СМАҒҰЛДЫҢ ОРАЛУЫ
11.03.2016
1727
0

Митинг посвешен Смагула Садвакасова 2немесе АЛАШТАНУШЫ ДИХАН ҚАМЗАБЕКҰЛЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ-ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ТҰЛҒАСЫ ХАҚЫНДА

 

АДАЛДЫҚ пен АЗАМАТТЫҚ

Дихан Қамзабекұлымен танысты­ғы­мыз 1999 жылы күзде Еуразия Ұлттық уни­верситетіне оқытушы болып қабыл­дан­ған кезде басталған. Ол кезде қазақ әде­биеті кафедрасының меңгерушісі, фи­лология ғылымдарының кандидаты, доцент (университетте ғылым докторы, профессорлар санаулы ғана еді). Бұрын сырт­тай білетініміз бар болатын. «Серік Қи­рабаев, Рахманқұл Бердібай секілді ака­демик ағаларынан бата  алған» де­ген­ді де еститінбіз. Міне, енді сол азаматпен бір факультетте жұмыс істейтін болып отыр­мыз. Танысқан сәттен бас­тап жа­қын араласып кеттік. Газет-журналдарға жиі-жиі мақалалар беріп тұрады, әсіресе, сол кездегі келбеті келі­се алмай жатқан жас қаланың сыны мен міні қаламына көбірек ілігеді. Бірде кафедра сөресіндегі кітаптарды қарап отырып, қолымызға «тарихи тұлғалар» сериясымен шыққан «См­ағұл Сәдуа­қасұлы» кітабы түсті. Бір­ден мазмұнына қарағамыз: «Алғы сөз­ден» кейінгі бөлім «Алаштың ұлы – Сма­ғұл» деп аталыпты. Батырлар жы­­­рының тақырыптарына ұқсайды екен деген ой келді: «Мана­ш­ұлы Тұяқбай», «Шын­тас­ұлы Төрехан», «Ақжонасұлы Ер Кеңес», т.б. болып аталатын еді ғой біра­зы. «Алаштың ұлы – Смағұл» кітап бөлімінің атауы әрі ел қамын жеген ердің құрметіне бе­рілетін ұлттық үлгідегі баға екен. Алаш жұрты­ның жоғын жоқтап, есесін түгендеген есіл ердің ғұмырбаяны, әде­биетшілігі, сыншылығы, жазушылығы, қайрат­кер­лігі,  т.б. қырлары, қалың елмен алғаш рет жас ғалым Дихан Қамза­бе­кұ­лы­­ның осы зерттеу еңбегі арқылы қауыш­­қан…

1999 жылдың күзінен бері он жетінші жылға аяқ басыпты. Бір­сыпыра уақыт. Талай белес­тен асты – дана ағаларының батасы жолын ашты – ҚР ҰҒА  коррес­пон­дент-мүше­лі­гіне қа­был­данды (басқа марапаттаула­рын са­намаймыз), қасиетті істерді жү­зеге асыр­ды, декандық, кейін про­рек­торлық қызметке кірісті (әлі де атқарып келеді). Кабинеті қазіргі қазақ зиялыларының ЕҰУ-дағы ат басын тірер орталығына айналды. Сол әуелгі қара­пайымдылығы мен өз прин­цип­теріне адалдығы қалыбы өзгермеген күйінде қалды. Қайсыбір жы­лы Тәуел­сіздік күнінің қарсаңында Мұ­рат Әуезов бастаған азаматтар, Еуразия Ұлттық университетінің біршама ғалым­дары мен студенттері Смағұл Сәдуа­қа­с­ұлының басына зиярат етуге бара жат­тық. Ағалар аузында Диханның «Алаш­қа» сіңірген еңбегі туралы біраз сөз болды, сонда манадан жұртты үнсіз тың­дап отырған әйгілі физик ғалым Рә­т­бай Мырзақұлов «Қызмет пен атақ өз­герт­пеген азамат!», –деп, орайы келгенде бір ауыз сөзбен ойын жеткізді.

Қазақта «ниетіне берген» дейтін тамаша сөз бар. Қасындағыларға тек шапа­ғатын тигізіп жүретін Дәкеңнің ниетіне, ол туралы жақсы сөз бен отбасылық ба­қыт қана емес, ғылым мен іскерлік те қо­са берілген. Ниет деп отырғанымыз – ішкі қалауы. Өзі берілген «Алаш идея­сына» адал қызмет етіп келеді. «Алаш» қай­раткерлерінің еңбектерін жи­нас­тырып, туған жерлері мен елдерін шаршамай, жалықпай аралады, архив ақ­тар­ды, түрлі жиындар өткізіп, ұлт зия­лылары, көзкөргендермен сырласты. Сонда тыныштық тап­тыр­маған ішкі қалауы еді. Көзі көріп, көңілі сенген әр құжат пен куәгерлерді сөй­летті, ел, жер тағ­дыры туралы көптеген еңбектер жаз­ды. «Енді осы еңбектердің тиянақ табар тұғыры қайда?» – дейтін сұрақтың жауабын да назарынан тыс қалдырмапты – 2006 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еу­разия Ұлттық универ­ситетінің жанынан «Алаш» мәдениет және рухани даму институтын ашты. Алайда, қарсылық жеңіл болған жоқ. Бірде ғылыми кеңеске алаштану институтының керектігін дәлел­деу үшін жеке өзі жазған, дайын­даған көлемді он жеті кітапты алып кел­гені есімізде. Сол жолғы отырыста өткен ғасыр басында жазықсыз жапа шеккен ұлт зиялыларын түгендеумен қатар, алдағы елдік міндеттер үшін де Алаш идеясының аса маңызды екенін ұт­қырлықпен дәлелдеді – отырған­дар­дың уәж айтуына орын қалмады. Табан­дылықтың арқасында мәселе шешімін тапты.

Институт ашылу керек болған соң ға­на ашыла салған жоқ, осыған дейін­гі ­ғылыми ізденістер мен атқарылған жұ­мыстардың орталықтандырылуы үшін де керек еді. Қисынды негізбен бастал­ғандықтан, әрі қарайғы жұмысы да то­қыраусыз, тоқтаусыз, даңғыл жолға түс­кендей көсіле жөнелді. Руханият та­қырыбында  өткізіліп, жинақтары жарық көрген дөңгелек үстел, семинар, конфе­ренциялардың әрқайсысының арқалаған жүгі өз алдына жеке әңгіме.Кешегі жақ­сылардың көзі, артында қалған тұяқ дегеннен кім бар, бәрі осы жиындарға қатыс­тырылып, қалың елмен қауыш­тырылып отырды. Қуғын-сүргінге толы жаралы жылдар көз алдарынан қайта бір сәт жүгіріп өткенде, бүгінгі күнге тәубе етіп жанарлардың жасқа толғанын зал тола жиын талай көрді, Дихан Қамза­бекұлына деген шексіз алғысқа куә бол­ды.Иә, мұны іскерлігімен бірге Алаш жұр­тының алдындағы адал ниетіне беріл­ген баға деп ұйғаруға да болады.

 

ТӘУЕКЕЛ мен ТАБАНДЫЛЫҚ

Смағұл Сәдуақасұлының мәйіт-кү­лінің елге келуіне байланысты оқиғадан қазір көпшілік хабардар. Әуелде ғылым іздеген жас талаптың «С.Сәдуақасұ­лы­ның әдеби мұрасы» кандидаттық  тақы­ры­бы болып бекітілгенде, оның маң­дайына басқа да елдік істерді а­т­­­­қару­ миссиясы жазылса керек…

2011 жылы қаңтардың 21-і күні «Мәс­­кеудегі «Дон» зиратынан Смағұл Сәдуақасұлының мәйіт-күлін әкеле жатыр», – дегенді естіген Астана зиялысы таңғы сағат төрттен жиналып, ат­ты­лы-жаяулысы бар әуежайға қарай ағыл­ған. Ерте жетіп алған көпшіліктің біраз уақыт тосуына тура келді. Топ-топ болып жиналған ел. Әр жерде әр түрлі маз­мұндағы әңгіме. Ортақ тақырып – Сма­ғұлдың тағдыры, қазақтың көрген қия­наты… Таңғы сағат сегіздер шамасында арғы жақтан Дихан Қамзабекұлы мен экс-сенатор Сабыр Қасымов аға­мыздың бойлары көрінді. Қалың қауым жапырыла бас салды – тебіреніс пен қуаныш аралас сәт, дегенмен, жүздерде қаралы кейіп басым. Смағұл Сәдуа­қасұлы бүгін ғана дүниеден озғандай. Ақсақал ақын Нұрғожа Ораз журналис­терге сұхбат беріп, «Еліңе, жеріңе осы күліңнің келгенінің өзі бізді қатты тебі­рентті. Көп күткен дүние еді… Осыны ұйым­дастырған, алып келіп қауыш­тыр­ған азаматтарға үлкен рахмет!», – деп жатты тебіреніп. Артынша қарсы алған мәйітті көпшілік көк байрақты жауып, табытпен сыртқа қарай алып жүрді. Кө­лікке жақындаған тұста табыттың екі жағындағыларға ыңғайлап, көтеріп келгендердің біразы кейін тұрды да, есік­тен кірер басында біз, екінші жағын­да сол кездегі «Хабар» агенттігінің жур­на­лисі Берік Уәли қалған еді. Көлік ішіне бірінші кіргендіктен, қорапты ұстап отыруға тура келді, Берік табытты алып сыртқа шықты.

Отыз үш жасында қиылған қыршын өмір. Көптің бірі емес – бірегейі. Елдің тұтастығы, жердің бүтіндігін армандап, халқы алдындағы перзенттік парызын соңғы демі үзілгенше адал атқарған ұлы тұлға. Бүтін қазақтың даласын жүрегіне сыйдырған есіл ердің тәні көлемі отыз см² шамасындағы қораптан жай тауыпты. Көк туды оранып, қолымызда тұр.Бір­туар қайраткердің рухымен сырлас­қан­дай, мұңдасқандай күйдеміз…

«Өлім», «мәйіт» деген ұғымдар ең бі­рін­ші адамның Алласын есіне салады ғой. Ес жиып, Жалғыз Жаратушымыздан медет сұрап тұрдық. Жайлап қорапты алдыңғы орындыққа қойып, іштей біл­ге­німізше құран аяттарын оқи баста­дық…

Қалың қазақтың көңілін демдеген бұл оқиға Дәкеңнің ойында ертеден жүр­ген бір арман екенін білетін едік. 1996 жылы шыққан осы кітабында (тура отыз жасында) былай деп жазыпты: «Өшкен жанып, өлген тірілген» кейінгі екі-үш жылда Смағұлдың аруағын бір аунатып, жеңілдететіндей шаралар жасалмады. Денесінің күлі салынған қорап Мәскеудің ескі крематорийінде күтусіз күйде әлі тұр. Ресей үшін ол күл бақи дү­ниеге аттанған қыруар адамдардың күлінің бірі ғана. Ал біз үшін олай емес қой!.. Егер ол күлді Алматыға әкеліп, Абы­лай даңғылы мен Қабанбай көше­сінің қиылысындағы жас саябаққа немесе Қазақстан Жастар одағы үйінің қа­рама-қарсы бетіндегі бос ескерткіш негізінің орнына қойып, белгі орнатса, кеңестік қуғын-сүргіннен із-түзсіз кеткен күллі құрбандардың аруағы алдын­дағы парызымызды өтегендік болар еді». Міне, Алаштың тілегін арқалаған ұлдың көңіліндегі түйін шешілді, қалың ел бір сілкінді – өшкен жанып, өлген тірілді!..Зулаған көлік әп-сәтте бізді Садуақас қажы Ғылмани мешітіне алып келді. Қаралы жиын мешіт ішінде құран оқып, мәйіт-күл уақытша тұру үшін осында қалдырылды.

Смағұл Сәдуақасұлының мәйіт-күлі елге келгеннен кейін де, соңғы топырақ бұйырған «Жастар» шағын ауданындағы мұсылмандар зиратынан жай тапқанша біршама шырғалаңды басынан кешірді. Соның бәрінде Дәкең тәуекелге бел буа жүріп, істі қисынымен соңына дейін жеткізді. Смағұлға Кенесары сарбаздарымен бір зираттан қабір бұйырды. Басына құлпытас орнатылды. Қазір жастар мен қала тұрғындарының тәу етер орнына айналып, уақыт өткен сайын келу­шілер қатары арта түсуде. Бұл – өз алды­на ұзақ әңгіме, ол туралы басы-қасында жүрген азаматтар (ішінде біз де бар) әлі талай айтар, жазылар деп ойлаймыз.

ҚР Ұлттық Ғылым академиясы Әде­биет және өнер институтында басталып, «Алаш» мәдениет  және рухани даму инс­титутында жалғасын тапқан зерттеулер мен ізденістердің нәтижесінде Дихан Қамзабекұлының 2009 жылы жаңа де­рек­термен толықтырылған «Смағұл Сәдуақасов» атты зерттеу кітабы және о­ның құрастыруымен 2013 жылы «Смағұл Сәдуақасұлының» үш томдық шығар­ма­лар жинағы жарық көрді. Қазақ әде­биет және мәдениет тарихы ғылымында сма­ғұлтанудың негізі қаланды. Тота­литарлық жүйенің қолымен тарихтан аты өшірілген Смағұл Сәдуақасұлының Алаш көгіндегі жұлдызы осылайша қай­та жарқырады.

 

ІСКЕРЛІК пен ЖАНАШЫРЛЫҚ

Әуелден негізі  берік қаланған «Алаш» мә­дениет және рухани даму инс­ти­ту­ты­ның ғылыми алқасында Серік Қирабаев, Серік Негимов, Бауыржан Омарұлы, Аман­тай Шәріп, Дархан Қыды­рәлі, Зиябек Қабылдинов, Сұлтанхан Жүсіп, Се­рікгүл Сәтенова, Самал Төлеубаева, т.б. секілді ғалымдар бар еді, сондықтан қа­наты ерте қатайды, өзіндік дәстүр тауып бірден арнаға түсіп кете барды. Үлкен-үлкен ғылыми жобаларды жүзеге асырды. Солардың бірі – Дихан Қам­за­бекұлы жетекшілігімен, 2007 жылы мамыр айында басталған «Мемлекеттік тіл – Қазақстан Республикасында рухани жедел жаңарудың негізі» атты «Аджип ҚКО» компаниясымен бірлескен­  халықаралық  жобаның жұмысы. Жоспар бойынша он төрт кітап дайындалуы тиіс. Оның ішінде, сол тұста мемлекеттік тілді оқыту әдіс­те­месінде жаңа көтеріліп жатқан «аралық тілсіз үйрету» мәселесіне арналған неміс, француз, ағылшын аудиторияларында тікелей қазақ тілін үйретуге арналған үш оқу құралы (Алаш мұрасы негізінде), түрлі тақырыптардағы он бір сөздік бар. Сөздіктеріміз: жәдит­шілдік және алаш ұғымдары мен тер­миндері, тарих терминдері, Еуразия мә­дениеті, түркі есімдері, ескі қазақ әде­би тілі, қазақша-орысша және орыс­ша-қазақша жиі қолданылатын сөздер мен сөз тіркестері және т.б. секілді ба­ғыт­тарда.Шетелдік компания бізден ай сайын есеп сұрап есімізді алған жоқ. Есе­сіне еркін жұмыс істеуге мүмкіндік бер­ді. Жүйелі жұмыстар жүргізіліп, 2012 жыл­дың мамырында жоспарланған он төрт кітабымызға қоса тағы бес кітап дайын болды. Тақырып аясындағы идея­­лармен негіздес еңбектер. Ғалым­дар­дың сөз­дерді жинау барысында жинақтаған ой-тұжырымдары монография, ғылыми зерттеулер және Алаш идея­сының аясындағы ой-толғаулар  тү­рінде  дүние­ге келді. Осы жобаны жүзеге асыру барысында Мәскеу, Орынбор, Қы­тай, Кавказ өңірлеріне және Қазақ­стан­ның бірнеше қаласына іссапарлар ұйымдастырылды. Соның бірі – Кавказ сапары. Қазақпен бауырлас ноғай елін із­деуге жол түсті. Қарашай-Шеркеш, Став­­­рополь өлкесі, Дағыстандағы но­ғай-шөл аймағынан жиылған материалдар «Түркі есімдері» атты екі томдық сөз­дік­те қамтылды, қазақ-ноғай туыстығы тура­лы сол кезде телеарналардан да ха­лық­қа ақпараттар таралды.

Содан бері ноғай ғалымдары мен бай­ланысымыз үзілген жоқ. Оларды ша­ма келсе «мәжілісімізді көркейтуге» ша­қырып отыратын болдық. 2009 жылы күз­де «Алаш» институты өткізген түр­ко­логиялық конференцияға ноғайдың ха­лық жазушысы Иса Капаев келіп, шек­сіз алғысын айтып кетті. Еліне бар­ған соң жазған бірінші хатында «Қар­даш­тар, Қазақстанда жүрегімнің бір кесе­гі қалып кеткендей күйдемін» деп ағынан жарылғаны бар.

Одан бері де бес жылдан аса уақыт өтіпті. Міне, тағы да ғылыми жиыннан кейінгі арнайы басқосуда отырмыз, бұл жолғы қонағымыз – Қарашай-Шеркеш гуманитарлық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғы­лым­дарының докторы, профессор Нә­сіпхан Сүйінова. «Алаш» институтының ғылыми алқасынан Дихан Қамзабекұлы, Бауыржан Омарұлы, Сұлтанхан Жүсіп, Зиябек Қабылдинов бар. Әңгіме барысы екі елдің тарихы, әдебиеті, Тәуелсіздік ба­ғытында. Нәсіпхан Сүйінованың сөз­дері­нің арасы үзіле береді, қыстығып өзін зорға ұстап отырғандай: «Сіздер қан­дай бақыттысыздар – Тәуел­сіз­дік­теріңіз бар. Сөздеріңізден оны сақтап қалу­ға деген соншалықты құлшынысты кө­ріп отырмын. Алла сақтасын, қазақтан енді ешкім оны тартып ала алмайды. Мен екі рет жүрегімнен ауруханаға түс­тім, жалғыз қайғым – ноғайдың тағ­дыры. Өз ұлтыңның елеусіз ғана көз алдыңда күннен-күнге жойылып бара жатқанын көргеннен өткен азап бар ма?!», – деп тоқталды да, біршама үнсіз қалды. Біз іштей шүкіршілік қылдық. Ойға біздің осы дастарқан басына жиналып отыруымызға себепші Дихан Қамзабекұлы жетекшілік еткен жоба оралды. Ноғайлы сапарынан кейінгі жұмыстар жаңа бір бағытқа бет бұрып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті филология факультетінің студенттеріне ноғай тілі бойынша дип­лом тақырыптары беріле бастаған. Алды сәтті  қорғап, кейбірі биыл  магистра­тураға түсіп, қазір магистрлік диссертация деңгейінде қолға алынды.Біздегі ноғай елі туралы көтеріліп жатқан басқа да мәселелерді тілге тиек етіп, жігіттер: «Осы байланысымыз үзілмесе, біз әлі ноғайлы ордасын қайта орнатамыз!», – деп жұбатып жатыр.

«Істі қалай бастағанынан білінетін адам­ның адамшылығы» дегеніміз осы шығар. Басталуы жақсы істің аяғы көпке ор­тақ болатынын көзіміз көрді. Жоба аяқ­талғалы үш жыл өтті, бірақ басталған жұ­мыс әлі тоқтаған жоқ. «Ноғайлы ор­да­сы бүлген күн» – біздің тарихы­мыз­дың қа­сіретті тұсы. «Ел айрылған» дей­тін де күр­делі кез бар. Жас талап­керлерді алға салып бастаған зерттеу­леріміздің нәти­жесі мүмкін «елге ел қосылатын құтты күнге» алып келер. «Жақсы сөз – жарым ырыс», ылайым,солай болғай!

«Алаш» мәдениет және рухани даму институты бүгінде іргелі ғылыми-зерт­теу орталығына айналды. Негізін қалап, алаш жұртының игілігіне ұсынған Дихан Қамзабекұлынан кейін ф.ғ.д., профессор Амантай Шәріп басқарды. Кейінірек институттың билігі біздің қолға тиді. Қазір алаштанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлы жетекшілік етеді. Алаштану идеясы жылдан-жылға дамып, билік мекемелері мен ұлттық мүдде арасын жалғастырушы алтын көпір қыз­метін атқарып келеді. 2016 жылы «Алаш» көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жыл­­дық мерейтойын ЮНЕСКО дең­гейінде тойлау бастамасын ұсынған да осы инс­титут.

Жақсы адамның әрбір ісі өнеге, сон­дықтан ол туралы айтылар ой да көп, бірақ оны келер күндердің үлесіне қал­дыра тұрып, сөзімізді осы жерден ілге­ріде есімізге алған Дәкеңнің «Смағұл Сәдуақасұлы» еңбегіндегі бірер сөй­леммен түйіндегіміз келіп отыр. Мына ойлар баянды жолдың басында тұрған жас автордың басты бағытты айқындар тұстағы өмірлік байламына көбірек ұқ­сайды: «Осынау рухани жаңару тұсында бізге менменсушілік емес, мәдениеттілік, көзсіздік емес, көрегендік қажет.

…Ендігі жерде орнықты, бүгіндік те емес, бір күн­дік те емес – мәңгілікке жарайтын салт-сана (идеология) қалыптастырған жөн. Ұлттың ар-намысы болған тұл­ғаларсыз тарихымыз олқы түсері рас… Тану, зерделеу мәселелері біршама уақыт алары сөзсіз, алайда, істің басталуынан немен аяқ­талатыны аңғарылады дегенді естен шығармау шарт». Өз бойынан да, мен­менсушілік емес, мәдениеттілік, көз­сіздік емес көрегендік, бастағалы отыр­ған ісінің аяғын болжағыштық, өмір­шең іске тәуекелшілдік көрініп тұра­ды. Өмірі өнегеге айналған осындай бір азамат бар арамызда.

Бекжан ӘБДУӘЛИҰЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия Ұлттық университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір