Сырағаңнан сыбаға
18.01.2024
262
0

Коммунистік Партия қаулы, қарарлармен соққылап, «тәрбиелеріне» күшпен көндірмек болған қиын-қыстау жылдары «Қазақ әдебиеті» газетін басқарған атақты ақын Сырағаң – Сырбай Мәуленов сабырлы, салмақты мінезіне қарамастан, қалжыңды нысанасына дөп тигізетін. Басқосу, жиындарда ол тұрғыластарының келбетін немесе іс-әрекеттерін әзіл өлеңмен қағытып, әріптестерін күлкіге бөлеп жүреді екен. Қолма-қол суырып салған сол тапқыр ойлы шумақтарын айналасында куә болған ізбасар інілері 1992 жылы «Өнер» баспасынан жарық көрген «…деген екен» атты кітапшаларға енгізген. Сол кездің «күлкішақырарларынан» алынған Сырағаңның «сыбағасынан» дәм тата отырыңыздар, құрметті оқырмандар!

ІШЕЙІН ДЕП
ІШТІМ БЕ?

Жетпісінші жылдардың орта тұсы болса керек, денсаулығына байланысты ақын Сырбай Мәуленов ащы суды біраз уақыт бойы аузына алмай жүреді. Онысын құрбы-достары да біледі екен. Алайда бір топ қаламгерлер бас қосқан бір жиын тойда Мұзафар Әлімбаев бастаған достары Сырағаңды сынап, ащы судан аздап болса да дәм татқызбақ болып келіседі. Достары әрі азғырады, неше түрлі сөзбен қажайды, бәрібір Сырағаң көнбей, безеріп отыра береді. Жан-жақтан қаумалап, «отырыстың сәні келмей жатыр» деп жалбарына берген соң, көңілшек Сырағаң ақыр соңында шыдай алмай, бір рюмканы көзді жұмып тартып жіберіпті. Сырағаңның сонысын аңдып отырған Мұзафар:
– Ішпеймін деп сөз берген,
Сырбай қалай өзгерген, – деп таңданғандай болып, басын шайқайды.
Сонда Сырағаң зор дауысымен гүж етіп:
– Ішейін деп іштім бе,
Қимайды екен көз көрген, – деп іле жауап беріпті.

ҚАСЫМҒА КӨҢІЛ АЙТУ

Әйгілі партизан жазушы Қасым Қайсеновтің әкесі сексенінші жылдардың орта тұсында жүзге жетіп, қайтыс болады. Бұл хабарды естіген Сырбай Мәуленов бәйбішесін ертіп, өзінің майдангер досы Қасекеңе, ол кісінің жұбайы Асылға көңіл айтуға үйлеріне барады. Есіктен кіре бере Қасымды құшақтап тұрып, Сырбайдың досына айтқан сондағы «жұбату» мынау екен:
Жасады әкең бір өмір ғасырындай,
Жетпісте жетім қалған Қасымым-ай!
Жылама, жасыңды тый, балалар мен
Жұбайың аман болсын, Асылыңдай!

ҚҰДАЙДАН ТІЛЕУ

Жазушы Ғабдол Сланов баяғыда «Жұлдыз» журналында қызмет істепті. Бірде-бір жетіге оңтүстік жаққа командировкаға кетіп, сол кеткеннен мол кетіпті. Хабар-ошар жоқ, арада бір жарым ай өткен соң сүйретіліп Алматыға жетеді ғой.
– Иә, Ғабеке, қайда болдың, қайдан келдің, сайра кәнеки? – депті «Жұлдыздың» сол кездегі бас редакторы Сырбай Мәуленов сызданып:
– Басеке, айып менен, – дейді Ғабдол кешірім өтініп, – Қызылқұмның қиыр бір шетіне шығып кетіп… бір қойшының үйінде «тойлаңқырап» жіберіппін. Қойшы да бір аңқылдаған сабаз екен, уақыттың қалай өткенін аңғармай қалыппын.
Сонда Сырбай алақанын жайып, көкке қарап:
Айналайын, Ғабдол,
Әйтеуір бар бол!
Құдай тағала бұл Ғабдолды
Жоғалтпай тағы, жар бол! – деген екен.

ЖОҒАЛҒАН ҚАБЫЛ ТАБЫЛДЫ

Ақындар Қабыл Боранбаев пен Қалижан Бекхожин жан достар екен. Бірде Қабыл ішіп жүріп, сол мас күйінде Қанабек Байсейі­товке ілесіп, Талдықорғанға кетіп қалыпты. Қалижан оның қайда кеткенін білмей, жан-жаққа хабар беріп, іздеумен болады. Қаперінде түк жоқ, жарты айдан соң Қабыл аман-есен Алматыға қайтады. Оны көрген Қалижанның қуанышында шек болмай, садақа беріп, достарын шақырып, той жасапты. Сонда Сырбай Мәуленов былай деген екен:
Қалижан іздеп Қабылды,
Көше кезіп сабылды.
Талдықорған тауынан,
Қанабектің жанынан
Жоғалған Қабыл табылды!
Табылғанға той жасап,
Қалижан тағы шабылды.
Қабыл отыр, шала мас,
Сипап қойып қарынды.

