ДУАНБАСЫНЫҢ АҚЫРЫ
14.06.2023
370
0

Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры Н.В.Гогольдің «Ревизорын» қойыпты дегенді естіген бойда Талдықорғанға сапарға шықтық. 2018 жылы жаңа театр салынып, театр ескі ғимаратынан көшкелі бармаған едік, театрды көрдік, спектакльді тамашаладық. Қаланың жаңа ауданынан бой көтерген театр ғимаратының сәулеті көрікті – ақ мәрмәрдан қаланған қабырғасына іргесінен төбесіне дейін әйнектелген терезелер, шатырының да құс қанатындай жайыла қонуы театр әуеде қалқып тұрғандай әдемі әсер береді екен. Әрине, жаңаның аты жаңа – ішке кіргеннен кейін де дизайн және интерьер, жарқыраған алып люстралар, көреремен залы, сәулелі сахна театр өнеріне, Мелпомена қарындасқа деген іңкәрлығыңызды арт­тыра түседі. (Көне Грецияның Мельпоменасы сізге қалай қарындас болады деп күлмессіз – хас өнер ешқашан қартаймайды ғой…)

 
Мемлекет қазынасын тонау

Режиссер Елік Нұрсұлтан бұл қойылымының афишасына «шығарма желісі бойынша» деп жазыпты. Ол – идея Гогольдікі, басқасы менікі – қазанның құлағын қайдан шығарам десем де өзім білем – жанр мен стильді мың құбылтам деген сөз… Николай Васильевичтің ХІХ ғасырдың отызыншы жылдары жазылған бұл комедиясы посткеңестік елдерде жиі қойылатын пьеса. Өйткені орыс шекпенін жетпіс жыл бойы жамылған он бес одақтас республика-колонияға озбыр көршілерінің жемқорлық дерті сүйегіне сіңіп, лакейство ұлт­тық мінезіне айналып та үлгерді. Он бесі де крепостнойын тазы итке ауыстыра салатын хозяин мен «ләббай тақсыр» холоп болып шыға келді. Мемлекет қазынасын тонау, ашкөздік, түк көрмеген тексіздік, өзінен лауазымы бір саты жоғары тұрған шенеуніктің аяғына кәнден итше оратылып, құлы екендігін дәлелдеп, қыңсылай беру сияқты Гоголь ажуалаған орыс қоғамының ауруы біздің де қанымызға батпандап сіңгені рас. Ал тәуелсіздік алдық деген отыз жылда ол дерт мысқалдап шығудың орнына қан-жыны бірігіп, әбден дендеп алды. Заман өзгерді, ғасырлар аунап түсті, «елу жылда ел жаңа, қырық жылда қазан…», алайда құлдық сана өзгерген жоқ – «Майырдан алып бұйрығын, бұтына қысып құйрығын, ел пысығы жортады-ай…» – бүгінгінің пысықайы өзіміздің Сәке-Мәкелердің алдына түсіп жортақтайтын болды. «Ревизор» кейіпкерлері өзіміздің әкім, министр, халық қалаулыларына айналып, президент сайлауы, парламент сайлауы сайын саясат сахнасында «жарқырай көрініп», жағымпаздықтың небір қайталанбас үлгі-образдарын бір-бірінен асып түсе көрсетіп жат­ты. Олар театр реформаторлары К.С.Станиславский, Э.Б.Вахтангов, В.Э.Мейерхольд, Б.Брехтердің миына да кірмеген жағымпаздықтың мектебін құрып, рөл ойнауда кәсіби актерлерді шаң қаптырып кет­ті. Отарлық қамытын киген жетпіс жыл мен ұлт­тың болашағы ұрланып, арман-мұраты мазаққа айналған отыз жыл – қазақтың қаны сұйылып, гендік деңгейде мутация жүрген заман екенін қазір бес жасар бала да түсінді.

 Ел есінен кетпейтін ескерткіш

Шымылдық ашылғаннан-ақ көрермендер өздерінің «сүйікті» шенеуніктерін танып, мырс-мырс күле бастайды. Актерлердің шеберлігіне сүйсінген ол ақ жарқын күлкі бірде күйінішке, бірде түңілуге, енді бірде жындыхана пациент­терінің есалаң күлкісіне ұласады. Себебі театр ат­ты құдырет­тің күшімен уақыт доңғалағы кері айналып, ел тағдырын сеніп тапсырған адамдарының арсыздығы, сатқындығы кинолента сияқты тарқатылып, көрермендердің көз алдында өтіп жатады. Жаңағы айтқан Мельпомена қарындасымыздың әлі күнге дейін өңін бермей, балғын күйінде екеніне бір дәлел – Гоголь әжуалаған он тоғызыншы ғасыр адамдарының жиырма бірінші ғасырда да бет­теріне қылдай да әжім түспей, жап-жас күйде жүргендеріне, баяғы әдет­терінен жаңылмай, ғұмыр кешіп жатқандарына куә болдық. Режиссер сахнаны Дуанбасының ескерткішін ашумен бастапты. Өзіне қойылған ескерткіштің ашылуына Дуанбасының өзі қатысады. Ескерткіштің жабыны сыпырылып түскен кез­де Антон Антоновичтің рөліндегі Рахман Омаровты сойып қаптағандай бейнені көрдік. Бұл ескерткіш арқылы режиссердің кімді меңзегенін көрерменнің іші сезіп отырады. Жапатармағай Дуанбасыны мадақтау жарысы басталады. Ірілі-ұсақты шенеуніктердің «Қазақ тарихында сіздей Патша болған емес…», «Өзіңіздей ерен тұлға тұрғанда… Мен елімнің ертеңіне сенемін…» деген сияқты көпірме мадақтауларын естіп отырған көрерменнің көз алдына оны пайғамбарға теңегендер де, саясат­тан кеткенде көз жасын көл қылып жылағандар да шұбырып өтіп жат­ты. Осы сахналарда өмір комедиясы мен сахна комедиясы араласып кетеді. Режиссер спектакльді экспрессиямен бастауынан спектакль ат бәйгесіндей бірден арындайды, думан-дүбір басталады. Дуанбасы рөліндегі Рахман Омаров әлдебір саясаткерді көшіріп әуре болмайды, жемқор тиранның образын келістіре сомдайды. Нөкерлерін бір қарағаннан-ақ жатқызып, тұрғызып үйреткен, жауыз да айлакер, өз өтірігіне өзі де сенетін, халқын да сендіре білетін жүзжанбас сұрқияның бейнесін аумай келтіреді. Дуанбасының екіжүзділігі, әсіресе ревизор келді деген хабар жеткеннен кейін Хлестаков түскен қонақүйге барып, әншейіндегі маңғаз да тоңмойын кейпінен лезде өзгеріп, «астаналық ұлық» алдында жапырақтай қалтырап, мойыны үзілердей жалпылдайтын сахналарда анық көрінеді. Рюнеске Акутагаваның жапон елінде діннің алғаш тарауын баяндайтын «Темекі мен Ібіліс» деген әңгімесі бар еді. «Екі священник келді, біреуі Ібіліс еді…» дейді Акутагава. Священник кейпіндегі Ібіліс шаруаны алдап, жеріне егін егеді. Шаруа байғұстың көзін арбап, жайқалып өскен егін дегені темекі болып шығады. Сол кез­ден бастап жапондар темекі тартып, есірткіге еліте бастайды… Халық сәби сияқты сенгіш қой, келгенде екі ұрты толған бал болып келетін саясаткерлерге сенді, олардың бір ұрты май, бір ұрты қан болғанша Ібіліс екенін білмеді… Осы жолдар авторының «Дон Кихот» пьесасынан бір мысал келтіре кетейін:
Дон Кихот: – Тұр! Басыңды көтер Родригес. Еңсеңді тікте! Сендерде кінә жоқ. Барлық пәле – Әділдікті зынданға тастаған алып құбыжықтарда! Олар сендердің несібелеріңді жеді. Ел байлығын тонады. Жарайды, құдайдың байлығы таусылмас – күміс таусылса, алтын бар, алтын таусылса – улы құм бар… Байлықтың орны толар. Ол қорқаулардың ең ауыр қылмысы – халықтың Әділетке деген сенімін өлтірді! Орны толмас байлық – әділетке деген сенімнің өшуі ең ауыр қылмыс! Дүниеде одан өткен ауыр күнә, қылмыс жоқ…

