Душанбеде Абай бюсті ашылды
Душанбеде Ұлы Абайдың бюсті ашылды. Салтанатты іс-шара Қазақстанның Тәжікстан Республикасындағы мәдениет күндері аясында өтті.
Абай мүсіні қаланың ең көрнекті жері – Әбілқасым Фирдауси атындағы мәдениет және демалыс саябағында орналасқан. Мүсіннің ашылуына арналған іс-шарада Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сөз сөйлеп, бұл бастаманың екі халықтың мәдени ынтымақтастығы үшін маңызы зор екеніне тоқталды.
«Бүгінде Қазақстан мен Тәжікстанды Мемлекет басшыларының достық пен өзара сенімге негізделген күш-жігері ғана біріктіріп отырған жоқ. Тәжікстан астанасы да қазақ халқының даңқты перзентінің тұлғасы тұғырға қонған әлем астаналарының біріне айналады. Бастысы, бұл қадам екі ел өміріндегі маңызды оқиға болуымен қатар, қос халықты жақындастыра түсетін рухани және мәдени байланыстарға тың серпін берері сөзсіз», — деді Аида Балаева өз сөзінде.
Сондай-ақ Қазақстанның мәдениет күндері аясында Душанбеде бірқатар іс-шаралар өтті. Атап айтқанда, қазақстандық көркем фильмдер көрсетілімі, көрмелер мен танымал өнер майталмандарының қатысуымен концерттер ұйымдастырылды. Ал мәдениет күндері «Кохи Борбад» мемлекеттік кешенінде өткен гала-концертпен қорытындыланды.