Қадыр эссесі
Құдай берген дарынды поэзия жолында қотара жұмсап, соған бүкіл ғұмырын сарп еткен Қадыр ақынның идеялық салмақтылығы жағынан бір-бір романға арқау боларлықтай қат-қабат күрделі оқиғаларға құрылған, ал көркемдігіне келсек, адам жанын баурап алар жібектей есілген биязы тілді «Иірім» атты эссесін оқығанда, оның әдебиетіміздің проза саласына сараңдық жасағанына өкінгендей болдық. Не жасыратыны бар, егер, Қадыр ағамыз осы бір жанрда ықыластана жұмыс істегенде, оның қаламынан небір салмақты шығармалардың дүниеге келері даусыз еді.
«Қайда жүрсем де, қайда отырсам да, көңілім жазу үстінде болды…
Сондай сәттерде, дүниенің бәрін талақ етіп, адам баласы тұрмайтын иесіз аралдардың біріне, тіпті болмағанда, түкпірдегі қазақ ауылдарының біріне көшіп-ақ кеткің келеді. Қайтерсің! Бұл – арман ғана
ғой», – деп, бір сәт налыстық танытқан Қадыр ақынның өзі де, кім білсін, осы өкінішті арқалап өтті ме өмірде… Мүмкін. Ол да мүмкін!
Қалай дегенде де, молынан пішіліп, кеңінен жаратылған тума талант әдебиет өнерінің осы бір күрделі жанрында бауырын жазып шаба алмай, арманда кеткен секілді көрінеді де тұрады.
Алайда, көңілге медет тұтар бір нәрсе бар – ол – Қадыр ақынға кезінде сабақ беріп, ұстаздық еткен Мұхтар Омарханұлы Әуезовтен бастап, әдебиет керуеніне кейін келіп қосылып, талай-талай шұрайлы шығармалар берген қаламгерлер легінің образдарын олардың өздерінің мінез-құлық, кескін-кейіп, іс-әрекеттері арқылы сомдап берген бұл эссе – сонау ХХ ғасырдың орта шенінен бермен қарайғы әдеби ортаның шежіресіне бергісіз аса құнды дүние. Бұл – мазмұндық жағынан алғанда. Ал тілдік шеберлігіне келсек, – ащы айтылсын, тәтті айтылсын, көңілге дық, жүрекке жара салмайтындай етіп, үлкен тәрбиелік, интеллектуалдық деңгейде сыпайы да психологиялық өлшемде ақтарыла жазылған сезімге толы сыршыл дүние.
Автор: «Біз бәріміз де адамбыз, бәріміз де пендеміз! Менің міндетім – пайғамбардың немесе періштенің бейнесін жасау емес, кәдімгі өзіміздей, бірде – кісі,
бірде – пенде, яғни мына мың құбылған тіршіліктің өкілдерін еске алу», – дейді.
Дейді де, қылқалам шеберінің сырлы бояуына бергісіз, небір керемет суреттемелермен не бір керемет тұлғаларды образдап береді де отырады. Қоғамдық орта, тұрмыс-тіршілік кезең-кезеңімен көз алдыңыздан, бейне, Қыз Жібектің көшіндей, тізбектеліп өтеді де жатады, өтеді де жатады. Сіз, оқырман ретінде, Қадыр Мырза Әлидің эссесінен басқа дүниенің барын ұмытасыз. Шым-шытырық оқиғаның ішінен шыға алмайсыз, тіпті, шыққыңыз да келмейді. Кімнің кім екенін, ненің не екенін білуге ынтығасыз. Жылайтын жерде жылайсыз, күлетін жерде күлесіз. Автор нендей күйді басынан кешірсе, сіз де сол күйді санаңыздан өткересіз.
Қадыр эссесі бізге не берді?
Не жасыратыны бар, қайсыбір естелік авторының өз қара басынан аспай, әрі кетсе, төңіректегілерді түртпектеп, жұртты әбден мезі қылады. Ал Қадекең естелігі, тіпті, нені айтайын десе де, әңгімесін халқының тарихына, оның басынан өткерген небір күрделі жағдайларына қарай ниеттеп, сол кездегі ию-қию оқиғаларды өзінің кейіпкерлерімен куәландыра отырып, әп-әзір қалпында, сахналық қойылымдай етіп, көз алдыңызға тарта салады.
1950-ші жылдардың аяғы. Қазақстан Жазушылар одағында ашық партия жиналысы жүріп жатыр. Сталин тақтан кетіп, оның тоталитаризмінің бұғауы сәл-пәл босаңсыған кез. Залда ашына сөз сөйлеушілер. Сонау 30-шы жылдарда жазықсыз сотталып, айдауда болып қайтқан қаламгерлер. Сондай-ақ, сол жылдардың құрбандары – Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин тәрізді аяулыларымыздың қамкөңіл жесірлері. Ортаға Ілиястың жары Фатима жеңгеміз шығады. Ол Мұхамеджан Қаратаевты жерден алып, жерге салып жатады. Ақын ұсталып кеткеннен кейін, Мұхамеджан Қаратаевтың оның үйіне басып кіріп, Ілиястың кейбір қолжазбаларын жыртып, туалетке ағызып жібергенін, айы-күні жетіп отырған өзін үйінен қуып шығып, баласын мұздың үстінде босанып, оның кіндігін Бейімбеттің үйіндегі жеңгейіміздің кескенін ашық жариялайды.
Енді бір сәт. Хамза Есенжанов ағамыз мінберге шығады: «Ол кезде куәгерлік үшін сотқа үш-ақ адам шақырылатын. «Хамза Есенжанов ұлтшыл ма?»,– деген сұраққа Қажым Жұмалиев пен оралдық казак-орыс: «Жоқ, ұлтшыл емес!», – деп жауап берді. Ал Дихан Әбілевтің олай деуге дәрмені жетпеді», – дейді. Дихан ағамыз: «Сені қаралауға мәжбүр болдым, Хамза. Әйтпесе, мені айдап алып кететін еді. Қалай десең, олай де, болар іс болды ғой», – деп ақталғансиды.
Міне, эсседегі сол бір кезеңдердің удай ащы көріністері. Қадыр ақынның өз сөзімен айтсақ: «Шындықтың аты шындық! Оны ұмытуға да, бұрмалауға да болмайды!». Бұл – Тағдыр! Өмір мектебі!
«Өмір мектебі» демекші, Қадыр Мырза Әли Сәбеңді, кәдімгі Сәбит Мұқановты бойлай аса бір ілтифатты сезіммен еске алып отырады. Ол: «Кейбір адамдармен ұзақ уақыт бірге жүрдім, тіптен, бірге қызмет істедім, бірақ есімде ештеңе қалмапты. Ал Сәбеңмен бар болғаны он шақты рет кездестім, бәрі-бәрі көкірегімде сайрап тұр», – дейді.
Одан әрі: «Сәбең мен түгіл, менің әкемнің өзінен бірер жыл үлкен адам.Бірақ ол ешкімнің жасын сұрамайтын. Оған мән де бермейтін. Табиғатынан демократ, табиғатынан көпшіл, алды кең жаратылған қазақ еді. Кездескен жерде қолтығыңнан ұстап, іліп әкете беретін… Жас кезімде мен өте ұялшақ, именшек болдым. Сәбеңнің бұл қасиетін жақсы көре тұра, пайдалана алмадым», – дейді, ағынан жарыла әрі, Сәбең мен өзінің ішкі болмысын аша түскен Қадыр ақын.
Ал Қадыр ақын Сәбит Мұқановтың азаматтық позициясы туралы не айтады десек, Сәбең, қазаққа қырғидай тиген Голощекинді «Өмір мектебінің» үшінші кітабы – «Есею жылдарында» біріншілердің біріншісі болып жазған екен. Оны айтасыз, ол ана тіліміздің басына төнген қауіп-қатерді алғашқылардың бірі боп сезініп, Қазақстан Оқу министрінің бірінші орынбасары шовинист Щербаковпен айқасқан екен. Алматы қаласындағы бірінші қазақ балалар бақшасын аштырып, қазақ мектептеріндегі қазақ тілі сағаттарының қысқартылуына қарсы тұрған екен.
