ҚАЗАҚ ЖӘНЕ НЕМІС МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАРЫ
Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде «Қарағанды облысында неміс тілін дамыту» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Ғылыми конференцияны Германия тәжірибе алмасу академиялық қызметінің (DAAD) қолдауымен «Видергебурт» неміс орталығы» Қарағанды облыстық қоғамы және ҚарМУ шет тілдер факультеті бірлесіп ұйымдастырды.
Конференция жұмысына Германия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісінің орынбасары Джонни Крамер, «Возрождение» Қазақстан немістері қоғамдық бірлестіктері қауымдастығының» төрағасы Александр Дедерер, Қарағанды облысы білім басқармасы мен Қарағанды қаласы білім бөлімінің қызметкерлері, Қарағанды облысы әкімі «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілдері, Қарағанды қаласы неміс тілі орталығының жетекшісі, Гете институтының серіктесі Светлана Горбачёва, Германия тәжірибе алмасу академиялық қызметінің лекторы (DAAD) Штефан Кель, «Видергебурт» неміс орталығы» Қарағанды облыстық қоғамының мүшелері, ҚарМУ әкімшілігі мен оқытушылар құрамы, облыстағы колледждер мен мектептерінде неміс тілі оқытатын мұғалімдер және студенттер қатысты.
Джонни Крамер Германия – Қазақстанның экономика жағынан ғана емес, сонымен бірге, ғылым, мәдениет және оқу-ағарту саласындағы ірі серіктестерінің бірі екенін атап өтті: «Қарағанды өңірінде неміс тілін үйренуге қызығушылықтың азаймағаны мені ерекше қуантады. Себебі, жалпы тіл үйрену әрбір азаматтың болашағында жаңа мүмкіндер ашатыны белгілі», – деді ол өз сөзінде. Д.Крамер өз сөзінде неміс тілін үйрену көрсеткішінің күрт төмендеуі – миграциялық процеске тікелей байланысты екенін айтады. 1990 жылдары Қарағанды облысында 1 миллионнан аса немістер тұрса, соңғы жылдары бұл көрсеткіш 180 мыңға азайған. Соған қарамастан, Астана, Павлодар, Қостанай және Қарағанды қалаларында неміс тілін оқытатын 16 мектеп жұмыс істейді. Болашақта осындай мектептерді Шымкент және
Петропавл шаһарларында салу көзделуде.
Неміс тілін оқытудың маңыздылығы Қарағанды мемлекеттік университеті шет тілдері факультетінің оқытушыларын да мазалайды. Бүгінгі күні университет қабырғасында 64 мамандыққа неміс тілі оқыталады, жалпы саны 221 студент неміс тілін оқып жүр.
«Соңғы кезде, өкінішке қарай, неміс тілін меңгеретін студенттер санын қалыпты деңгейге жеткізе алмай келеміз. Бұған мектеп қабырғасында неміс тіліне деген сұраныстың төмендегенін және ағылшын тілінің басымдық алуымен түсіндіре аламыз», – дейді Еуропа және Шығыс тілдері кафедрасының жетекшісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, РАЕ профессоры Гүлназ Тілеужанова.
«Возрождение» Қазақстан немістері қоғамдық бірлестіктері қауымдастығының» төрағасы Александр Дедерер өз ойын: «Қазақстан мен Германия арасындағы серіктестікте неміс тілінің қажеттілігі жоғары. Саяси және экономикалық әріптестікте ғана емес, қоғамдық қарым-қатынасты дамытуда мәні ерекше», – деп жеткізді.
Конференция барысында неміс тілін оқытудың қазіргі жағдайы мен оны келешекте дамытудың жолдары қарастырылып, сарапшылар пікір алмасты. Сондай-ақ, Қарағанды облысы бойынша неміс тілін оқытудың мән-маңызын арттыратын ұсыныстар талқыланды.
Айтылған пікірлердің бір жағы тіл үйренудің болашағы мен мүмкіндігіне бағытталса, екінші жағы облыстағы жоғары және орта кәсіби білім беру орындары мен мектептердегі тіл үйренудің қажеттілігін арттыруды көздеді.