Қазыханның қаперіне: Әшенің әлегі
Таяуда Қазақстан Жазушылар одағының «Көркем әдебиет: Талап пен талғам» атты әдеби жыл қорытындысы өтті. Осы шарада жанрлар бойынша
13 баяндама жасалыпты. Басқарма мүшесі Бигелді Ғабдуллиннің айтуынша, солардың ішіндегі орыс әдебиеті бойынша жасалған баяндама өте солғын болыпты. Ал сатириктердің пайымдауынша, сатирадан сауаты жоқ Қазыхан Әшенің баяндамасы – баяндама емес, таза жаланама болып шыққан. «Өзі білмесе де жұртқа ақыл айту – қазақтың сүйген ісі», – деп Оралхан Бөкей айтпақшы, Қазыхан Әше өзінің кімді және нені сынап отырғанын білмейтінге ұқсайды.
Сатира туралы баяндамасындаа Қазыхан Әше сынаған «Сатира сарқыты» сатиралық шығармалар емес, сатира туралы сөзден, яғни сатира жайлы жазбалардан тұрады. Ол туралы Қансейіт ағамыз кітаптың алғысөзде айтқан. Сол кітаптың аннотациясында: «Белгілі сатирик-жазушы Ермахан Шайхыұлының «Сатира сарқыты» деп аталатын жинағында қазіргі қазақ сатирасының тарихы, оның жетістіктері мен кемшіліктері һәм жанрлары туралы сөз болады. Мерзімді баспасөздегі сатиралық қосымшалар, беттер, мүйістер туралы және онда жарияланған жас авторлардың шығармалары ғылыми негізде терең талданып, таразыланады. Сондай-ақ бұл жинаққа әрбір жылдары әдеби жыл қорытындысында жасалған баяндамалар мен сатира саңлақтарының шығармашылығы жайлы ғылыми еңбектер және қазақ сатирасының сардарларымен болған сұхбаттар топтастырылған», – деп соқырға таяқ ұстатқандай етіп жазылған. Кітап 11 бөлімнен тұрады. Әр бөлімнің бағыт-бағдары, көтерер жүгі бар. Сондықтан сыншы менің сатиралық шығармаларымды емес, сатира туралы жинақтың мән-маңызы жайлы айтуы керек еді. Ал оны әлгі сыншысымақ біліп те, сезіп те тұрған жоқ. Сол сауатсыздықтың арқасында, мағынасы майысқан мақалдарды Қансейіт ағамыздың келтірген мысалдарынан алып, сынап кеп жібереді. Негізі, мағынасы майысқан мақалдар – сатираның бір жанры, бір түрі. Жаңа форма. «Шаш ал десе, бас алатын» сыншысымақ соны түсінбеген. Мен сол мағынасы майысқан мақалдар арқылы «Егемен Қазақстан» газетінің Балғабек Қыдырбекұлы атындағы тұңғыш сыйлығын иеленген едім. Комиссия төрағасы Темірбек Қожакеев болатын. Мүшелері: Ғаббас Қабышұлы, Үмбетбай Уайдин, Берік Садыр, Мыңбай Рашев еді. Сонда, солардың бәрі ақымақ та, мағынасы майысқан мақалдарды түкке алғысыз етіп отырған Қазыхан Әше ақылды ма? Қайта, керісінше, Қазыхан Әше – сатираның теориясын оқымаған, сықақтың жанры мен түрін ажырата алмайтын, яғни жаңалық атаулыдан жұрдай адам. «Сатира сарқыты» атты кітаптың алғысөзінде көрнекті әдебиет сыншысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы сыншысымақ сынаған сатиралық шығармаларым туралы былай дейді: «Сандалған сауал» атты кітабына алғысөз жазған сатираның саңлағы, сөз киесі мен құдіретін терең түсінетін тарлан қаламгер Көпен Әмірбек: «Ермахан інімнің ерекше қасиеті – екі сөйлемейтін жігіт. Бір рет өлшейді де, бір-ақ рет кеседі. Бітті шаруа! Көз жеткізгіңіз келе ме? Ерінбей Ермаханды оқыңыз. Бастасаңыз болды – бас алмайсыз. Қарлы борандай қалжың, ұйытқып соққан ұтымды да ұтырлы тіркестер. Шашетектен. Шашылып жатыр, жинап-теріп оқи біл, көңіліңе тоқи біл. Жиылғанды шашады. Шашылғанды жинайды».
Мірдің оғындай дәл айтылған пікір екен. Толық қол қоямын. Ермаханның қолтаңбасын дөп басып, адаспай тапқан. Көпен Әмірбек айтқандай, «жиылғанды шашатын, шашылғанды жинайтын» сатириктің стиліндегі басқаны қайталамайтын, ешкімге ұқсамайтын ерекшеліктерінің барлығын санамалап айтып шыға аламын.
Алдымен, әрине, Ермаханның қаламгерлік, суреткерлік ерекшеліктеріне назар аударуымыз керек. Екінші ерекшелігі, шығармаларындағы тілдік қолданыстардың астарына үңілуіміз қажет. Үшіншіден, тақырып таңдаудағы тапқырлығы. Сол тапқан тақырыбына тереңдеп еніп, дәнін, нәрін ажыратуы, айтқысы келген ойын, суреттеп отырған өмір шындығын бүкпесіз, ұтымды, ұтқыр тіркестермен айқара ашып тастайтыны. Ішіне сыр жасырмайды. Өзін толғандырған мәселенің, құбылыстың өзегін дәл тауып ұстайды да, нақты, затты бейнемен оқырман қабылдауына ұтымды, жігін тауып, жымын білдірмей жеткізеді. Аттап басқан сайын автордың туындылары осыны дәлелдеген үстіне дәлелдей түседі.
Бір-екі дәлел келтірейікші. Автордың «Сандалған сауал» жинағына енген «Мағынасы майысқан мақалдар» тарауындағы сатиралық қысқа да нұсқа тіркестердің астары терең. Нысанаға дәл тиетін юмор мен сарказмнің ұтымды үйлесімі қаламгер қолтаңбасын айшықтап тұр.
Депутат дауыс жинарда шынығады,
Мәжіліс отырысында тынығады.
* * *
Депутатты «сайрай бер» деп
дауға қой,
Министрді «сата бер» деп малға қой,
Ал халықты қару беріп жауға қой!
* * *
Үш рет депутат болсаң да,
Халықтың қарызынан
құтыла алмайсың.
* * *
Қазыхан Әше дәл осы мақалдарды іліп алып, өзінше тура мағынасын айтып, жаңалық ашқандай кейіп танытыпты. Оқып көріңіздер: «Қазақ сықақшыларының ішінде екі ата-текпен екі адам сияқты жүргендері бар: олар Балапан Базар – Базарбек Түкібаев, сондай-ақ Ермахан Шайхұлы – Ермахан Әбдіраман (Туһ, Америка ашқандай боп отыр ғой. Менің төлқұжаттағы аты-жөнім – Ермахан Шайхыұлы Әбдіраман. Бұдан қандай екі адам көріп отыр? Тоба! Одан да менің аты-жөнімді «Шайхұлы» демей, дұрыс жазсаңызшы). Біз Ермахан Шайхұлының «Сатира сарқытында» не барын ақтарып көрейік.
Депутат даус жинарда шынығады,
Мәжіліс отырысында тынығады.
* * *
Үш рет депутат болсаңда,
Халықтың қарызынан құтыла алмайсың.
Осы тұста ойыма халықтың: Анаңды үш рет Меккеге көтеріп барсаңда, ана сүтін ақтаялмайсың,- деген қанатты сөз келеді.
Депутатты «сайрай бер» деп дауға қой,
Министрді «сата бер»деп малға қой,
Ал халықты қару беріп жауға қой!,— болып келеді.
Атам қазақта:
Ұлы жүзді қауға берде, малға қой,
Орта жүзді қалам берде дауға қой,
Кіші жүзді найза берде жауға қой,-
демеуші ме еді? Сонда Ермаханның ұтқан жері қайсы? Қолданыста бар мақал-мәтелді өзгертіп, ұйқасы мен мазмұнын пайдалану кімге абырой әпермек», – деп өзінше ақыл айтады. Сынының сиқы – осы! Күлесіз бе, жылайсыз ба? Оны кім білмейді?! Қайта өзінің сауатсыздығын көрсетіп, сол сауатсыздығын тағы да дәлелдей түседі.
Осы жерде айта кететін тағы бір нәрсе, Қазыханның шын мәніндегі сауатсыздығы көзге ұрып тұр. Мәселен, жоғарыдағы абзацты қатесін түземей, сол күйі беріп отырмыз. Дауыс деген сөзді «Даус», болсаң да дегенді «болсаңда», барсаң да дегенді «барсаңда», ал ақтай алмайсың дегенді «ақтаялмайсың», бер де деген сөзді «берде» деп жазыпты. Үш жерде сызықшаның орнына дефис қойған. Қысқасы, жазбақ түгілі, қатесіз жазылған мәтінді кітаптан дұрыс көшіре де алмай, бір абзацтан 11 қате жіберіпті. Сөйтіп отырып, біреуге ақыл айтқысы келеді. Баяғыда бір есерсоқ: «Біз де әке сабап жүрміз. Бірақ арбаға байлап кім сабаған?» – деп таңданыпты өзінен өткен жындының әкесін арбаға байлап қойып, сабағанын көргенде. Сол айтқандай, мынадай сынды Қазыханнан басқа пенде жаза алмайды-ау. Дұрысы – жазбайды.
Ал енді Қазыхан мырза, Қансейіт ағаның пікірі аз болса, белгілі журналист-жазушы Сәкен Сыбанбайдың мына пікірін де оқып көріңіз: «Ермахан Шайхыұлы шығармашылығындағы тағы бір ерекшелік – оның тұрақты сөз тіркестері мен афоризмдердің, мақал-мәтелдердің «тонын теріс айналдырып», оларды бүгінгі өзекті де өткір мәселелермен ұштастырып, өзгертіп пайдалануы. Кейде астарлай ұсынылатын, кейде төтесінен бір-ақ тартып, ащы, ашық күйінде берілетін мұндай шағын дүниелерін ол алғашында «Мағынасы майысқан мақалдар» деген айдар аясына топтап жүрді. Енді, міне, «Мақал – сөздің сақалы» деген атпен бөлек жинақ ретінде жарық көріп отыр.
Қысқа болса да айтары мол, ықшам болса да астары терең осы бір қазіргі заманғы «қағынған мақалдар» бағанағы үш типтің «қызықты ой арқылы күлдіру» деген түріне жатады. Оқыған сәтте мақалдың мақамы әуелі қазақтың бәріміз білетін байырғы сөзіне ұқсайтындай көрінгенімен, мазмұны лезде бүгінгі күннің күйіп тұрған мәселелерін еске салып, еріксіз езу тартқызады. Мәселен:
Депутаттың шынығар жері – сайлау.
Тынығар жері – Мәжіліс.
Рас па? Рас. Сайлау сайын бәріміз өз көзімізбен көріп жүрген жағдай. Ұйықтап отыратын депутат та бізге таңсық емес. Тапқырлық па? Тапқырлық! Ащы шындықты сатираның уытты тілімен әжуалап жеткізу немесе мына мақалды қараңызшы:
Лауазым иесі орнынан түссе де,
Билік айтуын қоймайды.
Шынында да, тақтан «құлағанымен», аттан «құлағысы» келмей, әлі де өз орнын, өз маңызын арттыра түскісі келіп жүрген шенділер аз ба айналамызда? Қаншама жыл қызметте отырған адам өзін сол орында мәңгі қаламын деп ойлап, соған өзі де құлай сеніп қалатын болуы керек, шамасы.
Екі орынбасар ерегіссе,
Бас инженер бастық болады.
Біріншіден, мазмұнның өзі күлкі шақырады (басты үміткерлер бас салып қырқысып жатқанда, аяқ астынан үшінші біреудің мерейі үстем боп шыға келетіні рас қой), екіншіден, мақал өлең ырғағындай жеңіл оқылады, оңай жатталады, үшіншіден, қашанда аллитерация-ассонансқа әуес қазақ емеспіз бе, мұнда да «е» мен «е», «б» мен «б» мінгесе-ұшқасып, өзара үйлесім тауып, сөзге сәуле шашып тұр!
Ермахан Шайхыұлының мақалдарында сөз ойнату, ой құбылту, астарлай аңдату секілді тәсілдер өте сәтті қолданылады. Автордың қиял еркіндігі, ой батылдығы, тіл шеберлігі сүйсінтеді. Өнердің үлкен-кішісі болмайтыны секілді, жанрдың да көлемі маңызды емес. Қай-қайсысына да үлкен шығармашылық ізденіспен келу қажет. Ермахан Шайхыұлының да ұстанымы осы екені күмән туғызбайды».
Ал бұған не дейсіз, сыншы мырза? Міне, кімнің иманы бар, ниеті жақсы, сол адамдар жақсы пікір айтқан. Қазыханның пікіріне адам баласының жүрегі айниды. Тіпті құсқысы келеді. Негізі, адамның іші неге толса, бірінші кезекте сол төгіледі ғой. «Адамның мінез-құлқы – өзінің кейпін көрсететін айна» деген рас сөз ғой.
Сосын, әлгі сыншысымақ Көпеннің Үмбетбаймен бірге шығарған сұхбаттан тұратын кітабына тиісіпті. Біле білсеңіз, сұхбатты алу да, жазу да шеберлікке жатады. Осы ел-жұртты сынап отырған Қазыханның бір сатиралық шығармасын, я болмаса сұхбатын тұщынып оқып көргеніміз жоқ. Ал ондай сатиралық шығармалар мен сұхбаттар Қазыхан сынап отырған Көпен мен менде баршылық. Ол үшін менің «Ағынан жарылсақ…», «Аққудың сыңары» атты, сондай-ақ Сұлтан Оразалы, Сауытбек Абдрахманов, Көпен Әмірбек, Дидахмет Әшімханұлы, Қали Сәрсенбай, Қайнар Олжай, Раушан Төленқызы, Ұлбосын Айтөлен және менің сұхбаттарымнан тұратын «Сұхбаттың сардарлары» атты жинақты оқып шығыңызшы. Әрине, сауатыңыз жетсе, сол кезде көз жеткізесіз. Өреңіз жетпесе, амал нешік?! Ішіңіз күйсе, тұз жалайсыз! Шынын айтқанда, мектеп оқушысы да дәл Қазыхан Әше сияқты «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп сын жазбас еді. Қайтейік, бары сол ғой, одан не күтесіз?! Қазыхандай пенделер жүргенде, қазақ әдебиетіне жау тілеудің қажеті жоқ. Оның 37 жылғы репрессия кезінде тумағанына қуануымыз керек. Әйтпесе, бүкіл қазақ қаламгерін сол кезде-ақ қырып жіберер еді. Құдайдың қарасқаны ғой. «Бәлеқор жүрсе қасыңда, Бәледен кетпес басың да», – деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, Қазыхан Әшедей пенделер жүргенде, бәледен басымыз арылмасы анық. Сондықтан оны Қазақстан Жазушылар одағы кеңесінің мүшелігінен шығаратынымызды мәлімдейміз. «Кейбір адамдарды өміріңізден шығару – оларды жек көретініңізді білдірмейді. Бұл – жай ғана өзіңізге деген құрмет», – деп Мәулана Руми айтпақшы, біздің әрекетіміз – Сатира кеңесіне және сол кеңес мүшелеріне деген құрмет!
Сосын, тағы бір айтайын дегеніміз, ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Осындай абыройлы атақтарды алған адам сынының сиқы – осы! Оған осындай атақтарды берген Қазақстан Жазушылар одағы мен тиісті орын басшылары не дейді екен? Жалпы, ол осы атақтарға лайық па?
«Біреудің көңілін бұзып, жүрегін жаралау – мың қағбаны қиратқаннан да жаман», – деген екен тағы да сол хазіреті Мәулана Руми. Сіз тек жаладан тұратын баяндамада бір емес, бірнеше адамға, атап айтар болсақ, белгілі сатириктер Толымбек Әлімбек, Аймұханбет Бейсембек, Үміт Зұлхарова және маған жала жауып, теріс пікір білдіріпсіз. Сіз сынап отырған авторлардың бәрі – мықты сатирик ақын-жазушылар. Олардың сізге қарағанда оқырмандары да он есе көп. Айтпақшы, Көпен Әмірбек, Аймұханбет Бейсембек және Үміт Зұлхарованың кітаптары туралы былтырғы әдеби жыл қорытындысында мен егжей-тегжейлі талдап, мақтап, мадақтаған едім. Ал сіз оларды биыл жоққа шығарғаныңыз қалай? Оларда ала алмай жүрген қандай өшіңіз бар? «Күншіл сорлы көре алмай өледі» дегеннің кері ғой сіздікі. Онымен қоймай, Көпеннің аруағымен алысып жүрсіз. «Аруақ ұрған оңбайды» деуші еді қазақ. Түбі, жақсы болмассыз! Сізден жақсылық күтудің өзі – күпірлік!
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағы
Сатира кеңесінің төрағасы
ПІКІРЛЕР2