ТАҒДЫРМЕН ТАРТЫСЫП ЕР ЖЕТТІМ, СЕКСЕНДЕМІН…

Серікбай Оспанұлы
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты
Ғұмырбаян
Тағдырмен тартысып ер жеттім,
Сексендемін.
Ақысын жемеппін
Еш пенденің.
Бесігін тербеттім
Жырыммен бөбектің.
Талай сәбиді
Бесігім тербетті!
Қуанышым жүрді
Күллі аралап жер-көкті.
Домбырамның үні
Рух беріп ділге,
Тірек болып тілге,
Айналса көңіл Күнге,
Ең керегім ғой!
Тілемей одан артық,
«Мен іздеген бақыт
Сол!» – дер едім ғой!
Торғайым тойлы еді,
Ойлы еді көлі де,
Өзені де көсілген.
Сол Торғай жерінде
Кіндігім кесілген,
Сол Торғай өсірген!
Қостанай егінді,
Тобылы көңілді.
Ақ нанымен
Көркейтті төрімді,
Жалғады бар жанымен
Ардағыммен,
Арманыммен,
Ән болып атқан
Аппақ таңдарымен.
Қазір сол елдемін.
Алматы жастық
Жалыным еді,
Күнікейлермен
Күбірлесіп,
Сұржекейлермен бір
Күн кешіп,
Қайран-ай, қайран,
Сауық-сайран
Құрған жерім!
Ес білгелі көргенім
Ақ пен қара –
(Бақ пен нала)
(Қуаныш пен қорқыныш)
«Әттең ғана…»
(Өкініш)
Көзінде намыс жарқылы,
Көрдім сексен алтыны!
Жастар жер жастанды да,
Аман қалды
Ар тірі!
Тәуелсіздік
Келді солар арқылы!
Жанарымда Күн күлген,
Оттан, нұрдан жаралған
Әлі де сақпын –
Ғұнмын мен!
Көшпендімін!
Өнерді ар-ождан өлшер болса,
Болмас мүлде өшкен күнім!
Барым –
Қанатты пырағым,
Арым,
Жаным, қан-сөлім жырымда.
Сол – сұңқарым,
Адастырмас шырағым да,
Биікке ұшар қыраным да!
Ол қуатты,
Ол шуақты
Ұшқыр, сұңқар, тұлпар болмаса,
Сол – қасірет-қайғым, сорым да!
Аты-жөнім
Тұрмай-ақ қойсын соңында!
Көбі көргендерімнің,
Алған ордендерімнің,
Абыройым, атағым, бағым да
Өлеңдерімнің
Қантамырларында!
Ақ пен қара
Бірінің бар, бірінің жоқ құлағы,
Бірі – түнек, бірі – елдің шырағы.
Бірі – жомарт, бірі – сараң
Дегенмен,
Жақсы-жаман араласып тұрады.
Бірі – шалшық, бірі – елдің бұлағы,
Бірі – Күн де, бірі – елдің тұманы,
Бірі – ұғымсыз, бірі – бәрін ұғады,
Бірі – тозақ, бірі – өмірдің жұмағы,
Алысады,
Жұлысады,
Күресіп,
Бірін-бірі алма кезек жығады,
Сонда да олар араласып жүр әлі.
Араласып,
Жағаласып келеді,
Асып келеді ішіп-жеудің беделі!
Болар екен қайсысының дегені?
Сенбесі кім, қайсысы елдің сенері?
Жер бетінде парықсыздық тіріде
Анық оның жалғаса да берері!
* * *
Толқындарды жағаны ұрған
Бостандықтың ұраны еткен,
Жаралған дай дала нұрдан,
Жапалақты да қыран еткен –
Мына көктем!
Жасыл бояуы шыңға жеткен,
Кілем төсеп қырға көктен,
Ойыншығын шашқан қызыл-сары…
Мына көктем!
Күліп өткен, жылап өткен,
Қас қағымда зулап өткен,
Жастық шағымды елестеткен –
Мына көктем!
Өзенге – таудан тулап өткен,
Бұлақтарға нұрға бөккен
Сыйлаған өмір құлшынысты,
Мына көктем!
Тамшыларды шырақ еткен,
Адамды өмірге құмар еткен,
Жалғансыз,
Жанды,
Жасампаз неткен
Мына көктем?!
* * *
Мұратты едім, бұлақты кештім,
Болмады нақақ жылатқан ешкім.
Домбыра үні, дыбыс– тірегім,
Еліме еңсе, ырыс тіледім.
Ақ бұлақтардың күліп аққаны,
Төбемде Күннің күлім қаққаны,
Самал жел үні, сайраған құстар… –
Етті өзіне айнала құштар.
Көл тұнығы, мөлдірлігі,
Қамшыға сап-тобылғылы
Дархан дала өндір гүлі,
Жейдеме әжем көрімдігі,
Апаларым, қарындастарым,
Жомарт, жайсаң қандастарым,
Ұясы бейбіт қарлығаштардың,
Білмеппін-ау бағымды ашқанын…
* * *
Ел шөлдеді қайырым іздеп,
Жер шөлдеді қайырым іздеп.
Мал қаңғырды жайылым іздеп,
Арал шулайды қайығын іздеп.
Жердің нәрін, елдің бағын,
Таптатқан шынжыр табандарға.
Қаңғып келгендер «Қайырым – біз», – деп,
Тасаттық бердік жаңбырды көздеп…
Құдірет бары сасқанда ғана ма,
Қайырым әлі аспанда ғана ма?!
* * *
Қос қанатын жайған үміт
Қанатынан қайрылды.
Мініп апты жайдарылық
Асау-ақша айғырды.
Жайдарылық шауып келеді,
Көрді-ау майлы жілікті?!
Қайырымнан қауіптенеді,
Оған күлкі күдікті.
Ақылы енді сыйластық та,
Сан жылады ізгілік.
Қалжырады қимастық та,
Соғады жел ызғырық.
Жатжұрттықтың жолы басқа,
Сол жолда жүр ата да.
Кетіпті енді болып ақша,
Ем фатиха – бата да!
Рухты ізгі тауар еткен,
Адам дей ме ел адамды?!
Бұлт төбеден ауар ма екен,
Кім өзгертер заманды?
Өлген аққу-қазды көрем,
Су – ашулы,
Жер – өртең…
Жан жылатар жаздым өлең,
Ойланар деп сен
Ертең!
Әлемді өзіңе еліктетші,
Жарық шашқан, жалын Күн.
Жер бетіне келіп кетші,
Мейірім, сені сағындым!
* * *
Таусылып бір көрген емес күйбеңі,
Аяйтынбыз қажыды-ау деп кейде оны.
«Шаршағам жоқ»,– деп өтірік бізді алдап,
«Бар» деуші еді жоқты анамыз үйдегі.
Әке қайтқан, анамызда бар үміт,
Кең көңілі көрген емес тарылып.
Қал үстінде жатқанда да ол бізге
«Кетемін ғой», – деді – ертең-ақ жазылып».
Ауыр-ауыр жүк көтеріп күнімен,
Ұйықтай алмай шығушы еді түнімен.
Көңілді боп, көңілді сөз айтқанмен,
Қамыққаны байқалатын үнінен.
Анашымның бізді алдауы, жалғаны –
Жалған емес!
Екен асыл арманы!
Жақсы-жаман өмірім де,
Жаным да,
Көңілім де оны өтірік дей алмады.
Одан жақсы сөз жоқ мына құрлықта,
Шертіп келем оны сыр ғып, жыр ғып та.
Анамның сол жанашырлық жалғанын,
Айырбастай алмай жүрмін шындыққа!
* * *
Мен туған жыл қырық бестің көктемі,
Жерге оралды арманы елдің көктегі!
Оралғаны сол емес пе,
Шаттық ап,
Жеңіс келді әлемде ешбір жоқ теңі!
Мен туған ай қырық бестің сәуірі,
Сәуір – елдің сүйіктісі, тәуірі!
Балдай тау да сонда мүлде биіктеп,
Жазылыпты жазиралы бауыры.
Бәрі өзгерді,
Жан өзгерді деседі ел,
Тар көңілді кеңіп не бір кеңселер,
Той-думанда ел кезіп аяқ-табақтар,
Тік тұрыпты еңкіш тартқан еңселер.
Сеуіп тұқым,
Күзде бидай орыпты,
Ас атасы қоймаларға толыпты.
Маңдайды, үйді
Бақыт сол жыл тар санап,
Барлық үйдің ауласына қоныпты.
Сол жеңісті ән етіп кеш,
Күй ғып түн,
Адам үшін ең үлкені сыйластық.
Барлық үйдің ошағына от жағып,
Шаңырағын көтеріпті бейбіт күн!
Содан бері сері сексен жыл өтті,
Елді,
Жерді Жеңіс қайта түлетті.
Сол жыл маған сыйлап әлем жарығын,
Сол жыл маған берген ақын-жүректі!
Аспан нұрлы,
Асқар нұрлы,
Жол нұрлы,
Деседі жұрт: «Қасірет қашып, сор күлді»,
Тойлайтыны анық әлем мәңгілік
Мен өмірге келген нұрлы сол жылды.
Сәуір айы, 1945 жыл
Жау жеңіліп,
Жеңіс келген дәуірде,
Тау көрініп,
Қол созып ел тәуірге.
Тұрған шақта
Өскен гүлдей
Туыппын,
Мың тоғыз жүз қырық бесте,
Сәуірде.
Сәуір айы– тәуір айы жылдардың,
Туа салып қар ерітіп, мұз жардым.
Көзге тұнған мұң-қайғыны жоғалтып,
Қайтардым мен бетін қысқы ызғардың.
Желге екпін,
Алып келдім елге екпін,
Жеңіс туы болып көкке төрлеттім.
Шаттықтарды жүректерге қондырып,
Сай-саланы,
Өзен-көлді селдеттім.
Ай ғажайып,
Жыл керемет мен жеткен,
Әсем әуен жатты естіліп жер-көктен.
Тыныштықты бөлеп бірге менімен,
Қуанышын анам сонда тербеткен.
Деседі ел айтылмаған жоқ өлең,
Сен де оқушым, көрсең ән-күй төгер-ең.
Бәрі-бәрі жырлап бибітшілікті,
Жүрегіне!
Жүрегіне бөлеген!
Бейбітшілік жырын жырлап ер жеттім,
Мен де оны көкірегімде тербеттім.
Аяласын,
Аямасын мейрімін,
Оны енді ұрпағыма бермекпін.
Үп етсе жел ел құлағы түріліп,
Әр кеудеде жүр әлі үрей,
Жүр үміт.
Мың тоғыз жүз қырық бесте
көмілген,
Соғыс қайта кетпегей деп тіріліп!
Сәуір айы– тіршіліктің жыр-әні,
Нұрға,
Жырға,
Тәтті әуенге тұнады.
Сәуір келсе,
Баяғыдай елді мен
Бір серпілтіп тастағым кеп тұрады.