Ревизор келді. Ревизор келді…

Рахман Омаровтың Дуанбасын көріп отырғаныңызда халық алдында кешірілмес күнә жасаған Акутагаваның Ібілісі, алып Құбыжықтар еске орала береді… Хлестаков рөліндегі актер Еркебұлан Айдымбаев рөлін бұрыңғы классикалық үлгідегі Хлестаковтардан өзге, бүгінгі қуларының бейнесінде сомдапты. Екі сағат­тай жүретін спектакльдің негізгі жүгін көтеретін, марафондық қашықтыққа жүгірген желаяқтар сияқты ұзаққа шабуды талап ететін Хлестаков сияқты алаяқтың рөлін алып шығу үшін актерге орасан қуат-жігер қажет. Оның үстіне комедия жанры актерден әр сәт сайын құбылуды, пластикалық әбжілдікті, сақ-сұқ еткен дикцияны, ентігіп қалмайтын демді талап етеді. Энергияң да жанартаудай атқылап, шығармашылық қазаның сақылдап қайнап тұруы керек. Бір қуанарлығы Еркебұланның бойында актерлік осы қасиет­тер жеткілікті екен. Хлестаковтың асқазаны түйіліп, аштан-аш бұратылған, бәріне қарыз, бейшара кейпі; Дуанбасының өзі жайылып жастық, иіліп төсек болып, қаланың шенеуніктері бума-бума пара беріп, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, аса сыйлы, мәртебелі адамға айналу үдерісі актердің бойында шынайы өрбиді. Еркебұлан әр қимылы, әрбір сөзімен көрермендерді күлкіге қарық қылып отырды. Режиссер Дуанбасы бастаған топ әкесінің жіберген ақшасын карта ойнап ұтқызып, қарызға батқан болар-болмас шенеунік Хлестаковты өздерін тексеру үшін Астанадан арнайы келген зор лауазым иесіне балап, оның қалтасын параға толтырып, «бұл енді сатылды, енді уысымыздан шықпайды…» деп, жалған ревизормен ішіп-жеп, у да ду болатын сахнаға қасқыр образын сәт­ті қосыпты. Қасқыр болып киінген актер бұралаңдап, билей басып келе жатады. Артында шенеуніктері шұбырып Дуанбасы келе жатады. Қолына қара мылтық ұстаған Хлестаков жаңағы қасқырды көздеп ата бастайды. Біраз оғы далаға кеткеннен кейін қасқырды ақыры атып өлтіреді. Режиссер осы Қасқыр образы арқылы жалған оп­позиционерлерді де түйреп өтеді. Жалған дейтініміз – «өлген Қасқыр» басына киген Қасқырдың басын шешеді. Сол кез­де әдейі шет­теп қалған бір шенеунік жетіп келіп оған жасырып, бір уыс ақша береді. Ақшаны қалтасына салған Қасқыр ысқыра әндетіп жөніне кетеді. Спектакльде шебер ойынымен көзге түсетін тағы бір актриса – Дуанбасының әйелі Анна Андрееваның рөліндегі Сандуғаш Мұңайтпасова. Хлестаковты пайдаланып, Басқалаға көшіп, Патша сарайындағы үлде мен бүлдеге оранған әйелдерінің жуан ортасында жүруді армандаған Анна Андрееваның күйеуінің көзінше Ревизорға беті бүлк етпей қылмыңдауын, жас қыздай сызылып қылымсуын, мекірене сөйлеп, асты-үстіне түсіп бәйек болуын, еркін ойнайтын актрисаның дауыс мүмкіндігі де, пластикалық икемділігі де мол екен. Ал театрға биыл келген жас актриса Сымбат Мұңайтпасова Дуанбасының қызы Мария Антоновнаны Ревизорға жағынып қалмақ болып аласұрған көптен оқшаулау жүретін, өзін томаға-тұйық ұстайтын, мінезі салмақты қыз ретінде көріпті. Қызының жолын орап, Хлестаковтың мойнына асыла кететін шешесіне бұрқ етіп анда-санда бір ауыз сөз айтудан басқа оғаш қылық көрсетпейтін, адуын, дәукес мінезден ада, бұзылмаған, кіршіксіз қыздың рөлін сомдайды. Оған көрерменін сендіре біледі. Спектакльде шешуі қиын бір сахна ол – Хлестаковтың Дуанбасының әйелі мен қызына бірдей жәдігөйленіп, ақыры қатар тоят­тап, екеуін де алдап кететін сахнасы. Бұл жерде анайылыққа ұрынбай, жіңішке жол тауып кету керек. Режиссер ол сахналардың кілтін шебер тауыпты. Сахна ортасындағы әйнек қалқадан Анна Андреевна мен Хлестаковтың малайы Елшат Маметековтың құштарлық үстіндегі дауыстары естіледі де іле-шала аһылап-уһілеп, сахнаға домалап шыққан малайды садо-мазохистердің қамшысымен еркелете сипай сабалап, әйелдің өзі шығады. Ал Хлестаков Мария Антоновнаны арбап, автокөлігіне кіргізеді. (Спектакльде өзбектің үш-төрт есек күші бар қол арбадай автокөлігі сахнаға шығады.) Сәлден соң көліктен ашық қалған омырауын түймелеп, Мария Антоновна шығады.

Ел тонаған бектер кет­ті, ел қалды…

Театр ақсақалы Мұса Әжібеков мұжық кейпіндегі қысқа ғана рөлінде езілген, жаншылған халық өкілін шебер сомдаған. Дуанбасы алдында өз-өзін қор сезіну психологиясымен бүгежеңдейді, тайсақтай сөйледі. «Ақырып, теңдік сұрау» өрлігі баяғыда ұмытылған, санадан өшкен. Басын жерден көтере алмай, Дуанбасы алдында құлдық ұрған бұқараның сөзін сөйлеген болады, алайда ұрып жібере ме деп басын алыпқаша беретін баяғы кеңшардың жапырық жырық атанындай қорғаншақ, тәйт десе қашуға дайын тұрады. 1976 жылы КСРО Халық артисі Шолпан Жандарбекова апайдан оқып, түгелімен келіп театр ашқандар бүгінде театрдың ақсақалы болған – Аман Қожабеков (Христиан Иванович Гибнер), Серік Нұрхалық (Коробкин), Кендебай Темірбайұлы (Лука Лукич Хлопов), Мұса Әжібековтер – (мұжық) нағыз сахна майталмандары, өнер данагөйлері. Сахнаның қайталанбас аяулы Ақтоқтысы болып, халық есінде қалған Шолпан апайларының мектебінің ерекшелігін білдіріп, кейіпкермен бітеқайнасып, кесек образ жасайды, сахна сөзінің майын тамызады. Қимыл-әрекет­тері ширақ, үн бояуы қанық – көрерменге әр әріп анық естіледі. Орта буын мен аға буын ортасындағы дәнекер буын, кинодан да жиі көрінетін Сағындық Жұмаділ (судья Ляпкин Тяпкин) де – ысылған сахна шебері. Қарақылды қақ жаратын тура бидің орнына әлсізді жуандарға жығып беріп, әділет­тің туын жыққан ант атқырлардың бүгінгі бейнесін айнақатесіз сомдаған. Спектакльдің финалында Хлестаковтың алаяқ екенін, өзінің дүйім жұртқа масқара болғанын, әйелі мен қызының қоса қарабет болғанын түсініп, шын ревизордың енді келгенін естіген сәт­те Дуанбасы атылып өледі. Бұл – режиссердің өз үкімі болса керек. Бұл шешіммен келісу қиын. Өйткені «жаным арымның садағасы» деген арлы жан ғана атылып өлер. Дуанбасы сияқты азғындардың беті қалың болады. Ондайлар атылып өлмейді, өйткені қисапсыз байлықты қалай қиып кетеді, әрі ар-ұят­тан безген жан қор болуды білмейді, өзінікін жөн санап, ит өмірін сүре береді… Бірақ… режиссер Дуанбасының өзін «өлтіргенмен» де Дуанбасының ескерткішін сол күйінде қалдырады. Көрермен қашан қирар екен деп күткен ескерткіш спектакль финалында қирамайды. Ескерткіш – ұлтқа, мемлекетке жасалған қиянат­тың естелігі болып тұра береді. Спектакльдің қоюшы-суретшісі Қарлығаш Шалабаева сценографияны қойылымның стиліне сай жеңіл шешіпті. Сахна ортасына әйнекті-айналы төртбұрышты қорап қойылған. Ол көріністер ауысуына елеусіз ғана қызмет етеді. Керек кез­де режиссер әмірімен айналып тұратын әйнек қорапқа актерлердің бейнесі шағылысып, әр актер өз кейіпкерін айнадан көргендей көріп жүреді. Дастарқан басында көңіл көтеру сахналарында сахнаға ұзынша екі ақ үстел шығарылады. Бір-бірімен түйісіп, сахнаның ұзына бойына созылған үстелдердің ернеуіндегі ойықшаларға ұзыннан тізілтіп шарап толы қоңыр түсті әйнек бөтелкелер орнатылған. Өз өтірігіне өзі сенген Хлестаков үстелдің үстіне шығып алып, қолындағы бөтелкенің аузынан ішіп, әрлі-бері әбден тайраңдайды. Ақ үстел – ақ дастарқан кім көрінген аяғымен таптап, тізеден кешіп жүрген халықтың қазынасының символы. Рәсуа болған қайран ел байлығы. Спектакль режиссері Елік Нұрсұлтан – атақты Болат Атабаевтың шәкірті. Бартольд Брехт­тың театр мектебінен өткен Болат дүниеден ерте өтсе де артына талант­ты шәкірт­тер қалдырып кет­ті. «Ревизор» спектаклінде де Бөкеңнің қолтаңбасы сайрап тұр. Шебер табылған астары қат-қабат мизансценалар, уақыт пен кеңістік өлшемдерін еркін кесіп-пішу, автор идеясын жеткізерде актерлердің «төртінші қабырғаның» ар жағына тығылмай, көрерменмен еркін тілдесіп отыруы, актер ойынының психофизикалық та, пластикалық та шеберлігіне үлкен мән беру сияқты сан алуан кәсіби әдістерді орынды қолдана білу – «Ревизорда» менмұндалап тұрды.
Бұл «Ревизор» спектаклі – Бикен Римова атындағы Талдықорған театрына бірі басшы, бірі көркемдік жетекші болып жаңадан келген Ерлік Жуасбек пен Рахман Омардың бірлесе отырып дүниеге әкелген алғашқы туындылары екен. Ерлік Жуасбек республика театрларында көркемдік жетекші болып біраз жұмыс атқарса, Рахман Омар белгілі актер, шоумен, екеуі де – нағыз театрдың адамы. Спектакль аяқталғанда кей көрерменнің көкейінде «бұл спектакль біздің текке рәсуа болған отыз жылымыз туралы екен, «жау кеткен соң қылышыңды боққа шап демейтін ба…» еді, енді кімді мұқатамыз» деп ой тууы да мүмкін. Иә, «Бетеге кетер – бел қалар, бектер кетер – ел қалар…» Ел тонаған бектер кет­ті, оның ащы сабағы қалды. Гогольдің өзі «Кімге күлесіңдер? Өздеріңе өздерің күлесіңдер!..» демейтін бе еді. Елік Нұрсұлтанның бұл спектаклі – катарсис, «өткен өт­ті, оған тіс қайрап, кіжіне бергеннен гөрі күле еске алып, жаман түстей ұмытып, келешекке кіршіксіз ақ көңілмен, зор сеніммен аяқ басалық…» деп тұрғандай. Өнердің негізгі ұлы мақсаты да да осында – ешқашан сенімді өлтірмеу, болашаққа нық аяқ басуға үндеу.

Асылбек ИХСАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір