ЖЫРАУЛЫҚ ЖАДЫНЫҢ САРҚЫТЫ
Әр ұлттың өзіне ғана тән поэтикасы оның поэзиясында, әнінде, музыкасында, тіпті дауыс ырғағында берік сақталғанда ғана сол ұлт өзге қауіпке дес бермесі анық. Қазақ поэзиясы ХХІ ғасырда жаңаша түрленіп, замана көшіне ілесуде қандай талпынысқа барса да, бабалар тілінің әуезділігін сақтау ақындардың алдында тұрған ең басты міндет еді. Әсіресе,
ХХ ғасырдың соңына таман дүниеге келіп, ХХІ ғасырдың басында «томағасы сыпырылған» буын осы міндетпен бетпе-бет келді десек, артық айтпаған болармыз. Сол буынның бір өкілі, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Дәулеткерей Кәпұлы.
Ақын «Тамыр» атты өлеңінде:
«Мен Алтайдан аққан Қобдамын,
Арнама асып толғамын.
Дастан да қылған тарихын,
Тастан табылған олжамын», –
десе, «Біз Алтайға барғанда» өлеңінде:
«Біз Алтайға барғанда шілде басы – шіліңгір,
Басын иіп қарсы алды бұраң белді шырын гүл.
Күннің астын билеген Күлтегіннің күмбірін
Естігендей тулады жүрегімде құлын жыр», –
деп төгіледі. Бұл – Атырау-Алтай арасын жайлаған қазақтың әр баласына бағзыдан таныс поэтика, жыраулар поэзиясына тән үн мен ырғақ. Жуырда Жамбыл атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасында өңірлердегі қаламгерлердің шығармашылығын насихаттау мақсатындағы «Атырау-Алтай арасы» атты жоба аясында Дәулеткерей Кәпұлының «Жалғыз түп аршаны аңсадым» атты кездесуі өтті. Кешке Жүрсін Ерман, Ұлықбек Есдәулет, Нұртөре Жүсіп сынды аға буын қаламгерлер мен айтыскер ақындар Ринат Зайытов, Болатбек Оразбаев, Аспанбек Шұғатаевтар қатысты. Халыққа айтыс арқылы кең танылып «Жасымнан уыз өлең ұртқа жаққам», – деп додаға түскен Дәулеткерейдің айтыстағы орны туралы Жүрсін Ерман «Дәулеткерейдің айтысында ұлттық бояу, көркем нақыш, даланың иісі, серінің сертіндей өткір сөздер, қазақ екеніңді сезінетін толғаулар болды. Сол үшін де оның жырына сүйсінген, тілінің шұрайлылығына тамсанған тұрақты көрермені болды. Сол тілдің құнары енді жазба поэзиясында да өз оқырманын табатынына кәміл сенемін», – деді. Ал Ұлықбек Есдәулет «Дәулеткерейдің өлеңдерін оқығанда қазақтың «уызына жарыған…» деген сөзі есіме түседі. Дәулеткерей шындығында, ана тілдің, қазақтың құнарлы тілінің уызына жарып өскен бала. Қазтуған, Шалкиіз, Ақтамберді, Доспамбет жыраулардың көзі сияқты. Одан бергі замандағы Абайдың, прозадағы М.Әуезовтің, сондай-ақ, Ж.Жақыпбаев, К.Мырзабеков, Е.Раушанов, Н.Мәукенұлы сынды ақындарымыздың тіліндегі көркемдік бүгінгі жас ақындардың ішінде Дәулеткерейде бар», – деді. Аға буын ақындардан соң сөз алған публицист Нұртөре Жүсіп Дәулеткерейдің жырынан далаға, азаттыққа, еркіндікке құмарлықты сезіндік дей келе, жасыған мінезді, жоғалған қайратты, мүжіле бастаған намысты қайта қалпына келтіру жолында осындай дауылпаз жырлардың маңызы зор екенін баса айтты.
Дәулеткерей Кәпұлының «Бөрісырғақ» кітабына алғы сөз жазған Әбіл-Серік Әбілқасымұлы «Ақын-жыраулармен бірге келмеске кеткен қазаққа от беретін «Дүр рух» Дәулеткерей сынды жас ақындар арқылы ұлтына қайтып оралды», – деп жазған екен. «Жалғыз түп аршаны аңсадым атты» кешке жиналған қауым осы сөздің растығына иланғандай. Кеш соңында Дәулеткерей Кәпұлы «Айналсоқ» атты өлеңін оқыды:
«Балалығымнан, балғын ғұрпымнан,
Баян таптырар жоқ бейне.
Айналсоқ тауып алдым жұртымнан,
Айналып қайта соқ дей ме?!
Бабамның бағзы күлтөкпесіне,
Айналып қайта соғайын.
Жүрегім сонда бүлк етпесіне,
Сезік келтірме, ағайын?!».
Қазақтың қара өлеңіне айналып соққан жұрт ондағы тілдің құнары мен ойдың тереңдігіне селт етпей қоймасы анық.
Назым ДҮТБАЕВА.