БАЛАСАҒҰН ДАНАЛЫҒЫ
15.04.2016
9344
3

Түркі дүниесінің ойшылы Жүсіп Хас Хажыб Баласағұнның туғанына 1000 жыл толуына байланысты 2016 жыл түркі әлемінде ТҮРКСОЙ шешімімен Жүсіп Баласағұн жылы деп жарияланып отыр. Осыған байланысты күні кеше әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде дәстүрге айналған «ІІІ Фараби оқулары» аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Халықаралық түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту (ТҮРКСОЙ) ұйымы бірлесіп Жүсіп Баласағұнның туғанына 1000 жыл толуын атап өтті.

783050_162516282_473T1977__1Жақыпбек АЛТАЕВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия
кафедрасының профессоры,
әл-Фараби орталығының директоры

 

Жүсіп Хас Хажыб Баласағұн шамамен 1019-1020 жылдары ортағасырлық Баласағұн қаласында дүниеге келді. Ойшыл туралы, оның өмірі жайлы мәліметтер өте аз. Алғаш білім жолын Баласағұнда, ке­йін Қашқарда жалғастырды. Өз заманының басқа да ғалымдары секілді, ол «Сажийе» (Нұр шашқан) медресесін бітіреді. Оның философия, математика, медицина, астрономия, әдебиет және т.б. көптеген ғылым салаларымен айналысқаны белгілі.

Жүсіп Баласағұн өмірі мен шығармашылығынан Орта ғасырдағы Шығыс Ренессансы деп аталатын алтын дәуірден түркі дүниесіне қатысты құнды ақпараттар аламыз. Қараханидтер дәуіріндегі мә­дени қоғамдық жағдайдың өзгеруі түркі халық­тарының арасынан ағартушы ғалымдарды, ойшыл ақындарды шығарды. Жауһари, Фараби, ибн Сина, Беруни секілді ойшыл ғұламалардың сан-салалы еңбектері Орта-Азиялық Қайта Өрлеу дәуірінің асыл маржандары болып саналатын Мах­мұд Қашғаридің «Түркі тілдерінің сөздігі», Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білігі», Ахмет Игү­некидің «Ақиқат сыйы», Ахмет Иассауидің «Диуани хикметі» тарихи ескерткіштердің пайда болуына белгілі бір дәрежеде ықпал етті.Араб-парсылармен қатар, түркі халықтарының өкілдері де Шығыс мәдениетінің өркендеуіне өз үлестерін қосты.

Өткен замандардың әйгілі  мәдени ескерткіш­тері адамзат рухани дүниесінің түзілген мөлдір қаба­тына жатады. Қазіргі дәуірде адамзат қауымы жыл­дар бойы жинақталған тәжірибені мүмкінді­гінше толық игеруге ұмтылып, оны бөлшектеуге, қиратуға бағытталған күштерге қарсы күресуге ұмтылып отырған кезеңді басынан кешіруде. Кезін­де біздің ата-бабаларымыз да біз секілді «бақыт деген не?» деген мәңгілік сұрауларды қабыр­ғасынан қойған болатын. Солардың бірі «Құ­тадғу білік» поэмасының авторы Жүсіп Баласағұн еді. Әрине, оның тек өзіне ғана белгілі өз әлемі болды. Ол оны басқаларға, яғни келер ұр­­паққа сыйлағысы келді. Жүсіптің өз заманын­дағы ірі тұлғалардың бірі болғаны сөзсіз. Бала­сағұнның дүниеге келгеніне 1000 жылдай уақыт өтсе де, оның туындыларының өміршеңдігін, біздің ақыл, ой-санамызда, көңілімізде қанағат сезімін тудыратынын айта аламыз.

Жүсіп Баласағұн ХІ ғасырдың аса көрнекті ақыны, есімі бүкіл Шығыс елдеріне мәлім болған, данышпан ойшыл, философ, энциклопедист ғалым, белгілі қоғам қайраткері. Ол философия, табиғаттану, математика, астрономия, тарих, араб-парсы, тіл білімі сынды ғылым салаларын жетік меңгерген ғұлама. Оның есімін әлемге танытқан «Құтадғу білік» кітабы сол замандағы ресми әде­биет тілі болып саналған араб тілінде емес, түркі халықтарының тілінде жазылған алғашқы энцик­ло­педиялық еңбегі еді. Сондықтан да кез келген аймақ өз тарихына үңіліп, ондағы бірінші дәрежелі жұлдыздар тізіміне енетін, яғни ешқашан мәнін жоймайтын, жалпыға ортақ мәдени игіліктер тізіміне қосылатын дүниелерді қайта қарап, сара­лауға тиісті. Демек, «Мың бір түн», «Жолбарыс тері­сін жамылған батыр» секілді әлемдік әдебиет үлгілерімен қатар, «Құтадғу білікті» де мәдени эстетикалық байлық жинақтаған қазына деп айта аламыз. Сонымен бірге, Жүсіптің поэмасы көне түркілердің тілдік сана сезімі өрлеуінің белгісі болған маңызы зор ескерткіш. Біртұтас үлкен тілдік отбасының өкілдері Жүсіп Баласағұнмен өздерінің туыстығын білдіре алады. Бұл жерде қа­зақ­тарды, қырғыздарды, ұйғырларды, түрік­мендерді, әзірбайжандар мен түріктерді атауға болады. Мәдени, саяси және этникалық жіктердің тарихи өзгергіштігіне, тілдер тағдырына үндестік туыстыққа, миграцияларға байланысты ұсақ-түйек детальдарды қазбаламай, географиялық көзқарас тұрғысынан қарастырған кезде Жүсіптің қазақ және қырғыз халықтарына жақын екені білінеді. «Манас» пен «Құтадғу білік» арасында айқын ұқсастықтар бар. Жүсіптің дүниетанымында философиялық, шамандық, исламдық – үш сарын бар. Ол бірдей поэтикалық дәстүрден парсы-тәжік (Рудаки, Фирдауси) және түркі (жазбаша және ауызша) дәстүрінен нәр алады.

Зерттеушілер, әсіресе, Баласағұн поэмасындағы «Шығыс Ренессансы» идеяларымен байытылған әрі өткір, өзекті, әрі эмоционалды айқын өмір философиясына назар аударады. Жеке халықтың тілі мен мәдениетін жалпы адамзат мәдениетінің күрделі тұтастығынан, шетсіз-шексіз диалог жүріп жатқан үлкен тарихи уақыттан тыс түсінуге болмайды. Мәдениеттің ұлы туындыларының өзі де осындай үлкен уақытқа ғана сияды емес пе?

Үлкен уақыт дегеніміз – шексіз-шетсіз аяқталмайтын диалог, бұл диалогтарда бірде-бір мән өлмейді: сонымен бірге, мұнда өз уақытында интенсивті толығырақ ғұмыр кешу мүмкіндігі бар. Үлкен уақыт деңгейінде жекелеген мәдениет құбылыстарына халықтар мен ұлыстардың, жекелеген мәдениеттердің ғасырлар мен мыңжылдық­тар­дағы өзара түсінісуіне адамзат мәдениетінің күрделі бірлігіне көшу айдыны ашылды. Орта Азия халықтары әдебиетіне іштей және сырттай әсер еткен сансыз байланыстарды ескере отырып,
Н.Ко­н­рад: «Орта Азия халықтарының мәдениеті, оның ішінде, әдебиеті де орта ғасырлардағы иран және түркі халықтары мәдениетімен олардың өз заманында жалпы әлемдік әдебиет атаулының шыңы болып санаған бай әдебиетімен тарихи тұрғыдан байланысты болса, өз кезегінде бұл ха­лық­тардың мәдениеті және араб, үнді мәдениетімен тығыз байланыста болған», – деп жазды.

«Құтадғу біліктің» Европа әлеміне әйгілі болуы австралиялық шығыстанушы Фон Хаммер Пургшталь есімімен тікелей байланысты. Ол 1796 жылы Ыстамбұл қаласында аталмыш қолжазбаны қолға түсіріп, Вена кітапханасына сыйға тартқан болатын. Еңбекті алғаш рет неміс тілінде жарыққа шы­ғарған белгілі шығыстанушы Г.Вамбери 1891–1910 жылдары дастанның түпнұсқасымен қоса, оның немісше аудармасын жариялаған. В.В.Радлов еңбегінен кейін ғана поэма шын мәнінде ғылыми тұрғыдан зерттеле бастады. Дастанның үзінділерін алғаш рет орыс тіліне аударған С.Е.Малов, 1971 жылы Н.Гребнев «Бақытты болу ғылымы» деген атпен дастанның еркін аудармасын жасады. 1971 жылы К.Керимов «Құтадғу білікті» өзбек тіліне аударды. Ал дастанды 1986 жылы қазақ тіліне Асқар Егеубаев тәржімалады. Үш қолжаз­баның (Вена, Каир, Наманган) текстерін сын елегінен өткізіп, елеулі еңбек еткен Р.Р.Арат 1947 жы­лы дастанның ғылыми тұрғыдан бір ізге түсірілген желісін жасап шықты. «Құтадғу біліктің» толық мәтінін «Рақатқа жетелейтін ілім» деген атпен 1983 жылы орыс тіліне аударған С.Н.Иванов. Дастанның академиялық деңгейдегі басылымы академик А.К.Кононовтың редакциясымен жекелеген жәйттер туралы мақаласы С.Н.Иванов редакциясымен бірігіп жарық көрді. 1970 жылы қа­зіргі Санкт-Петербург қаласында «Құтадғу білікке» арнайы өткізілген IV түркологиялық конференцияда осы ескерткішті жүйелі түрде жан-жақты терең зерттеу қажеттігін атап көрсетті.

Ойшыл шығармасына арналған ғылыми із­деніс­тердің негізінен тарихи-философиялық, лингвистикалық, әдеби, тарихи және мәдениет тарихы жағынан маңызы аса зор болғандықтан оны зерттеудің ауқымы мен тереңдігін дамыту өте қажет. А.Н.Кононов «Құтадғу білікті» философия­лық шығарма деп айтады. С.Н.Иванов «Дастанның философиялық негіздері зерттеуді қажет етеді», – деп ескертеді. Осы орайда этика бойынша жа­зыл­ған шағын тақырыпшалар мен жеке мақалалар, әрине, Жүсіп Баласағұнның рухани байлығын толық таныта алмайды. Оның ойшыл ретіндегі жалпы шығармашылығына объективті баға беру біздің қазіргі және болашақтағы міндетіміз. Бала­сағұн поэзиясын біртұтас, соның ішінде филосо­фия­лық тұрғыдан оқып тану өз кезегінде ортаға­сырлық ойшыл ақынның күрделі ішкі әлемінің кілтін табуға, оның тереңде жатқан қатпар қабаттарын ашуға көпшіліктің тілегі мен ниетінен шығуға көмегін тигізеді. «Құтадғу білікті» тарихи-мәдени талдау объектісіне айналдыру дамудың ортағасырлық кезеңіндегі түркі халықтарының қоғамдық ойының тарихын, көркемдік дәстүрінің одан әрі тиянақты зерттелуіне жол ашады.

Жүсіп Баласағұн «Құтадғу білік» поэмасында – мемлекетті басқару әдістерін, адамгершілік принциптерін, қоғамдық-саяси мәні бар түрлі ережелер мен заңдарды, әдет-ғұрыптар, әлеуметтік-экономикалық, мәдениет, т.б. мәселелер туралы жазғаны белгілі. Тұтастай алғанда Баласағұн ең­бегі жалпы философиялық мәселелерді алға тарт­қан және өмірде тәжирибелік-эстетикалық тұр­ғыда көп зерттеуді қажет етеді. Ғылымның сан саласын меңгеруге, жан-жақтылықты, жалпы әлемдік көзқарастарды қамти білуге талпыну Жүсіп өмір сүрген мәдени ортаның болмысына тән болатын.

Дастанның идеялық желісін сипаттаған В.Н.Кононов пен С.И.Иванов ислами элементтермен қоса сопылық реңктің бой көрсететінін атап көрсетеді. Шындығында поэманың идеялық өзе­гін­де ислам белгілі орын алады. Алайда, оның мазмұны исламға бағындырылмаған. Жүсіп Бала­сағұн шығармашылығы жөніндегі біздің көзқа­расымыздың тұжырымдылығы мен нақты­лығы оның ренессанстық, гуманистік бастауының Арис­тотель мен Фараби философиясы дәрежесіне көте­рілетінін атап айтумен сипатталады. Баласағұн көзқарасын айқындайтын екінші қалтарыс қабат ислам діні еңгенге дейінгі көшпелі және отырықшы елдерге таралған – зороастризм, манихей, буддизм секілді әр түрлі нанымдар болып табылады. Осы нанымдар ішіндегі ерекше әсерлісі «Құтадғу біліктің» өн бойынан айқын көрініп тұратын пұтқа табынушылық пен шамандық белгілері. Өмірдің мәнділігі, бұл дүниенің жалғандығы секілді исламға тән ұғымдар «Құтадғу білік» авторына тән болатын. Өткен жастық ғұмыр, өлім қайғысы сияқты шамандық түйсікке жақын сарындар Жүсіптің рухани көңіл-күйін сипаттайды.

«Құтты білік» поэмасының басты идеясы төрт принципке негізделіп жазылған. Біріншісі, мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы, екіншісі, бақ-дәулет, яғни елге құт қонсын деген тілек, үшіншісі, ақыл-парасат, төртіншісі, қанағат-ынсап мәселесі. «Құтты біліктің» кіріспесінде тәңірдің құдірет­тілігі суреттелген кезде оның бар болмысы – айды, күнді, жерді, көкті жаратқандығы тәптіштеледі. Тәңірдің сандық қатынастардан, кеңістік пен уақыттан тыс екендігі көзден жырақ, бірақ көңілге ескертіледі. Оның еш жерде тұрағы жоқ, ол мәңгі, табиғаттың барлық құбылыстары, тау-тасы, орман-көлі – бәрі құдіреттің жасампаздық әре­кетінің ізі, суреті.

Жаратқанның көкте тізіп қойған сансыз жұл­дыз­дарының ішінен Жүсіп он екісін бөліп алады да, оларды үш-үштен төрт мезгілге телиді. Айталық, көктем жұлдыздары – Қозы, Үді, Ерентұз; Жаз жұлдыздары – Қушық, Арыслан, Бұғтай басы; Күз жұлдыздары – Улгу, Чадан, Иа; Қыс жұлдыздары – Оғлақ, Көнәк, Балық; Олардың үшеуі – су, үшеуі – жел, үшеуі – от, үшеуі – топырақ. Оларды бітіс­пен қайшылықтан жарастыққа мәжбүр ететін Жаратушы Хақ.

«Төрт тұғырлық» өлшемдік қағида «Құтты біліктің» құрылымдық арқауы. Күнтуды (Әділет), Айтолды (Дәулет), Өгдүлміш (Ақыл), Оғдұрмыш (Қанағат) бірін-бірі қисынмен толықтырып отыратын кейіпкерлер. Әділеттің ақ туы –Күнтуды Елік – орталық, кіндік – тұлға, себебі ізгілікті қоғамның мәңгілік арқауы – әділеттілік. Ол ана сүтімен сүйекке сіңетін қабілет. Ал ақыл да, дәулет те, қана­ғатшылдық сезім де жүре бітер қасиеттер. Оның үстіне, тұрақтылықпен ерекшеленбейді. Дәулет баянсыз, тұрақсыз, түлеп, жаңғырып тұрады. Ақыл адалға да, арамға да бітеді, қанағат сараңдықпен де шектесуі мүмкін. Олардың әрқайсысы жеке алып қарағанда дүниеге тұтқа бола алмайды, адамды бақытқа жетектей алмайды. Төртеуі бірлікке жеткен жағдайда ғана халық бақытқа кенеледі. Бектің бақыты халықтың бақыттылығында. Бақыт жеке басқа тән ұғым емес. Ол – халықтық сипаттағы ұғым. Өз халқын бақытқа жеткізген билеуші ғана бақытты болмақ. «Құтты біліктің» мазмұны осы.

Үштік қағида да көп қолданылады. Мемлекеттің негізгі үш нәрседен – халықтан, қазынадан, әскерден тұрады. Халықтың өзі үш буыннан – бай­лар­дан, орталардан, кедейлерден тұрады. Бектің мақсаты – кедейлерді ортаға, ортаны байға жеткізу. Күнтуды Елік адамдардың үш түрін қоштап, қолпаштап отыруы тиіс. Олар – алып, жүрегі құрыш, ер кісілер, екіншісі – елші, ғалым, даналар, үшіншісі – хатшы. Ізгілік ісі – ақылдылықтың көрінісі. Ақыл ненің жақсы, ненің жаман екенін анықтай алады. Дастанда парасаттылық, ақыл, білім жайлы ойлар өте көп кездесіп, асқан шеберлі­к­­пен айтылады.

Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанында Шығыс әсерінен гөрі түркі халықтарының бай ауыз әдебиеті, фольклор жанрларының әсері басым сияқты. «Құтты білікте» салт жырларының дәстүрі басым. Сол себепті Жүсіп Баласағұнның шығармасында бір ғана Шығыс әсері үстем деп айтуға болмас керек. Түркі тілдес тайпалардың тілінде жазылған сан алуан тұрмыс-салт жырлары сол кездің өзінде-ақ аз болмаса керек. Олар айтыс, толғау, терме түрінде айтылған. Жүсіптің сүйенген үлгісі халық аузындағы осындай дәстүрге байланысты болмақ. Жалғыз-ақ терме, толғау сияқты жыр-өлеңдерде бұқара халықтың мұң-мұқтажы, ой-арманы жырланса, дастандарында көбіне хан-қағандар ордасының салты жырланған.

Міне, Х-ХІ ғасырларда араб-парсы тілдерінің үстем болып тұрған заманында Жүсіптің таза түркі тілінде осындай рухани дүниені өмірге алып келуі үлкен тарихи жағдай. Ол түркі тілінің болмысын, табиғатын, өміршеңдігін паш етеді. Философтың өзі поэмасының тілін бограхандық тіл, яғни Қарахан мемлекетінде тараған жазба әдебиеті тілі дейді. Бұл тіл Махмұт Қашқаридың «Түрік тілі» сөздігіндегі хақан тіліне, басқа түрік тілдеріне қара­ғанда ең таза және құлаққа жағымды тілге сәй­кес келеді. Мұнда түркі тайпаларының салт-дәстүрі, санасы бай халық ауыз әдебиеті, тұрмыс-салт жырлары үлкен көрініс тапқан. Жүсіп халық фольклорының мүмкіндіктерін жазба әдебиетімен өте шебер ұштастыра білген. Айталық, дастанның басты кейіпкерлерінің Күнтолды, Айтолды деп аталуының өзі көшпелілердің ислам дініне дейінгі ауыз әдебиеті туындыларында кездесетін сөздер. Сондай-ақ, дастанда көшпелі-түркілердің болмысына, тіршілігіне байланысты мақал-мәтелдер және бейнелі теңеулер жиі кездеседі. Мұнда қас­қыр, жылан, сұңқар, ат секілді жан-жануарларды, кең даланы ақын жиі сөз етеді. Яғни біздер, түркі тіл­дес халықтардың табиғатын, тағдырын, бұрынғы наным-сенімдерін Жүсіп шығармасы ар­қылы танып білуге мүмкіндік аламыз.

 

ПІКІРЛЕР3
Аноним 03.09.2019 | 14:28

Ты че совсем ебнулся это смотреть???? Пидр ебаный

Аноним 09.09.2019 | 21:28

Жүсіп Баласағұнның шығармалары барма

Аноним 05.11.2019 | 13:04

Кай кытаптан алынган?

ПІКІР ҚОСУ