Дауыс
Жарас СӘРСЕК
Күн шығатын жағымды ғайып қылам деді ме,
Күн сүйетін тәнімді майып қылам деді ме?
Көлденеңдеп көк атты көңілімді қалдырды,
Аздығымды бетіме айып қылам деді ме?
Кететіндей өңгеріп жерді жеңіл дейді ме,
Кейкитіндей кем көріп елді жеңіл дейді ме?
Етегімен ертеде өзін желден қорғаған
бұл Қазақтың төзімін енді темір дейді ме?
Құмғанынан су берген,
Құнарынан жер бөлген,
Табу қиын бөтен жұрт Қазақ дейтін елден кең.
Оңтүстіктен оқ шашсам,
Солтүстіктен от шашсам,
Батысымнан жел тұрса – жағдайыңыз нөлмен тең.
Сол қолыммен қаусырсам – бір дегенің немене,
Оң қолыммен қаусырсам – мың дегенің немене?
Өз үйімде сілтеген білек деген немене,
Арыстаннан алсаң да жүрек деген немене?
Өшіккенді жайменен өткізетін өңешпіз,
Обалсызға опынып оғаш болды-ау демеспіз.
Көңіл қарыз болсақ та,
Өмір қарыз болсақ та,
Біз ешкімге тарихта жермен қарыз емеспіз…