Қадір түнгі тілек
22.04.2016
2366
0

MAKSAT-214x300Мақсат  Рсалин,
ҚР мәдениет қайраткері,
Қазақстан Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты


Назымбектің жасы алтыда. Ес білгелі анасы Назгүл екеуі ғана қаладағы бір бөлмелі шағын пәтерде тұрып жатыр. Биыл мектепке барды. Онымен бірге оқитын балалардың қит етсе әңгімесі: «Біз кеше папам екеуміз тауға шаңғы тебуге бардық», «Папам демалыс күні менің сынып қалған велигімді жөндеп берді», «Папам маған су жаңа компьютер сатып әперді» боп келеді. Бастапқыда Назымбек мақтаншақ балалардың сөзін үндемей тыңдайтын, кейін келе-келе іші қыз-қыз қайнап, қызғаныштан жанын қоярға жер таппай, өзін олардан төмен сезініп, әкесінің жоқтығына ренжитін.

Бір күні мектептен тұнжырап қайтқан баласын көріп, Назгүл оның шынын айтпасына қоймай, неге рен­­жігенін, кім ренжіткенін біліп алды. «Барлық балалардың папасы бар. Менің папам қайда?», – деп сұрағанда Назгүл не дерін білмей, төмен қарап үнсіз отырып қалды. Бала болса да кішкентайынан жал­ғыз анасының қас-қабағын бағып өскен сезімтал Назым­бек анасының жан жарасын тырнап алғандай сезінді. Біраз уақыт бойы үнсіз отырған Назгүл ас үй­де сарқылдап төгіліп жатқан шәйнегін сөндіруге жүгіріп кетті.
Сол күннен кейін Назымбек анасына әкесі туралы қайталап сұрақ қойған емес. Бірде бірге оқи­тын балалардың бірі сабақ соңында: «Балалар, сен­дер білесіңдер ме, бүгін Қадір түні екен ғой. Ата­м­ның айтуынша, мұсылмандар бұл түні таң ат­қанша Алла­дан жақсы-жақсы тілек тілейді екен. Егер шын тіле­сек, біздің де тілектеріміз Алла та­ға­ла­ның құлағына жетіп, қабыл болады екен», – деді. Балалар сенбей, соны айтқан баланы мазақ қылып, күлді. Ол ызаға­ бу­лығып ақыры жыларман болды.
Назымбек сабақтан үйге келсе, дәмді еттің иісі аң­қып тұр екен. Анасы бұл жоқ кезде үйді жуып-та­зар­тып, кілемдерді қағып-сілкіп қойыпты. Енді асүй­де бауырсақ пісіріп, әбігерленіп жатыр екен. «Ма­­ма! Бүгін үйге қонақ келе ме?», – деп сұрады.Ана­­сы жымиып күлді де: «Бүгін Қадір түні ғой, со­ған дайындалып жатырмын.Екеуміз түні бойы ті­лек ті­леп отырайық, балам», –деді. Бағана сыныптас баланы мазақ қылып күлгендерге өзінің де қо­сыл­ғаны ойына түсіп, Назымбек іштей қатты ың­ғай­сыз­данып қалды. Басқа-басқа, мұның ақыл­ды мамасы ешқашан өтірік айтпайтыны анық.
Енді ол Құдайдан не тілесе екен? Назымбек ой­ла­нып отырып қалды. Тамақ ішіп отырып та ойы Қа­дір түнінде Алладан не тілесем екен дегенге ті­реле берді. Бұл қатарлы балалардың бәрі күн жылы­нып, көктем шығысымен аулаға велосипед тебуге шы­ғады. Назымбек анасына велик әпер деп қың­қылдағалы көп болды, соны алатын ақшаның бір реті болмай-ақ қойды. Алайда, оны бүгін болмаса, ер­тең, әйтеуір бір күні қолына ақша түскен кезде ма­масы сатып әперетініне күмәнданбайды. Алладан одан да бір қиын тілеу керектігі туралы ой ба­сы­на кірісімен ол дереу Алладан өзіме Әке сұрауым керек деп шешті.
Түн ортасына дейін анасымен бірге іштей тілек тілеп ұйықтамай отырғанымен, біраздан соң оның кө­зіне ұйқы тығыла бастады. Қалғып-мүлгіп отыр­ған баласын аяған мамасы: «Тілегіңді қағазға жазып, бас жағыңа қой да, өзің жатып ұйықтай бер, ба­лам!», – деді қамқор көңілмен. Ол ақ қағазға үл­кен қылып: «МАҒАН ӘКЕ КЕРЕК!», – деп жазды да, өзі тәтті ұй­қыға шомды. Оның жазғанын көзі­мен көрген Наз­гүлдің жан-дүниесі алай-түлей болып, ойына Назымбектің өмірге келуіне себепкер бол­ған оқи­ғалар орала берді.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Ыстықкөл жаға­лауын­да тұратын бір жақын туысының үйіне қы­ды­­рып барған-ды. Сонда әскери бір маңызды тап­сырмаға аттанар алдында бір топ жолдастарымен бірге демалып жатқан жиырма бес жасар офицер жігітпен танысты. Ол да, бұл да бір-бірін бір көр­ген­нен ұнатып қалғаны рас. Ыстықкөл жағалауында екеуі бірге бал-шырын бақытты күндерді бастан өт­керді. Ол әскери іссапарынан аман-сау оралған соң, бұған үй­ленуге уәделескен еді. Бұл одан хат-ха­бар күтіп жүргенде, одан ішіне нәресте біткенін біл­ді. Өмірінде тұңғыш рет жанын жаулап алған, ма­хаббаттың не екенін ұқтырған адамынан кө­терген бөбекті он сегіз жасында аман-сау өмірге әкел­ді. Оған Назымбек деп сол жігіттің атын қойды. Жал­ғызын ешкімге жәу­тең­­детпес үшін енді күйеуге шы­ғу дегенді ойына да алмаған еді.
Тіпті, алғаш құлай сүйген адамы опасыздық жа­сап кеткен соң, еркек атаулының бәрінен қатты көңі­лі қалғаны да рас. Алайда, Назгүл ұлының қа­ғаз­­ға жазған тілегін оқыған соң, ол ең болмаса, га­зет арқылы болса да біреумен тез арада танысу ке­рек деп шешті. Сол екпінмен ертеңіне Назымбек де­ген алты жасар жалғыз ұлына жақсы әке бола ала­тын орнықты бір азаматпен танысқысы келе­ті­нін, өзінің қайда, не жұ­мыс істейтінін, жасын қыс­қа ғана хатқа жазып, поштаға салып жіберді.
Көп ұзамай ол бірнеше адамнан хат алды. Та-ныс­­қысы келетінін айтып, тілек білдіргендердің ішін­де тек еркектердің ғана емес, бір кемпірдің де ха­ты бар екен. Ол өз хатында: «Қарағым, сен жалғыз ұлыңа әке іздесең, мен жасы отыздан асқанша үйленбей жүріп қалған жалғыз ұлым өз қатарынан кем болмай, шаңырақ көтеріп, жар құшып, бала сүйсе екен деп тілеймін. Мен қартайдым, ертең кө­зім жұмылғанда, жанашыр жақын адамынсыз жал­ғыз өзі қалай қала­ды деп те уайымдаймын. Жас та бол­саң, сен де мен секілді жалғыз ұлыңның бақыт­ты болуын қалайтын ана екенбіз, қарағым. Ниетіміз де бір», – депті ол. Назгүл жауап хат жазып, сол хат­пен бірге баласының жалғыз өзі түскен суретін са­лып жіберді. Көп ұзамай: «Сенің балаңның суре­тіне қарап отырып, өз балам­ның кішкене кезінде түскен суретіндегі түрінен сон­дай айнымайтынына қатты таңырқадым. Менің балам жоғары шенді офицер еді, бір жауапты тапсырма кезінде ауыр жа­рақат алып, бірнеше жыл госпитальде жатып, ем­делді. Енді оның балалы бо­луы неғайбыл. Сондықтан сенің ұлыңды өз баласындай көріп, әке­лік мейірімін төгетін шығар деп ойлаймын», – деп жазыпты байғұс кейуана.
Бірнеше рет сол кісімен хат жазысқан соң, олар ен­ді бір-бірімен бетпе-бет кездесудің қажеттігін ұғын­­ды. Ақыры бұрынғы офицер бұлар тұратын қа­лаға келе жатқанын хабарлады. Назгүл қатты қо­балжыды, толқыды, көңіліне түрлі қауіп ұялады. Бәл­кім, осы тып-тыныш күнімізге зар болып қал­май­­мыз ба?Жаман адам болып шығып, баламның жа­­нын жәбірлемей ме деп те уайымдады. Бәлкім, оған біз ұнамаспыз… деп те қобалжыды. Назгүлдің ен­дігі бар ойы – алыс жақтан танысқалы келе жат­қан адам тек балама ұнаса, әрі өзі де баламды ұнатса екен деген­ге келіп тірелді. Маған салса, ол кісінің жасы да, ма­ман­дығы да, кескін-келбеті де бәрібір… деп ойлады ол жігіттің келе жатқаны жайлы хабар құлағына тиген соң.
«Балам, біз бүгін пойыздан қонақ күтіп алуға барамыз», – дегенімен, кім келе жатқанын ашып айтқан жоқ. Сонда да бала емес пе, «Алақай! Біздің үйге де пойыз­бен қонақ келетін болды!», – деп қуанып, өзі­мен бірге оқитын балаларға жағалай айтып шықты. «Ма­ма, ол кім? Мен танимын ба? Ол біздің туысымыз ба? Қандай туысымыз? Қай жақта тұрады? Ба­ла­лары бар ма оның?», – деп вокзалға жеткенше сұрақ­тың астында қалдырды шешесін. «Барған соң білесің? Өзінен сұрарсың», – деп Назгүл толқығаннан аузына ештеңе түспей, жауап беруден қашқақ­та­ды.
Пойыздың келуіне әлі бір сағаттай уақыт бар. Екеуі вокзалдың ішін аралап, перронға шығып, әр­лі-берлі жүрді. Көз алдына мүгедектер қолар­ба­сы­мен шиқылдап кеп бұған қарсы келе жатқан, екі аяғы жоқ біреу елестеді. Ой сұмдық-ай, өз баласын баға алмай жүріп, басына сор қылып, енді мүгедек біреуді мойнына ілетін болғаны ма?! Назгүл өз ойынан өзі шошып кетті. Жо-жоқ, балама бар ісімен үлгі бола ала­­тын ұстамды, жігерлі, ақылды, қайратты адам ке­­рек. Аяныш туғызатын мүсәпір біреудің не керегі бар?!
Ойбай, не деп кеттім? Құдай-ай, астамшылықтан сақтай гөр. Адам өзін алдында не күтіп тұрғанын қай­дан біледі? Жаман айтпай жақсы жоқ, абайсызда зымырап келе жатқан бір машина қағып кетсе, өзімнің де мүгедек болуым табан астында емес пе?! Ол азамат та Құдайдан мүгедек болуды сұрап алма­ған шығар, мүгедек болса да, есі түзу дұрыс адам бол­са, ба­лама ақыл-кеңесін айтып, сырттай айбар боп, бас-көз болып отырса да ризамын. Әйтеуір ба­лам есі кіре бастағанда некесіз тудым деп қорланбай, «Үйде менің де ақылшы әкем бар!» – деп ауыз толтырып айтып, мүгедек болса да сол азаматқа арқа сүйеп жүрсе болар, деп өзін тоқтамға шақырды.
«Мама, мама, біз ол қонақты қалай танимыз? Сіз бұ­рын көріп пе едіңіз?», – деп жеңінен тартқылады На­зымбек. Иә, шынымен-ау, екеуі бір-бірін қалай та­ниды? Бұрын бір-бірін көрмеген адамдар… Ол жа­ғын ойламапты, сосын не айтарға білмей, ұялға­ны­нан күмілжіп, үнсіз тұрып қалды. Сөйткенше бол­май, пойыз вагондары да жүрісін баяулатып барып, салдыр-гүлдір бұлардың тұсына келіп тоқтады. Ауыр-ауыр қол жүктерін арқалап түсіп жатқан адам­дар­дың арасынан қолында қағазға ұқыппен оралған кішігірім велосипеді бар, жас шамасы отызды орталап қалған еңселі де тұлғалы жігіт жерге ырғып түс­кенін көріп, Назгүлдің көзі шарасынан шығып кете жаздады. Келе жатқан ер адам да бұларды көріп, тұрған орнында қазықтай қатып қалды. Назгүл көзінен жас парлап:
– Назымбек, жүгір, әне сенің әкең келе
жатыр! – деу­ге ғана шамасы келді.
– Папа-па! Па-па!.. Мен Қадір түні Құдайдан ті­леп едім, сізді бізге жіберді ғой! Енді ешқайда кет­пейсіз бізді тастап! – деді кіші Назымбек. Мен енді сізді ешқайда жібермеймін! Біздің сыныптағы бала­лардың бәрінде де папа бар, тек менде ғана жоқ. Олар енді маған тиіспейтін болады. Оларға енді тиіссеңдер, папама айтамын деймін! Менің папам бәрінен де күшті! – деп шырқырап келіп аяғын құшақтады.
– Балапаным, жаным, мен де енді сені мен ма­маң­­ды ешқашан тастап кетпеймін! Саған енді ешкім тиіс­пейтін болады. Мен сені тұмсықтыға шоқыт­тыр­маймын, қанаттыға қақтырмаймын! – деп титім­дей баланы жерден тік көтеріп алып, кең құшағына құшырлана қысты.
Назгүл өңі екенін, түсі екенін түсінбей, жанары жас­тан бұлдырап, буын-буыны босап, аяғы бір қа­дам басса құлаудың аз-ақ алдында тұр. Қорыққан мен қуанған бір деген осы-ау, сірә! Баласын тас қып құшақтаған жігіт қасына таянды. Бақыттан жүзі бал-бұл жанған бала өң мен түстің арасында сілейіп тұрған анасына құшағын жайды. Бір сәт кішкентай қол­да­рымен бір-біріне таянған әкесі мен анасының басын түйістірді. Өзі мәз.
– Мен сені баяғыда тұрмыс құрып кеткен шығар деп, күдерімді үзіп едім, жаным! – деді әке Назымбек.
– Мен сені күтемін деп Ыстықкөл жағалауындағы ай­лы түнде уәде бергенім қайда?! – деді Назгүл оның иығына еркелей басын сүйеп.
– Бізді Құдай қосты. Осыншама жыл жалғыз­дық­­тан шаршадым, жанымды түсінетін адал жар, аяулы перзент сүю мен үшін бұйырмаған бақыт қой деп Құдайдан үмітімді үзіп едім, – деді үлкен Назымбек. Ал бала Назымбек жерде елеусіздеу жатқан велосипедті көзі шалып қалды да:
– Алақай, менде мама да, папа да, тіпті, велик те бар! – деп шаттана айқай салды. Әкесі мен шешесі оның сөзіне қосыла күлді.
– Сенде енді әже де бар! – деді Назгүл.
– Ол сені көруге асығып, күтіп отыр! – деді әке На­зымбек. – Басында мамам хабарландырумен ма­ған әйел іздегенде көңілім қаламаса да төрінен көрі жуық қарт шешемді ренжітпейін деп, оның дегеніне көне берген едім. Кейін баламның суретін көрген соң, жас шамасына қарап, жүрегім бірдеңені сезгендей өзім де танысуға ықылас білдірдім, – деді әке На­зымбек құлдыраңдап қасында айналсоқтап жүр­ген ұлына сүйсіне көз салып…
– Өмірден ұрпақсыз өтетін шығармын деп қор­қып едім, – деді ол содан соң Назгүлге кінәсін мойын­дай қарап қойып.
– Бас аман болса, бұның артынан іні-қарын­дас­тар еретін шығар, Құдайдан тілейік соны, – деді Наз­­гүл ертеңіне үміт арта…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір