АТА САЗАННЫҢ АҚЫРЫ
Атақты этнограф-ғалым Жәрдем КЕЙКИННІҢ ашылмаған әдеби бір қыры хақында
«…Ата сазанның төзімі таусылды. Ноқат жоғарыдан жақындай бергенде құйрығымен суды осып-осып жіберіп, жемді жарыса аңдыған шортанның бетіне шашты да, ноқатты қауып үлгерді. Аузына түскен жемді тамсанып еді, қармақ ұшы шықшытына қадалды. Жанталаса тағы бір жұлқынғанда тегеурінді күш жоғары қарай сүйрей жөнелді. Аласұрып жіп бауын арқа қанатымен ысқылап, қимақ еді, үлгермеді. Суда қан жоса із тастап, мұз үкісінен суырылды. Қайда барса да қыр соңынан қалмаған қара сирақтың сұлбасын көріп, шошына бұлқынды. Темір істік тынысын одан әрі тарылтып, тұншықты, аузы қанға толып, көзі бозқырауланды. Жандәрмен күйде жанындағы үкіге ұмтылмақ еді, сал денесі көтертпеді. Басын мұзға ұрды, құйрығымен мұзды сабалады. Ұрды, ұрды да сұлқ жатты. Денесі сіресіп, тоңази берді…»
Табиғатқа әманда әмірін жүргізіп үйренген Адам-Ата мен су асты тіршілігінің иесі – өз үйірінің ғана әміршісі атанған Ата сазан арасындағы ақтық айқастың ақырғы сәті осылай аяқталады…
Бейнелі түрде баяндалған бояуы қанық оқиғаны бей-жай отырып оқу мүмкін емес. Өйткені әңгіменің желісі су астындағы алуан-алуан адам сенбес сырлы тіршілік иелері жайында. Қазақ әдебиетінде бұрын-соңды су астындағы тіршілік хақында көркем шығарма болған да шығар, бірақ «Ата сазан хикаясы» әңгімесін оқи отырып, ғаламдық апаттың мезгіл санап жеделдеуіне тек қана саналы индвидтің – адам баласының себепші екенін тағы бір денең тітіреніп, үрейлене отырып мойындайсың. Адам-Ата ұрпағының ашкөздігі мен аяусыздығына күйінішпен тәнті болып, тұңғиық ойдың құшағына енесің. Аумақты арнасын ақ көбікке толтыра соққылап, ұлы теңізге еміне асыққан адуынды өзеннің сағасына табаны дірілдеп ауыр техника келгелі су астындағы тіршіліктен маза кетті… Мөлдіреп жатқан айнадай өзен сағасы қоқысқа толды, ластанып, төңірек, шулы дабырға айналды. Су асты әлемінің мамыражай тыныштығы бір сәтте бұзылды. Тұңғиық-тереңнің адам атаулыға беймәлім сырларын сондайлық тәптіштеп баяндаған қаламгердің сезімталдығына таңданбай қоймайсың. Оқиға желісінің қалай аяқталғанын, немен тынғанын жоғарыдағы жолдардан танисыз…
Әңгіменің авторы есімі елге танымал мемлекет және қоғам қайраткері – Жәрдем Кейкин. Белгілі этнограф ғалымның «мұндай да өнері бар ма еді» деген таңданушы қауымның болары хақ. Өйткені Тәуелсіздік жылдарының аясында «Қазақы атаулар мен байламдар» атты этнографиялық, «Ойлар, ойлар», «Ой иірімі» адами танымдық, философиялық пайым жасаған, өзге де алуан сырлы кітаптарымен жақсы танымал қаламгердің, негізінен, қаузап жазып жүрген шығармашылық тақырыптары көзі қарақты оқырманға таныс. Халқымыздың көне сөздері мен атауларын жандандырғанын былай қойғанда Жәрдем Кейкин – әр жылдар бедерінде «Қазақтың 6666 мақалы мен мәтелі», «Қазақтың 7777 мақалы мен мәтелі» жинақтарын жариялаған, ал 2012 жылы осынау поэтикалық жанрдағы халықтың рухани қазынасын «Қазақ мақал-мәтелдерінің «Алтын кітабымен (8675 мақал-мәтел)» жинақтап, түйіндеген көрнекті ғалым.
Бұқаралық ақпарат құралдарына үнемі үн қатып, мезгіл-мезгіл танымдық-философиялық мақалалар жариялағаны белгілі қаламгердің ізденімпаздығы мен ерекше еңбекқорлығын көрсетсе керек. Сүйікті қазақ басылымдарымен Жәрдем Салихұлының шығармашылық байланысы1990 жылдардың орта тұсынан басталғанын да атап өту абзал. Жоғарыда аталып, тізілген жинақтарға енген дүниелердің дені, алдымен, осынау аға басылымда жарық көрген. «Адам межелі ғұмырында қоян жымындай бұралаң, кедірлі-бұдырлы соқпақ, табан тірелмес тайғақ, биік асулы, терең өткелді, сондай-ақ тақтақ даңғыл, әйтеуір, қилы-қилы жолдардың талайынан өтеді. Адамның салыстырмалы түрде ұзақ жасаған ғұмыры көп сатылы…» деп ой түйіндеген абыз ақсақалдың «Қарттық және қарт» («Егемен Қазақстан», 2010) атты мақаласы газет оқырмандары тарапынан жаппай жақсы бағаланып, ой-қозғау болғаны да ұмытылмақ емес. Сонда қорытынды сөзін «Сәнімен қартаю, әдемі қартаю – абырой» деп түйіндеген еді ақылман ақсақал. Ғылымда қазақтың ұлттық сөздік қорының уақыт көшіне ілесіп құбылып тұруы, лексико-семантикалық құбылыс екенін айғақтап берген де Жәрдем Кейкин екенін көпшіліктің біле бермеуі мүмкін. Өйткені жанының тазалығы мен қарапайымдылығын өзінің бойынан биік ұстаған әзіз жанды азамат ерте ме, кеш пе айтқандарына оқырманын ұйытатынына бек сенімді еді. Тіпті көз жанарының сондайлық әлсіреген тұсында қаламгердің қажымай микроскоптық көзәйнекпен жұмыс істегенін көргендер де бар… Өзі жоғарыда айтқан «Қарттық туралы» қағиданың бірден-бір дәледеушісіндей болып әдемі қартайып, өмірден де өтті.
Бүгінде көзі тірі болса, ақпан айының 19-ында Жәрдем Кейкин ағамыз өзі биологиялық және физиологиялық тұрғыда толық мінездеме берген жас өлшемдерінің ақырғы кезеңі бойынша 100 жасқа толар еді. Саналы ғұмырының қарттық кезеңінде болашақ ұрпақтың рухани құндылықтары үшін тер төгіп, төпелете кітап жазған қаламгер ұлттың әдебиет пен өнердегі көмескіленген мұраларын жинап, жіпке тізгендей түгендеп, зиялы қазақылықтың шынайы үлгісін көрсете білді. Бұл орайда дәл солай деп айту ғана ақиқатқа жарасары хақ. Ол еңбек жолын кәдімгі аудандық газетте журналист болып бастады, кейін қауіпсіздік комитетінің офицері атанды, Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң бейбіт өмірде ел басқарды, шаруашылық құрды, ғылым жолын қуды. Бейнетіне қарай одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер атанды. Тәрбиелі ұрпақ өсірді. Өмірден көргені мен түйгенін қағаз бетіне түсіруге асыққан сезімтал жанның өмірінің қай кезеңде де қолынан қаламының түспегеніне куәміз. Бойын тіктеп, малдас құрып отырса, шынтағы тірелетін кітаптар топтамасын, барлық жинағын Жәрдем ағамыз өмірінің соңғы он бес жылының ішінде жазып шыққан екен. Солардың ішінде біздің әңгімемізді бастауға ілік болған «Тағдырлар тағылымы» («Қайнар» баспасы, – Алматы: 2010.) атты әңгімелер жинағы бір төбе. Этнограф-ғалымның көркем әдебиеттегі қалам тербеуі оқырманын бей-жай қалдыра алмайды. Жайықтың Каспийге құйылар сағасында туып-өскен азаматтың бір ғана «Ата сазан хикаясын» қалайша қазақ әдебиетіндегі айрықша құбылыс немесе жаңалық демеске?! Экологиялық үйлесімсіздікті көркем тілмен өрнектеген жазушы ерекше байқампаздықпен адамдарға «Өзіңіз өмір сүрген, қоршаған ортаны аялаңыздар!» – деп ибалықпен ескертеді, кейде мазасыздана дабыл қағады. Аталған шығарманың өміршеңдігі де осындай берік ұстанымында болса керек. Осы орайда «Алдар көсе» мен «Ер Төстікті» қайта-қайта жандандырып, балауса көрерменнің көзін алдаған Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясындағы аниматорларымызға құлаққағыс ете кетудің де орай туған секілді. Әрине, жазушының өзге де әңгімелерінде мін жоқ. Біз ерекеше, бөлектеп сөз етіп отырған «Ата сазанның хикасы» – кәдімгі су астындағы ерекше өмір. Кәдімгі су астындағы өзіміздің өзен-көлдеріміз бен теңізіміздің астындағы мақұлұқтар – нағыз «қазақша ойлайтын» балықтар өмірі туралы хикая. Олардың өз көсемдері, өз үйірі бар. Қастасы да, достасы да қасында. Ендеше, ол неге аниматорлар шеберлігімен бейнетаспаға түсірілмеске? Жазушы қиялындағы Ата сазанның ғұмырын зерделей отырып, ел басына күн туғанда бір тайпа елін жаудан қорғалақтап қыр асып көшкен қаймана қазақтың келбетін көргендей күй кешесің. Жазушының шынайы сезімталдығына жаның сүйсінеді. Тек бәрі де су астындағы өмір, су астындағы қайшылықтар! Ол нанымды да көркем шұрайлы тілмен суреттеледі.
Танымал ғалым-жазушы Жәрдем Кейкин кітаптарының қай-қайсысы да, ең алдымен, қазақ оқырманы үшін, жалпы қазақ қоғамы үшін тәлімі зор, тәрбиесі мол рухани қазына саналып келетіні даусыз. Осы орайда, қаламгердің көркем әдебиеттегі қолтаңбасы, оның ішінде, тек бір ғана «Ата сазанның хикаясы» әдебиет зерттеушілері үшін игерілмеген тың дүние деген ойда қалып отырғанымызды жасырып қалмақ емеспіз…
Талғат СҮЙІНБАЙ
Алматы