Мінеки, менмендікпен көкіректерін соққан сол бір кезгі шовинистердің мысын біздің Сәбең ағамыз осылай басқанға ұқсайды.
Қадыр Мырза Әли, кейіннен бірінің қолтығында – баласы, бірінің қолтығында – немересі, ел-жұртқа үгіт-насихат айтып, қазіргі Қонаев көшесінің бойындағы 12-ші қазақ орта мектебін ашуға халқымыздың қайраткер ақыны Әбу Сәрсенбаевпен иықтаса жүріп, бірге әрекет жасасыпты. «Әбекеңнің туабіткен «мамандығы» – біреуге жақсылық жасау еді», – дейді Қадыр ақын, Зейнолла Шүкіров, Жұмекен Нәжімеденов, Сайын Мұратбеков, Қанипа Бұғыбаева секілді қаншама таланты қыз-жігіттерді жетектеп әкеліп әдебиетке қосқан Әбу ағамыздың Құдай берген ізгілікті істерін тебірене еске алады.
Қазақ әдебиеті әлеміне өлең-жырларының от-жалынымен лапылдай енген Қасым Аманжолов атты арқалы ақынды «Мен қазақпын!» дегендердің естімегені жоқ шығар?!
«Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды,
сонда да тастамаймын астанамды.
Өлеңнің қызуымен жылытамын
жарымды, бесіктегі жас баламды!» –
деп өлең жазған ақындарын бағалап, олардың қаламынан туған шығармаларды ұлттық құндылық деп білмейтін мына тоңмойын қоғамға қолды бір-ақ сермеп, сол мінезді ақын Қасым Аманжолов өзінің жан досы, яғни Ұлы Отан соғысының сұрапыл күндерінің бірінде: «Беріл! Берілсең, жаның қалады!» – деген неміс фашистерінің сөзіне елең етпей, ақырғы демі қалғанша шайқасып барып, жау қолынан қаза тапқан Абдолла Жұмағалиев атты ақын жігіт жайлы ғажап дастан жазған еді.
Қадыр ол жөнінде: «Ешбір ақынға мұндай поэтикалық ескерткіш қойылған емес. Орнатыла да қоймас. «Абдолла» – теңдесі жоқ көркем туынды», – деп, баға берген екен. Абдолланың ерлігін жырға қосып, оны батыр ретінде қайта тірілткен Қасым болса, оның артында қалған өлеңдерін жинақтап, екі бірдей кітабын бастырып, ақын ретінде жарыққа шығарған иманды болғыр біздің Әбу ағамыз екенін осы Қадыр естелігінен оқыдық.
Қадыр ақын бір сөзінде: Адамдардың миллионнан бірі ғана өзгермей, өз қалпын сақтап қалуы мүмкін. Сондықтан да адамды бір жақты бағалау, бір жақты суреттеу шындықпен жанаспайтын нәрсе», – депті. Біз де осы пікірге тоқтадық.
Қоғам деген үлкен көрік бар. Оның көмейіне түссе, небір құрыш болаттарыңды илеп жібереді. Бәлкім, сондай жағдайлардың тезіне тап болды ма, Мұхамеджан Қаратаев жөнінде жұрт әр түрлі әңгімелердің басын шалып жатады. Оны біз осы Қадыр ағамыздың эссесінде баяндалған репрессия құрбаны Ілияс Жансүгіровтің тағдырына тікелей қатысты сәттерден де аңғардық. Алайда, қазақта «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген аталы сөз бар. Сол айтқандай, Мұхамеджан ағамыз бірде жақсатты, бірде жаманатты бола жүріп, кейіндері, «Ештен де кеш жақсы» дегендей, халықтың игілігіне біраз шаруалар тындырыпты. Соның бірін Қадыр Мырза Әли аса бір ырзашылық көңілмен атап өтеді.
Елуінші жылдары «Жазушы» баспасын Мұхамеджан Қаратаев басқарып тұрған кезеңде кітап басып шығару бұрын-соңды болмаған қарқын алды. Алдымен Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтың алты томдықтары, Ғабит Мүсіреповтің үш томдығы, Ғабиден Мұстафин, Тайыр Жароков, Әбділда Тәжібаев, Сабыр Шәріповтердің екі томдықтары, басқа да ақын-жазушылардың өмірде шықпаған бір-бір томдықтары жарық көрді. Одан әріде Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиндердің томдықтары 40-45 мың данамен басылды. Қысқасы, қазақ қарық болды да қалды.
Ең басты айтатын мәселе, ол – сол кездегі кітап шығарып, оны таратуда Қазақстан Ресейден басқа республикаларды алдына салмайтын. Осыған байланысты кітапханалардың саны өсті, оқырман көбейді, қазақ кітапты іздеп жүріп оқитын дәрежеге жетті.
Қазақстан үшін бұл – шын дәуірлеу кезеңі еді. Бұл орайда академик Мұхамеджан Қаратаевтың сіңірген еңбегі орасан зор болды.
Көңіл ғой – үлкен қомағай!
Күнің жоқ, көңіл толмаса!
Таласып өту оп-оңай,
Жарасып өту болмаса!
Түк емес сұлу тұлғаң мен
торсиған мынау тоқ күйің!
Адам боп оңай туғанмен,
адам боп өлу көп қыйын!
Арғы-бергі тарихқа көз жіберсеңіз, – қазақ тағдыры, қашан да, қалтылдап қыл үстінде тұрады. Халқымыздың бағы мен соры – ұлан-байтақ кең дала, оның қойны-қонышындағы көрінгеннің көзінің құртына айналған қазына-байлық. Атысу да шабысу, айтысу да тартысу. Әр түрлі қитұрқы әрекеттермен халықты іштей ірітіп, оның ұлттық бет-бедерін адам танымастай етіп өзгерту, бүлдіру.
Міне, осындай ішкі-сыртқы зұлматтардың салмағынан белі бүгіліп барып жазылған, үміті үзіліп барып жалғанған қазақ халқын өзгелермен терезесі тең мықты мемлекеттердің қатарына қоссақ, іргелі ел етсек деген перзенттік ұлы мақсат небір марғасқаларымыздың ұйқысын қашырып, мазасын алғаны ақиқат. Ал мұндайда ақын қайтіп жайбарақат қалар?! Ол:
«Туған жердің тылсым сырын ұғып көр! –
Туған елдің үдесінен шығып көр!
Қарап тұрып мынау биік Тауларға,
қалай төмен боламыз, ей, Жігіттер?!
Туған жердің тылсым сырын ұғып көр! –
Тұма бұлақ дариядан үміткер!
Қарап тұрып мынау түпсіз Тереңге,
қалай тайыз боламыз, ей, Жігіттер?!
Туған жердің тылсым сырын ұғып көр! –
Шыңға өрмелеп құз басына шығып көр!
Қарап тұрып мынау байтақ Далаға,
қалай кіші боламыз, ей, Жігіттер?!» –
деп ұрандатса, онысы:
«Еділдің бойы – ен тоғай, –
ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге
мал толтырсам деп едім!» –
деген Махамбет арманының заңды жалғасы болмақ-ты!
Міне, қазақ тарихының ең бір күрделі кезеңдерінде басшылық қызметтерде жүріп, көрегендікпен іс қылған, халқымыздың асыл да ардақт азаматы Ілияс Омаровтарды елең еткізген Қадыр қаламынан туған осындай рухтағы жырлары еді. Сол себепті де Ілияс Омаров өзі республикалық Жоспарлау комитеті төрағасының орынбасарлығы лауазымында жүріп үлкен басын кішірейтіп, Қадыр ақынды арнайы үйіне шақырып, қонақ қылып, ұзақ сырласқан, ақ жол тілеп, батасын берген екен.
Сөзіміз құрғақ болмасын, бұдан әрі қарай Ілияс ағамыздың мына бір сөздеріне құлақ түрелік.
«Айналайын Қадыр!
Жасымыз бар, жасамысымыз бар, – өнер адамымыз бар, шаруа адамымыз
бар – бәріміздің илеп жатқанымыз бір тері. Жүректе – бір махаббат, көңілде – бір арман. Қолымыздан келгенінше халқымызға қызмет етуіміз керек. Өйткені, түрлі-түрлі себептерге байланысты біздің қазақ өңге туысқандармен салыстырғанда біраз қалыс қалған сияқтымыз. Елді алдыңғы қатарлы өркениетті мемлекетке айналдыру – кез келген саналы қазақтың парызы. Сенің «Дала дидарыңды» оқып отырып, мен өзіңді тап осылай ойлайтын азамат деп ұқтым… Өмірде де, өлеңде де жолың болсын, айнам!
Бойдағы Құдай берген жазушылық қасиет – ол – дарын ғана. Ал сол дарынды әрі қарай дамытып, ұштап, талмай жұмыс істеген адам, яғни жазуды кәсіпке айналдырған адам – шын жазушы – сол. Бұл орайда, оза шауып, Қадыр Мырза Әлидің алдына түсетін қаламгер аз болар, сірә.
Ол: «Елу жыл үзбей жазып келемін. Бейне, мәңгілік двигатель секілді жұмыс істеппін. Бір күн, бір апта, бірер ай қағаз-қаламнан қол үзген кездерім болған шығар, ал енді, он екі ай, яғни бір жыл жазбай кеткен кезім болған емес», – дейді. Бұл – жазушылықты еңбек деп бағалаған, оны шын сүйген адамның сөзі. Бұл орайда да
ол – кімге де болса үлгі-өнеге.
Жазушының басты парызы «Айту!» болса, сол киелі ұғымды, өзге емес, тек, шын кәсіби жазушылар ғана көтеріп жүре алады. Бұл ретте Қадырға халықтың өкпесі жоқ деп есептейміз.
Қадыр ақын әдебиет әлеміне өзімен бірге еніп, сол әлемде жұптарын жазбай, үркердей боп бірге жүрген қаламдас достары жөнінде көп толғанады. Әсіресе, өмірден ертерек озып, іздеусіз жатқан Жұмекен Нәжімеденов, Жайсаңбек Молдағалиев, Сайымжан Еркебаевтарды қатты уайымдайды. «Өлдің, Мамай! Қор болдың!», – деп күрсінеді. Күрсінеді де, кезінде дүниені дүркіретіп өткен Мамай батырдың тағдырын Жұмекендер қайталап, бейне бір ертегілік кейіпкерлердей, көмескіленіп, тылсымға сіңіп, біртін-біртін жоғалып бара жатқандай үрейленеді.
«Өлерсің! Өлгеніңнен кейін, жерлер! Қырқыңды берер, жылыңды берер! Содан соң ұмытыла бастарсың! Қайтсін, әйел, бала-шағаң шырылдап бағар! Ақыр аяғы олар да тынар», – деп таусылады. Таусыла отырып: «Әр жазушының өзіне лайықты орны бар. Туған әдебиетіне қосқан үлесі бар. Қай-қайсысына да лайықты құрмет көрсетілуі тиіс. Елдің елдігі содан танылса керек… «Елім!», «Жерім!» деп, ішкен асын жерге қойып, тек сол ұлы мақсатпен өткен ер азаматтарды ең алдымен жұрты, одан кейін мемлекеті іздеуі керек!», – деп, артындағыларға аманат айтып, арыз қалдырғандай болады.
Иә! Артында бұйра-бұйра шаң созылтып, қазақтың кең даласының төсінде көсіле шапқан арғымақтайын-ақ, бұрқырата өлең жазып, соңында будақ-будақ жыр қалдырған Қадыр ақын да өтті дүниеден!
Алайда, көңілге медет тұтар бір нәрсе бар: Қадыр шығармалары – қай қоғамға болмасын, баға жетпес қорек. Ол егіп кеткен мәуелі ағаштың жемісін теріп, қызығын көрер күн әлі алда! Қадыр жырларының рухын бойына сіңірген ұрпақ қандай соққының астында жүрмесін, азбайды! Ол, қандай қиыншылық кезікпесін, қалай да жеңіп шығады! Қадырдың, Қадыр поэзиясының мықтылығы – міне, осынысында!
Айсұлу ҚАДЫРБАЕВА.