлі қолжазбасы сақтаулы. Дулатидің еңбегі Орта Азия тарихы немесе қазақ тарихы тұрғысынан болсын өте құнды дерек болып табылады. Кітап деректерінің көбін сол кездегі Мин патшалығының архивтер жинағы Мин шилу-дан кезіктіруге болады. Мен Германиядағы соңғы монографиямды Дулатидың еңбегі мен Қытай архивтерін салыстыру арқылы жазып шықтым. Жоғарыда айтқан қазақылық өмір салты Дулати еңбегінде егжей-тегжейлі баяндалған. Америка фильмдеріндегі салт атты, ел кезіп, жапан далада түнеп, ерлік әрекеттермен айналысып жүретін ковбойлар бәрімізге таныс. Дулати еңбегінде Орта Азияның ковбойлары туралы айтылған. Сүркейлі ортаға бейімделіп, қажыр-жігерлерін қалыптастырып, жауға төтеп беру үшін, кейбір азаматтар атына мініп, иен тауға барған соң, атын қоя беріп, өзі тауда аң атып жеп, бірер жыл жүреді екен. Қыстың қақаған аязы мен жаздың шіліңгір ыстығында иен тауда осылайша жігерін шыңдаған, ел болашағы үшін қолайсыз ортада өмір сүрген. Міне, бұл қазақылық өмір салтының тағы бір көрінісі.
– Өткенін жақсы білген адам болашағын бағдарлай алады. Біз өткенімізді дұрыс тани алдық па? Қайда бағыт алып бара жатырмыз?
– Әрине, өткенін жақсы білген адам болашағын бағдарлай алады. Тарихты болашақ үшін үйренеміз. Дүниежүзіндегі жер дауы, су дауы, шекара дауы дегендер тарихта басы ашылмаған мәселелер салдарынан өрбиді. Қазақстанның дәстүрлі ислам тарихын, діни құндылықтарын жан-жақтылы зерттеп, халыққа жеткізе алсақ, қазіргідей неше түрлі ағымның жетегінде кеткендер, сақал қойғандар болмас па еді?
Дәстүрімізді жалғастыру үшін, әрине, тарихымызды жете зерттеуіміз керек. Қазақы тәрбиемен өскен қыздың ибалылығы ірі қалаларда өскен қыздардан асып түседі. Қыз ибалылығымен сұлу. Жапонияда қыздар әдептілігімен ерекшеленеді, өтірік болса да иіліп тұрады. Еуропада ашық-шашық жүрген студент қыздарды, көшеде де тұрпайы киінгендерді, ерсі қимылдарды көрмейсің.
Бірде Тараздың оңтүстігіндегі шағын дүнген ауылында болдым. Қазақстанға 150 жыл бұрын көшіп келген олар өзара дүнгенше сөйлеседі екен. 150 жылдың алдындағы Шэньси акценті бойынша. Асханаларында дәстүрлі тамақтарын даярлайды. Осынша уақыт бойы азғантай халық дәстүрін ұмытпағанына таңқалдым. Қазақ болмаса да орыс боп кетпегені қалай деп ойладым. Мәселе отбасылық тәрбиеде екені түсінікті. Ал біз ұзақ уақыт Ресейдің қол астында болдық, сондықтан дәстүрімізді ұмыттық деп ақталамыз. Қай күні теледидардан екі қазақ профессорының қазақтың дәстүрлі мәдениеті туралы пікірталасын көрдім. Қазақ дәстүріне қарсы тұрушы профессор: «Бізде не бар? Не жараттық? Даламыздан басқа ештемеміз жоқ», – деді. Осы сөзді өзіміздің оқыған қазақ еш қымсынбастан айтқанда, басқалар не күтуге болады?
Біздің, яғни көшпенділер ұрпағының ең әлсіз тұсы – өзіміздікін тез ұмытып, басқаларға тез еліктейміз.
Жер көлемі жағынан алғанда дүниежүзінде тоғызыншы орында тұрған Қазақстанда қазақ тілі диалектіге бөлінбеген. Мұның себебі, ертеде қазақ тілі көне түркілік дәстүрді сақтаған, қазақ тілі басқа тілдермен терезесі тең қатар дамыған. Өзінің бірегей дәстүрлі мәдениеті болмаса, отырықшы елдер құсап қазақ даласы баяғыда ұсақ иеліктерге бөлініп кетуші еді. Көне түркілік хан сайлау дәстүрін жалғастырған Шыңғыс ұрпақтарының қазақ мемлекеттігін нығайтудағы үлесі зор. Мұны жоғары деңгейде түсіну керек. Мысалы, Моғолстан ханы Тұғлық Темір ханның тегі туралы Дулати егжей-тегжейлі жазады. Оны Шағатай ханнан өрбітеді. Осы арада көшпенділердің ел билеу философиясы жатыр: Шағатай хандығының заңды үстемдігін жалғастыру үшін, иесіз қалған таққа мұрагер іздеу қажет болады. Ол үшін халықты иландыру керек еді. Сөйтіп, Дулат әмірлері Шағатай ұрпағы деп Тұғлық Темірді Ақсудан алдырады. Бұдан Дулат әмірлерінің ел тағдырын бәрінен жоғары қойғанын аңғарамыз. Әлбетте, ел тағдыры әрдайым бәрінен биік тұруы тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Айнара АШАН.