ОПА БЕРМЕЙТІН ОЙЫНҚҰМАРЛЫҚ
21.06.2024
51
0

Адам баласын абыройдан, сана мен ақыл-ойдың бағдарынан адастырып, екі дүниеде де бақытсыздыққа душар ететін рухани дерт­тің бірі – құмар ойын.

Бүгінде құмар ойындардан келетін қауіп еліміз үшін өзекті мәселеге айналып отыр. Өйткені аталмыш ойын түрі күн өткен сайын түрленіп, қоғамның кеселді «дертін» жұқтыруда. Оңай олжаға кенелемін деп, «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүріп табыс табуға құныққан адам небір кеселге ұрынып қана қоймай, қоғамнан біртіндеп қол үзіп, тұлғалық қасиет­тен, адами құндылықтардан айы­рылатыны белгілі.
Несін жасырамыз, лудомания шырмауына іліккендердің өз-өздеріне қол салып, бірін-бірі өлтіріп, ұрлық-қарлық пен зорлық-зомбылықтың «құлдарына» айналған халдеріне таңданбайтын күнге жет­тік. Әлемдік сарапшылардың бағалауынша, дүниежүзінде ойынға тәуелділік салдарынан суицидтің 15 есе артқаны байқалады. Ең сорақысы, құмар ойын жетегінде кеткендердің арасында үйін, көлігін, тіпті өз әйелін бәске тігушілер кез­десіп жатады. Мұндай жағдайлардан ке­йін ата-ана қамқорлығына мұқтаж балдырғандар зардап шегіп, кеше тігілген отаудың керегесі сөгіліп, шаңырағы ортаға түседі. Денсаулық сақтау министрлігінің келтірген деректеріне сүйенсек, Қазақ­станда лудоманияның шырмауына ілініп, зардабын тартқандардың саны отыз алты мыңнан асып түседі екен.
Жыл сайынғы статистикалық көрсеткіш деңгейі артпаса, төмендейтін түрі жоқ. Биылғы жылғы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, Қазақ­станда құмар ойындарға ұдайы қатысып, бәс тіккен 350 мың адам бар көрінеді. Ал билік басындағылар 2026 жылға қарай бұл көрсеткіштің санын екі есеге қысқартуға бел байлаған. Сондықтан лудоманияға тәуелділер мемлекет есебінен тегін емделу­мен және медициналық әрі әлеумет­тік оңалтумен қамтамасыз етіледі.
Ғасыр дерті атанған лудомания ұғымы «лудо – ойын», «мания – ессіздік», яғни «ойынға есі кету» деген мағынаны білдіреді. Психолог, психоаналитик Гүлзат Қанат­тың айтуынша, лудоманияның туындау себебі тікелей отбасы институтына байланысты. Өйткені адам бала кезінен отбасындағы құмар ойындарды көріп өссе, қызығушылығы оянып, бейсаналы түрде оған жақын болып кетеді. Психологтың сөзіне қарағанда, лудомания тезірек байысам, үстіме бренд киімдер киіп, астыма қымбат көлік мінсем, шет елге барып қыдырсам дейтін дүниеқоңыз құндылықтарға деген құмарлықтың болуынан туындап отыр.
Мамандар «ғасыр дертінің» әуелі, психологиялық ауру екенін баса айтады. Бұл дертпен табанды түрде қалай күресеміз? Бұған жауапты мемлекет пе, әлде қоғам ба? Көкейде тұрған, шешімі беймәлім сұрақтардың жауабын таппай әлекпіз. Сондықтан лудоманиямен күрес жолында бұл мәселенің жиі-жиі қозғалғаны дұрыс.
Елімізде құмар ойынға деген тәуелділіктің белең алуына байланысты 2024 жылдың сәуірінде арнайы заң жобасы бекітілді. Заң жобасына сәйкес, құмар ойын ойнауға 25 жастан бастап қана рұқсат етіліп, букмекерлік кеңселер мен казино ғимарат­тарын жарнамалауға толық тыйым салынған болатын. Алайда мұндай шектеулерге пысқырып та қарамағандардың жасырын түрде заңсыз жұмыстарын жалғастырып жатқаны құпия емес.
«Құмарлық деген бір ит бар,
Жаныңа жау шын ит бар.
Алды-артына қаратпас,
Рахымы жоқ тым ит бар.
Дойбы, карта бәрі бар,
Жүз құбылған әні бар.
Киім біткен қынаулы,
Таңырқарлық сәні бар.
…Заман өт­ті, жас өт­ті,
Қайрат, өнер бос кет­ті.
Абұйыр жоқ, сана жоқ,
Өз басыңа не жет­ті?» –
деп айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы бұл өлең шумақтарында құмар ойынның салдарын дөп басып айтыпты.
Құмар ойынның құмарлығынан шыға алмай, құрдымға кеткен талай жастың тағдырына куә болудан асқан кесел жоқ шығар. Лудомания күн мен түн ауысқан сайын қанатын жайып, өмір шырғалаңында талайларды шырылдат­ты. Адамзат баласы үшін бұл қоғамдық дерт­ті қоқысқа тастайтын сәт келген секілді. Қазақта «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген жақсы сөз бар. Сондықтан «Бір рет ойнағаннан ештеңе болмас» деген ойдан бойды алшақ ұстап, құмар ойынның заты түгіл, атына жоламағанымыз абзал. Шаңырақты шайқалтып, өкінішті өршітетін дерт қоғамды құрдымға жеткізбесе игі.

Д.БОЛАТҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір