АҚШАНЫҢ ӘЛЕГІ
01.04.2016
1849
0

АйтбайБүгін 1 сәуір – Күлкі күні. Қайсыбір: «Қалталарымыздың түбі тесік, Жетімсіздік пен жоқшылық, қымбатшылық қос өкпеден қысып тұрған кезде қай жеріміздің қытығы келіп, қалай күлмекпіз», – дейтіндер де бар ғой. Жо-жоқ, ей, бұдан жаман күнде де тойға барып, бәсекелесе той жасаған қазақпыз. Құдай күлкімізден айырмасын!

Осындайда «оң жамбасқа» іліккен мына бір әңгімені бойларыңызға «сіңіре» отырарсыздар.


 

Байділдә  АЙДАРБЕКОВ

 

Емен есікті жұлқи ашып кірген қатулы қа­рияны министр қалбаңдай қарсы ал­ды.

– Жоғарлатыңыз, ақсақал. Мал-жан, қо­ра-қопсы, бала-шаға…

– Әй, қарағым, қора-қопсыны қоя тұр, маған бір парақ қағаз бер.Бәйбішемнің, тоқа­лым­ның және өзімнің атымнан зейнет­кер­ліктен шығуға арыз беремін. – Тарс кеткен қа­рия әшкиін киіп, қолына қаламсабын ал­ды.

– Ойбай, ақсақал-ау, басымызды тау-тас­қа соғып, зейнеткерлердің санын кө­бей­те алмай жатқанда сіздің мұныңыз не? Алдымен түсіндіріп..

– Әй, бала, сен мынаны айтшы. Зей­не­тақыны тағы да 50 пайызға көбейт­кен­дерің рас па?

– Ол енді… Рас, ақсақал. Одан әріге ша­мамыз келмей жатыр. Түсініңізші..

Креслосы да, өзі де мыжырайып кеткен министрді аяп кетті ме, қарияның жүзі аздап жылынғандай болды:

– Қарағым, сен де мені түсін. Соқа бас, жалғыз болсам, бұлай етпес едім. Бір үйде бақандай-бақандай үш қақбас – бәйбішем, тоқалым, өзім – қыруар зейнетақы аламыз. Өзгелер секілді үшеуміз де үш бәнкіге әжептеуір ақша салып, біраз жеңілдеп қалып едік, енді сол құрып кеткір бәнктер ақшамызды пайыздық үстемесімен өзіміз­ге қайтарып беріп, ақшаға көміліп жатырмыз. Үш қақбас үйдегі келін мен балаға да әбден жеккөрінішті болып біттік.

«Өзіміз ақшамызды қайда сыйғызары­мыз­ды білмей жатқанда, ана үш қақбас та басымызға сор болды ғой. Қарттар үйіне өткізіп жіберіп тыныш табайықшы. Жатсын сол жақта зейнетақылары тағы да 30-50 пайызға дейін көбейіп, ақшаға көміліп», – деп келіннің баламды бүріп жат­қанын да көзіммен көрдім. Кешегі кеңес кезінде жол-пол, дәрі-пәрі дегендерге аздап болса да ақша төлейтін едік, енді, мі­не, оларды да тегін пайдаланатын болдық. Свет, телефон, газ сияқты ком­му­нал­дық қызмет атаулылар да су тегін. Ой­бай-ау, сонда ақшаның бәрін қайда сый­ғызам? Түбінде тең-тең болып буылған сол ақшамыздың астында бастырылып қала­мыз ба деп қорқамын. Ал сендер болсаңдар зейнетақыны тағы көбейтеміз деп..

– Ақсақал, әлі-ақ бәрі де жақсы болады. Зейнетақыңыздың 90… жо-жоқ, бірден 99 пайызға көбейгенін де өз көзіңізбен кө­ре­тін боласыз…Көпті көрген көнекөз қариясыз ғой. Осы «тығырықтан» шығудың жолы қандай? Ақыл беріңізші.

– Ақыл дейсің бе? – Қарияның ұзын қа­сы салбырап, ұзақ ойланып барып тіл қатты. – Сол ақшасы құрығырды бірдеңе ғып шетелге аударып жіберуге болмай ма? Сода соң сары майдай сақтап отырған уран-суран, мұнай-сұнайларыңды да ше­тел­ге тегін беру жағын неге қарасты­рмай­сыңдар?

Министр мырс ете қалды.

– Ақсақал-ау, сол шетелдеріңіз бізден ақша алмақ түгіл, бұрынғы алған қыруар қарыздарын миллиардтап өзімізге қайта­рып жатқан жоқ па? Ал жаңағы уран-су­ра­ныңызға келсек, шетел оны да сіз айт­қандай су  тегінге алудан бас тартып, онсыз да теңгеге көміліп жатқан елімізге эуро мен доллардың «селін» қаптатпақшы. Содан қорқамын.

– Қорқамын, қорқамын. Әй, осы сен­дер­дің қорықпайтын кездерің бола ма өзі? – Қария сөзбен министрді мытып өтті.

Министр мыжырайып, кресломен кресло болып кетті.

– Ия, ақсақал, жағдайымыз осы болып тұр. Бір ақылыңызды беріңіз.

– Ақыл, ақыл… Сонда  сендер… – Сау­са­­ғын безей, орнынан тұра берген қария министрдің мыж-тыж түрін көріп, ойланып қалды. – Жарайды, шетелің алмаса, алмай-ақ қойсын. Ақша үстіне ақша қоса бермей, неге салмайсыңдар өзімізден әлгі зауыд, фәбрік дегендерді.

– Ақсақал-ау, оның да бәрін салып тас­тадық қой. Қанша завод салынғаны қәзір есімде жоқ, әйтеуір ұшақ дейсіз бе, тікұшақ дейсіз бе, автомобиль дейсіз бе, тіпті трактор, комба­йын, мотоцикл, велосипедке дейін өзі­міздің зауыттарымыздан шығып жатыр.

– О-о, бұл керемет қой! Соншама зауыд салсаңдар, өмірі ортаймайтын бюджеттің қарны қабысып-ақ қалған шығар, ә?

– Қайдан, ақсақал. Мәз болып сала беріппіз, сала беріппіз, енді олар шетінен ытқытып өнім шығарып жатыр. Ал өнім сатылуы керек..

– Әрине, өнім сатылу үшін шыға­ры­лады ғой..

– Міне, проблема да дәл осы жерден туды. Өнімді сатылымға шығарғанымыз сол, мұғалім, дәрігер, қара жұмысшылар секілді ақшаларын қайда сыйғызарын білмей жүргендер ұшақ, тікұшақ, жив-пивтен бастап, велосипедке дейін түк қалдырмай сатып алып кетті. Ол-ол ма, қай­дан естігенін қайдам, өнімімізге қы­зығу­шылық білдірген шетелдер де сұ­раныс­ты қарша боратып, алдын ала миллиардтап доллар, эуроларын аударып жатыр. Сөйтіп, сол нысандарды салуға кеткен қаржыдан оның өнімін сатудан түскен қаржы 500 пайызға асып түсіп, тағы ақшаға көміліп жатырмыз. – Министрдің басы салбырап, тіптен түсіп кетті.

– Былай етсек ше? – Қария салбырап кеткен өз басын көтеріп алды. – Әлгі… шетелден елге оралып жатқан қандас­та­ры­мыз бар емес пе? Сендер тиісті құжат­тарға келуін оңайлататын баптар енгізіп, барлық жағдайын жасап, құшақ жая қарсы алып жатқан соң, олар да күн-түн, қыс-жаз демей өз Отанына ағылып кеп жатқан жоқ па. Міне, арып-ашып, сағынып, Отаным деп  келген сол қандастарымызға жер алып, үй салып  берейік. Мектеп, аурухана, балабақшаларынқоса салғызайық.

– Жер алып, үй салып берейік дейсіз бе? – Министр мыңқ ете қалды. – Ақса­қал-ау, Алатаудың баурайындағы бұрынғы котдеж-сотдеж секілді майда-шүйде үй­шіктерді трактормен күретіп тастап, орнына зәулім-зәулім үйлер тұрғызып, орал­­мандарды орналастырып қойғалы қа­­шан-а-ан. Жақында ғана Африкадан кел­­ген ең соңғы оралманға бес қабатты үй­­дің кілтін салтанатты түрде табыс ет­тік.

– Әп, бәрекелде! – Қария қомпаң ете қал­ды. – Сөйтіп, жер алып, үй салып, қа­зы­на қоржынын бір ортайтып-ақ тастаған екенсіңдер ғой?

– Мұның бәрі қазынадан бір тиын шық­пастан шешіліп кетті.

– Бір тиын шықпастан?! Сонда қалай? – Қарияның аузы аңқиып қалды.

– Ия, бір тиын шыққан жоқ. Жер мәселесіне келсек, кезінде ең шұрайлы, керемет жерлерді жекешелендіріп алып, өздері шетелге қашып кеткен шенеуніктер мен банкирлер бар еді ғой. Солар өз кінәларын мойындап, елге оралып, алып кеткен ақшаларын мемлекет қоржынына қайта салып, ақша үстіне ақша қосылып, не істерімізді білмей жатырмыз.

Қария күңк ете қалды.

– Ыхы, қызталақтар. Бәрінің орайы бірден келген екен де.

– Ия, ақсақал, солай болды. Ал сіз айтқан әлгі мектеп, аурухана, балабақша дегендерді де бағдарламадағыдай жүздеп емес, мыңдап салып тастағанбыз. Енді бірін оқушыларға, екіншісін бүлдір­шін­дерге, енді бірін науқастарға толтыра алмай әлек болып жатырмыз.

– Сендер сол ғой, ойланбастан істей­сің­дер де, өздеріңді де, өзгелерді де әлекке түсіріп жатасыңдар. – Қария тыжырына тіл қаттып, ойланып қалды. – Әй, айт­пақ­шы, әлгі ӘКСПО дегеннің де құры­лы­сын бастаған жоқсыңдар ма? Жұмсаңдар соған аямай бюджеттің ақшасын. Анау ақшаға сүрініп, құлап-тұрып  әрең жүрген мұға­лім-сұғалім, дәрігер-сәрігерлерді де ұмы­тып кетпей, олардан да ақша жинап алып, бір қуантып тастаңдар. Сосын, кейінгі кезде көп айтылып жүр ғой, Ақтаудан атом элек­тр стансасы салынады екен деп. Өте дұрыс шешім. Ондай стансаны анау Орал, Ақ­тө­бе, Атыраудан да салып тастаңдар, ақшаны аямай.

Қарияны қалт етпей үнсіз тыңдаған министр бірден сөзге көшті:

– Алдымен сіз айтқан ЭКСПО-ға тоқ­та­лайын. Өкінішке орай оған да мемлекеттен бір тиын шығындалмайтын болып тұр. Көрмеге қатысатын барлық елдің басшылары «ЭКСПО көрмесі орта Азия елдерінің ішінде тұңғыш рет Қазақстанда өтейін деп жатыр ғой. Қонақжай қазақтарға сыйымыз болсын, ол объектіні өз қаржымызға саламыз», – деп сәлем айтыпты. Ол-ол ма, көрмеге де құр қол келмей, біздің елдің әдет-ғұрпымен шашуымыз деп бір-бір миллиард доллардан, ілуіміз деп бір-бір миллиард эуродан әкеп тастады. Ал атом электр станциясына келсек, оған да қа­зына қоржынынан бір тиын жаратылмайын деп тұр. Адуын мінезді ақтаулықтар: «Ешбір қауіп-қатері, залалы жоқ ондай атом электр станциясын өз қаржымызға-ақ салып аламыз», – деп ақшаларын дайындап, алақандарына түкіріп отыр.

– Бір-бір миллиард эуро! – Қария орнынан тұра бере сылқ етіп отыра кетті. – Әй, не азаймайтын, не таусылмайтын бұл қандай ақша, өзі? Бюджеттің кірісін азайтып, шы­ғы­сын көбейтудің шынымен де бірде-бір жолы жоқ болғаны ма? – Қария басымен қоса қасы да салбырап, ұзақ ойланды. Ке­нет, жас балаша мәз болып ұшып тұрды. – Таптым, таптым!

Селк ете қалған министр де атып тұр­ды.

– Не таптыңыз, ақсақал? Айтыңызшы тезірек.

– Нені болушы еді? Қазына қоржынын қалай қабыстырудың жолын.

– Әп, бәрекелді! Кебісін сүйреткен қарапайым қара шал емес екеніңізді өзім де білгем. Сонымен ол қандай жол?

– Ғарыштағы планеталардан жер сатып алып, патырлатып тұрып үй салайық.

– Ә-ә, сол ма? – Министр жұмсақ кре­с­­­лоға батып кетті де, әлден соң барып басын көтерді. – Ақсақал-ау, ол… ол мәселе де өз шешімін тауып қойғалы қаша-а-н.

– Шешімін тауып қойған? Қалайша?

Министр тақ ете қалды:

– Солайша. Мәселені дәл сіз айтқандай етіп жайғап, оған жұмсалатын ақшамызды сайлап, енді бәрі дұрыс болады деп ойлап, барлық үкімет қызметкерлері жиылып тойын тойлап жатқанбыз. Кенет, аспаннан түсті ме, жерден шықты ма, екі көзі тоста­ған­дай, аузы-мұрны жоқ бір жатпланеталық пайда бола кетті де, біздің тілімізде сайрап қоя берді. Бір ғажабы, оның сөзі сол жерде тұрған бәріміздің ұялы телефонымызға жазылып қап­ты. Міне, сіз де тыңдаңыз. – Министр қалта телефонын қосқаны сол, өзгешелеу дауыс саңқылдай жөнелді: – «Мен ғарыш тұрғындарының атынан, сіздерше айтқан­да бөгдепланета­лық­тардың атынан келген өкілмін. Сіздердің біз жақтан жер алып, баспана салмақ болғандарыңызды естіп, қатты қуанып жатырмыз. Осы кезге дейін тарелка ұшағымызбен келіп, үйлеріңіздің төбе­сінде тұрып-тұрып қайтқанымыз болмаса, сіздермен ауызба-ауыз  сөйлесудің еш ретін келтіре алмап едік. Енді, міне, жердегі Қазақстан халқымен еркін жүзде­се­тін болдық. Біз Қазақстан халқын, әсі­ре­се қонақжай қазақ халқын қатты құр­мет­тейміз. Сондықтан планетамызға аяқ­тары тигенде жат жерге келгендей болмасын деп, сіздерге арнап өз қаржымызға 20-25 миллион адам еркін тұратын өте жайлы үй-жай салып қойдық. Алдағы кез­де де сіздермен қарым-қатынасымызды күшейтіп, қыз алып, қыз беріскен құда-құдандалы ел болсақ деген ойымыз бар».

– Қызталақ! Қыз алғышын қарашы. – Қария күңк ете қалды. – Құда-құдандалы ел болайық дейді тағы да. Қызымызды қаны басқа қысық көздер де, бадырақ көз­дер де алып жатқаны аздай, енді бөгдеп­ланеталық аузы-мұрны жоқ, тостаған көздердің алғаны қалып еді. – Қария ыржиып  отырған министрге шақшиды. – Әй, сен неменеңе мәз болып отырсың, ақша­ның астында басылып жатып? Әлде, шынымен де тостаған көздермен құда болмақ ойың бар ма?

– Ақсақал-ау, өзіңіз айтқандай кіммен құда болмай жатырмыз. «Кел демегі бар да, кет демегі жоқ» қазақпыз ғой. Болсақ, болармыз. Кім біліпті. Ал ақша… ақша… – Министр көкірек жара күрсініп салды. – Ал ақша мәселесі, оны шығындау мә­се­лесі шынында өте қиын болып тұр. «Тас­пен жапалақты ұрсаң да жапалақ өле­ді, жапал­ақ­пен тасты ұрсаң да жапалақ өледі» дегендей, былай етсек те ақша кө­бейеді, олай етсек те ақша көбейеді. Айтар уәжіміз де, істер лажымыз да әбден таусылды. Қай­теміз енді, басқа салғанды көреміз де…

– Көреміз! Көнеміз! – Ашуланған қа­рия қалшылдап кетті. Ақшамен көміп, теңгемен бастырып тастаса да крес­ло­ла­рың­­нан қозғалмай отыра бересіңдер. Әй, осы сендер ақшаны үйі түгіл қора-қопсы­ла­рына сыйғыза алмай қиналып жатқан қара халықты бір рет болса да аралап көр­дің­дер ме? Әсіресе, ауылдық жерде тұра­тын­дардың ақшаның астында қалып, титықтап жатқанынан хабарларың бар ма? Елдің жайын жоғарыда отырған мына сендер  ойламағанда, кім ойлайды, а? Айтшы, кім ойлайды?..

Қария өз даусынан өзі шошып оянды. Дәл төбесінде еден сыпырушы келіншек тө­ніп тұр екен.

– Ата, тұрыңыз. Есікті құлыптай­мын.

Қария аң-таң, өң мен түстің ортасында отыр.

– А-а, жаңағы министр… министр қай­да?

– Министр-пинистріңізді білмеймін. Ал банкінің бастығы бағана, сағат алтыда кетіп қалған.

– Не дейді? Зейнетақы… ақша… ақша бер­ді ме?

– Берді. Бірақ соңғы жеті кісіге ақша жетпей қалды.

– Жетпегені несі? Менің кезегім бірін­ші еді ғой. Ақша келгенше сәл мызғып алайын деп ем… Неге, неге оятпадыңдар ме­ні? – Қария дызалақтап кетті.

– Оятуын ояттық қой, оянбай қой­ды­ңыз. Түс көрдіңіз-ау деймін. Бір­деңе­лер­ді айтып, біреуге ұрсып жаттыңыз… – Еден сыпырушы келіншек есікке қарай жүре берді.

– Түс, түс… О-о, сорлы басым, сорлы басым! – Қария қос жұдырығымен басын тоқпақтай, күңірене орнынан тұрды. – Түс көретін кезді тапқан екенсің, қу қақбас. Бірінші болып келіп едім, түс көрем деп, министрмен айтысам деп, алдыңа келіп тұрған ақшадан қағылдым. Үйдегі бала мен келін жұмыссыз, менің  зейнетақыма қарап отырғаны анау. Бірі жетпіс жыл, бірі қырық жыл еңбек етсе де, алатындары ме­нің зейнетақымның жартысына да жет­пейді ана екі қақбастың. Бәрінен де не­мерелеріме не бетімді айтамын? «Шоколад пен балмұздақ әкеп берем» деп уәде беріп ке­тіп едім… О, сорлы басым, сорлы басым…

Созақ ауданы, ОҚО.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір