Адай – жыр
«Қазақ әдебиеті» газетінің 25 қазандағы санынан Сабыр Адайдың «Уыз ана – ұлттың тілі ақ бөкен…» деген тақырыппен шыққан өлеңдер топтамасын оқыдым. Ақынның өлеңдері, жырлары тез оқуды емес, ойға салмақ сала оқуды талап ететін мінезді дүниелер екен.
Маңғыстау – шалқыған жыр,
батпан мұңым.
Мысалы: Нұрым – бота,
Ақтан – құлын.
Сұраған өлең өріп Хақтан құнын.
Қара өлең күйме жегіп күлімдейді,
Хан ұлы қол созғандай тақтан бүгін.
От-Ман тау, ордалы ел, Ман-Аталы,
Сәл өзге сіздегіден дала таңы, – деп жыр толқыны басталып кетеді. Ақын «ескі қазақ», «Атасы мұның алтын-дүр» туралы толғана келіп:
Қазақы жыр,
Қызыл шеке,
Сансыз майдан, ат дүбірі алқалы,
Билік – үнсіз,
Бай – көңілді, саудагер де – қалталы.
Ақиқатқа жақын тұста,
Бір құлып бар кілті жоқ,
Көрінбейтін қарауыл бар,
Көк сүңгілі, балталы, – деп төгілтеді.
Метафора. Билік – үнсіз, неге? Бай несіне көңілді, саудагердің сенімі – қалтасы. Ақиқаттың кілті қайда? Кілтсіз ақиқат бола ма? Оның кілті бар, кілт жайында, ойлан!
Ақиқат кілтсіз болмайды. Кілтсіз болса, оның несі ақиқат?! Байқа, ойлан, тегі көрінбейтін қарауыл бар, көк сүңгілі балталы. Әрине, бәрі Алла тағала жазуымен болмақ, ақыл осы жайды меңгерген. Ақиқат Алла тағаланың құпия-қазынасы болса, оның кілті де Жаратушымызда, бірақ әр нәрсенің мезгіл-уақыты бар. Ақын осы жайды қазақы жырға айналдырған. Не нәрсенің болса да, оның кілті – қазақы жыр. Жыр болмысы –
құпия. Жыр сарқылмайтын сыр – ақиқат.
Арғымақ ақын Есенғали Раушановтың рухына арналған өлең-жыр тамаша.
Е, Көкмойнақ, нәр татпадың,
ауыздықты шайнадың.
Қара түнге қарап тұрсың,
кетіп еді айға кім?!
Есенғали – ерен ақын, Сабыр дөп
айтқан. Ол – ауыздығын шайнаған сәйгүлік, тұлпар. Өзі кеткенмен тамаша өлең-жырлары кейінгіге мұра болған данышпан. Сабыр Адай өлеңмен өрілген ойларын түйіндей келе:
Жұлдыз болу айып па?..
Есенғали – ғайыпта.
Ақын ғайыптан келді, қайта ғайыпқа қайтты, жұлдыз болып қайтты. Ол – қазақтың құлагер ақыны Есенғали Раушановқа айып емес, тек өзіне ғана қатысты баға, талантты мойындау.
Ұлттың тілі – шоқпар болды,
шоқ болды,
Біз өртендік, өзек жанды, от болды.
Ұлттың тілі – құлжа еді құздағы,
Улы жебе – ұлтқа атылған оқ болды.
Иә, солай. Тіліміздің тарихы терең, ол қайғысы мен қасіретін арқалап қалмай бізбен замандас. Тіл – мұң. Ой тұнбасы – мұң десек, тіл – сол ой тұнбасы.
Құлдық сана, Құдайым-ау, аумайды,
Соқа сүйреп сорлы болған өгізден.
Біз бейбаққа әлем қарап, аяды,
«Ел еді», – деп – бұл бір ғажап саялы.
Ойлы қазақ, ояншы деп мәңгүртке
Алақанын таңнан кешке жаяды.
Тілге деген құлдық сана талабы, өшпесін де өспесін. Құлдар бір-бірімен сөйлессін, бірақ соқа сүйреген өгіз аян болсын. Уыз ана – ұлттың тілі ақ бөкен болуына қажеті жоқ. Ол – тек ойлы қазақ арманы, ол әзірге орындалатын реті жоқ. Тіл мәселесіндегі мәңгүрттікті жоюды, ақын алақанын жайып таңнан кешке дейін тілейді, алайда нәтиже болмай-ақ тұрғаны.
Мәңгүрттіктен ояну – қиын шаруа. Мәңгүрттік халге тым ұзақ уақыт түсіп кеткенбіз. Мәңгүрттік – намыстың сарқылғаны. Уыз ана – ана тілі болса, сол ананы танымайтындай жұрт күй кешуде. Бұл – халқымыздың қасіреті. Әлем бізге бір ғажап саялы ел деп қарап еді, енді не болдық?!
Кімдер сенің қазып жүрген көріңді?
Кімдер сенің бермей жүрген төріңді?
Қос бұрымың ай мен күнге айналып,
Қос ішек боп толғай-толғай өрілді.
Бозторғай боп таңмен бірге сыңсыды,
Боз жусан боп желге ұшты бүршігі.
Ақтарылған аппақ сәуле, ақ арман,
Жүрегімнің басын келіп шымшыды.
Мен білмедім:
Тіріміз бе, не өлі,
Жанарымнан өмір жасы ыршыды.
Шіркін, ақ арман, әйтеуір сен тірісің, жүрегімді шымшисың, оған да шүкіршілік… Арман өлсе, не болмақ? Жанардан өмір жасын ыршытып тұрған да сол ақ арман. Ақын барда, оның сөзі барда, әрине ақ арманның болуы табиғи жағдай, бірақ білу керек, біздің Уыз ана – ұлттық тіліміз кімдерге бөгет болған? Амалсыздан ақын осы ауыр мәселе түйінін жыраулық дәстүрге сап баяндаған.
Уыз ана – ұлттың тілі ақ бөкен,
Қандай «соқыр» сенен кінә
тапты екен?!
Сайын қырдың сағым кешкен киігін
Қандай мерген қолы барып
атты екен?!.
Тұяқ серпіп тулап жатыр аранда,
Жазықсыздың жанын сақта, Жар-
Алла!
Мен адасып қалам ба деп қорқамын,
Ана тілім – ақша бұлт боп тарарда.
Анашымды қалдыр менің қасыма,
Қара менің көзімнің көл жасына?!.
Қауырсыны қан-қан болған көп шындық,
Оның бәрін, орға салып жоқ қылдық.
Осы өлеңде бәрі бар, ақиқат аңызға малынған. Метафора өлең боп өрілген, ақынның ақ арманы ақ сәулеленіп, көгенделіп, көңіл жүгіне айналған.
Ақынның көркем баяны – әркімге көңіл жүгі. Салмақты жүк. Күн батып, таң атып жатқанда айтыла салатын әншейін әңгіме емес, болашақтан болашаққа өтетін Уыз ана – ұлт тілі туралы қазақ барда ешқашан таусылмайтын хикая, тек қана сол анамыздан адасып қалмауымыз қажет деп ақын ағынан жарылған.
Ақынның «Стамбулға сапары» атты өлең-жырын қабылдау үшін, оны толық әлденеше рет оқу қажет. Тегіс түрік жұрты болып енді-енді ес жинап жатқанда, бұл өлең әнұран секілді әсер қалдырады, бәрін айту, сөзге сыйдыру қиын, бірақ бәрі туралы осылайша ой айтуға болады екен.
Тарихы – шерлі қайғы-мұң,
Зарыққан сәтте айдыным,
Тарыққан сәтте айбыным,
Ататүркі Отаны –
Ұлтымның уыз сәлемін, әкелдім
Баба – жұртыңнан!
Замандарда бір-бірімізге сәлем де жеткізе алмайтын шерлі өткен тарихымыз болды, болашағымыз туыстарға ашық болса екен деп тілейміз. Түбі бір түрік жұртының тағдыры да бір. «Стамбулға сапар» – ойлы өлең-жыр.
Қанында – аттың дүбірі,
Жанында – Хақтың Қыдыры,
Санасын самал тербеген,
Сары жебе садақпен,
Сарыарқасын бермеген,
Атасы бірге ағайын, армысыңдар,
қыр ұлы!
Ататүріктің Отаны –
Омырылған омыртқамның үзілмей
қалған жұлыны,
Бауырын емген қасқырдың
Баһадүрлердің ұрығы, – деп жыр нөсерін төгіп-төгіп кетеді ақын Сабыр Адай. Бір оқыған өлеңді қайтара оқығың келеді, себебі айтылған сөздердің арғы жағында әлі жыр боп шаншылар жайлар жайғасқан. Сөзді сөз, ойды ой туғызады деген осындайдан туса керек. Бұл топтамада ақынның аяғын үзеңгіге тіреп қойып шер толғаған өлең жолдары жеткілікті. «Тәуба» деп аталатын толғауында өзінің Маңғыстауда туғанын бақыт деп сезінгеніне шын жүректен қосыламын, туған жерін ардақтамаған жаннан қашан ақын шығып еді. Жұмекен Нәжімеденовтің Қошалағын мен әдейі арнайы барып көріп, Қошалақтың құм-топырағын басып тұрып, Қошалақ менің мекенім деу үшін Жұмекеннің осы жерге деген ынтық-зарын, ақ махаббатын түсіну керек екенін ұққандай болып ем. Ақын Сабыр Адай:
Қасқыр азу,
Тік бақай,
Үстірттің қара шатқалы.
Маңғыстау,
Сенде ер жеттім,
Құдай бір берген бақтағы.
Сөз жоқ, ақынмен қосыла отырып, қазаққа Сабыр Адай сияқты жыршы берген Жаратушымызға тағы да тәуба дейміз. Аман-сау бол, ақын Сабыр!
Ғарифолла ЕСІМ
академик
ПІКІРЛЕР1