СЫРЛАСТЫҚ ПЕН СЫЙЛАСТЫҚ
13.05.2016
2643
0

danday-iskakДандай Ысқақ­ұлы… Бұл есім қазіргі қазақ әдебиеттану­шылары ғана емес, күллі түркі жұртшылығына таныс есім. Дандай Ысқақ жетпіске толыпты дегенді естігенде, құдай-ау, уақыт деген көк дөнен қандай жүйрік еді, кеше ғана емес пе еді жалындаған жігіт болып, шығарма­шылық жолға қадам басқанымыз деп ойға қалдым. Иә, ол кезде бәріміз де жас едік, университет бітірген біздің арманымыз таудай болатын. Ештеңеден жасып, жас­қануды да білмеуші едік.

 

4740521ae42bda6a75e3c02cb2a2afc7Уәлихан  ҚАЛИЖАНОВ,
филология  ғылымдарының докторы,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,
Қазақстанның  еңбек сіңірген  қайраткері

 

1971 жылы «Же­тісу» газетіне жұмысқа тұрмақ болдым. Бірақ бастық ол жерде орын жоқ екенін айтып, «талабың бар жігіт екенсің, осы жерде біраз жүре тұр, бір реті болар» – деп кеңес берді. Филологпын. Штаттан тыс жұмыс істеп, журналистика жанрларын игеруге тура келді. Тәжірибе жи­нақтадым. Бірақ санда бар да санатта жоқпын.

Ол кезде газет саны аз. Саусақпен са­нарлық. Шыдау керек болды. «Жетісу­да» сақа журналистермен қатар жастары да баршылық. Қайратты қара шашты, қалыңдау қасты қараторы жігіт өзін Дан­­дай деп таныстырды. Адамға әр­дайым сыйластықпен қарайтын, мінезі ұяң, біртоға жігіт маған сол кездің өзін­де-ақ жылыұшырай бастаған еді. Сөйтіп жүргенде бес-алты ай да өте шығыпты. Дандай өзі о баста армандаған М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына аспирант болып кететін болды. Оның орнына мен штатқа кірдім. Оның да ұпайы түгел, мен де мәзбін. Біздің ал­ғашқы танысуымыздың өзі осындай бір бірімізге деген жақсы бір сыйлас­тықтан басталған еді. Сол сыйластық пен сырластық әлі күнге дейін өзгерген жоқ. «Менің жолымды ашқан Дандай аға» деп әркез айтып жүремін. Шыны да сол.

Дандай Ысқақұлы қазір қазақ әде­биет­тану ғылымында өзіндік орны бар көрнекті ғалым, филология ғылымдары­ның докторы, профессор, ҚР Гумани­тар­­лық Ғылымдар Академиясының және Халықаралық Айтматов Акаде­миясы­ның академигі. Ол осынау атақ пен дә­режеге өзінің құдай берген талабы мен талантының арқасында жетті. Дәкең қашан көрсең ізденіс үстінде жүретін, оқығанын көкейіне тоқып қана қоймай, оны ой таразысына салып, әрдайым же­ке ғылыми пікірін ашық айтатын нағыз зиялы жан. Дәкеңде уақытты босқа өт­кізу деген болмайды. Меніңше, Дәкеңді іздеген адам оны екі-ақ жерден табады. Кешкі уақыты үйдегі Ұлман жеңгейдің қасында, күндіз – Ұлттық кітапханада.

Дандай Ысқақов аспирантураны ойда­ғыдай бітіріп, 1976 жылы кандидат­тық диссертациясын табысты қорғап шықты. Содан бері Дәкең бір күн де болса әдебиеттану ғылымынан қол үзіп көрген емес. Оның жазған төрт жүзден аса ғылыми мақалалары мен монографияларын қазақ ғылымына қосылған сүбелі үлес деп білеміз. Әсіресе, еліміз тәуелсіз­дігін алған жылдардан бастап Дәкең қа­зақ әдебиетінің сыны мен тарихы турасында өнімді еңбек етіп келеді. Сонау жетпісінші жылдары жазылған «Отызыншы жылдардағы қазақ әдеби сынынан» бастап, докторлық диссертациясы «Қазақ әдеби сынының ғылыми негіздеріне» дейінгі зерттеу нысанына қарап-ақ ол кісінің қазақ әдеби сынын жан-жақты зерттеп, зерделеп қана қоймай, қазақ әдеби сынының өткенін, оның қазіргі жай-күйі мен болашағына да барлау жасап, салиқалы ой айтып жүргенінің куәсі боламыз. Сын саласында соңғы жиырмашақты жылдың көлемінде ғалымның «Әдеби көркем сын», «Сын шын болсын», «Сынсонар», «Жанр», «Әдебиет өрнектері», «М.Әуезов. Талант пен тағдыр», «Сын жанрлары», «Сын өнері», «Сын талқы», «Мәдениет ай­дынында», «Қазақ әдеби сынының та­рихы», «Әдеби сынның тарихы» сияқ­ты сүбелі еңбектері жарық көрді. Ғалым­ның зерттеу еңбектерінің атауларына қарап отырып-ақ оның бір ғана саланы, әдеби сынды түптеп зерт­тегенін аңғара­мыз. «Сын жанрлары» деген оқу құралы негізінен жоғары оқу орындарының сту­денттері мен магистранттарына арнал­ған. Аталған кі­тапта ғалым жалпы сөз өнеріндегі жанр мәсе­лесіне шолу жасай келіп, соның ішінде әдебиет сынының жанрларын жеке-жеке қарастырады. «Әдеби хабар», «анотация», «рецензия», «мақала», «шығар­ма­шылық портрет», «әдеби шолу», «эссе» жанрларының әр­қайсы­сының ерекшеліктері мен өзіне тән қасиеттерін барынша түсінікті тіл­мен сипаттап береді. [1] Ал «Сын өнері» деген еңбегінде әдеби сынның теория­лық негіздері ғылыми тұрғыда жан-жақ­ты зерделенеді. Д.Ысқақов аталған зерт­теу еңбектің өзек­тілігі туралы бы­лай­ша толғайды: «Әдеби сынды дамыту үшін алдымен сын дегеннің өзі не екен­дігін дұрыс анық­тап алу керек. Қазақ әде­би сыны болсын, жалпы әлемдік сында да бұл жанрдың өзіндік «ішкі» жақ­тарына, теориялық мәселелеріне назар аудару қаға берісте қалып келеді. Бел­гілі әде­биетші, сынның теориясын арнайы зерт­теген Б.Бурсов «сын әде­биет­тің қа­мын жеймін деп жүріп, өз жа­ғдайын мүлдем ұмытып кетті» деп өте орынды айтты. Демек, сынның ғылыми, идея­лық-көркемдік дәрежесін, пәр­мен­ді­лігін, әдеби процессте атқаратын ро­лін күшейту дегенде сынның өзін-өзі та­нып білудің, оның теориясы мен мето­до­логиялық мәселелерін зерттеудің аса қажеттілігі қатар қойылуы тиіс», – деген болатын. [2,5] Бұл тарапта әлі күнге де­йін бүгінгі қазақ әдебиеттанушылары арасында Д.Ысқақовтан басқа өндіріп жазып, зерттеп жүрген адамды кездестіре қою да қиын. Ал 2005 жылы жарық көр­ген «Сын талқы» деген кітабында Д.Ыс­­қақұлы жиырмасыншы ғасыр ба­сын­да­ғы әдеби сынның түйткілді тұс­та­рына барынша объективті баға беруге тырысады. Аталған еңбекте М.Дулатов­тың, Ж.Аймауытовтың, С.Сейфуллин­нің, Ғ.Мұстафиннің, Б.Кенжебаевтың, Ә.Қоңыратбаевтың, М.Қаратаевтың, Е.Ысмайыловтың, Р.Бердібаевтың әдеби сын еңбектеріне талдаулар жасайды. Сонымен қатар, кеңестік идеологияның аталған саланың дамуына кері әсер еткенін де барынша нақты деректер ар­қылы дәлелдей алған. «Арыс» баспасынан 2009 жылы жарық көрген «Мәдениет айдынында» деген зерттеуі де Д.Ысқа­қов­тың ғылым әлеміндегі іргелі ізде­ніс­терінің жемісі. Онда қазіргі замандағы әлемдік жаһандану үрдісі жан-жақты сөз болады. Зерттеуші руханият сала­сын­­дағы қазіргі өзгерістерді, қазақ ұлт­тық әдебиетінің болашаққа қадам басу ерекшеліктерін саралайды. Жаһандану үдерісінде ұлттық мәдениетті, әдебиетті сақтап қалудың жолдарын қарастырады. Дандай жай ғана ғалым емес, ол – ұлт­жан­­ды ғалым, яғни ұлты үшін қызмет ету­ді өзінің басты мұраты санайтын тұлға. Сондықтан да оның қаламынан шық­қан шығармаларда ұлт мүддесі бас­ты орында тұрады. Мысалы, бәріміз болмай қоймайтын заңды құбылыс ре­тінде тани бастаған жаһандану туралы Дандай былай дейді: «Жаһанданудың мәдениет саласында жүруі нағыз жырт­қыш­тық мылтықсыз майданға айналды. Мұндағы басты мәселе адамның сана-сезімі мен дүниетанымын жаулап алуға қарай ойысып, халықтарды ұлттық тілі­нен, мәдениетінен, болмысынан айыруды көздеді. Өмірдің мәні жалған дүние­нің қызығын көріп қалу дегенге саятын батыстық философияның соңы­на ергендер дүние қызығын қуалап жү­ріп, ті­лінен, сөйтіп ұлтынан қалай айырылып қалғанын, сөйтіп мәңгүртке, космополитке айналғанын білмей қа­лып жатыр», – деп өз ойын ортаға салады. [3,23]

Дандай барлық жақсылық пен жа­ман­дық атаулыны тек қана қазақтың көзімен, қазақтың мүддесімен ғана баға­лайды. Оның ойынша қазаққа пайдалы іс қана дұрыс, ал қазаққа пайдасыз нәрсенің бәрі бұрыс. Бұл жағынан оның ғасыр басындағы алаш қайраткерлерімен идеялас, үндес екенін аңғарамыз.

Дандай Ысқақовтың мазмұны терең еңбектерінің бірі 2011 жылы жарық көр­ген «Қазақ әдеби сынының тарихы» деп аталады. Онда зерттеуші қазақ әдеби сы­нының тарихы есте жоқ ескі заманнан бастау алатынын осы кезге дейін жеткен әр алуан деректер негізінде дә­лел­деп шығады. Қазақ әдеби сынының дамуы барасында баспасөздің пайда болуы, алғашқы қазақ кітаптарының баспалардан басылып шыға бастауы, көркем әдебиеттің, қоғамдық ғылым­дар­дың пайда болуы мен дамуының ше­­шуші роль атқарғанын байыппен зер­делеп шығады. Сонымен қатар, атал­ған кітапта бүгінгі қазақ әдеби сынының даму ерекшеліктері, сынның тоқырауы мен әлсіреуі, ашық сыннан қашқақ­тау­дың себеп-салдары, оның болашағы туралы ғалым пайымдаулары ғылыми сти­льде нақты сөз болады. Кітапта автор тек қана бүгінгі қазақ әдеби сыны туралы ғана айтып қоймай, қазіргі орыс әде­би сыны, біз өмір сүріп отырған дә­уір­дегі түркі халықтар әдебиетіндегі сын­ның жағдайы, еуропалық әдеби сын мәселелерін де салыстыра зерттеп, ойға қонымды пікірлер  айтып, қорытындылар жасайды. Мысалы ғалымның Абайдың сыншылдығы туралы мына бір пікірі расында да кез келгенімізді терең ойға қалдыратынын жоққа шығара алмаймыз. «Абайдың сөз өнері жайлы ой концепциясы «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Туғанда дүние есігін ашады өлең», «Біреудің кісісі өлсе – қаралы ол», «Талай сөз бұдан бұрын көп айт­қан­мын», «Базарға қарап тұрсам әркім барар», «Сегіз аяқ», «Сәулең болса кеу­дең­де», «Адамның кейбір кездері», «Өзі­ңе сенбе жас ойшыл», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» сияқты өлең­дерінде мейлінше ашық айтылған. Әсіресе, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» қазақ поэзиясының өлеңмен жазылған теориясы іспетті. Бұл өлеңді өлеңнің теориясын өлеңмен жазған ат­ақ­­ты Буало­ның «Поэтикасымен ғана салыс­тыруға болады», – дейді. [4,23]

Ғылым адамнан тек қана талантты ғана емес, шыдамдылықты, қажымас қайратты талап етеді. Дандайдың бойында осы аталған қасиеттердің барлығы да бар.

Ол қазір қалыптасқан зерттеуші, өзіндік ғылыми жолы бар нағыз ғалым. Ағалықтан абыздық жолға түскен ең­бекқор, қазақ әдеби сынының бәй­ге­торысы. Ол сын саңлақтары С.Қира­баевтың, З.Қабдоловтың, Т.Кәкішевтің, Р.Нұрғалидың сын сапарын жал­ғас­тырып келе жатқан бірегей тұлға.

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір