ЖАН-ҚАЗАҒЫМ – ТАҢ-ҒАЖАБЫМ…
ИРАН-ҒАЙЫП
(Әр Кезгі Жырлар)
* * *
( Төле (Қарлығаш) бидің айтқаны )
Қонағың –
Би,
Үйіңе,
Қайран-Қазақ,
Кіріптарлық –
Кірмеге:
Ойранды Азап!
«Алтау» –
Ала,
«Төртеуің» –
Түгел емес,
Тұл кейпіңмен болмайсың
Қайдан мазақ?!
Келген Сорға –
Жайылып Бақ-Құлашың,
Төгіп-Шашып,
Барыңды –
Жоқ қыласың!
Суық қуып,
Сұмданып,
Сұрқия енген:
Жыланның да
Басына –
Ақ құясың!
Лағып-Қаңғып –
Бетіңмен…
Айдалаға,
Қырда кезген –
«Інің» боп,
Ойдағы –
«Аға»:
Қу-Тізеңді құшақтап –
Қалсаң дағы,
«Қатын» алып бересің –
Қайманаға!
Аш:
Ұры мен Қарыда –
Ар бола ма?!
Ас үшін:
Арсыз –
Бекер жалдана ма!
…Ата-Мекен,
Ана-Жұрт –
Байтағыңды:
Айналдыра көрмегей –
Мал-Қораға!
Сырттай –
Іріп-Шірідің,
Іштен –
Өліп,
Көзің жасы –
Қорғасын түскен еріп:
Қалың дертке дауасыз ұшырадың,
Бір Атаның Баласын –
Үшке бөліп…
«Ұлты –
Басқа,
Діндері –
Құлақасқа»,
Жақсы,
Әрине,
Аралас-Құраласқа:
Бірақ,
Қыран –
Қалайша Қарлығашпен,
Мәңгі ұялас болмақ-шы –
Дің-Ағашта?!
Тейі қатты Тағдырға –
Боласың таң:
Құс Патшасы –
Хас-Қыран –
Төре-Сұлтан!
Күні-Түні –
Күйбеңі бітпейтұғын,
Көнбіс-Байғұс –
Қарлығаш –
Қарашы-Ұлтан!
Ғұсыл Ғұмыр кешкенсіп –
Қапыл-Жайда,
Бірі –
«Биік»,
Бірі –
«Иік» отырмай ма:
«Жағаласа бердің деп,
Ұшып-Қонып!»,
«Биік» –
«Иікке» тырнағын батырмай ма?!
Айырмай ма –
Құсни-Санатынан,
Қайырмай ма,
Қапыда,
Қанатынан?!
Қыран менен Қарлығаш –
Қауымдасқан:
Мама-Ағашты
Баспай ма –
Нала-Тұман!
Төре-Сұлтан тартпай ма –
Ақ-Сүйегіне,
Қарашы-Ұлтан байланып –
Күйегіне…
…Таң-Бозынан,
Обал-ай,
Шырылдайды –
Шығар Жаның тіреліп Иегіңе!
Жыл Он Екі Ай –
Күйттейтін Қара Басын,
Күпір –
Қайтіп
Гөйіңді сараласын?!
Жылы Ұяңды,
Бейбітім,
Ажал жайлап,
Сол –
Ағашың болмасын:
Дар –
Ағашың!
Қарлығашым,
Өмірің –
Бөз-Кебінде!
Бодандығың –
Бөз-Кебін…
Сезбедің бе?!
Далаң –
Молаң…
Тамұғың –
Туған Жерің!
Ұша алмайсың –
Омалып…
Өз Көгіңде!
Кім-Көрінген қолында –
Базар-Бағың,
Қанымдайын қайнайды –
Қазандағың:
Есебіне Халықтың –
Ене алмассың,
Таққа қонбай –
Өз Ханың,
Өз Арманың…
…Қуғын –
Орыс:
Солыңда –
Ормандайын!
Сүргін –
Қытай:
Оңыңда –
Қорғандайын!
«Екі Түйе сүйкенсе –
Шыбын өлер!»:
Ертең күнің –
Не болмақ,
Сормаңдайым?!..
05.08.2013
* * *
Шықпастай ғып,
Мәңгі –
Саптан-Санаттан,
Мені –
Өзің…
Сені –
Құдай жаратқан!
Жан-Қазағым –
Таң-Ғажабым,
Алыпсың:
Күллі Әлемді –
Ауызыңа қаратқан!
Тағдырыңның
Сөгіп –
Тырнақ-Көбесін,
Қайғы –
Жұтып,
Қасірет те –
Шегесің:
Құдды
Аюп-Пайғамбардан –
Аумайсың,
Қырық Жыл Бойы –
Құрт жайлаған
Денесін…
Біреу –
Сырттан:
Көз алартып –
Қарайды,
Біреу –
Іштен:
Барыңды –
Үптеп-Тонайды!
Тәуелсіздік –
Алдың…
Әй-теу…
Ақыры…
Жә,
Жарайды!
Жә,
Жарайды…
Жарайды…
Халқым –
Менің…
Хақтық –
Ұлы Үйлесім:
Кейде –
Олай,
Кейде –
Бұлай…
Күйдесің!
…Иенің –
Тозып,
Азбақ емес –
Байтағың:
Мейлі,
«Жаман –
Заманаға күйлесін…» –
(АБАЙ).
Мейлі…
«Күйлеп» –
Бассын:
«Желігін»!
Басып –
Жойсын:
Ертеңіне –
Сенімін!
…Сен –
Өлмейсің!
Өлмейсің –
Сен…
Өлмейсің!
Сен –
Тірі де,
Өлтіреді…
Мені –
Кім!
Сен –
Тірі де,
Тірімін –
Мен…
Төрдемін!
Төбедемін:
Жанады –
Өшіп-Сөнгенім!
Өлгенімді –
Тірілтеді…
Тербетіп:
Жер –
Жыр-Бесік,
Аспан –
Әлди-Жөргегім!
05.08.2013
* * *
Оқырмандарыма.
Іздеп,
Таппай –
Мазмұнымды-Мәнімді,
Өкпем –
Өшіп,
Алар-Демім –
Тарылды:
Шығар-Демім –
Сабырлыққа шақырып,
Қолыма алдым –
Жаным менен Тәнімді!
Қолыма алып,
Өмірімді –
Сүрген бар,
«Жетпісіме» –
Арзамды арттым…
Мүрдем –
Хәл!
…Жер-Шарындай,
Ғаріп –
Ақын-Басымды:
«Допша» –
Теуіп,
Аяқ-Асты –
Қылмаңдар?!
Жоғалатын,
Сағым жұтқан –
Желкендей:
Кешегің де,
Бүгінің де –
Ертеңдей!
…Өксік құшқан –
Өлеңімді,
Оқыңдар…
Запыран құсқан –
Жырларымнан,
Жеркенбей?!
Кешіріңдер:
«Бет» тырнаса –
«Қасаңы»,
«Бүйен» қаузап,
«Ішек» қырнаса –
«Тосаңы»?!
…«Ақырымның» –
Не боларын,
Ойласам:
Аңдып,
Тосын…
«Ажалым» –
Аранын ашады!
Аңди –
Берсін!
Ашсын,
Ажал –
Аранын!
Талсын –
Қарым…
Түссін,
Қолдан –
Қаламым!
…Шын –
Ақынның,
Сүрген –
Өмірі:
Өлімнен –
Бетерлігін…
Естеріңе –
Саламын!
Өлгем –
Жақсы:
Бүйтіп,
Іштен –
Тынғанша;
Көрмегенсіп,
Көзімді –
Тарс-Жұмғанша;
Құр –
Бұлданып…
Рухани –
Құлданып,
Өзімді –
Өзім,
Ит-Рәсуа –
Қылғанша…
02.05.2015
* * *
Бейбіт-Құстарым,
Құзғындар –
Дұшпаның!
Көрмедім,
Олардың –
Қырандап-Ұшқанын!
Жермени-Жексеніп,
Елеги-Екшеліп:
Рухани азғынған –
Өңкей –
«Тоқ-Семік»!
Жалғани-Хақтанып,
Қалбаңи-Топтанып,
Ұйлыға-Ылығып,
Былыға-Боқтанып…
10.09.2015
* * *
Бостан –
Хоштан-Өмірімнің –
Сұрқы қашқан:
Тынысымды –
Тұмшалап,
«Сұп-Сұр» –
Аспан…
…Кемеңгерін –
Ұлтымның,
Көрер ме –
Екем:
Сыбайлас –
Жемқорлықтың,
«Құлпын» –
Ашқан?!
Шіркін-ай,
Со –
Мезетті:
Көріп –
Өлсем?!
Көріп –
Барып:
Армансыз…
«Көріме» –
Еңсем!
09.11.2015
* * *
(Бой-Жазу)
Ар ма,
Туған Жерім:
Өсіп-Өнген –
Елім?!
Көмер –
Торқа-Топырағым,
Енер –
«Қорқыт-Көрім»!
Жебеу –
Мендей-Зарға,
Өлі-Аруағым,
Ар ма!
Қайран –
«Бұлбұл-Құстарым»,
Құр-Сайраған –
«Торда»!
Ар ма,
«Қола-Мүсіндер»:
Көшкін –
Құбыл-Пішіндер!
Армысыңдар,
Ағайын…
Әлі –
Тірімісіңдер?!
Өмірлерің –
Сай ма,
Көңілдерің –
Жай ма?!
…Жанымды –
Алар:
Сұм-Ажал –
«Әзірейілім»,
Қайда!
Төзіп,
Тартып –
Азарын,
Бәлкім,
Тозар –
Ажарым:
«Ақыным –
Өледі!» –
Екен деп,
Тарқамасын –
Базарың!
Қаулап,
Қайта –
Жаңарып:
Өлмейді –
Ақын…
Халайық!
Ақын –
Өлсе:
Күн –
Сөнед,
Аспан Көзі –
Алайып…
16.05.2015
* * *
«Көршің аш отырса, Сенің –
Тойып жеген тамағың – Һарам» –
Пайғамбар (с.у.с) Хадисі.
Мешкейленіп,
«Мауығыңды» –
Басқансып:
Ылығасың,
Былығасың –
Астамсып!
Көйлегің –
Көк,
Тамағың –
Тоқ,
Уа,
«Соқыр»?!
«Ит-Күркеде»,
Ақын-Көршің:
Аш –
Отыр…
21.05.2015
* * *
(Махамбетше)
Әкіміме.
Сені,
Әкім –
«Жаратқан»:
Билеушінің –
Әмірі!
Мені,
Ақын –
Жаратқан:
Билеуші –
Емес…
Тәңірі!
Әрине,
Сен,
Нөң –
Қазақ:
Дүниеауи –
Хоштандың…
Ал,
Мен –
Болсам,
«Мәңгі –
Азап»:
Рухани –
Бостанмын!
Сенің –
Өмірің,
Белгілі:
«Тырнақшаның» –
Ішінде!
Менің –
Өмірім,
Ендігі:
Өлмес –
Өлең-Пішінде!
…Сені,
«Дедек» –
Қақтырған:
«Жаңа-Өзеннің» –
Ылаңы!
Мені,
«Сырға» –
Жат қылған:
Сол –
«Ылаңға»…
Кінәлі…
24.03.2016
* * *
Құс ұшады –
Топтанып,
Тау гүлдейді –
Шоқтанып:
Тыйылады Бойжеткен –
Бозбаладан сақтанып.
…Сұйылады Өмірім –
Сиырқұйымшақтанып!
Жаңбыр –
Жерді жуады,
Жел –
Бұлтты қуады:
Түнгі Аспанды –
Төркіндеп,
Ай-Жұлдыздар –
Туады.
Таппай –
Таупық…
Тінтініп,
Мені –
Қайғы буады!
Басым –
Сынып… қатады,
Таң –
Сарғайып атады.
…Таудың Тарғыл Сүйегі –
Қыр-Арқама батады!
Жүрегім –
«Сыр-Аналап»,
Соғып…
Жылап жатады…
Сарғаямын…
Сағынам.
Шалдығамын…
Шағынам.
Торқам –
Туған Топырағым –
Түспей
«Патша – Тағынан»:
Жан-Тәнімді –
Құл етті…
Құдайым-ау,
Не қылам?!
04.12.2009
* * *
Шежіре-Күй шертеді
Бүгіні мен Ертеңі –
Тұтастығын Халқының
Бұза алмайды Тентегі.
Бойын тіктеп Мешелі,
Ой-Санасы өседі –
Көз алдында көрленіп,
Көсемсінген Шешені…
…Ғажабы мен Азабын,
Жұмағы мен Тозағын,
Көре-көре –
Күн санап,
Көркейеді Қазағым….
23.12.2005
* * *
Адамға да,
Қоғамға:
Еш –
Өкпем жоқ…
Жерідім!
Бөз –
Не керек,
Орарға:
Өз-Терім –
Өз-Кебінім!
Зар –
Илеген:
У –
Сиед…
Жаным-Тәнім –
Нә-Бүтін!
Саудыраған –
Қу-Сүйек:
Құрсан-Қаңқам –
Табытым!
«Өлдім»…
Бәрі –
Өзімнен:
Дос-Дұшпаным –
Азулы!
…Сонау –
Тірі-Кезімнен:
Көрім –
Дайын…
Қазулы!
17.03.2016
* * *
(Экспромт)
«Қанша – Әйеліңіз бар?! –
Оқырман Сауалы.
Бір Әйелім –
Қойында,
Бір Әйелім –
Ойымда…
Таусап –
Айта алмаймын:
Қалғандары –
Жайында!
Бірі:
Жанымның –
Дауасы,
Бірі:
Тәнімнің –
һауасы…
07.03.2015
* * *
Жердің –
Күнді сүйгеніндей –
Сүйемін,
Жан-Отыңа –
Үйтілемін-
Күйемін:
Өйткені,
Мен –
Сенің,
Дүние-Ғажабым,
«Сүйілмеген» –
Махаббатыңа,
Иемін…
21.02.2013
* * *
Санамды –
Улап,
Тонап –
Түйсік-Танымды,
Жүйкемді –
Жеп,
Іштің –
Сарқып Қанымды!
Жүрегімді –
Жел өтіне Жаялық
Еттің!
Кә-не…
…Жаныңды бер?!
Жаныңды!
Өзегімді
Өртейді обыр От-Құйын,
Исінуге,
Итінуге –
Жоқ Күйім!
Күллі Өмірім
Құрбан болды –
Сен үшін!
Жаныңды бер?!
Тәнің Құны –
Көк Тиын!
11.02.2016
* * *
Өте-Мөте…
Кеш кезіктік…
Кезіктік!
Өтіп кеткен –
Қайран Жаз-ай…
Көктем-ай?!
…Кезігуден –
Түк те өнбесін,
Тез –
Ұқтық:
Әттеген-ай…
Әттеген-ай?!
Әттең-ай!
Өкініш-ай…
Шер-Шеменім –
Зіл-Батпан,
Көр-Топырақтай –
Басты жаншып
Еңсемді:
Ғұмыр Бойы –
Өлерімде
Тіл қатқан –
Сені іздеген
Екенмін ғой
Мен сорлы…
12.02.2016
* * *
Ғайып-Өмір
Сүргенім де –
Сен үшін,
Күрсінгенім,
Күлгенім де –
Сен үшін:
Қырық Күн Шілде –
Ми қайнатса,
Мұз құрсап –
Бүрсең қағып
Жүргенім де –
Сен үшін!
Тас күйіне
Көшкенім де –
Сен үшін,
Жанбай жатып
Өшкенім де –
Сен үшін:
Өз көзімді –
Өзім ойып,
Тісімді –
Тілімменен
Кескенім де –
Сен үшін!
Енді…
Оңаша
Қалмастаймыз –
Сырласып,
Гүл де тере
Алмастаймыз –
Қырды асып:
Мені,
Жаным,
Өлтіре сал –
Қинамай,
Махаббаттың
Уын беріп –
Бір қасық…
13.02.2016
* * *
Рахаты –
Гүл-Жайнатар:
«Тән-Базары» –
Сенікі!
Мехнаты –
Жыр-Қайнатар:
«Жан-Қазаны» –
Менікі!
Менікінің,
Бәрі,
Жаным,
Сенікі…
Уай,
Сенікі!
Сенікінің,
Айтшы,
Кәні,
Қайсысы –
Менікі?!
Сені,
Сонша –
Талғақ-Қылған:
Ұлыған –
«Аш-Қасқырым»!
Мені,
Мұнша –
Зар-Қақтырған:
Жастығың –
Ғой…
Жастығың!
Босап…
Бозып,
Түк –
Үндемей:
Төмен –
Қарай…
Бересің!
Тағдырыңнан –
Түңілмегей,
Жұмбақ –
Бақыт-Елесім?!
Қызыл-Жасыл –
Көк-Сеңденіп…
Жаста,
Не –
Тұр,
Тәйірі?!
Ажал:
«Жермен –
Жексенденіп»…
«Көр –
Қапқанша…»:
Ғайыбы…
Бұл,
Бір –
Тылсым…
Құрмалданып:
Демігіңді –
Бассаң-шы?!
Қап-Қараңғы,
Түнге –
Айналып:
«Құпияңды» –
Ашсаң-шы?!
Жасайтын –
Тән:
«Тамашаны»!
Жан:
Гөй-Шырыл –
Шарқ-Ұрған!
Бас –
Жарасса,
Жарасады:
Һауа –
Мүшең…
Жар –
Тұлғаң!
…Туып,
Жаңа –
Ай:
Жоқ –
Болады,
Жайын –
Жұтқан,
Шабақтай…
Жұлдыздар –
Шоқ…
Шоқтанады,
Талыққанда:
Таң –
Атпай…
23.02.2016
КЕЗДЕСУ
Алланың Ақ Шайтаны
Шайтанымен Адамның
Кезігіп қап мұң шақты:
— Мен тұйыққа қамалдым.
Бір Соқырды бір Ақсақ жетелеп жүр… көп болды,
Ажыратуға оларды бар айламды төккем-ді.
Түк шықпады онымнан…
Сен барсың ғой, алайда,
Қырқыстыршы екеуін,
Жауластыршы қалайда?!.
Сонда Адамның Шайтаны
Шайтанына Алланың:
— Орындаймын, — деп күлді, —
Осы болса арманың…
…Ауыр қара тасты орап
Беріп тұрып Ақсаққа:
— Мына алтынды алыңдар,
Жетіңдер зор мақсатқа.
Ей, Ақсақ, аш нәпсіңді әділдікке жеңдіріп,
Соқырға өз үлесін бөліп бергін тең қылып! —
Деді-дағы артынша ізім-қайым жоғалды,
Ақсақ пенен Соқырдың барлық ісін доғарды.
Ашқан Ақсақ орауды тынды түкті ұғынбай,
Ала кетті көр Соқыр алқымынан сығымдай.
Ақсақ айтты Соқырға:
— Неге мұнша ашындың?!
Соқыр айтты Ақсаққа:
— Қайда алтынды жасырдың?!
Ақсақ төніп Соқырға:
— Алтын емес, тас,— деді.
Соқыр нұқып Ақсақты:
— Сенің ойың нас!—деді.
Ақсақ айтты Соқырға:
— Тоқтат, малғұн, былшылды!
Соқыр:
— Итсің алдамшы!
Өлтірем! — деп құлшынды…
Алланың Ақ Шайтаны шын қызыққа кенелді,
Ал, Адамның Шайтаны қызметіне жөнелді…
1976.