МҰҒАЛІМНІҢ МІНЕЗІ

Алпысыншы жылдардың ішінде ақын Сырбай Мәуленов Ұзақбай деген кісімен ұзақ уақыт бойы таныс, дос болып жүреді. Ұзекеңнің өзі әзілкеш болғанымен, кей-кейде оның өзіне әзіл айта қалсаң, қыз сияқты қысылып, ұялып қалатын қызық мінезі бар екен. Ұзекеңнің сондай мінезін жақсы білетін Сырағаң бірде өлеңмен ол кісіге мынандай мінездеме жазыпты:
Білемін баяғыдан Ұзақбайды,
Ұзекең қызды әзілмен тұзақтайды…
Сондайын айтсаң болды бетін басып,
Ұзақбай қызараңдап, тызақтайды.

ӨЛЕҢМЕН СӨЙЛЕУДІҢ ДЕ ЖӨНІ БАР

Ақын Сырбай Мәуленов шығармашылық сапармен бірде Жамбыл облысын аралайды. Ол жақтағы жергілікті бір жас ақын Сырағаңды қолтығынан жетелеп, үйіне қонаққа апарады. Жас ақынның аздап кеудесінің желі бар ма, айтар сөзін ұйқаспен, өлеңмен айтуға тырысады екен. Сырағаңды төріне жайғастырған бойы, өзі де тізе түйістіріп отыра қалып:
Сыр-аға, отырайық өлеңдетіп,
Әр жолын өлең сөздің көлемді етіп, – деп сөз тастайды.
Сонда Сырағаң:
Өлеңді жеңіл-желпі айта салып,
Бағасын не қыламыз төмендетіп, – деп іле жауап береді. Әлгі жас ақын Сырағаңның осы сөзінен соң өлеңмен сөйлегенді сап қойыпты.

ТІЗЕ НЕГЕ АУЫРАДЫ?

Ақын Сырбай Мәуленов ұзақ жылдар бойы басшы қызметтерде болған. Зейнеткерлікке шыққан соң, бірде өзінің жақсы көретін талантты інісі Ұлықбек Есдәулетовті қасына ертіп, көше бойлап келе жатса, қарсы алдынан құрдасы Жұбан Молдағалиев ұшыраса кетеді.
– Иә, Сырбай, денсаулығың қалай? – дейді Жұбағаң амандасып.
– Жаман емес… Бірақ, соңғы кезде тізем қақсап, болмай жүр, – дейді Сырағаң да құрдасына мұңын шағып.
Сонда Жұбан:
– Кезінде талайларға тізеңді батырғасың ғой тегі… Тізең ауырса, соның ақысы да, – депті қалжыңдап. 

ЕКІ АҚЫН ЖӘНЕ БЕЛЬГЕР

Қазақстанның Россияға қосылуының 250 жылдығы сол заманның саясатымен ұлан-асыр той боп өтеді. Той Қазақстан астанасында басталып, соңы Мәскеудегі ойын­сауық, мәжілістермен аяқталғаны мәлім. Сол Мәскеудегі тойға Қазақстаннан жүзге тарта өнер қайраткерлері, ақын-жазушылар қатысады. Бірнеше күн тойлап, бастары аздап шыңылдап, Ғафу Қайырбеков пен Сырбай Мәуленов бірде таң атпай «Москва» мейманханасының алдында таза ауа жұтып тұрса, мейманханадан қазақстандық атақты неміс жазушысы Герольд Бельгер шығып келе жатыр екен дейді. Герольд Ғафекең мен Сырағаңның көзіне оттай басылып, екеуі оның қолынан шап беріп ұстай алыпты да, қайым ұйқаспен былайша өлеңдете жөнеліпті:
Ғафу:
– Немістің бір ақыны Бельгер еді,
Сырбай:
– О бастан жомарттығы белгілі еді.
Ғафу:
– Үш тілдің басын қосқан қайран сабаз,
Сырбай:
– Еңбегін жалпақ жатқан ел біледі.
Ғафу:
– Мәскеуге келе қалған сапар екен,
Сырбай:
– Біз десе соға қалған ер жүрегі.
Ғафу:
– Болса да орыс-қазақ тауыстық қой,
Сырбай:
– Немістен ішер кезек енді келді.
Қазақ тілінің құдыретін де, дәмін де, мәртебесін де жақсы білетін Герольд Бельгер риза болып, екі ағасын қолтықтап, бөлмесіне қарай жетектей жөнеліпті.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір